Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры 85-маусымның шымылдығын Ахмет Жұ...
Опера театрлары – қазақ ұлт операсының өз үйі болуы керек
Сөз басы: Еліміз карантиндік қатаң шектеулерден арыла бастаған 2021 жыл соңында 29 жылдан бері орнаған үнсіздік көбесі сөгіліп, бірнеше музыкалық спектакльдердің тұсауы кесілді. Олар: Т.Жармұқамедтің «Домалақ ана» операсы (Шымкент опера және балет театры). Ә.Әбдінұровтың «Ғажайып Самұрық құс» музыкалық ертегісі (Қарағанды музыкалық комедия театры), Ә.Қазақбаевтың «Жамбыл жырау» операсы (Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры). Осындай тұсаукесерлердің бұған дейін еліміздің әрбір опера театры сахнасында жылына немесе екі жылда бір рет болуына не кедергі болды, немесе, қазақ операсы тәуелсіздік кезеңінде ауыз толтырып айта алмаған жетістіктерге қалай қол жеткізеді?
Қазақстанның театр картасында тарихын тереңнен алатын көне театр өнерінің үлгілері мен заман ағымынан туындаған түрлі сахналық өнер салалары қатар дамып келеді. Солардың ішінде бастауын Қайта өрлеу дәуірінен алатын, 400 жылдан аса тарихы бар опера жанры қазақ топырағына табан тірегенде көрермендер оны аса тосырқаған жоқ. Алғашында драма театрының жанынан бөлініп шығып музыкалық театр болып құрылған опера театры бүгінде ұлттық сахна өнерінің ажырамас бөлігіне айналды. Кеңестік дәуірдің 30-шы жылдарынан бастау алатын Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры көпке дейін республика кеңістігінде опера жанрын алға сүйреген ірі әрі бірегей өнер ордасы болды. Оның даму жолы, алған белестері, даңқты шығармашыл тұлғаларының есімдері өшпестей болып тарихққа жазылып қалды. Ұлт опера өнерінің республика асып бүкіл Одақ пен халықаралық деңгейге танымал еткен жетістіктерін біз Күләш, Үрия, Қанабек, Құрманбектен басталатын бірнеше шоғыр талантты өнерпаздар есімдерінсіз елестете алмаймыз. Олар табиғи дарындылық, тума талантымен алғаш сахнаға қойылған музыкалық драмалардан бастап әлемдік классикалық репертуардың үздік туындыларын орындайтындай шығармашылық биікке көтеріле алды. Қазақ ұлттық опера театры осындай классикалық вокал өнерінің талантты орындаушылар құрамымен ерекше танылып әр қайсысы дауыстарына ыңғайлап опера партиялары жазылып, олар ұдайы елдің назарында болды. Ұлттық опера театрының репертуары осындай орындаушылық таланттар шоғырының арқасында қарыштап дамуға, жаңадан жазылған шығармалардың тұсауын кесуге мол мүмкіндіктер алды.
Қазақ опера театрының аты мен жазылған тарихы шығармашылық ұжымның әр кезде сахнаға қойған үздік, кезеңдік деп танылған спектакльдерімен өлшенді. Оны біз қазақ музыкалық театрының даму тарихынан, шығармашылық белесінің даму динамикасынан анық көреміз. Театрды аяққа тұрғызып әрі қарай дамуына бағдар көрсеткен: М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясына музыкасын жазған И.Коцыктың, Е.Брусиловский мен Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық пьесалары, Е.Брусиловскийдің С.Камалов либреттосына жазған «Ер Тарғын», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің М.Әуезов либреттосына жазған «Абай», М.Төлебаевтың Қ.Жұмалиев либреттосына жазған «Біржан – Сара» т.б. опералары ұлт театры мен опера өнерінің шын мәнінде кезеңдік қойылымдары болды. Соғыстан кейінгі жылдардағы кезекті өрлеу сәтін біз ұлттық композиторлық мектептің жаңа буыны өсіп жетілген кезінде көрдік. Олар: Қ.Қожамияров, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев секілді бір топ талантты композиторлар шоғыры халқымыздың бай ауыз әдебиетінің үздік үлгілеріне, тарихына, заманы ұсынған тақырыптарға жазылған ұлттық туындыларымен ерекшеленді. Қазақ драма және опера театрының даму тарихын зерттеп жазған белгілі театртану және музыкатану саласының: Н.Львов, В.Мессман, Б.Құндақбайұлы, С.Күзембаева, Т.Жұмалиева, У.Жұмақова т.б. мамандары да ұлттық опера өнерінің табысы ретінде осы композиторлар шығармаларының сахнаға қойылуын ерекше атап өтеді. Театр мен композитор арасында тығыз шығармашылық тандем орнады. Нәтижесі алақанға салғандай көрінді. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Ұлт театры – ұлттық операның үйіне, қамқоршысына айналды.
