Бүгін Семейдегі Абай театрында қазақ сахна өнерінің сөнбес сәулесі, көрнекті театр және кино актриса...
Театр фестивалі – өнер бәсекесі
Ағымдағы жылдың 18-23 қазан күндері Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен КСРО және Қазақстан халық артисі Шолпан Жандарбекованың 100 жылдық мерейтойына арналған XXVIII Республикалық театрлар фестивалі болып өтті. Осы мәдени шара аясында Ерғазы Төлеудің құрастыруымен жарық көрген «Шолпан – жұлдыз» атты деректі-танымдық жинақтың, ұлттық режиссура өнерінде өзіндік орны бар, Астана қаласында 1991 жылы шаңырағын көтерген Қаллеки театрының негізін салушылардың бірі – Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында театртанушы Аманкелді Мұқанның редакторлығымен жарыққа шыққан «Режиссер. Суреткер. Тұлға» атты естелік кітап пен суреткердің «Бала мерген» пьесалар жинағының тұсаукесері болып өтті. Фестиваль ұғымын «шығармашылық ұжымдардың тек қана жетістігін ортаға салатын сайыс» десек, осындай танымдық шаралармен басталған бұл додада еліміздегі қазақ, орыс, неміс театрлары бақ сынап, өздерінің көркемдік ізденістерін ортаға салуға мүмкіндік алды.
Шығармашылық сайыстың шымылдығын ашқан Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуарындағы «Алтайдан ауған ел» спектаклі болды. Бұл қойылым жазушы, түркітанушы Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» және тарихшы, публицист Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» деп аталатын тарихи деректер негізінде жазылған кітаптарының желісімен сахналанған (сахналық жүйе авторы Мирас Әбіл). Шығарма қолдан жасалған саясаттың ықпалымен өзінің туған жеріне сыймай тау асып, ауа көшкен елдің басындағы тарихи трагедияны баяндайды. Мұнда басты кейіпкер жоқ, керісінше ауыр тағдыр арқалап, қатал заманның қайғылы қамытын арқалаған халықтың бүтін кескіні бар. Қожақын мен Қарақожаның, Нұрпай батыр мен Ханымшаның сол заманның сұрқия пиғылын паш ететін сөздерінен басталған спектакль оқиғасы одан әрі қалың жұрттың елмен қоштасуына ұласады.
Режиссер Фархад Молдағали көштің көркемдік құрылымын келісті құрыпты. Бұл жерде түрлі әлеуметтік топ, түрлі адамдардың мінездері бар, бұл қатысушылардың қимыл-қозғалыстарынан көрініп тұрады. Басқа түскен ахуалдың саяси астары мен мәнін түсінген үлкендер жағында ой мен күрсініс басым болса, қызық пен ойын қуған жастар мен балалар жағы көңілді. Шығармадағы бір елден екінші елге бет түзеген ұзын көштің тым ұзақ сапары актерлердің тізбектей жалғасқан жүрісімен беріледі. Жалпы қойылымда сөзден гөрі қозғалыс пен қимыл басым. Тұтасымен қара матамен көмкерілген сахнада артық зат жоқ, режиссер мен суретші халық трагедиясын бос кеңістікте көрсетуді мақсат еткен. Төрдегі қиғаш орналасқан биік тұғыр Қанат Мақсұтовтың қиялындағы көш жүріп өтетін Алтай, Гималай тауларының көркемдік сұлбасын байқатады. Сценографиялық бұл әдіс актерлік қимыл-қозғалыстармен байланысып кеткен. Жол бойында орын алып отыратын қуанышта да, қайғыда да көш адамдары осы тұғырды кеңінен пайдаланады.
Актерлер сөйлегенде бірде қатты, кей сәттерде баяу берілетін музыка, сахнаны тұтас алып жатқан түтін – барлығы біте қайнасып, өткен ғасырдың басындағы қазақ бастан кешкен зарлы заманның шерлі күйін ашып береді. Хордың А.Кенжебекованың «Түйелер» әнін орындауы да әрбір қазақтың санасын жаншып, намысын таптаған күрделі уақыттың атмосферасын қоюлатқан. Шығармадан санасы санға бөлінсе де салтын жоғалтпаған халықтың жолда өлген адамдарды жерлеу рәсіміне де куә боламыз. Мұны орындаушылар әр жерде шашылып жатқан аяқ киімдердің үстіне топырақ тастау әрекетімен ұқтырады.
