Бұрынғы театр мен бүгінгі театрдың даму үдерісі салыстырмалы түрде едәуір өзгеріске ұшырауы, бағытта...
«Қаллеки тынысы» атты премьералар апталығынан кейінгі ой...
Нұр-Сұлтан қаласы, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 1991 жылдан бері «үлкен ғимаратқа көшеміз» деген арманы орындалып 2021 жылы ақсарайдай зәулім ғимаратқа көшіп, арқасын кеңге жайып, қазақ тарихындағы айтылмай, сахнаға қойылмай келе жатқан ірі туындылардың театр сахнасынан көрінуіне аса көңіл бөлініп, көрермендер назарына кесек-кесек тұлғалардың өмірі мен бүгінгі қоғамның келбетін суреттейтін көркем туындыларды көтерген. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен Қ.Қуанышбаев театрының 30 жылдығы яғни ХХХ маусымымен бірге тойланды, тәуелсіздік күнінде қызыл кілемнен бүкіл театр ұжымын жүргізіп, қызметкерлердің аты-жөнімен, атқарып жүрген лауазымдарымен аталып өткен болатын. Қ.Қуанышбаев театрының ашылуына, дамуына өз үлестерін қосып кеткен Ж.Омаров, Қ.Жетпісбаев, Ә.Мәмбетовтердің шығармашылықтары еске алынды. Жаңа ғимаратта жаңа премьералар мен театр репертуарындағы спектакльдерді қалпына келтіріп, жаңа театрдың репертуар саясатына да үлкен көңіл бөлінгені байқалды.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының 13-20 наурыз аралығында «Қаллеки тынысы» деп аталатын «27 наурыз – халықаралық театр күні» мерекесіне арналған премьералар апталығын тамашалап, сарапшылар алқасында талдаулар жасап, өз ойымызбен бөлістік. 2021-2022 жылғы қойылған премьералар: Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» драмасы, (режиссері: Болат Ұзақов), Оралхан Бөкей «Ұйқым келмейді» драмасы, (режиссері: Бәзіл Сұлтанғазы), Роза Мұқанова «Бопай» тарихи трагедиясы, (режиссері: Жұлдызбек Жұманбай), Мұхтар Әуезов «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы, (режиссерлері: Олжас Жақыпбек пен Шырын Мұстафина), Халифа Алтай, Хасен Оралтай «Алтайдан ауған ел», (режиссері: Фархат Молдағали), И.Штраус «Жұбайлар жұмбағы» музыкалық комедия, (режиссері: Нұрлан Жұманиязов), Мигель де Сервантес «Дон Кихот», (режиссері: Әлібек Өмірбекұлы), Айвон Менчел «Күзгі іңір» трагикомедия, (режиссері: Ұлан Қарыпбаев). Бұл премьералар театрдың бүгінгі шығармашылық келбетін, драматургиялық туындыларды сахналаған режиссерлердің потенциялын, сонымен қатар, актерлік шеберлік пен декорация, грим, сценография, би, музыка т.б. театр өнерінің өзге де қырларын айқындауға мүмкіндік жасады. Сол арқылы шығармашылық топтың өзіндік деңгейі анықталып, қойылымдарға кәсіби сыншылар бағасын берді.
Апталықтың бірінші көрсетілген спектаклі – 2021 жылдың үлкен жаңалығына айналған Қазақ театрында алғаш рет Т.Әсемқұловтың «Құнанбай» драмасының сахналануы. Бұған дейін Құнанбай бейнесін Абайға арналған спектакльдерде жиі кездестіретініміз рас. Алайда елі үшін аянбай игі істер жасап, шариғат жолын ұстанған қажы Құнанбайды жеке тұлға ретінде сахнаға шығаруға кез келген режиссердің қарымы жете бермейтінін айтқымыз келеді. Қойылым режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Ұзақов. Ол бұған дейін ірі-ірі туындыларымен көрермендер есінде қалғаны мәлім. Осы жолы да көп ізденіс пен қажырлы еңбектің нәтижесінде «Құнанбай» спектаклі өзіндік пәлсапалық мазмұнымен өзіне баурады. Бұл спектакльге дейін «Құнанбай» киносының жарық көргенін білеміз. Кинода Құнанбайдың бейнесін Досхан Жолжақсынов жоғары деңгейде сәтті шығарғанын ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Ал театрдағы келбетін бедерлеген Ерлан Малаев «көңіл толқытар терең ізденістерге барса» деген ұсынысымыз бар. Рольдің эволюциялық дамуындағы ішкі толқыныстарын жан-жақты ашуға талпынысы аса байқалмады. Оған Құнанбай мінезіндегі иірімдерді тереңдікпен жеткізу үшін әлі де іздене түскені абзал.