Қазақстан Композиторлар одағының өткен 2020 жылғы ХVII съезінің есеп беруінде қазақ театрының репертуарында «52 опера, 17 балет қойылымы» болғанын атап өтеді. Қазақ театрының өткен тарихы да, алған белесі де осы туындылармен бағаланады. Ел театрының жарнамасын қанша жерден Верди мен Пуччинидің, Вагнер мен Вебердің, Гуно мен Массненің, Чайковский мен Р.Корсаковтың операларымен толтырғанмен тарихы жазыларда өзіміздің төл авторларымыз жазған опера шығармаларын еріксіз іздетеді. Қазақ операсы мен балеті қайда? – деген сұрақ көлденең тартылды. Бұл сұрақты бірінші кезекте тек біз емес, театрымыз сахнасынан ұлттық төл қойылымдарымен танысқысы келетін шетелдіктер де қоятын болады. Олар қазақ деген халықтың театрынан, қазақ операсын көруге келеді. Бұл қай жерде де қалыпты жай. Италян операсын Миланның Ла Скала театрында, неміс операсын Байроттағы Вагнердің театрында, орыс операсын Мәскеудің Үлкен театрында тамашалау, баға беру үйреншікті құбылыс. Сондықтан, мемлекеттік, ұлттық театрлардың көркемдік деңгейін, шығармашылық әлеуетін оның репертуарындағы әлемдік немесе орыс классикалық операсы емес, қазақ композиторларының ұлттық, заманауи тақырыпқа жазылған төлтума шығармалары айқындайды. Еліміздің тәуелсіз 30 жылдық жүріп өткен жолын қорыта отырып ой түйіндегенде біздің осы саладағы бет алысымыз, ұлттық опера жанрын дамыту қандай деңгейде шешіліп жатқандығын көруге болады.
60 жылдан аса республикада саяқ өнер ұжымы болып келген Абай атындағы опера және балет театрының қатары тәуелсіздікпен бірге өсіп бүгінде 3-ке жетті. Астана қаласында 2000 жылдан бастап құрылған Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры 2013 жылға дейін жұмыс істеді. 2009 жылдан Шымкент қалалық опера және балет театры құрылып жұмысын бастады. 2013 жылы Астанада жаңа театр ғимараты іске қосылуымен бір мүшел уақыт жұмыс істеген К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры жұмысын тоқтатып, орнына «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры іске қосылды. Осы театрлардың тынысына назар аударып, қандай репертуар түзгеніне мән берсек, нәтижесі түрлі ойға жетелейді. Алдымен, қазақ опера репертуарының сан алуандығын көреміз. Репертуарда бәрі бар. Әдеттегідей мақтануға тұрарлық атаулар. Классика, заманауи, модерн дейсіз бе т.б. толып жатқан әлемдік опера сахнасының ең үздік деген үлгілерін көруге болады. Қуанарлық, мақтан тұтарлық жәйт. Бәрін көретін, қабылдайтын қазақ және өзге ел көрермен театрда ұлттық жаңа операсын көруге келгенде кібіртіктейді. Жаңа опера жазылмайды, жазылса да қойылмайды.