Ф.Молдағали М.Әбіл жасаған сахналық жүйедегі сөз бен диалогтың мән-мағынасын, замана зарын психологиялық дәлдікпен көрсеткен. Мұнда бүтін бір халықтың трагедиялық хал-күйі елуге жуық қатысушының әрекетіне негізделіпті. Олардың бір елден екінші елге өту көрінісі сахна төріндегі таудан асып түсуінен байқалып тұрады. Алтайдан басталып, монғол жерінен өтіп, Тибеттегі соғыстан зардап шегіп, Гансу өлкесіне келген босқындарды Кашмир ханының Гималайдың аса қауіпті асуы Зұлжиламен жүргізуіне, одан Такламакан шөлінде бір тамшы суға зар болған қаралы көштің ақыры Түркия жерінде саябыр тапқанына дейінгі жүріп өткен жолының ізін беруде режиссер шартты бейнелеу тәсілін қолданған.
Жалпы Ф.Молдағали күрес сапарына шыққан топтың тағдырына тарихи маңыздылық берген. Және бүгінгі ұрпаққа деген ізгі тілекпен аяқталатын шығарма өткен уақыттың өкінішіне назар аудара отырып, тәуелсіздіктің, тыныштық қадірін білуге үндейді. «Үздік спектакль» номинациясына ие болған «Алтайдан ауған ел» қойылымын адам жанын селт еткізер ауыр ойымен, қазақ жүріп өткен тарихи жолдың соншалықты қиын да күрделі болғандығын келешек ұрпаққа айқара ашып көрсетумен құнды дейміз. Дәл осы тақырыптың әлі күнге дейін шынайы беттері ашылмай, саяси-қоғамдық тұрғысынан да, тарихи-әдеби негізде де, әлеуметтік-рухани жағынан да өз бағасын ала алмай жатқандығын ескерсек, осындай ащы шындықты көркемдік нақтылықпен көрсеткен Қаллеки театры ұжымының жазықсыз, еріксіз ауған елдің қасіретін батылдықпен көрсетуі басқа театрларға да үлгі болары сөзсіз.
Қазақ тарихында ізі, топырағында сызы қалған осындай қасіретті тақырыптан ой қозғайтын С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрының «Жұт» спектаклінің де атмосферасы тым ауыр, оқиғалық желісі өте күрделі. Олжас Жанайдаровтың пьесасында қазақ жеріндегі қолдан жасалған геноцидтің нәтижесінен жер бетіндегі көк шөп пен жыбырлағанның барлығын азық етуге мәжбүр болған қазақ отбасының трагедиясы ашық айтылады. Спектакльдің экспозициясында сахнаға кезек шыққан жастардың сөздерінен ата-бабасының басынан кешкен қиын тағдырынан хабардар боламыз. Одан әрі қойылымға қатысушыларың теріс қарап тұрып орындаған халық әні «Елім-аймен» пьесадағы негізгі оқиға басталады. Осы әуен қойылымның жанрлық, тақырыптық, идеялық мәнін ашатын лейтмотив болған. К.С.Станиславский атындағы Мәскеу Электротеатрының актері Азамат Нигманов Ахмет пен Сәуленің бейнесін жеті жұптың орындауында береді. Бұдан олардың басындағы шердің бір ғана отбасының тағдыры емес, бүтін халықтың пешенесіне жазылған қасірет екенін түсінеміз. Оқиғаның дамуында әрбір жұп бірінен кейін бірі ерлі-зайыптылардың бейнесіне еніп, олар кешкен азап пен қайғыны, мұң мен күйінішті бастарынан өткізеді.