Спектакль Құнанбайдың қара қапаста жастық шағын еске түсіріп, терең ойға шомып отырғанынан басталады. Өкінішке қарай, спектакль барысында арьерсценадан кейбір актерлердің дауыстары көрермендерге толықтай естілмей жатты. Спектакль басынан аяқ қамаудағы қара түнекте, өткен оқиғаларды еске алумен өтеді. Тергеушінің сұрақтарына еркін жауап берген Құнанбай, Алла алдында төрт сұраққа жауап бергені терең ойға жетелейтін сәтіндегі сахналар залда отырғандарға ерекше әсер етті. Оның аяғындағы шынжыр артықтау көрінді, қамауда отырған адамның қолын ғана шынжырласа жеткілікті болар еді. Қапаста аяқ-қолы шынжырланған Құнанбайды «жығылғанның үстіне жұдырық» дегендей қара жамылғаны оңды болмаған. Қара шапан қазақта «қара жамылғанда» немесе «дәретке барғанда» киіледі. Үстіндегі қара шапанын зындандағы қапаста киіп жүргені түсінікті, бірақ қойылым барысында өткен күндерді көрсететін сахналарда ашық түсті киім кигені абзал. Сондықтан осы жағын режиссер мен суретшіге ойластырғаны жөн. Құнанбайдың құран мен дала заңы, шариғатты ұстанып ел басқаруы оңай еместігі байқалады.
Құнанбайдың тарих бойынша сол жақ көзіндегі тыртықты білеміз, ал Е.Малаевтың бейнелеуіндегі Құнанбайдың оң жақ көзіндегі тыртыққа көзіміз түсті. Осы спектакльдегі екінші құрамда ойын көрсеткен Н.Сауданбектің Құнанбайында сол жақ көзінің тыртығын көрген болатынбыз. «Тарих бойынша болған оқиғаны, детальді өмірдегідей, шынайы жасалғанын дұрыс» деп ойлаймыз, осы жағын ескеруіміз керек.
Қазақ жеріне келген генерал, актер А.Омар нағыз орыстың ақсүйектерше сомдаған бейнесі арқылы қазақ еліне жанашыр болып жүріп, өзінің ішкі саясатын жүргізетін дипломат ретінде көрсете білді. Генералдар кеткен кезде Барақ сұлтанның Құнанбайға: «бізді елеп, қарсы ала алмадың» деп назын айтады. Осы сахналар арқылы «қазіргі уақыттың өзінде біз басқа ұлтты өзімізден жоғары қоямыз» деген ой оралады. Құнанбай мен Барақ арасындағы сахналар әсерлі өрбіген. Осы сахналарда актер Жанқалдыбек Төленбаевтың дикциясы мен «қалпы» (осанкасы), бұғанасы тік, астарлы сөз мағынасы көркем болып естіледі. Оның қандай спектакльде ойнаса да жүріс-тұрысы анық ойластырылған, көрермендерді өзіне баурап алатын «магниттік» ерекше қасиеті бар. Шаншардың қуы, әзілкеш Тонтай – З.Әбеновтың образы оңды ашылған. Қолындағы қуыршақтар арқылы «Мерген Құнанбай» деп әзілдеп, комедиялық ситуациялар жасайды.
Қодар – А.Сұлтан мен Қамқа – Г.Жүсіпова, сахналарында «оларды Құнанбай емес, халық жазалады» деген ойға жетеледі, себебі режиссер трактовкасында Қодар мен Қамқа өздерінің қателіктерін халықтың алдында мойындайды. Билер сахнасында оларға қандай жаза қолдану туралы дауыс беру арқылы шешіледі. «Құнанбай» спектаклі – бүгінгі өмірдегі шындық пен әділеттілікті насихаттайтын, имандылық жолындағы Құнанбайдың тақуалығы, халқын сүйетін нағыз жанашыр адам бейнесі көрсетіледі.
