Нұр-Сұлтандағы Достық үйі жаңа құрылған жастар театрына қолдау көрсетті

ТЕАТР
4329

Нұрсұлтан қаласындағы Достық үйі шаһардың көрікті ғимараттарының бірі болып саналады. Ол Елорданық 20 жылдық мерейтойында Маңғыстау облысының сыйға тарқан тартуы. Достық үйін сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп ашқан болатын.

Бүгінде Достық үйі көптеген этно-мәдени бірлестіктердің басын қосып, түрлі іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Онда кітапхана, музей, халықтық қолданбалы өнер шеберханалары, конференц-зал және тілдерді оқыту орталығы үшін арнайы орындар қарастырылған. Ғимараттың жалпы аумағы – 4 мың шаршы метр.


Достық үйінің ұжымы елімізде болып жатқан саяси-әлеуметтік мәселелерден шет қалмай, дер кезінде өз үндерін қосып келеді. Республикамызда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі, туған тілдері дәл осы Достық үйінде дәріптеліп, бұл шаңырақ ұлтаралық достық пен бірліктің ошағына айналған. 

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынованың айтуынша, жуырда Достық үйінің басшылығы «Заманауи театр» деген атпен құрылған жастар театрымен меморандумға отырып, үлкен өнер айдынына құлаш ұрған жас актерлерге қолдау көрсетіп отыр.

«Биылғы Жастар жылына орай Нұр-Сұлтан қалалық Достық үйі жаңадан құрылып жатқан жастар театрымен бірлесе көптеген мәдени шараларды жоспарлап отыр. Бұл тек Жастар жылында ғана емес, Достық үйлерінің бұрыннан бері келе жатқан дәстүрлі үрдісі деп айтуға болады. Біз көптеген ұлт өкілдеріне қарашаңырақ болып отырған еліміздің бейбіт те берекелі өмірін одан әрі гүлдендіре түсу үшін қызмет етіп келеміз. Сондықтан осындай өнерлі жастарға қолдау көрсету біздің басты міндеттеріміздің бірі деп білеміз», - деп атап өтті Ләззат Сейітқазықызы. 

«Заманауи театрды» Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Театр және кино актері» мамандығын тәмамдаған жаңашыл жастар құрып отыр. Ашылғандарына аз уақыт болса да, өзге театрлардан ерек, 3 тілде өнер көрсететін жастар көрермен жүрегін жаулап үлгерген.

«Еуропа елдерінде театр мәдениеті ерекше дамығандығынбарлығымыз жақсы білеміз. Көршілес Ресейдің астанасында 500-ге жуық театр болса, біздің елордамызда бас-аяғы он шақты ғана театр бар. Біз сонау студенттік кезден заманауи театр ашуды армандадық. Жаңа заман талғамына сай қойылымдарымыз жастарға ерекше ұнап жүрді. 2018 жылы студент болсақ та, халықаралық «Samgau» театр фестивалінде әлемнің әйлілі театрларымен бақ сынасып, дипломант атандық. Бұл біз үшін үлкен мотивация болды десем, артық айтқаным болмас. Сол жылы Мәскеуде өткен Н.В.Карпов атындағы сахнадасемсерлесу сайысынан «Күміс шпага» халықаралық театр фестивалінде Президент жүлдесін қанжығамызға байладық. Бүгінгі таңда 16 актердан құралған театр труппасы ашылу премьерасына дайындық үстінде», - дейді астаналық заманауи театрдың көркемдік жетекшісі Батырхан Сабыр.

Достық үйі осы талантты жастарды ғимаратпен қамтамасыз етіп, олардың алаңсыз шығармашылықпен айналысуына барлық жағдайды жасап отыр. Достық үйінің басшылығы болашақта жастар театрын қаржылай қолдауды да қолға алу мүмкіндіктерін қарастыруда. 


Индира Жуазбаева

Фото: Жәнібек Бақытханұлы


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...