Алғашқы көріністердің бірінде бір-біріне соқтығысып, өзара теңселгендер қара киімдегі Ахмет пен Сәулені (А.Жарқынбеков, А.Бергенова) ортаға қарай итеріп жібереді. Жерге құлаған ерлі-зайыптылардың қолында үш жасар сәби бар, оның жағдайы ауыр, хәл үстінде. Бір кезде тіске басар ештеңесі жоқ Ахмет пен Сәуле жас күндерінде өздері талай мәрте ойнаған ақсүйек ойынын көпшілікпен бірге ойнап кетеді. Ойын олардың өз көңілдерін жұбату үшін тапқан қиялдары болатын әрі бұл аш адамға талғажау болатын сүйектің (астың) қызметін атқарады. Қара киімді келесі жұп (Н.Файзиев, Т.Үмбетжанова) өздерінің алғаш қалай танысқанын, Ахметтің жұмысқа тұрғанын баяндайды. Күнде сойылған қой мен тойдан тойынған жоғары жақ өкілдерінің аштықтан зардап шеккен халықты ойламайтын тоғышарлығына қарсылығын, ішіндегі күйінішін Ахмет туралған қырыққабатты жерге шашып, оны таптауымен байқатады.
Үшінші жұп (С.Ерназар, А.Кабдрашева) шыққанда Ахмет қызыл өкіметті қолдаушы шолақ белсенді ретінде көрінеді, яғни ол байларға қарсы. Оның жиналысқа баруы керек, керісінше Сәуле күйеуінің аштықтан қырылған халыққа күле қарайтындарға қосылмағанын қалайды. Осы тұста А.Нигманов өкімет жиналысындағы қол соққан қошаметшілер мен жерде аштан бұралып жатқан халықтың көрінісін қатар беріп, әлеуметтік контрастты көркемдік тәсілмен ұтымды жеткізген. Сондай-ақ, сахнаның сол жағына жиналған жігіттердің қолына мылтық ұстағандай күйлері мен аяқ дыбысымен орындалатын ату көрінісі қисынды әрі келісті шешім болған. Халыққа қарсы шыққандарды жау ретінде атқан сайын бір адам өліп отырады. Осы көріністе орындалатын «Самалтау» әні жазықсыз айдалып, кінәсіз атылғандардың жан айғайын, арманын жеткізуші функция атқарады.
Ал, төртінші жұп (Н.Бейсбеков, Қ.Бейсенбай) елдің отырықшы тірлікке ауысудың алдындағы аласапыран көңіл-күйін орындайды. Тек мал бағумен күн көрген көшпенді халықтың күйзелісі Сәуленің алабұртқан күйі арқылы беріледі. Және қақаған қыста әйелінің үйіндегі барлық етті жұртқа таратып жібергеніне қатты өкінген Ахметті көреміз. Осы тұста жұмыстан шығып қалған жігіттің үміті үзілгендей еді. Рольдегі Нұржан Бейсбековтің авансценадағы ойыны өте шынайы орындалады. Бірде өкіне жылап, енді бірде кекесінді күлген Ахмет – Н.Бейсбеков түрлі психологиялық-эмоциялық күйді бастан кешеді. Қара ала шапан киген бесінші жұптың (С.Ерназар, А.Кабдрашева) ойын көрсетуінде Ахмет жерде отырған Сәулені киімінен ұстап алып айналдырады және екеуінің диалогы бір орында айнала жүрген күйінде орындалады. Мұны біріншіден – олардың әбден шатасқан ойлары, екіншіден – өтіп жатқан күндер деп түсіндік. Одан әрі Сәуле бұрынғы мамыражай кездерін еске алғанда көпшілікті ойнап жүрген актерлер түйелер мен қойлардың кескінін береді. Осы тұста Сәуле әкесі айтқан «жүрегіне жақын жерге пышақты дәлдеп қадап, оны суырып алғанда қой малы тез өледі екен. Бұл ең оңай әрі тез орындалатын әдіс» деген сөзді есіне алады. Жас келіншектің бұл сөзі шығарманың соңында орындалып, шындыққа айналады. Аштықтан әбден титықтаған оның ой-түйсігінде қайткенде Ахметтің тірі қалу керектігі орын алған. Бұл жерде Сәуленің ұрпақ сабақтастығын сақтау ұстанымын байқаймыз.
Сол сияқты алтыншы жұптың (Н.Бейсбеков, Қ.Бейсенбай) тұсында олардың жалғыз қызы Зеренің ауырып қалғанынан хабардар боламыз. Яғни, жоғарыдан түскен нәресте Ахметтің қолында қайтыс болып, қайтадан сол жоғарыға періште күйінде ұшып кетеді. Жетінші жұп (А.Жарқынбеков, А.Бергенова) шыққанда жұбайлар келіншектің өтінішімен жас күндеріндегі шілдехана тойында танысқандарын еске алады. Бұл Сәуле өмірінің ең ақырғы сәті болатын. Ахмет үшін, оның болашағы үшін өзін құрбан еткен әйелдің өлі денесі, яғни қанға боялған қызыл мата жігіттің қолында қалады.
Жалпы спектакльден көрермен аштықтан, үміт пен күдіктің арпалысынан түрлі психологиялық күйге түскен Ахметті көреді. Ал, Сәулені қандай жағдайда да ақылды, ұстамды әйел әрі төңірегіндегілерге жанашыр жан ретінде қабылдаймыз. Осы Ахмет пен Сәуленің бейнесін кескіндейтін барлық актерлер кейіпкерлерінің бір-бірімен байланысын, диалогын, қимыл-әрекеттерін Б.Брехттің оқшаулау әдісінде жүзеге асырады. Роль орындаушылардың бір-біріне емес, керісінше тікелей көрермен залына қарап тұрған күйінде және бір-біріне теріс қарап тұрып сөйлеуі, дауыс ырғақтарының қатаңдығы осыны аңғартады. Спектакль сонысымен де ерекше шыққан. Тағы бір айта кетерлігі – сахнада музыкалық аспап та, әбден жауыр болған фонограмма да, тіпті күрделі сценографиялық жабдықтау да жоқ. Режиссер А.Нигманов пен суретші Қ.Дүйсенбек оқиғаның қазақтың сар даласында өтіп жатқанын білдіретін бос кеңістікті қалдырған. Сол сияқты спектакльдің әрбір оқиға-көріністері тек актерлік ойын мен қара-күңгірт жарықтың байланысында ғана өтеді.
Сахна ортасында немесе авансценда өтіп жатқан осындай оқиғалар мен төрдегі үстелдің үстінде қырыққабаттың туралып жатуы жасанды саясаттың құрбаны болғандардың туралып жатқан тағдырларын меңзейді. Барлық орындаушылардың үстіндегі қара түсті кең киім үлгілері шығарманың жанрын айқындауға мүмкіндік берген. Жалпы жезқазғандық ұжымның негізгі мақсаты «Үміт» аталымын иеленген «Жұт» спектаклі арқылы осындай бүтін бір ұлт бастан кешкен жазықсыз құрбандықты, әділетсіз саясаттың кесірінен аштықтан қырылған елдің аянышты тағдырын баяндаумен қатар сондай қиын-қыстау сәтте адам психологиясының қандай болуы керектігін, адами келбетін жоғалтпаудың маңыздылығын көрсету болған. Расымен де режиссердің мұндай тұспалын біз ақылды, қандай қиындық болса да қарсы тұра алатын қайсар мінезді Сәуленің бейнесінен аңғарамыз. Ендеше басқа түскен ауырпалықты көтере білуде де адамгершіліктің, имандылықтың, гуманизмнің белгісі бар екен. Жазқазғандық театрдың спектаклінен осыны түйдік.
Ал, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының репертуарындағы «Найзағай» спектаклінде түрлі мінездер мен қилы тағдырлар бар. Бізге пьесадан таныс өзімшіл, қатыгез, салқынқанды Кабаниха; қанағатсыз, қазымыр Дикой; өзіндік мені жоқ Тихон; қайырымсыз Борис; бақытсыз Катерина, т.б. келбеті өзгеше бояуда кескінделген. Мәселен, Кабаниха әдеттегідей өктем емес, керісінше ұлына жаны ашитын, балаларына деген махаббаты зор әйел бейнесінде көрінді. Сол Кабаниханың отбасында өтетін оқиғалар желісінде Марфа Игнатьевна мен Тихонның, Катерина мен Тихонның, Катерина мен Бористің сахналық нанымды қарым-қатынасы мықты актерлік ансамбльді құрады.
Келінін, ұлы мен қызын тек өзінің айтқанымен ғана жүргізуді қалайтын Кабаниха – Л.Крючковада тіпті Катеринаны менсінбейтін түр бар, ол баласын келінінен қызғанатын да сияқты. Марфа Игнатьевна балаларына өкпесін айтып, өзінің туған анасы екенін үнемі олардың есіне түсіріп отырады. Режиссердің трактовкасында Кабаниханың қаталдық арқылы отбасына, перзенттеріне жайлылық сыйлаймын деген ойы аңғарылады. Жалпы Людмила Крючкова кімге болса да бұйырып сөйлейтін әйелдің отбасындағы билікті қолдан бергісі келмейтін ниетін ашып көрсете алды.
Катерина болса, осы отбасына келген күннен бастап бақытсыз. Өз үйінде еркін өскен бойжеткен мұндай қатал енені, адамның адамға жасайтын қыспағын күтпеген еді. Әрі онда Тихонға деген сезім жоқ. Катерина – У.Штильман пешенесіне жазылған тағдырға көнгісі келгенімен ішкі әлеміндегі жалғыздықтан арылар емес. Бориске деген сезімі таза, сенімі жоғары келіншекке өзінен, жауапкершіліктен бас тартқан жігіттің теріс әрекеті қатты соққы болады. Қойылымның басынан қабағы бір ашылмай, тек Бориспен кездескен сәтте ғана бір мезетке өзін бақытты сезінген Катерина – У.Штильманның сезіміне сенесіз. Оның қойылымның соңында енесі мен күйеуіне барлық шындықты жайып салуын қоғамдағы қысымның шарықтау шегіне жеткендігі, еркіндікті аңсаған сол қоғамның бет пердесінің ашылуы деп білеміз. Актриса бүтін қоғам өкілдерінің тағдырын арқалаған, психологиялық-моральдық тұрғыдан аса күрделі кейіпкерінің тағдыры мен табиғатын барынша нанымды бейнеледі. Жас келіншектің бойын жайлаған көңілсіздіктен бастап, жан дүниесін жаулап алған махаббаттан соққы алғанға және нақты шешім қабылдап, өлімге бет бұрған сәтке дейінгі аралықтағы Ульяна Штильманның ойыны бірте-бірте дамып отырады. Актриса осы Катерина ролін жоғары нотада орындағаны үшін «Үздік әйел адам ролі» аталымына лайық деп танылды. Мұны әділ баға деп білеміз.
Ал, Максим Ященконың ойынындағы Тихонды анасын да, қарындасы мен әйелін де жақсы көретін, әділдік сүйгіш, елгезек жігіт ретінде қабылдадық. Актер алғашында ешкімге тәуелді емес жігіттің кей сәттерде әйеліне дауыс көтеретін тұстарын да келісті орындайды. Тихон жұмыс бабымен басқа қалаға жолға шығарда анасының бұйрығымен оған қайта-қайта иіліп тағзым етеді де, әйелімен қоштасарда сүйіспеншілігін көрсетуге анасынан бата алмайды. Алайда енесінің бұйрығымен жерге отырып, иіліп қоштасқан Катеринаны орнынан тұрғызып алуынан Тихон – М.Ященконың батылдығын да байқаймыз. Жалпы актер Тихонның бойындағы түрлі қайшылықтарды ашып көрсете алды.
Бұл спектакльдің сценографиялық шешімін режиссер Рача Махатаев пен қоюшы-суретші Ильшат Вильданов өте сауатты қарастырыпты. Сахнаның үш жағындағы жіңішке ағаштарды құрастырып жасаған тұтас қабырғалар шығармадағы кейіпкерлердің барлығының ешқандай терезесі жоқ үйде өмір сүріп жатқанынан хабардар етеді. Мұндай безендіру бір жағынан – драмадағы Кабаниханың мінезі мен ұстанған принципіне байланысты болса, екіншіден – бүгінгі қоғам өкілдерінің белгілі бір шеңберден шыға алмайтын мүшкіл халін байқатады. Оқиғаның өрістеуі барысында бүтін қабырғаны құрап, темір шыншырға байланған жекелеген жіңішке бөліктерінің ортаңғы бөлікке дейін құлауын психологиялық тұрғыдан құлдыраған адамдардың сынуы деп білдік. Осы қабырғалардың тігінен орналасқан кейбір бөліктері өз кезегінде есіктердің қызметін атқарса, көлденең жатқан астыңғы бөліктері ситуацияға қарай орындық, қонақ күтетін ұзын үстел бола алады.
Сол сияқты кейбір көріністерде беріліп тұратын найзағайдың жарқылы бір жағынан – Катеринаның жан-дүниесіндегі бұлқыныс, қысымға деген қарсылық, яғни қоғамдағы кішкентай адамдардың еркіндікті аңсауы болса, екінші жағынан – қорқыныш пен үрей жайлаған қауымның бір көрінісі дейміз, ал үшіншіден – бұл өлімді таңдаған жас келіншектің нақты шешімі болып табылады. Найзағайдың жарқылы мен Катерина өлімінің қатар берілуі осыны айғақтайды. Р.Махатаевтың тұжырымымен басты кейіпкердің өлім сахнасының қарапайым тәсілмен-ақ шешілгенін айтуымыз керек. Яғни, Катерина қара көлеңке сахнаның сол жағындағы ағаш орындықта (бұл шартты түрде алынған өзен) отырып-ақ өлім құшады.
Қазылардың шешімімен классикалық шығармаларды қоюдың жарқын үлгісі болған «Найзағай» спектаклі «Шағын формадағы үздік спектакль» номинациясын иеленсе, Глаша ролін өте шынайы орындаған Айжұлдыз Халикова Ш.Жандарбекованың шәкірттері тағайындаған «Шолпан жұлдыз» атты арнайы сыйлыққа қол жеткізді. Осындай екі аталым бойынша жүлде иеленуінің өзі-ақ аталған қойылымның көркемдік деңгейін айқындап береді.
Шығармашылық додаға Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры испан драматургы Г.Лорканың «Қанды үйлену тойы» («Кровавая свадьба») трагедиясы негізінде сахналанған «Оян, қалыңдық» спектаклімен қатысты. Негізінен пьесаны жазу ойы авторға Испанияның Альмерия қаласында болған шынайы оқиғаны 1928 жылы баспасөз бетінен оқыған сәтінде туындаған екен. Пьесаның финалында орын алатын трагедиялық ситуацияның сарыны экспозициядағы Күйеу жігіттің анасынан пышақ сұраған тұсынан-ақ байқалады. Демек, шығармада пышақ (қанжар) басты роль атқарады. Одан әрі драматург сол пышақтан өлген Күйеу жігіттің әкесі мен ағасының қазасына Феликстер отбасының қатысы барын, Леонардоның отбасы болғанымен бақытсыз күйін, Қалыңдықтың шығатын күйеуін ұнатпайтындығын, ақыры ұзату тойы үстінде ғашықтардың бірге қашып кетіп, артынша екі жігіттің өлім құшқанын баяндайды. Жалпы пьеса осындай қанды оқиғаны баяндау тәсілінде жазылған. Мұнда не қызу әрі шытырман тартысты, не ширыққан мінездерді кездестіре алмаймыз. Сол сияқты режиссерге берілген нақты репликалар жоқ. Демек, бұл – қоюшының шығармамен, актерлермен, сахна атмосферасымен кеңінен жұмыс жасауына мүмкіндік мол деген сөз. Спектакльдің режиссері Дина Жұмабай сондай мүмкіндікті ұтымды пайдаланыпты. Шағын кеңістіктегі көрерменмен біте қайнасқан спектакльде ең алдымен көзге түскені жоғары-төмен керілген жіптердегі ілінген киімдер болды. Бұл өтіп жатқан драмалық, трагедиялық ситуациялардың куәсі болған көпшіліктің функциясын атқарады.
