1 шілдедегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 20 159 707 адам өмір сүреді, халық санының жалпы өсімі 126...
«Шәмші» мюзиклінің премьерасы ұсынылды
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры сүйікті көрермендерінің назарына жаңа премьераны тарту етті. 1 наурыз күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қазақтың композиторы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығынан көрініс беретін «Шәмші» мюзиклінің премьерасы өтті. Авторы – Мадина Омарова, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, режиссердің ассистенті – Мекан Джумабаев.
Қойылымның тұсаукесері 1 наурыз – Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келгендіктен театр ұжымы қоғамда пайдалы әрі игі іспен айналысып жүрген волонтерлердің еңбегін елеуді жөн көрді. Оларға алғыс білдіру мақсатында спектакльге елордамыздың 30-ға жуық жас волонтерлері арнайы шақырылды. Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров: «Қиын кезеңде көмек беріп, мемлекеттің көтеріп жатқан үлкен жүгіне араласып, теңізге тамған тамшыдай болса да, үлкен еңбек еткендеріңіз үшін мың алғыс! Бүгінгі мереке құтты болсын!» - деп премьераны алғыспен бастады.
Қойылым белгілі тұлғаның күрескерлік, ғашықтық және композиторлық қырларын көрсетті. Нақтырақ айтқанда, күрескер Шәмшінің рөлін Аман Ғұмаров, композитор Шәмшінің рөлін Сұлтан Кеңшілік, ғашық Шәмшінің рөлін Саламат Мұқашев сомдады. Үш актер сахна алдында композитордың өмір жолында кезіккен қиындықтарын, адам мен қоғамға деген философиясын, ішкі жан дүниесіндегі толқыған сезім иірімдерін, ғашықтық сырларын әуезді әндер арқылы көрермендерге жеткізе білді. Сонымен қатар қонақтар мюзиклде Мұқағали Мақатаев, Роза Бағланова, Әбілахат Еспаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Ақан сері сынды тұлғалардың бейнелерін кездестіріп, олар Шәмшінің өнерін қалай қолдап, шыңдала түсуіне қандай септігін тигізгендеріне куә болды.
Музыкалық жас көрермен театры «Шәмші» мюзиклі арқылы өнер жолына қызығушылықпен қарайтын дарынды жасөспірімдер мен балалардың қиялын қозғап, оларды өнерге қызықтырып, қанаттандырды. Қойылымды тамашалаған жас көрермен Шәмшіге қарап, оның шығармашылығына зер салып, күрделі өмір жолындағы киелі өнердің бағасы адамзат ғұмырын арнауға тұратындай құдіретті де таза екендігіне көз жеткізді.
Ерқанат Ташен «Астана жастары» ұйымында волонтерлікпен айналысып келгеніне екі жылдан асты. Ол қойылымнан алған әсері өте ерекше екенін жеткізді. Шәмші Қалдаяқов туралы көптеген танымдық мәліметтер алғанын, жас актерлердің орындаған музыкалық әндері өте жүрекке жететінін айтты:
- Екі жылдан бері осы волонтерлік іспен айналысамын. Алғашқыда экологияға байланысты ұйымдарға барып, табиғатқа өз қол ұшымды создым. Өйткені көктем айларында, қар ерігенде жердің бетінен тұрмыстық қалдық заттардан көзімізді арылта алмаймыз. Ол табиғатқа үлкен зиянын әкеледі. Осыдан кейін мен тұрғындарға үйден шыққан қалдықты сұрыптап, оларды арнайы ыдыстарға салуды және жинауды насихаттаймын. Ал бүгін Музыкалық жас көрермен театрына осы волонтерлік жұмысымызды елеп, премьераға шақырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін! - дейді Ерқанат Ташен.
Ерікті болу – ерлікпен тең. Әлемді жалмаған пандемия кезінде белсенді азаматтық ұстанымдары жоғары еріктілер қоғамға айтарлықтай септігін тигізген. Деректерге сүйенсек, елімізде осындай жастар өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді екен.
Театрдағы Камералық оркестрдің сүйемелдеуімен өткен спектакльде ұлы композитордың 15-ке жуық әндері орындалды. «Жан аға», «Арыс жағасында», «Әнім сен едің», «Қайықта», «Өмір өзен», «Бақыт құшағында», «Сағынышым менің», «Қуаныш вальсі», «Ақ маңдайлым», «Сыған әні», «Ақан Сері», «Ана туралы жыр», т.б. әндері көрерменнің көңілін баурап, жүрек түкпіріндегі мейірімі мен махаббатын оята түсті.
Қала тұрғындары мен қонақтары «Шәмші» мюзиклін 2, 3 наурыз күндері тамашалай алады.