Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысындағы жұмыс сапары барысында халықпен кездесіп, ел...
Келелі кеңес пен татулық
Алматы қаласының республикалық Достық үйінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге сонымен қатар Жолдауды жүзеге асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен міндеттерін анықтайтын дөңгелек үстел өткізілді. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы төарағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясы – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев:«Ассамблея Жолдау негізінде нақты міндеттерді жүзеге асырады» атаулы баяндама жасады.
Алқалы жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ю.Х.Келигов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты А.С.Мурадов, сондай-ақ Алматы қаласының мәслихат депутаттары мен республикалық этномәдени бірлестіктер жетекшілері және мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері; зиялы қауым өкілдері; Алматы қаласы Жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушы құрамы, студенттер мен Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаевтің сөзінің өзегі «Мемлекет басшысының Жолдауындағы біраз аса маңызды бағыттарға мән беріп, көңіл аудару керек екендігін айырықша атап өтті. Осы тапсырмалардың негізінде алдыға қойған нақтылы міндеттердің басы айқындалды. Жуырда ғана осы Жолдауды іске асыруға бағытталған Жалпыұлттық іс-шара жоспары мақұлданды. Біздің бас қосуымыз осы аталған Жолдауды талқылап, ондағы алдыға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға Ассамблеяның этномәдени ұйымдарының ат салысуы жайындағы мәселелерді анықтауға арналған» деп қадап айтты.
Алдағы кезеңде Жолдауды қолдап, насихаттау Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының аса маңызды бағыты болып танылады, Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары Президенттің бастамаларын алға бастыру мен насихаттауға, сонымен қатар соны міндеттерді жүзеге асыруға білек сыбана белсенділік танытатынын айта кетті.
Сондай-ақ, Достық үйінде «Қазақстан вайнахтары: Бірлік пен жасампаздық» атты Қазақстанның шешен және ингуш этностарының мәдениет және салт-дәстүр күніне арналған мерекелік іс-шараны жүзеге асырды.
Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев шешен мен ингуш этностарының мәдениеті мен салт-дәстүрлері күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде:
«Шешендер мен ингуштар – осы қасиетті Ұлы Даланы мекен еткен өзге этностардың бәрімен де терезесі тең халық деп есептеймін. Сіздер салт-дәстүрлеріңізге адалсыздар, және өте намысты, қайсар-қажырлы халықсыздар. Ортақ Отанымыздың спорт пен өнердегі намысын қорғап жүрген ұл-қыздарыңызды, мемлекет және қоғам қайраткерлерін күллі қазақстандықтар мақтаныш санайды. Вайнах пен қазақ халқының арасындағы бауырластық туыстыққа ұласып кетті. Біздің арамыздағы жақындық қатынас талай сынды бастан кешіп, шыңдалудан өтті. Оның негізділігін саяси қуғынға ұшыраған шешен-ингуштардың зорлықпен жер аударылғанына жетпіс бес жыл толуын атап өткен жиын үстінде шынайы түсіндік», - деп еске алды.
Мерекелік бағдарлама жалғасын «Қазақстанның шешен және ингуштардың тарихи-мәдени өмірі» атты кітап көрмесі мен фотокөрмесімен тамашалаумен жалғасын тапты. Сондай-ақ қонақтар қолданбалы өнер көрмесінде көне тұрмыстық заттар мен музыка аспаптары түрлерімен танысты. Ары қарай, шешен және ингуштардың «Достық дастарханы» айдарлы тағамдар көрмесіне ұласып, ұлттық асханасынандәм татып, тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сыныптары өткізілді.
Қонақтар назарына Қазақстандағы шешен мен ингуштардың «Вайнах» қауымдастығының шығармашылық ұжымдары әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылып, сонымен мерекелік шара қорытындыланды.
Заман Төлеуов