Бұрынғы театр мен бүгінгі театрдың даму үдерісі салыстырмалы түрде едәуір өзгеріске ұшырауы, бағытта...
«Құпия» драмасы қажет пе?!
Ұлттық және әлемдік классика һәм заманауи драматургиялық шығармалар мен балаларға арналған спектакльдер репертуарынан орын алған, жетпіс жылдан астам тарихы бар Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының шығармашылық кескін-келбеті соңғы жылдары жаңаша түрге еніп, түрлі бағыттағы премьералар арқылы шығармашылық әлеуетінің артуымен өнерсүйер қауым тарапынан лайықты бағаланып жүр. Көрермен тарапынан қошеметке бөленген қойылымдардың қатарын Жәнібек Әлікеннің «Құпия» драмасы толықтырды. Жуырда премьерасы өткен қойылым, мұғалімдердің бейнесі арқылы біздің қоғамдағы түйткілді мәселелерді, өзегімізді өртейтін өрескел іс-әрекеттерімізді бір ғана мамандық иелерінің басындағы жағдай арқылы көрсетеді.
Драматургия саласында қалам тербеп жүрген Жәнібек Әлікеннің бұған дейін «Сиқырлы терезе» атты балаларға арналған пьесасы Ержан Қаулановтың режиссурасымен аталмыш театрда сахналанған болатын. Біздің қоғамдағы күрмеуі қиын мәселелерді қаламы арқылы қағазға түсіріп, сөз өнері негізінде қамтуға тырысқан жас драматург, өз пьесаларында драматургияның заңдылықтарына бағына отырып, біртұтас дүниені ешқандай әсірелеу, теңеусіз-ақ, ауызекі сөйлеу мәнерімен жеткізе білген. Театр арқылы халыққа сөз өнерінің салмағы, құдіреті мен киесі дәріптеледі деп есептесек, Ж.Әлікенге әлі де қым-қиғаш образдар жасауда, әрбір кейіпкерге өзіндік болмыс, мінез қосуда ащы, тұщымды сөздерге бағытталған диалогтармен жұмыс жасауы керек деп есептейміз.
Қойылымның режиссері Ерлан Кәрібаев ұзақ жылдар Мүсірепов театрының актерлік құрамында еңбек етіп, өз шеберлігімен көптің көңілінен шыққан бірегей актер. Театр режиссурасына ден қойған актерді бұл саланың «жаңа есімі» деп атасақ та болады. Ұстаздық жолда да өзіндік тәжірибесі бар Е.Кәрібаев белгілі актер Данияр Базарқұловпен бірге «Ол» моноспектаклін сахналап, режиссер ретінде танылып үлгерді. «Құпия» драмасын толықтай іс-әрекетке құрған режиссер, би мен актерлік құрамның мизансценасы арқылы айтар ойын айқындап алған.
Шымылдық ашылуымен көзге түсетін декорациялық шешім бойынша сахна кеңістігіне жеті есік қойылған. Бірі қағып кіретін, бірі баса көктеп, енді біріне ашық яки жабық болатын бұл есіктер кейіпкер-мұғалімдердің ғана емес, студенттік жылдардан келесі бір өмір белесіне көтерілетін оқушы-студенттердің де өмірлік есігінің символдық бейнесі. Бір кеңістікте бірнеше адамның кіріп-шығып жүретін есіктері біреулер үшін жаңа өмірге қадам бастайтын жол болса, енді бірі үшін тар қапас. Сол қапас өз шеңберіне Арман мұғалімді де матап алған. Білім ордасындағы бозбалалар мен бойжеткендерге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беруге келген Арман колледждегі директор Жаңабай мен меңгерушілер, хатшы мен мұғалімдердің қолдан жасаған жүйесіне барынша қарсы тұрған кейіпкер. Шын мәнінде, Арман – күрескер. Оның сахналық бейнесін жасаған актер Дархан Сүлейменовтің ойынында күрескердің келбетімен қатар, әр сөзін ойланып барып айтатын, әр қадамына жауап бере алатын азаматтың жиынтық бейнесі бар. Арман-Дархан Сүлейменов енді бірде аңқау, ақкөңіл. Бұл сөзімізге оның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – Гүлбахрам Байбосыновамен диалогын мысал етсек болады. Бір заводтан шыққан тауарлардай бірдей кейіптегі қатарлас әріптестері секілді емес, өзіндік ұстанымы, көзқарасы, батылдығы мен батырлығы бар. Өзіндік пікірі, көзқарасы бар, ақ адал еңбек етуге тырысқан кейіпкер Арман ақыр аяғында жалғыздың үні шықпай, сол жүйенің кезекті құрбанына айналып, санасы құлыпталады. Ал, ол құлыптың кілті сол жердегі әріптес ұстаздарының бірлігінде еді. Бүгінгі біздің қоғамда Арман секілді жандар жоқ емес, ал, олардың діттеген мақсатына жетуіне кей адамдардың қорқыныш пен үрейде жүруі, шешім қабылдай алмайтын жігерсіздігі тұсау болатыны да рас. Бір адамның зұлымдыққа қарсы жалғыз күресі соңында құлазу мен көну деген нәтижеге алып келетіні қойылымның финалдағы шешімі арқылы көрініс тапты. Қойылымдағы қатардағы мұғалімдердің де өзіндік мінезі, жан қалаулары бар. Ол сахнадағы өнер иелерінің ойындары мен қимыл-әрекеттері арқылы айқындалған болса, студенттердің өздерін ұстауы мен іс-әрекеттері драмалық шығармадағы тартысты күшейтуге қолданылған әдіс деп түсінеміз. Осы орайда, шығармашылық құрам жекелеген мұғалімдердің өзіндік драмасын көрсету үшін мінез қайшылықтарына айрықша көңіл бөлуі тиіс еді. Қойылымдағы тартыс тудырушы негізгі кейіпкерлер, жағымсыз бейнелердің үштігі Бейбіт Камаранов (директор Жаңабай Асылханұлы), Толқын Нұрбекова (меңгеруші), Ұлан Болатбектің (хатшы) орындауында ұтымды шықты.
Қағазбастылыққа салынған, бес адамның жұмысын бір адамның ғана атқарып жүруі - өмірдегі өзіміздің бейнемізді елестететіні жасырын емес. Өзіндік ойы жоқ я мақсаты айқын емес, өлместің қамын жасап, күнделікті күйбең тірліктің әлегінен басқаны ойлауға мұршасы жоқ жан, тіршіліктің аяқ бастырмас мәселесіне жолыққан адам елге қызмет етіп жарытпайтыны анық. Оқу ордасында дәріс беретін сол бір типтес мұғалімдерден сабақ алатын оқушылардың болашақта тура сондай еркін ойлай алмайтын азаматтар болып қалыптаспайтынына кім кепіл?! Ал, біз, жастар біздің болашағымыз дейміз... Қойылымның негізгі идеясы осы сұраққа жауап іздеуден табылуы тиіс, біздіңше.
Театрға құпия іздеп келген талғамы биік көрерменге спектакльдің айтар ойы мен негізгі идеясын ескерсек, «Құпия» драмасын театр репертуарында өмір сүруге лайықты, қажетті шығарма деп білеміз.
Гүлзия Сәдуақас