Қ.Қуанышбаев театрындағы 2021 жылдың тағы бір үлкен жаңалығы – «Қаллеки» театр лабораториясының ашылуы. Бұл лабораторияның жастарға беретін мүмкіндіктері өте мол. Лаборатория жетекшісі: Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері Шах-Мұрат Ордабаев. Елімізде лабораториялық театрлардың құлашын кеңге жайып, көптеп ашылып жатқандығы қуантады. «Қаллеки» театр лабораториясы О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді» драмасымен тұсау кесерін жасады. О.Бөкейдің шығармалары Қазақстанның театр репертуарларынан берік орын алып, өзінің шынайы суреткерлігімен көрермендерінің жүрегін баурап әкетті. Ауыл әңгімелерін жазуға келгенде Оралхандай жазушыға тең келер адам жоқтың қасы. Нұр-Сұлтан қаласы, Жастар театрында Дәурен Серғазиннің инсценировкасын жасап сахналауымен О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді» деген спектакль қойған болатын. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында О.Бөкейдің «Ауыл хикаялары» атты инсценировкаланған спектакльдері сахналанған болатын. Бұл жолы да Оралхандай тау тұлғаның шығармашылығымен «Қаллеки» театр лабораториясының ашылуы да бекер емес. О.Бөкейдің шығармаларында ешнәрсені жасырмай, шындықты бетке айтатын батылдығымен, бәріміздің шыққан жеріміз ауыл оқиғаларын сипаттауда, өткір мәселелерді әзіл арқылы, ситуациялық жағдайларды көркем тұрғыда жазуымен ерекшеленеді. Спектакльдің режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы. Бәзіл режиссерлік білімі болмаса да бұндай лабораториялық жұмысты алып, қойылымды көркемдік деңгейі жоғары туындыға айналдырғаны құптарлық. О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді» драмасының аты айтып тұрғандай бірден өзіне баурап әкетеді. Мектеп бітірген оқушылардың жаңа өмірге аяқ басулары туралы, бір-бірімен жақын араласып, қызығы мен шыжығы бітпейтін ауыл оқиғаларымен жалғасын тапқан.
Спектакльде жас актерлердің бүкіл жан дүниесімен беріліп ойнайтын жанкештілігі көзге бірден түседі. Шыт көйлек киген қыздар, жайдарлы жігіттердің әзіл қалжыңы мен пластикалық қозғалысқа толы әрекеттері олардың көп дайындалғандықтарын көрсетеді. Сахнада жайылып жатқан сары жапырақтардың үстінде «жалаң аяқ» жүріп, Зигмунд Фрейдтің адам табиғаты туралы пәлсапасын қолданғандығы құптарлық. Актерлер аядай сахнада жүріп ауылдың табиғатынан, актерлердің көңіл-күйін құбылтуға, көрермендерді сырға толы атмосфераға енгізіп, сезім толқыныстыры толқытады. Қойылым оқиғасында жас қызбен бозбаланың албырттық махаббаты, балалық қателіктер, яғни ойланбай жасалған әрекеттер үлкен қасіретке әкелінетінін, өскелең ұрпаққа еркін түрде терең ашылып жеткізілген.
Театр тамашалап келген көрермендердің жастық шағындағы алғашқы махаббаттарын еске түсіріп, тәтті сезім құшағына бөлейді. Бәлкім залдағы біреудің өз жеке басындағы жастық шақ кездеріндегісін еске түсіп өкініп отырған болар? Ал жасөспірімдерге махаббат пен құштарлықтың ара жігіндегі қателіктердің ара-қатынасын түсінуге ықпал етеді. О.Бөкейдің бұл шығармасын алуы арқылы режиссер жасөспірімдердің санасына сіңетіндей, солардың тілінде сөйлеген актерлер, әзіл-қалжыңмен, бимен көптеген терең мәселелерді ашып көрсеткен. Болашақта «Қаллеки» театр лабораториясының жаңадан қойылған осындай тың шығармалары көбейетініне сеніміміз мол.
2021 жылғы қойылған премьераның бірі – белгілі драматург Р.Мұқанованың «Бопай» тарихи трагедиясының сахналануы. Р.Мұқанованың бұл туындысында Әбілхайыр ханның жары Бопайды терең зерттеп барып, тарих қойнауындағы шындыққа толы жұмбақтарға жауап берген үлкен шығарма. Ханның ел басқарудағы саясатымен санасып, оның жары әрі ақылшысы болған Бопай, Әбілхайыр дүниеден озғанда өзі ел басқармаса да, ұлына ақылын айтып, сол арқылы қазақ елін, жерін аман алып қалып, қазақ елінің өркендеп дамуына өз үлесін қосқан батыр ана, аяулы жар, ел қайраткері, ретінде көрінеді. Р.Мұқанова театр әлеміне «Мәңгілік бала бейне» спектаклімен таныс. Қазақ елінің қасіретті Семей полигоны туралы драмасымен, одан басқа да ірі драма, әңгімелерімен т.б есімізге түседі. Басқа драматургтерден бір ерекшелігі – ол әйел адамдардың терең образдарын зерттеп, олардың драматургиялық бейнелерін әкелген.