Біз бүгін (22.12.2021) республика кеңістігінде жұмыс істеп жатқан опера театрларымыздың репертуарынан қазақ авторларының шығармаларын анықтау үшін театрлардың сайтын ашып жарнамасына көз салдық. Осы қолжетімді деректер бойынша репертуарда бар қазақша атауларға назар аударсақ көрсеткіштер төмендегідей: Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры репертуарында бүгінде: «Қыз Жібек» (1936), «Абай» (1944), «Біржан – Сара» (1946), «Айсұлу» (1964), «Еңлік – Кебек» (1975), «Абылай хан» (2004), спектакльдері жүреді екен. Шымкент қалалық Опера және балет театрында (2009 жылдан бері қарай): «Қыз Жібек», «Абай», «Қамар сұлу» (1963) «Домалақ ана» (2021) операларын көреміз. «Астана Опера» опера және балет театрының (2013 жылдан бері қарай) репертуарында: «Қыз Жібек», «Абай», «Біржан – Сара», «Алпамыс» (1974) атаулары бар екен. Бұл жазылған, тұсауы кесілген жылдары әдейі көрсетілген шығармалар сөзсіз ұлттық опера қоржынындағы баға жетпестей алтын қор. Классикалық опера ескірмейтін қасиетімен араға уақыт салып сахнаға қайта қойылуы заңдылық. Бүгінгі шығармашылық әлеуеті берік қаланған театрларымыздың классикаға айналған қазақ композиторларының осындай туындыларымен репертуарын көркейтуі құптарлық. Десекте, театр басшылары мен сол театрдың шығармашылық бағыт-бағдарын анықтаушы ресми мекеме осы кезге дейін бұл саланы дамытуға қандай үлес қосқан екен? Креслоға отырған директор қазақ композиторларының қанша операсын сахнаға шығаруға мұрындық болды. Ештеңе көрінбейді. Аталмыш кезеңде байқағанымыз, 3 сахнада да қойылып жатқан қазақ опера атаулары сәл өзгешелікпен барлық театрларда бірдей. Бұл опералардың негізі кешегі күннің жемісі, түгелге жуығы кеңестік дәуірдің өнімі. Бір театр екінші театр репертуарын қайталап жарыса қойып жатқанын ұлттық классикаға деген құрметі деп құп көре отырып басқа қоятын шығармаға тапшылықтың ізін өткір сеземіз. Бірнеше онжылдықтарға төтеп беріп, бүгін де сұранысқа ие бұл шығармалар халықтың жадында жүретін інжу-маржандар және бұл шығармалар ұлт театр репертуарының негізі болып жалғаса беруі де керек. Осы атаулардың ішінен ХХІ ғасырдың туындысы деп екі-ақ операны ғана айта алады екенбіз. Театрлардың өз тарихымызға, өз мәдениетімізге, құнды рухани мұраларымызға үстірт, немқұрайлы қарайтындығы қынжылтты. Бүгінгі тақырып, бүгінгі авторларымыз қайда?
Осы кезеңде театрларымыз «заманауи қазақ композиторларының операсы қойылмасын» - деген өздеріне моратории жариялаған секілді көрінеді. Әлде бұл бүгінгі отандық композиторларымызға қарсы жарияланған бойкот па? Санамалап көрер болсақ соңғы 30 жылда 3 театрда қойылған ұлттық композиторларымыздың жаңа туындылары бір қолдың саусақтарымен санарлықтай ғана екен. Абай театрында: Е.Рахмадиевтің «Абылай хан» (2004), А.Серкебаевтың «Томирис» (2007), Күләш Байсейітова театрында (Астана, 2000-2013 жж.): Б.Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» (2007), А.Серкебаевтың «Астана» (2010, мюзикл), Шымкент театры: Т.Жармұқамедтің «Домалақ ана» (2021) қойылымдары. Бұл тізімнен байқалғандай, осы кезеңде біздің опера театрларымыздың репертуарын дамытуды, ұлттық композиторлық мектептің өкілдерін шығармашылық белсенділікке жұмылдырған не театр әкімшілігі, не Мәдениет министрлігі тарапынан қозғау салар әрекеттің болмағаны, ал болған жағдайда барлық талпыныстардың діттеген жерден шықпағандығын көреміз. 30 жылдың осындай нәтижесін орта есеппен бөлгенде 5-6 жылда 1 опера сахнаға қойылған. Қалған уақытта театрлар немен айналысып қандай елдің өнерін дамытты? Тәуелсіз қазақ елінің операсын жазуға, қоюға қырауар қаражат бөлінді, жұмсалды. Осыдан келіп театрларды басқару, репертуар түзу ісіндегі еркіндіктің біздің ұпайымызды түгендеп тұрмағанын көреміз.
