М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «МОНОДРАМА» байқауын жари...
Әкесі, Сізге айтамыз... Ұлы, сіз тыңданыз...
-Тілектес, Әнуар, сендер естідіңдер ме?
-Нені?
-Бүгін С.Қожамқұлов атындағы Торғай театры бізге гастроль деп келіпті.
-Қойшы, рас па? Осыдан бес-алты жыл бұрын бізді бір таңқалдырып еді? Енді нендей жаңалығымен келіпті. Көрейік.
Иә, бұл осыдан отыз бес жылдай уақыт бұрын айтылған әңгіме еді. Ол кезде С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театры М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрымен иық тіресе қатар тұрған-тын. Серке театры сол кезде өзіндік белестерді бағындырып, құрмет-қошеметке ие болып, ұжымның Р.Хаджиева, Ш.Байғабылова, Т.Рахишева, Д.Жанботаев, А.Смағұлов, М.Манаповтар сынды белді артистері жұлдыздай жарқырап жүрген шақтары болатын. Театрдың сол кездегі бас режиссері Ж.Хаджиевтің театр мәртебесін көтеруге атсалысып, жастық жалыныңдағы бар күш-қайратын сарқа жұмсап жүрген әдемі кездері-тін. Иә, бәрі тамаша. Тек, бұның барлығы сағынышқа айналған сағым күндер болып қана қалғаны өкінішті. Бүгінде қырық жеті жылдық тарихы бар аталмыш өнер ошағы мысты шаһар Жезқазған қаласына қоныс тепкеніне ширек ғасырдай уақыт өтіпті. Театр орнында, актерлер де еш өзгеріссіз. Бәрі бәз баяғыша. Біздер, Жезқазған қаласының тұрғындары қала ортасынан қасқайып тұрып орын алған Серке театрының қойылымдарын бұрынғыдай бағалағымыз-ақ бар, бірақ, театр сахнасынан сын көтермейтін спектакльдерді көрген кезде көңіл-құлазып сала береді. Мен сол өлкенің тумасы болғандықтан және болашақ театртанушы ретінде өзім көріп-өскен С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театр ішіндегі қайсыбір келеңсіз мәселелеріне тоқталып өтуді жөн көрдім.
Біріншіден, театр репертуары. Театр репертуарында 2000 жылдардан бері қарай сахналанған С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер», «Қысылғанан қыз болдық», Ә.Оразбектің «Бір түп алма ағашы», М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек», В.Дельмардың «Өкінішті өмір» сынды жазылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтіп, кезінде өз көрермендеріне түйінді ой тастаған туындылар бар. Өзге авторлар бар болғанмен қойылымдар қорының басым көпшілігі актриса Р.Ибраеваның аудармалары мен пьесаларынан тұрмақ. Жазбасын демейміз, жазсын! Бірақ, жазылған дүниелер драматургия заңдылықтарымен сәйкес келу керек қой.
Екіншіден, театр «музыкалық» деген атауда болғандықтан, театр реперуарында бірде-бір музыкалық қойылымның болмауы бізді қатты қынжылтады. Ұлттық классикамыз М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», Қ.Байсейітов, Қ.Шаңғытбаев «Беу, қыздар-ай», әлемдік классикалар И.Кальманың «Сильва», И.Штарустың «Жарқанат» сынды музыкалық шығармалары бар және спектакльге сұранып тұрған дүниелер де жоқ емес.
Үшіншіден, кадр мәселесі. Театрға суретші, әрлеушіден (гример) бөлек режиссер ауадай қажет. Театр директоры немесе көркемдік жетекшісі жыл сайын Алматы, Нұр-сұлтан қалаларындағы өнер ошақтарынан қанаттанып ұшып жатқан түлектердің дипломдық жұмыстарын көруге арнайы келіп, көзге түскен сергек жастарды елге жұмыс істеуге шақыру керек. Оларды шақырып қана қоймай, олардың көңіл-күйі орнында болу үшін материалдық жағдайды жасап беру қажет (жалақы, пәтер). Одан соң оларға ең бастысы шығармашылық еркіндікте болуға мүмкіндік беру, яғни, тапсырыспен олардың қиялын шектей бермей қойғысы келген туындыларына жол ашу керек.
Театр сахнасында жұлдыздай жарқырап жүрген бір талантты актерді көре алмай жүргеніміз жанымызға батады. Ж.Хаджиев басшылық жасаған тұста Д.Жанботаев, М.Манапов, Т.Қуанышев, А.Смағұлов, Ш.Есенғұлова, Ш.Байғабыловалардың небір бейнелері талайды таңдай қақтырып еді ғой. Ендеше, неге бүгінгі заманда осы таланттылардың ізбасарлары жоқ? «Жоқ» деп айтуымыздың себебі, сахна иелерінің тарапынан шынайлықты табу бізге мұң боп жатады. Жас актерлердің құрамына кіретін К.Абилдин, Р.Окишева, М.Жанботаевалар кейіпкерлерінің нақ өзіне айнала алмағандықтан таптауындырылыққа жеңіл бой алдырып жүр. Ұжымның ішінде жергілікті музыкалық колледждің актерлік студиясының түлектері мен театрға жұмысшы болып келіп, актер болып кеткендерден де жиі байқаймыз. Сол артистер актерлік шеберлік, сахна тілі, рөлмен жұмыс істеу сынды негізгі заңдылықтарды білмесе, көрерменге кейіпкерін қалай алып шығады. ҚР халық артисі, театрдың негізін салушы Д.Жанботаев бір сөзінде: «Актерге білім алудың қажеті жоқ, мен сахна жұмысшысы болып келген адамды бір сәтте рөл беріп актер ғып жібердім»-деген сөзін естігенде жағамызды ұстадық. Иә, біздің майталмандарымыз С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Жандарбековтердің арнайы білімдері болмаса да, дала академиктері болды, ол кезде заман басқа, дәуір бөлек болатын. Бүгінгі жаңа ғасырда актерге білім ауадай қажет. Арнайы білім базасынан өтпеген жас өрендерге тым болмаса Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы мен Нұр-сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінен білікті мамандарды шақырып, сәл де болса білімдерін жетілдіру керек. Олар актерлік шеберлік, сахна тілін, сахна қозғалысын жақсы меңгергенде ғана кәсіби актер болары хақ. Өйткені, үлкен қалалардағы Ә.Рахимов, Д.Тұранқұлова, М.Әбзелбаев, А.Омар, Т.Мейрамов, Ә.Қашқабаев, С.Мақұлбеков және т.б. сынды тәжірбиелі педагогтартың бір сабағы жас актерлерге үлкен тәлім болары айтпаса да түсінікті.
Төртіншіден, театрдың республикалық, халықаралық театр фестивальдерінен төбе көрсетпеуі бізді әрқалай таңқалдырады. Жыл сайынғы өтіп жатқан «Ж.Хаджиев атындағы театр фестивалі» өнер ордасының биікке көтерілуіне аздық етеді. Ол фестивальдің өзі бір жүйеде емес, бірде республикалық, бірде халықаралық, бірде аймақтық, қысқасы, ұйымдастырушылардың көңіл-күйіне қарай әр түрлі өтіп жатады. Елімізде жоғары деңгейде ұйымдастырылып жүрген «Самғау», «Балауса» және де ұлы тұлғаларымыздың мерейтойларына арналған өнер байқауларына жыл сайын ат басын тіреп тұрса ешнәрседен ұтылмасы анық. Керісінше өзге ұжымдармен тәжірбие алмасып, театр сарапшыларының сын-пікірлеріне түсіп, түзеліп отыруына мол мүмкіндік болар еді. Біраз театр басшыларының басты дерті қаражатқа әкеп тіреп қояды. Ал анықтай келе, Серке театрына жергілікті әкімшілік пен «Қазақмыс» коорпарациясынан қаржылай демеушілік табылып жатқандай көрінеді, алайда, театрдың сонда да, бір орынынан қозғалмай тұрғаны қалай? Сұрастыра келе, «апаратын жібі түзу шығарма жоқ» деп қарап отыратын көрінеді.
Ал жоғарыда аталған келеңсіз жағдайлардың орын алуына, яғни себепкер болуына театрды 2003 пен 2017 жылдары басқарған театрдың негізін қалаушы Д.Жанботаев деп білеміз. Досжан мырза кезінде осы театрдың іргесін қалаушылардың бірі болғаны рас. Есепсіз еңбек еткенін де естен шығармаймыз. Бірақ, кейін театр тізгіні қолына түскен кезде, ширек ғасырдан астам тарихы бар театр жеке меншікке айналынатынын білмедік. Әулеттің басшысы Досжан мырзадан бастап, жары Райхан, ұлы Теміржан, қызы Мируанада арнайы білімдері болмаса да режиссерлік етіп, бір-бірінің қойылымдарына бірін ойнатуды әдетке айналдырғалы қашан. Теміржан Досжанұлы бір ауыз қазақ тілінде сөйлей алмаса да, қазақша спектакльдерді сахналап жүр. (Ол өзі бөлек әңгіме) Мируана Жанботаева негізін мамандығы заңгер бола тұра, әке мен шеше беделінің арқасында актриса және режиссер болып, Қырғызстандағы Б.Бейшеналиева атындағы өнер университетінен сырттай білім алды. Келіндері Рауана Окишева Жезқазған музыкалық колледжінің түлегі. Ол Рауанамыз орта біліммен актриса болып қана қоймай өзі бітірген колледжде «актерлік шеберліктен» сабар беріп жүр. Бүгінгі таңда көркемдік жетекшісі болып қайта тағайындалған Теміржан Досжанұлы әкесі Досжан Жанботаевтан мұрагерлікке қалғандай әке дәстүрін жалғастырып жүр. А, неге жалғастырмасқа?! Өйткені, өзінің әйелі мен қарындасы Рауана мен Мируана негізгі кейіпкерлерді кескіндеу керек болса, анасы Райхан жазған шығармалар мен аудармаларды көрермен назарына ұсыну керек қой. Теміржан Досжанұлы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп, М.Әуезов атындағы қара шаңырақта жұмыс істеп, Қожамқұлов театрында қолы жеткен рөлдерін ойнап, тіпті күрделі сала режиссураға да оңай бет-бұрды.
Досжан мырза, сіз осыдан бес жыл бұрын осы жолдардың авторы маған: «Мені Алматыдаға, Астананға шақырған, тек Серкенің әруағы үшін ғана осы театрда қалдым»- деген болатынсыз. Біз сенген едік. Егер сіз өз қолыңызбен ашқан болсаңыз, Театрға шын жаныңыз ашыған болса, дәл бұндай күйге түсірмес едіңіз. Кезінде «Театр меккесі» атанған театрдың дәрежесін дәл осылай төмендетпес едіңіз. Бір сөзбен айтқанда, жағдайды жан сақтау бөліміне жеткізбес едіңіз. Әрине, сіздің Серке театрының негізін қалаушы ретінде ерен еңбегіңізді ұмытпаймыз. Дегенмен, еткен еңбегініз театрды жеке меншікке айналдырып жіберу деген сөз емес. Ол - Жезқазған қаласының тұрғындарының театры екенін ұмытпағайсыз. Жоғарыда, аталған өзекті мәселер оң шешімін тауып, театр болашақта көп жетістіктерге жетеріне бек сенімдіміз.
Бахтияр Тұрсын,
Қазақ Ұлттық Өнер Университеті
«Театртану» мамандығының 4 курс студенті