«Бопай» тарихи трагедиясының режиссері – Ж.Жұманбай. Драматургиялық шығарманы сахнаға икемдеп, тарихи трагедияның астарлы әлемін, кейіпкерлердің ішкі толқыныстарын берудегі режиссердің шеберлігін ерекше айта кетуіміз керек. Бопай бейнесін – Лейло Бекназар-Ханинга сомдаған. Әбілхайырдың бейнесін – актер Ержан Нұрымбет. Әбілхайырдың ұлы Нұрәлі ханның бейнесін – Ж.Оспанов бедерлеген. Режиссер «Бопай» тарихи трагедиясының сахналық атмосферасын жасауда жарықпен жақсы жұмыс істегені бірден байқалады. Барақ, актер Қ.Қыстықбайдың бейнелеуінде ұстамды, өзінің қолымен жасаған күнәсін мойнымен көтеретін нар тұлғалығымен есте қалды.
Спектакльдің ерекшелігін ашатын жерді өлшейтін «сызғышпен» жер өлшейтін сахнасы эпизодтық болып қалған. Соны тереңдетіп нақты бір мәселелермен шешсе деген ұсынысымыз бар. «Жер жоқ» Әбілқайырдың зиратын салғызбау саясатын дөп келтірген. Осыншалықты бодандықтың қамыты мойнымызға салынып, қиын заманды көрсете білген. Әбілқайырдан кейінгі ұлт тағдырының таразысы тек Бопайға біткен болмыс, Бопайға берілген құзырет. Бопайдың қайраткерлік тұлғасы, асыл ана ретінде тәрбиелік өнегесі – ұлтқа мақтаныш, ұрпаққа үлгі.
М.Әуезов «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының режиссерлері: О.Жақыпбек пен Ш.Мұстафина. «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының премьерасы 2010 жылы 18-19 қараша күндері өткен болатын. 2021 жылы 6-7 қараша күндері жаңартылған нұсқасы сахналанды. Спектакльдің сахналық нұсқасын жасаған режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Ә.Оразбеков. Ә.Оразбековтың қазақ театрының сахналарында сахналаған спектакльдері өте көп. Жаңа ғимараттың үлкен сахнасына қарай икемделіп жаңартылған нұсқасында музыкалық партитураларына көп көңіл бөлініп, комедияның жанры жан-жақты терең ашылмағанын байқадық. Атап айтқанда, Айман мен Шолпанның музыкалық ән айту, би билеу сахналарына көңіліміз толғанымен, қойылымда түрлері бір- бірінен аумай қалған, ажырата алмай қалдық. Өздеріне тән бейнесінің, ерекшеліктерін даралай түсетін қою мінез, нәзіктік, сабырлылық, еркелік жетпей жатты.
Жарық беру жөніндегі суретші – А.Бекбембетов. Актерлердің мизансценаларындағы жарықты алуан түрлі өзгертіп, спектакльдің атмосферасын беріп, көп жұмыс істелгені көрінеді. Сондай-ақ қоюшы суретші – Қ.Мақсұтовтың жасаған жұмыстарын ауыз толтырып айта кетуге тұрарлық.
Спектакльде Арыстан – актер Қобыланды Болат пен Әлібектің – актер Жасұлан Ерболаттың бейнелері ерекше тартымды. Бірақ Айман-Шолпанды ұнататын ынтық көңілдерін шынайы көре алмадық, аша түскендері абзал. Аталған ұсыныстар бойынша режиссуралық шешімдерін ойластыру керек. Арыстан мен Әлібек тобындағы жігіттердің домбырамен күй жарыстары керемет шешім тапқан, нағыз сал серілерді көрдік. Қыздардың да таныстыру бойынша салт-дәстүрді көрсеткен яғни оңтүстіктің, солтүстіктің, батыс, шығыстың қыздарының сәлем беруі, т.б жоралғыларды көрсететін сахналары ұтымды шешім тапқан. Әйелі бола тұра жас қыздарға қызығып, қырындап жүрген Көтібар – актер Нүркен Өтеуіл образы көркем тұрғыда мықты шыққан. Теңгені ойнаған актриса Айнұр Бермұхамбетова бейнесі де «лағылдай» жарқырап, «қойылымның тұздығын берді» десек болады. Олар шыққан сахналарда көрермен күлкісін жия алмай жатты.
Шах-Мұрат Ордабаев – Маман бай бейнесі жас ерекшелігі сәйкес келмейді. Оның «толық» яғни ірі адам етіп көрсеткенмен қойылымда Айман-Шолпанның «ағасы» сияқты болып калған. Көрермендерді сендіре алмайтыны түсінікті. «Аға» ешқашан әке болмайды, «өгей әке емес қой» тарихты бұрмалауға келмейді, ол үлкен қате, қиянат жасау деп білеміз. Сондықтан грим арқылы бетәлпетіне «әжім», «егде адамның дауысын келістіру» т.б. түрін ұлғайту керек. Маман байды екінші құрамда сомдаған Жанқалдыбек Төленбаев ерекше, керемет алып шыққан образ. «Толық» адам болса да жеңіл қозғалып, күлкісін, шаш үлгісін келістірген, ширақ әрекеттерге барады. Бүгінгі күнгі байлардың жүріс-тұрысын, өзінен мықтылардың алдыңдағы шарасыз «мүләйімсіп» күлгенін дөп көрсеткен. Қыздардың туған әкелеріндей мейірім төгіп, спектакльдің ажарын ашады. Спектакль барысында Жарас – Ұлан Қабыл ойынында жан-жақты өнерін көрдік, әнге, би-пластикалық көріністер, сөйлеу мәнеріндегі алғырлығы көрінген. Қыздармен жолығып, жігіттермен сөйлесетін сахналарда Ұланға әлі де болса пысықтықты қажет етеді.
М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы ұрпақтың алмасуына байланысты, заман талабына сай келетін заманауи интерпретациясы жасала беретіні сөзсіз. Бұл шығарманы да өзіндік музыкалық театр деңгейіне сай шығарма деп білеміз.
Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» қойылымының режиссері – Ф.Молдағали. Қойылымның жанры нақты қойылмаған. Бірақ бұл спектакльге өз тарапымыздан «тарихи трагедия» деп баға береміз. Қазақстан театрларының бірегей дарынды режиссері Фархаттың осы уақытқа дейін сахналаған жұмыстарымен таныспыз. Атап айтқанда «Қарагөз», «Қорғансыздың күні», «Құлагер», «Махаббат қызық мол жылдар», т.б спектакльдерін ауыз толтырып айтуға тұрарлық қойылымдар. Жас та болса, бір-біріне ұқсамайтын ірі туындылар жасап, спектакльдерінен қазақтың рухын, намысын қайрайтын, тың қойылымдарымен есте қалды. Осы жолы Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» қойылымын алу арқылы Қазақ театрына жаңа леп әкелді. Алтайдағы көш туралы тарихта терең жазылмаған. Тек «Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» Алматы, 2014. -272 бет» кітабы мен Х.Оралтайдың жазған кітаптары негізінде бұл спектакльдің инценировкасы жасалды. Спектакльдің сахналық нұсқасының авторы – Мирас Әбіл. Тәуелсіздік алып тарихымыздағы Кеңес үкіметі рұқсат бермеген тақырыптарды көтеріп, енді зерттеліп жатыр.
Спектакль басында халық Алтайдан ұлы көшті бастап шығады, сол кезде бір кісілердің әңгімесінен: «екі қабат әйелді жарып өлтірген, төрт жасар баланы 5 шақырым жерге ат құйрығында сүйрепті т.б.» деген әңгімелерден құйқа шашыңды шымырлатады. Қытай жеріндегі опасыздықтарға шыдамаған қазақтар туған жерлері Алтайдан көшуге бел байлайды.
Кеңес үкіметінің қиын-қыстау кездері Қытай жеріндегі (Алтай бұрынғы Қазақ жері) Алтай қазақтары Қазақстандағы жағдайды білген соң, Алтайдан Анадолыға дейінгі ұлы көштің тағдыры баяндалады. Олар Түркияға бірден көшеміз деп ойламаған. «Қытай, Тибет арқылы жаңа өмір сүреміз» деп «Ақжолға» шыққан. Қойылымда басынан көшуге дайындала бастағаннан Алтай қазақтары жұпыны киінген, «алғашында қымбат, ұлттық киімдермен шықпай ма?» деген ойға келдік. Ұлттық нақышымыз да, ою-өрнектеріміз де көрінбейді. Қалай десеңіз де тарихқа жүгінуіміз керек. Арнайы заманауи формаға қойылатын спектакльдер бар, бұл шығарма өзге ұлт емес, қазақтар туралы оқиға болғандықтан спектакльдің өзі ұлттық дәстүрге сұранып тұр. «Режиссеріміз дәстүрімізге сай формаға түсірсе» деген ұсынысымыз бар.
Алыс жолға шыққан халық азып-тозып, аштықтан, суықтан, соғыстан қырылады. Өлгендерді көмудің өзі қиынға соғады. Режиссер өлгендерді құмға көмілген етіктер арқылы сахнада төмпешіктермен көрсеткен. Бірақ қойылым барысында «жолда әлсіздіктен, соғыста жараланып оны біреулер қолтығынан демесе, Гималай тауынан құлап қайтыс болған адамдарды да көрсетсе әсерлі болып, қиындықтардың, зардаптардың ауырлығы көрермендерге терең әсер етеді» деген ұсынысымыз бар. Әйтпесе сахнада құлап жатқандар орнынан тұрып кете береді, құдды бір жотадан (қырдан) өткендей әсер қалдырды. Аштықтан, суықтан әлсіреп құлаған адамдар «аңдардан бұрын, адамнан қорқатын болдық» дегеннің өзінде үлкен астар жатыр.
Түркияға келгенмен де, өз елін аңсап қалған адамдар, қазақ елінің тәуелсіздік алып туған еліне «ақсақал» боп оралған ұлтымыздың ардақты азаматы Халифа Алтай бас кейіпкердің біріне айналған.
И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы» (Жарқанат) музыкалық комедиясын қазақшаға аударған: Е.Сегізбаев. Комедиялық спектакльдің режиссері – Н.Жұманиязов. Спектакльдің атын «Жұбайлар жұмбағы» деп атауының өзі бірден қызықтыратыны сөзсіз. Себебі жұбайлардың ара-қатынасындағы мәселелер өте көп, жұмбаққа толы десек қателеспейміз. Спектакль музыкалық әуезділігімен өзіне бірден баурап әкетеді.
Генрих – Ж.Ерболат пен Розалинда – А.Бермұхамбетова бір-бірін жақсы көріп жүріп, Генрихтің өз әйеліне қайтадан ғашық болып қалуы да оқиғаны шиеленістіре түседі. Фальк – Шах-Мұрат Ордабаев ойынын ерекше атап өтерлік, Генрихтың жан досы болып жүріп, оны кез келген жағдайдан алып шығуға жан-тәнін беріп жүретін нағыз досты көрсеткен. Фальк спектакльдің негізгі орталық кейіпкеріне айналған. Генрих пен Розалинданың үй қызметкері Адель – Гаухар Жүсіпова спектакль басында қожайынының киімдерін реттеп, балға барғысы келетінін білдіртеді. Тіпті ол жерге қожайынының киімін киіп кету туралы жоспарын көреміз. Салтанатты жиында Розалинданың киімін киіп алып, өзін графиния ретінде сезінеді. Оны Генрих танып қояды. Амадей – Асхат Сұлтан, Амалия – Сая Тоқманғалиевалар өздерінің қызы Лоттаны – Таңсұлу Батталованы «тұрмысқа қалайда беру керекпіз» деген ойларымен жігіттермен таныстырған сахналар күлкіге толы болды. Зындан күзетшісі – Дастан Әлімов бейнесі көркемдік тұрғыдан әсерлі шыққан. Шынайы жүріс тұрысымен ішіп алған адамды бедерледі, алдына келген адамдарды қосарлатып айтып, «Былай өтіңіздер, есікті жауып жүріңіздер» деп жалғыз адамдарға байыппен қосарлап айтқанда көрермендер қырап-топан күлкіге кенелтеді.
Спектакль әйел мен ер арасындағы өзара түсіністік туралы терең ашылған. Комедиялық ситуациялармен, қоғамдағы келелі мәселелерді терең көрсетілген шығармалар қазіргі ауқытта ауадай қажет.
Режиссер Әлібек Өмірбекұлы «Дон Кихотқа» дейін Шымкент қаласында сахналаған «Қораз» спектаклі арқылы театр көрермендеріне танылған болатын. Қарағанды театрында өткен Ә.Сығай атындағы «Сын – шын болсын» атты фестивальге де қатысқан болатын. Оның жастық максимализмі мен саяси мәселелерді ашық қозғайтын батылдығы, заманауи режиссуралық тәсілдерді қолдану мәнері мен қазақтың басындағы болып жатқан проблемаларды ашық айтып басқа режиссерлерге үлгі болды. Ол ГИТИС-те оқып жүріп осындай кесек жұмыстар атқарады. Әлібек Өмірбекұлы қазақ елінің жағдайын ойлап, қоғамдағы күрделі мәселелерді аталмыш спектакльдерде көрсете білген. Спектакль басталғанда «Кім Дон Кихот болады?» деген өткір мәселе қойылады. Яғни «Дон Кихот» болу оңай емес, және одан да қиыны өзіңдегі Дон Кихотты өлтіріп алмау мәселесі қозғалады. Сахнадағы 5-6 актер Дон Кихоттың киімін киюден бастайды. Бірінші актер киімді киіп «түймесі болмаса, ойнай алмаймын» дейді, келесі актер костюмді киіп өзін жайсыз сезініп шешіп тастайды, тағы бір актер киіп өзін бәрінен жоғары санайды. Бұл дегеніңіз ешкімнің Дон Кихоттыққа бара бермеуінің, оның жан-дүниесіне терең үңілмейтіндігінен деп білеміз.
М.Сервантес «Дон Кихот» туындысының желісімен өзіндік инсценировка жасап, тың мәтінмен Дон Кихоттықтың тарихы мен бүгінгі күнгі жағдайды сипаттау, спектакль барысында актерлердің бұл спектакльді қалай түсінгендігі туралы бүгінгі батыста, Ресейде қолданылып келетін дисскуссия театрының нышандарын әкелді. Қойылымда басшылықта отырғандар «министрлер ауыса береді киімдерін ауыстырып» деген. «Бүгінгі күн – алыптардың заманы, оларға ешкімнің күші жетпейтіндігі, Дон Кихоттар қанша алысса да, жаңадан алыптар армиясы пайда болады» деген ой айтылған. Қойылымда қазақ хандарының бізге жасап кеткен жақсылықтарын айтады, А.Құнанбайдың, т.б. терең мәселелерді айтып, спектакльде көрермендердің «миын» жұмыс істететін күрделі спектакльдер қояды. «Дон Кихот» жел диірмендерімен алысады, ол ел-жұртты жинайды, семіз адамдар, депутаттар «ешнәрсемен ісі жоқ, тек иығындағы жұлдыздар мен қалтасын қампитса болды» деген ойды қозғайды. Үстел басында жиналған ақсүйектер, яғни алыптар тамаққа тойып алып лоқсиды, себебі өзі тойса да көзі тоймайды олардың. Алыптарға клоун болып көрінетін әртістерге не жасатқысы келсе де өздері біледі. Оларды адам қатарына да қосып тұрғаны жоқ. Дон Кихот пен Санчо Панс клоун ретінде киініп, алыптарға қарсы батыл әрекеттер жасайды. Мольердің «Дон Жуанында» Дон Жуанға найзағай түсіп өлсе, бұл жерде алыптың үстіне пианино түскен. Бірақ ол өлмейді, ешнәрсе болмағандай орнынан тұрып кете береді. М.Сервантестің «Дон Кихот» спектаклі театр төрінен іргелі орын алады деген ойдамыз. Бұндай шығармалар әртістердің шеберлігін шыңдап, талғамын байытады, көрермендердің көзқарастарына бүгінгі қоғамның келбетін, арпалыстарға қарсы өзіндік Дон Кихоттық «Мендерін» оятуға шақырады.
А.Менчел «Күзгі іңір» трагикомедиясының режиссері – Ұ.Қарыпбаев. Спектакльде күйеулері қайтыс болып кеткен үш қария апалардың өмірі баяндалады, олардың күйеулерінің зират басына келіп құлпытастарды тазалап, естеліктерімен бөлісіп жүреді. Төртінші құрбылары Сельма үйлену тойына дайындалып жатыр, Эдке тұрмысқа шықпақшы. Сэм мен Ида пьесада бір-бірін жақсы көретін сахнаны қалдыруы керек еді. Сэм батылдығын жинап Идаға «енді мен ештеңеге қарамаймын» деп өз бақыты үшін алысқан қарияның батылдығын көргіміз келді. Спектакльде Дорис пен Люсиль күйеулерінің қайтыс болса да өз әлемдерінен шыға алмайды. Бұрынғы өмірдің естеліктерімен өмір сүріп жатыр. Жаңа өмір бастау үшін ешқашан да кеш еместігін пьесадан оқыған болатынбыз. «Енді театрдан да сондай әсерге бөленеміз» дегенде режиссер пьесаны «кесіп», қысқарту арқылы көптеген жағдайларға тереңдік пен себеп-салдарларды ашып көрсете алмады.
Қазіргі кезде қазақ театр алдында үлкен міндеттер тұр. Ең алдымен драматург пен режиссердің өзара байланысы орнауы керек. Екіншіден, эксперименттік спектакльдер фестивалін өткізуді бір ізге түсірген маңызды. Бұл жас режиссерлердің есімдерін анықтауға көмектесері сөзсіз.
Қорыта келгенде, «Қаллеки тынысы» атты премьералар апталығындағы спектакльдердің көркемдік деңгейі жоғары, тың шығармалар арқылы театрдың бүгінгі келбетін көрсете білген» деп баға береміз.
«27 наурыз – Халықаралық театр күніне» орай өткен «Қаллеки тынысы» атты премьералар апталығының қорытындысы бойынша:
Әзірбайжан Мәмбетов атындағы «Үздік режиссура» – Әлібек Өмірбекұлы («Дон Кихот» спектаклі үшін);
«Үздік актер» – Ержан Нұрымбет («Дон Кихот» спектакліндегі Дон Кихот бейнесі үшін);
«Үздік актриса» – Айнұр Бермұхамбетова («Дон Кихот» спектакліндегі Сүт ана бейнесі үшін);
Әшірбек Сығай атындағы «Сахна саңлағы» номинациясы – Лейло Бекназар-Ханинга («Бопай ханым» спектакліндегі Бопай ханым бейнесі үшін);
Қадыр Жетпісбаев атындағы «Сахна саңлағы» номинациясы – Күлия Қожахметова («Күзгі іңір» спектакліндегі Ида бейнесі үшін);
Шәміл Жүніс атындағы «Үздік екінші пландағы артист» номинациясы – Нұркен Өтеуіл («Дон Кихот» спектакліндегі Санчо Панс бейнесі үшін);
Мұрат Насипов атындағы «Эпизодтағы әйел адам бейнесі үшін» – Дастан Әлімов («Жұбайлар жұмбағы» спектакліндегі зындан күзетшісі бейнесі үшін);
Шолпан Мұқышева атындағы «Эпизодтағы әйел адам бейнесі үшін» – Инабат Әбенова («Алтайдан ауған ел» спектакліндегі Сүт ана бейнесі үшін);
Жақып Омаров атындағы «Спектакльге музыка жазған жыл композиторы» номинациясы – Олжас Жақыпбек («Алтайдан ауған ел» спектаклінің музыкалық көркемділігі үшін);
«Үздік инсценировка» номинациясы – Мирас Әбіл («Алтайдан ауған ел» спектаклі үшін);
Шолпан Елгезекова атындағы «Шығармашылық ізденісі үшін» номинациясымен – Бәзіл Сұлтанғазы («Ұйқым келмейді» спектаклі үшін);
«Үздік грим» номинациясы – бас гример Ләйлә Сқақова («Дон Кихот» спектакліндегі жоғары кәсіби жұмысы үшін);
«Үздік жарық қою бойынша суретші» номинациясы – Азамат Бекбембетов («Алтайдан ауған ел» спектакліндегі жұмысы үшін);
«Театр және ақпарат» жүлдесі «Астана Ақшамы» газетінің шолушы журналисті – Аманғали Қалжан (2021-2022 ж.ж. премьераларының басылым беттерінде насихаттағаны үшін);
«Театр өнеріне деген ерекше ықыласы үшін» номинациясымен кәсіби шеберлігі үшін – хормейстер Ержан Сансызбаев;
«Театр өнеріне деген ерекше ықыласы үшін» номинациясымен (2021-2022 ж.ж. премьералардың жарнама жұмыстары үшін) – фотограф, видеограф Изетов Ескендір марапатталды.
Нартай ЕСКЕНДІРОВ,
PHD докторы, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті.