Сахна саңлағы Тұрсынбек Нұрқалиев

ТЕАТР
770

«Астана Опера» балет труппасы отандық хореографияны дамытып, жаңа ұлттық балеттер қоюды мақсат етеді. Театр осы мақсатын үнемі сәтті орындап келеді. Бүгінде репертуарлардың ішінде түрлі ұлттық, классикалық дүниелер көрермендер назарына ұсынылып келеді. Бүгінде балет труппасы шығармашылық жемісті еңбекпен қатар, балет әлеміндегі ұстаздарына зор құрметпен және тебіреніспен қарайды. Онда біртуар хореографтардың айтулы жетістіктері мен жарқын оқиғалары жайлы естеліктер жазылған тарих парақтары ұқыпты сақталады. Елордада хореографиялық өнердің негізін қалаушының бірі, атақты балетмейстер, жарқын өнерімен ел есінде қалған жақсы адам Тұрсынбек Нұрқалиевтің есімі қазақстандық балет тарихына алтын әріптермен жазылды. Жуырда «Астана Опера» үлкен залының сахнасында «Рақмет, Шебер!» атты еске алу кеші өткізілді.

Ұрпақтар сабақтастығы жалғасқанда, балет өнері мәңгі өшпейді деп айтып жатады. Тұрсынбек Нұрқалиев қазақстандық әртістердің тұтас шоғырын тәрбиеледі, олар ұстаздарынан алған кәсіби тәжірибені өскелең ұрпаққа жеткізіп жүр. Олардың қатарында қазақстандық өнерді Отанымызда және шетелде әйгілеп жүрген атақты бишілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Өнер­баева, Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, көптеген халықаралық байқаудың лауреат­тары Әсел Шәйкенова, Арман Уразов, Серік Нақыс­пеков, Данияр Жұматаев, Бауыр­жан Мекембаев бар. Еске алу кеші аясында көпшілік олардың шығармашылығына жоғары баға берді.

Тұрсынбек Нұрқалиевтің өзінің айрықша мәнері болатын. Сондықтан оның зайыбы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Бөрібаева концерт бағдарламасын әйгілі балетмейстердің жұмыс істеу қағидаты бойынша құрды.

М.Хэгертидің «Хикая», ­Г.Форенің «Павана», Д.Шоста­ковичтің «Жол» секілді жарқын хореографиялық композициялары, С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінен дуэт, К.Глюктің танымал «Мелодия» дуэті бағдарламаның сәнін келтірді. Соңғы аталған дуэтті кезінде маэстроның өзі әрдайым зор жетістікпен орындаған болатын. Сондай-ақ балет кешінде П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», «Щелкунчик», Л.Минкустың «Дон Кихот» балеттерінен нөмірлер, Б.Асафьевтің «Бақ­шасарай бұрқағы» балетінен «Романс» пен «Татар биі» ауқымды нөмірі, ­К.Сен-Санс­тың «Өлім алдындағы аққу», ­А.Хачатурянның «Спартак», ­В.Соловьев-Седойдың «Гопак» және тағы басқалары орындалды.

– Тұрсынбек Әбдібайұлы тек басшы, ұстаз ғана емес, балет әртістерінің барлығына қамқор әке болды, – дейді «Астана Операның» жетекші солисі, балет сахнасының жұлдызы Бақтияр Адамжан.

– Алдына көмек сұрап келген әрбір жанға қол ұшын беріп, балетпен айналысып жүрген жастардың тек театрда ғана емес, одан тыс жерлерде де өзін жайлы сезінуіне қолдан келгеннің бәрін жасады. Ол елорданың қалыптасу кезеңінде осында күрделі жағдайларда жұмыс істеуге келіскен санаулы азаматтың бірі болды. Әртістермен бірге жатақханада тұрды. Оның қалтқысыз еңбек етуінің нәтижесінде Астанада академиялық балет пайда болды. Нағыз кәсіпқой, керемет биші болған Тұрсынбек Нұрқалиев классикалық өнердің барлық нюансын түсінетін, біз дұрыс жаттықпасақ, бізге әрдайым ескерту жасап, кәсіби кеңес беретін. Қазір маған бәрінен бұрын оның «Балам, сенде бәрі жақсы ма?» деген жылы сөзі жетпейді. Ол балет труппа­сының әкесі болды, – деді Б.Адамжан өз естелігінде.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, атақты балетмейстер Тұрсынбек Нұрқалиев еліміздің балет өнерінің дамуына зор үлес қосты, оның жоғы әртістерге ғана емес, баршаға әлі күнге дейін сезіледі, сахна саңлағы жарқын тұлға ретінде ел есінде мәңгі қалды.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...