Қазақстандық өнер иесі «Халықаралық театр сыйлығымен» марапатталды

ТЕАТР
1491

ТЮРКСОЙ – Түркі Мәдениетінің Халықаралық Ұйымы, Анатолияның 7-ші Халықаралық театр сыйлығының қазылар алқасы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының директоры Мерғалиева Гүлсина Бақытжанқызын театр саласындағы режиссерлік қызметін өте табысты деп танып, «Халықаралық театр сыйлығымен» марапаттады. Сыйлықтың Қазақстанның өнер иесіне берілуі – сыйлық тарихындағы алғашқысы болып табылады. 

Марапаттау рәсімі Стамбулда, Су Гестери Санатлары Сахнесиде 2021 жылдың 11 қазанында өтті. Аталған сыйлықтар Түркияның 27 қаласынан және 10 шет елден театр өнеріне үлес қосқан адамдарға, мекемелер мен ұйымдарға тапсырылды.

Гүлсина Мерғалиева – Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының бас режиссері, көркемдік жетекшісі әрі директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының, «Еңлікгүл» кәсіби театр сыйлығының лауреаты, «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының «Үздік режиссер» номинациясының жеңімпазы. 

1995-2000 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «драма режиссеры» мамандығы бойынша жоғары кәсіби білім алды. 2002 жылы арнайы шақырумен Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрына көркемдік жетекші әрі бас режиссер қызметіне келіп, содан бері осында үздіксіз еңбек етіп келеді. Театр іргетасын қалаушылардың бірі. 

2000 жылы театр фестивалінде Н.Гогольдің «Ревизор» қойылымы үшін «режиссуралық дебют» жүлдесінің иегері атанды. 2001 жылы Шағын комедиялардың бірінші республикалық театр блиц-фестивалінде «Конвейер» спектаклі үшін бас жүлдемен марапатталды. 2003 жылы ХІ Республикалық театр фестивалінде Б. Беделханұлының «Махамбет» поэтикалық драмасын сахналауда режиссерлік ізденісі үшін марапатталды. «Тарлан» Тәуелсіз сыйлығын 2003 жылғы «Театр» саласы бойынша «Үміт» арнайы сыйлығының лауреаты атанды. 2004 жылы VII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне Абайдың қара сөзі желісімен «38 немесе Қарақұрт» қойылымымен қатысып, «Ең үздік режиссер» байқауында қол жеткізген табысы үшін марапатталды. 

2005 жылы XIII Республикалық театр фестивалінде «38 немесе Қарақұрт» қойылымымен қатысып, «Шығармашылық жаңа ізденістері үшін» дипломымен марапатталды. 2006 жылы Қазақстанның іскер әйелдері арасындағы «Ажар» сыйлығының лауреаты атанды. Осы жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленді. 

2007 жылы Каирде XIII Халықаралық театрлар фестивалінде «Реквием» спектаклімен қатысқаны үшін дипломымен марапатталды. 2008 жылы XVI Республикалық фестивалінде Ф.Эрвенің «Мадемуазель Нитуш» қойылымымен I орын жүлдегері атанды. 2011 жылы XIX Республикалық фестивалінде С.Құдайбергеновтың «Перзентхана» қойылымы үшін «Ең театр үздік режиссерлік шешім» номинациясы бойынша марапатталды. 2012 жылы ХХ Республикалық театр фестивалінде М.Әуезов, С.Цвейгтің шығармалары негізінде қойылған «Зілзала» спектаклімен «Ең үздік режиссер» аталымы бойынша марапатталды. 

2013 жылы «Еңлікгүл» кәсіби театр сыйлығының «Жыл режиссері» аталымы бойынша лауреат атанды. 

2017 жылы Трабзонда Халықаралық Қара теңіз театрлар фестивалінде «Гамлет» спектаклімен қатысып, ТҮРКСОЙ ұйымының арнайы дипломына ие болды. 

madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...