Кеңестік дәуірде саяси идеологиялық қысым әсерінен көңілдегі жобаны жүзеге асыра алмай аяқ-қолымыз шідерленіп келгеніміз анық. Дамымай, назар аударылмаған сала болса орталыққа бағынышты болған Мәскеу еркіндік бермеген кеңестік заманға кінәрат арттық. Байқасақ, сол кездің өзінде қаншама сапалы опералар жазылған және олар бүгінгі күннің де қажетіне молынан жарап отыр. Заман өзгеріп ескіліктен арылып, сілкінетін тәуелсіз ел болғанда жаңаша ұлт театрын дамытудың кезі келді. Бірақ біз керісінше бір орнымыздан тапжылмай тоқырауға ұшырадық. Тәуелсіздікпен бірге алған шығармашылық еркіндігіміз құнды опералардың саны мен сапасын еселеп арттырып, прогрессиялық өсу жолын көруіміз күтілген жәй болғанымен нәтижесі керісінше, кер кеткен статистикамен жүздестірді. Театрларымыз бен театр басшыларының негізгі ұстанымдары еуроцентристік бағытта дамуын жалғастырып одан әрі беки түскен. Бұрыннан да бар үрдіс болған дәстүр жалғастығы, опера театрында аса өзгеріске түспеген. Кеңестік дәуірде бір маусымда сахнада тұсауы кесілетін 4 спектакль әр түрлі опералық мектептердің шығармаларын (әлемдік классика, орыс композиторы) қоюмен бірге міндетті түрде жаңа қазақ операсын сахналау талап етілетін. Театрларымыздың қазіргі басшыларының билігі өз қолында болуы себепті жеңіл жол табылып, қазақ композиторларының міндетті түрде жазылып сахнаға қойылуға тиіс пунктін айналып өтуге, түгелдей италян немесе өзге композиторларының танымал шығармаларымен ауыстыруға икемдеген. Бұл әлемдік үдеріс, барлық опера театрлары да осы репертуармен күн кешеді деген уәжбен келіссек те, қазақ театры секілді дамып келе жатқан өнер үшін осылай бір жақты жалғастыру ұлттың мүддесіне көздемегендік. Театрларымыз осындай репертуарды қанағат тұтып малдана берсе қазақ операсын дамытып сахнаға қою үдерісі тоқтайды. Сол кезде қазақ операсы үшін Шекспирдің кейіпкері Гамлеттің «Өмір сүрмек, не өлмек...» - деген пәлсапалық сұрағы осы жерде төтесінен қойылады.
Нарықтық қатынас жағдайында қазақ ұлттық операсын дамыту бағыты мен ұстанымын алдымен мемлекет қамтамасыз етуі керек. Театр басшыларына берілген еркіндік осы кезең аралығында өзін ақтаған жоқ. Әңгіме тақырыбы мемлекеттік ірі өнер ордалары болғандықтан мемлекеттік маңызы бар салаларды дамыту, басқару жүйесін оңтайластыруды қолға алу керек. Мәдениет министрлігі тарапынан ұлт репертуарын дамытуға нақтылы қолдау, шығармашылықты дамытуда бағыт-бағдар берілу қажет. Қазір опера және балет театрлары мемлекеттік, қалалық бюджеттен қаржыландырылып келеді. Мемлекет тарапынан қаржыландыруына байланысты ұлттық репертуар жасауда ерекшеліктер болғаны жөн. Жалпы музыкалық театрларды, оның материалды-техникалық және шығармашылық әлеуетін дамытуға байланысты жасалынатын жүйелі іс-шаралардың болуы керек. Театрлар Мәдениет министрлігіне қарағасын, шабан дамып жатқан сахна өнерінің бағыт-бағдарын айқындауға, дамытуға байланысты нақтылы мәселелерді шешетін міндеттерін анықтап берсе артық болмас еді. Театрдың репертуар түзуі секілді маңызды мәселені шешуде ұлттық мүдде басты назарда болуы керек. Театрлардың ұлт репертуарын жасақтауға ықпал ететін нақтылы қадамдары болмаса ұлттық опера тумайды. Оны осы өткен жылдар мысалынан көрдік. Операның жазылуы мен қойылуы ұзақ әрі күрделі шығармашылық үдеріс, сәтті шығуымен бірге сәтсіздіктері де қатар жүреді. Сәтті дүние шықса еселеп, сәтсіздік орын алса жетілдіргенше талмай жұмыс істеу бәріне ортақ ұстаным болуы керек. Операны жаздырып, театрға қою тетігін табу арқылы саланы дамыта аламыз. Тек басталған игі шараны аяғына дейін нәтижелі аяқтауға ортақ мақсат болғаны жөн. Жиі ауысып жататын театр директорларының жаңа жұмыс бастамасында «ұлттық операны дүниеге алып келуде жылда жасалынатын жұмысқа кедергі келтірмеу, түбегейлі өзгертуге жол берілмеуі» - деген бұлжымастай бап нақтылы жазылуы керек.
Театрларымыздың, ән-би труппаларының кәсіби деңгейі жоғары, хор, оркестр цехтарының жұмысы дұрыс жолға қойылған театрға жаңа ұлттық опера жазу, қою үшін не кедергі? Ұлттық композиторлық мектебін қалыптастырған: Е.Брусиловский, А.Жұбанов, Л.Хамиди, Ғ.Жұбанова, Қ.Қожамияров, Қ.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиевтер бұл дүниеден жәй кеткен жоқ, артында бір шоғыр талантты шәкірттерін қалдырып кетті. Олардың қолынан опера жазу келеді. Әлі көтерілмей жатқан қызықты ұлттық тақырыптар да жеткілікті. Осы үдерісті орнынан қозғап, шығыршығын айналдырып жолға салып жіберетін тетігін дұрыс табу қалып тұр. Өткен театр өнері тарихының мысалына жүгінсек «Айман – Шолпан», «Қыз Жібек», «Ер Тарғындар» сахнаға өздігінен сахнаға дайын күйінде келе қалған жоқ. Қаламгерлер мен музыканттарға қойылған нақты талап, арнайы тапсырыспен туындады. «Абай» мен «Біржан – Сара» да композиторларға соғыс кезіндегі, патриоттық тақырыпты игерумен қатар тақырып таңдауда берілген шығармашылық еркіндік пен театр тарапынан туындаған сұраныстан жазылып сахнаға қойылды. Бүгін мұндай екі жақты тиімді байланыс жалғасын табар болса нәтиже болмақ. Абырой болғанда Е.Рахмадиевтің «Абылай ханы» тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасының арнайы тапсырысымен жазылмаса, А.Серкебаевтың «Томирисі» опера режиссері Ләйлім Иманғазинаның жеке бастамасымен жазылып (либретто авторы әрі қоюшы режиссері) санаға қойылмаса тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ опера репертуары мүлдем тұсаукесерсіз қалады екен. Мұны естіген ел-жұрттан ұят. Ауыз толтырып айтарлықтай шығармашылық әлеуеті мол 3 театр тұрып 30 жылда 3 опера жазып оны сахнаға шығара алмаған бұл сала қандай жетістігімен мақтанады? Театр мен авторлардың тығыз тандемі қалыптастыру керектігі өткір сезіледі. Бұл біздің мықтап ойланатын мәселеміз.
Театрдың заманға сай дамуы театр сынының дамуымен қатар жүретіні белгілі. Музыкалық театрдың сыны сын көтерерлік деңгейде емес. Опера спектаклі жайлы театрдың өзекті мәселелері туралы конструктивті сын айтылған мақала, зерттеу т.б. тапшылығы сезіліп келеді. Опера қойылымдарына, театрдың бағыт-бағдарына салмақты кәсіби сын пікірлер айтылмай спектаклдің, репертуардың сапасы, театрдың көркемдік деңгейі өспейді. Осы бағытта қызығушылық танытқан барлық тараптардың басын қосып арнайы семинарлар, конференциялар өткізіліп өзекті мәселелерді талқылайтын қызығушылық танытатын топтарды белсенді әрекетке шақыратын кез келді. Бұл да науқаншылдыққа ұрынбай бір ізділікпен жүйелі жасалынатын жұмыстар.
Сөз соңында жоғарыда айтылған 2021 жылы тұсауы кесілген музыкалық спектакльдердің тууына қайта орала кетсек. Сахнаға қосылған әрбір спектаклдің өзіндік қозғаушы күші, басталған істі аяғына дейін жеткізуге мүдделі басшылардың ықпалы операның көрерменге жетуіне басты себеп болды. Т.Жармұқамедтің «Домалақ ана» операсы белгілі әнші Майра Мұхамедқызының көктемде Шымкент опера және балет театрына директор болып тағайындалуымен қолға алынып өзі басты партияда орындаушы ретінде аяғына дейін сәтті жеткізілген және аранайы жарнамалық насихаты дұрыс жасалған жыл жобаларының бірі болды. Қарағанды музыкалық комедия театры Ә.Әбдінұровтың «Ғажайып Самұрық құс» музыкалық ертегісін сахналап, мұнда да театр директоры Амантай Ыбраевтың тікелей бастамасымен қолға алынып либретто авторы мен композиторға жағдай жасалынып аяғына дейін сәтті жасалған жоба. Ал, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының желтоқсан айындағы Ә.Қазақбаевтың «Жамбыл жырау» операсының тұсаукесері жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығын арнап Мемлекеттік деңгейде тойлауға байланысты асығыстау, бірақ сәтті қойылған жобалардың бірі. Осы үлгіде белгілі себептермен жылдан-жылға жүйесіз жалғасқан ұлт операсын сахналауды әрі қарай да жалғастыратын болсақ, хан сарайындай керемет театрларымыздың репертуарын келесі 30 жылда да көркем мазмұнды жаңа туындылармен толықтыра алмасымыз анық. Әзірге, бүгінгі ұрпақ осыған дейін жасалған аға буын суреткерлердің еңбегін малданудан әрі аса алмай келеміз. Бұл қазақ операсын жүйелі, үдемелі, жоспармен дамуына кедергі келтіріп тығырыққа тірейтін жол. Әр заманның өз қаһарманы, әр кезеңнің өз тақырыбы мен туындысы болады. Соның бәрін жүзеге асыратын орын тәуелсіз еліміздің опера театрлары. Опера театрларымыз қазақ операсының өз үйі-өлең төсегі болуы кеерек!
Аты танылған қазақ опера театрлары бола тұрып оның азығы болатын соны партитуралар тапшылығы, жазылған дүниелердің сапалы деңгейінің сын көтермеуі театр басшыларын әлде қашан ойландырса керек. Барлық шығармашылық еркіндік театрға, оның басшыларына, Көркемдік кеңесінің құзіретіне берілгесін олардың ұлттық операның жазылуы мен қойылуына жауапкершілігін де арттыру керек. Бүгінгі бас театрларға жетекшілік жасау Мәдениет министрлігінің ықпал ету шеңберінде десек, сол мекеме тарапынан ұлт театрының бет-жүзі, сапалық көрсеткіші болатын ұлт операсын дамытудың ішкі механизмдері мен тетіктерін іске қосу жолдарын қарастырған жөн. Ол үшін:
1.Театрларға жылда бекітілетін репертуар жаңалауда отандық авторлардың шығармасын өндіріске алуды міндеттеу. Мәдениет министрлігі тарапынан арнай эксперттік топ құрылып бүгінгі композиторларымыздың қоржынында бар операларды түгендеу, көркемдік сапасы, тақырыптық қажеттілігін сараптамадан өткізу, отандық театрлар репертуарына азық болатын қажет тақырыптар мен туындылардың біріңғай тізімін жасау;
2.Композиторлар Одағындағы және Одақ құрамында жоқ шығармашылық тұлғалардан, опера жазуға ниетті композиторлардың кәсіби мүмкіндіктерін сараптау;
3.Театрларға қажетті деген тақырыптарды анықтап және оны жазатын авторлар (либретто авторы, композитор, қоюшы дирижер, қоюшы режиссер т.б.) тізімін жасап жақын аралықта жазылатын шығармаларды талқыға салу;
4.Театрлар тарапынан өндіріске алынған операның жазылу, қабылдау, сахнаға шығару мерзімінің жоспарын бекіту, спектакль жазылып, сахнаға қойылып репертуарға енгенге дейінгі аралықта авторлармен келісімшарт жасау және аяғына дейін сапалы орындалу тетіктерін қарастыру;
5.Авторларға гонорар төлеу механизімін жетілдіріп театр репертуарын көркейтер кәсіби, көркемдік сапасы жоғары опера жасау жолында авторларды материалдық тұрғыда ынталандыратын тетіктерді қарастыру.
Аманкелді МҰҚАН
өнертану кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі