Кеше "Фариза" спектаклі "Современник" театрында мәскеулік көрермендермен қауышты...
Рамзат Балакишиев. Операға Абайдың өз қолымен жазған әндері де енген
Мұхтар Әуезовтің либреттосына біртуар композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің мәңгілік «Абай» операсы «Астана Операда» 24-25 ақпанда тыңдармандардың назарына ұсынылады. Спектакльге қоюшы дирижер, театрдың бас дирижері, жуырда Будапеште венгриялық көпшілік қол соққан әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев жетекшілік етеді. Өнер көрсетудің екінші күні елордалық өнер сүйер қауымды опера труппасының дарынды солистерінің бірқатар айтулы дебюттері күтеді.
Абайдың шәкірті Айдардың басты партиясында 25 ақпанда сахнаға алғаш рет тенор Рамзат Балакишиев шығады. Ол үшін «Абай» театрдағы барлық ұлттық опера қойылымдарының ішіндегі ең сүйікті спектакль болып табылады. Солиске бұл кейіпкердің эмоционалдық жай-күйін толықтай ашу және Айдардың ішкі уайымын көрерменге барынша жақсы жеткізу маңызды.
– Менің бұл операны қатты жақсы көретінім сөзсіз, ол маған бәрінен де жақын. Бәлкім, бұл Қазақстанда туып-өскендігімнен және бойымдағы қазақи менталитетімнен шығар. Классиктер Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің таңғалдыратын әсем музыкасы жүрекке терең енеді, сондай-ақ маған осынау шын мәнінде ұлы композиторлардың жазу мәнері өте қатты ұнайды. Партитурадан нақты мысал келтірсем, бұл туындының музыкасында ат шауып келе жататындай сәттер кездеседі. Мен өзім атпен жүргенді, әсіресе атпен шапқанды қатты жақсы көремін. Және музыкадағы аттың шабысы делебені қоздырып, ұшы-қиырсыз кең далада атпен шауып бара жатқандай сезім туады. «Абайды» ұлттық операның кереметі деуге болады, бұл шынымен ұлы адамдардың еңбегімен жасалған нағыз ғаламат спектакль. Қойылым барысына қатысқан барлық жандарға үлкен рақметімді айтамын. Маэстро Алан Бөрібаев музыкалық негізімен көп жұмыс жүргізсе, суретшілер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино тамаша декорациялар мен костюмдерді жасады, – деп пікірімен бөлісті солист.
Сонымен қатар Рамзат Балакишиев қоюшы режиссер Джанкарло дель Монако өзіне бұрын-соңды бейтаныс болып келген мәдениеттің операсын терең аша білгенін, ұлттық рухты сырттай ғана емес, іштей де түсінгенін, сондықтан спектакльді қазақ ақсақалы қойғандай болғанын атап өтті.
– Маған қойылымға премьералық спектакльдер дайындалып жатқан кезден бастап қатысу құрметі бұйырды, ол кезде Әзім мен Нарымбеттің партияларын дайындаған едім. Маэстро дель Монаконың біраз кеңестері әлі есімде, оларды өз шығармашылығымда белсенді қолданамын. Сондай-ақ осы операны және басқа да қазақ ұлттық операларын орындауда мәтіндегі мағыналық жүктеменің маңыздылығын ерекше көрсету қажет. Қазақ тілі – поэтикалық тіл, бейнелердің айрықша әдемі болуы оған тән қасиет, және осы көркемдікті әрқалай, яғни жеке сөздердің бояуларына, олардың мағыналары мен жалпы қалай қабылданатынына дейін түсіндіруге болады. Соның салдарынан көбінесе сөздерде өзге тілдерге тікелей аударма жоқ, контекст қана бар. Бұдан бөлек, операға Абайдың өз қолымен жазған әндері де енген. Бұл әндерді шырқау – кез келген қазақстандыққа секілді, мен үшін де ерекше жауапкершілік. Оның үстіне тап осы жағдайда менің кейіпкерім Айдар – ақын, ол өз өлеңдерінде халықты толғандыратын өзекті мәселелерді көтереді. Сондықтан барлығы тұп-тура шығуы үшін дайындық кезінде маған оның іс-әрекет барысында айтатын сөздеріне айрықша назар аудару қажет, – деді Рамзат Балакишиев.
Айта кету керек, бұл кеште спектакльде тағы екі дебют орын алады деп күтілуде: жақсылық пен әділеттіктің жеңісі үшін күрескен ұлы ақын, философ әрі ағартушы Абайға қарсы тұрып, ескі қиғаданы ұстанатын Жиренше бидің партиясын баритон Алтынбек Әбілда, ал Жиреншенің туысы Нарымбеттің бейнесін тенор Артур Габдиев дайындауда.
Бұдан бір күн бұрын Айдар, Жиренше және Нарымбеттің өз интерпретацияларын көпшілікке Мейір Байнеш, Талғат Ғалеев, Ерұлан Кәмел таныстырады.
Әр күндері Абайдың басты партиясында сахнаға жетекші солистер, қазақстандық классикалық вокал жұлдыздары Жанат Шыбықбаев, Талғат Мұсабаев шығады, ал Айдардың сүйіктісі Ажардың бейнесін жарқын опера прималары Жаннат Бақтай, Салтанат Ахметова сомдайды. Әзім – Бейімбет Таңарықов, Қарлығаш – Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Көкбай – Ержан Саипов, Сырттан – Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан, Мес – Хайдар Мұстапин, Нұрлыбек Қосбармақов.
Хормен жұмысты театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітов жүзеге асырды, қоюшы балетмейстерлер – Тұрсынбек Нұрқалиев, Ғалия Бөрібаева, қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов, опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзов.
Спектакльдердің басталуы – 19:00-де және 17:00-де.