Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана халықаралық форумының плен...
Театр музейіне 50 жыл
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының музейінің құрылған күні. Сондай-ақ, театр музейіне мерейлі 50 жыл толып отыр. Бұл атаулы күнге орай М.Әуезов театрының ұжымы «Театр музейінің түні» шарасын ұйымдастырды.
Театр музейі жарты ғасыр уақыт ішінде өзінің жәдігерлерін толықтырудан бөлек, халықты театрдың өткенімен таныстыратын, аяулы да ардақты актерлердің өмірнамасының ел біле бермейтін беттерін жинақтап, көрерменге жеткізетін айрықша беделге ие бола білді.
Шара барысында театрымыздың актерлары қойылымнан үзінділер келтіріп, өнерлерін көрсетіп, театр музейі түнін тамашалауға келген көрермендерді тамсандырып, шараның көркін аша түсті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың директоры Асхат Маемиров пен «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызының алғы сөзінен кейін көрмені көрермедерге таныстыру басталды. Музей көрмесінің екінші бөліміне алпысыншы жылдардан жоғары, тәуелсіздікке дейінгі кезеңді арқау еткен дүниелер қойылған. Бұл жәдігерлер мен тарихи суреттерді абыз актер КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов өзі бастап таныстырып, одан кейін Қазақстанның халық артистері Сәбит Оразбаев, Есмұхан Обаев және тағы басқа театрдың аға буын өкілдері жалғастырды.
- Бұл театр музей түнін өткізу туралы ой бізге, Еуропа кеңістігінде көп боламын. Ол жақта музей түндерін өткізу жақсы ұйымдастырылады. Корольдік Шекспир театрында, Мәскеудегі М.Ермолова театрларында осындай мәдениет бар. Еуропа театрларында 200 жыл бұрынғы костюмдер сақталған. «Асауға - тұсау» қойылымында атақты Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкееваның қатысуымен шетелдерге әйгілі болған еліміздің ұлттық сахнагерлері. Театр өнерінде мынадай ұғым бар. Әйгілі адамдардың сахнадағы костюмдерінің әрқайсысында кие бар деген. Сол киімдегі кие, өнерлері дарыса екен деп, біз жас актерларлымызға жұғысты болсын деп кигізіп жатамыз. Мысалы, театрымыздың актрисасы Гүлнұр Шыңғысованың киіп тұрған костюмі атақты КСРО халық артисі Фарида Шарипованың рольдерінің ішіндегі шоқтығы биік «Қара Қыпшақ Қобланды» драмасындағы «Қарлыға» ролін сомдағанда киген костюмі. Олардың тұтынған реквизит заттары, суреттері, тіпті дәптер, күнделіктеріне дейін барлығы сақтаулы тұр. Архивтік материалдарды сақтауға арналған арнайы бөлме бар. Сондықтанда біз мақтана аламыз. Қазақстанда бірден бір ерекше музей бар ол – М.Әуезов театрының музейі деп. Енді болашақта өзіміздің театр музейі болып құрылып жатса, нұр үстіне нұр болады, - дейді театрымыздың директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Жәдігерлерді сақтау үшін театрда арнайы музей мамандары қызмет етеді. Олар жыл сайын газет қиындыларына дейін бірнеше жылдық барлық сұқбаттарды, бәрін сақтайды. Музейдегі бұл костюмдер қазіргі қойылымдарға қолданылмайды екен. Еліміздің тарихын, қазақ театрын ашқан абыздарымыз, театрымыздың алғашқы қарлығаштары осындай костюмда болғанын жас буынға көрсетіп, көрнекілік құралдарымен де, дәріптей білгенді жөн санайды.
Бүгінде музей қоры Қазақстандағы өзге театрлардан көш ілгері, мұндағы заттардың сан алуандығы, тарихи құны аса жоғары бағалы дүниелердің молдығы көңілге медеу. Сол жылдары Қапан Бадыров, Нұрмұхан Жантөрин, Сәбира Майқанова, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев, Әубәкір Рахимов бастаған аға-апаларымыз бар күшін салып, жәдігерлердің жинақталуына, көбеюіне, олардың хронологиялық тәртіппен реттелуіне зор үлес қосқан.
Театр директоры Асхат Маемиров театр музейіне жәдігерлерлерді жинақтап, көзінің қарашығындай сақтап музей жұмысына үлесін қосқаны үшін Зейнеш Молдабайқызына театр ұжымының атынан құттықтап, алғыс хат табыс етті.
Сондай-ақ М.Әуезов театрында өмірінің соңына дейін, ширек ғасырдай қызмет етіп, үлкенді-кішілі қырықтан аса рольдерді сомдаған, өз кәсібіне адал, дарынды актриса Раушан Әуезбаеваның қызы бұл шараға арнайы келіп, ұжымды бүгінгі театр музейінің күнімен құттықтап, театр директоры Асхат Максимұлына естелік сыйлық табыс етті.
Шара соңында театр музейінің 50 жылдығына арнайы шақырылған құрметті қонақтар өздерінің естелік қолтаңба жазбаларын қалдырып, суретке түсті.
Әділғазы Бақытұлы