Алғашқы көріністе Динара Нұрболаттың орындауындағы Өлімнің тоқтаусыз күлкісі алдағы болатын жайсыздықтан хабар бергендей әсер етеді. Ажалдың сол жағымсыз күлкісінде, төрдегі орындықтарды көрерменге қарай кезек-кезек тасып, оның үстінде еркінси жүруінде, көпшілікке бірде күле, бірде сынай, енді бірде келемеждеп қарауында үлкен мән бар. Актрисаның әрбір қозғалысы мен мимикасынан дәл қазіргі күндегі адам өлімінің тым етек алып отырғандығын, сол Өлімнің адамның әрбір қадамында кездесетіндігін, сол сияқты адамзатты өзінің уысынан шығарғысы келмейтін үстемдігін байқаймыз.
Негізінен шығармадағы Леонардодан басталған оқиға сол жігіттің өлімімен аяқталады. Демек, ол – трагедияны тудырушы кейіпкер. Осы тұрғыдан алғанда актер үшін арада біршама уақыт өтсе де ғашықтық құштарлығын жоғалтпаған, махаббат сезіміне адал мұндай қаһарманның мінез ерекшелігін, психологиялық толғанысын орындаудың жүгі жеңіл емес. Рольдегі Дархан Сүлейменов алғашқы көріністе Леонардоның жұбайына деген көңілінің суықтығын байқатса, оқиғаның даму барысында бақытсыз өмірге бұдан әрі төзе алмайтындығын ашып көрсетеді. Актердің көзқарасынан, бет-жүзінің құбылуынан, қимыл-қозғалысынан Леонардоның отбасы болғанымен бұған дейін жүрегінің төрінен орын алған сүйіктісіне сезімінің тереңдігін аңғарамыз.
Сол сияқты пьесадан Қалыңдық әкесінің жағымды немесе жағымсыз мінезін байқай алмаймыз. Тек кішкентай адамның қарапайым бейнесі ғана бар. Ал, спектакльде Әсет Иманғали өзінің кейіпкерін үрейлі, үнемі әлденеден қорқып жүретін бейбақ адам ретінде көрсетеді. Әке – Ә.Иманғалиға қызы тезірек отбасын құрып, өз бақытын тапқаны дұрыс. Кейіпкердің осы мақсатын жеткізуде, оның әлеуметтік кейпін беруде актер тіпті керілген жіптегі киімдерді қызының ішіне салып, оның балалы бола алатындығын да айтып салады. Жалпы сөзбен бірге әрекетті қиюластырып, пьесада жоқ мінезді көрсеткен Ә.Иманғалидің ойыны жарқырай көрінді.
Д.Жұмабайдың пьесада драматург тарапынан нақты іс-әрекеттер арқылы баяндалмайтын, тек кейбір кейіпкерлердің аузымен ғана айтылатын екі жігіттің өлімін қанжарды қайта-қайта жерге қадау арқылы жеткізген шешімі өте ұтымды шықты. Қанжар жерге әрбір қадалған сайын олардың арасындағы психологиялық тартыстың соншалықты тереңдігін байқаймыз. Осы тұстағы шелектегі шартты түрде алынған қанның айқасқан екі жігіттің үстіне шашылып-құйылуы шығарманың трагедиялық нүктесін қойып берді. Әрине қазақстандық театрларда У.Шекпирдің «Ричард ІІІ», «Ромео – Джульетта», Г.Бюхнердің «Войцек», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана» тәрізді қойылымдық нұсқасы ой мен білім тереңдігін қажет ететін аса күрделі пьесаларды сахналаған Д.Жұмабайдың өзіндік стилін білеміз. Бұл жолы да ол өзінің осындай тосыннан үрей немесе таңданыс тудыратын шешімінен жаңылмаған. Пьесаның негізгі кілті ол – махаббат құштарлығы, сол махаббат үшін күрес десек, аталған қойылымда ғашықтардың өз бақытына қол жеткізудегі қақтығысы, жарқын өмірге деген құштарлығы мен ұмтылысы, сол жолда құрбан болған аянышты тағдыры бар.
«Үздік актерлік дуэт» номинациясы спектакльдегі Қалыңдық ролін орындаған Жанар Мақашева мен Леонардо ролін кескіндеген Дархан Сүлейменовке берілсе, Ш.Жандарбекованың шәкірттері ұсынған «Шолпан жұлдыз» атты арнайы сыйлықты Қалыңдық ролі үшін Жанар Мақашева иеленді.
Фестивальде С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының Ш.Мұртазаның «Текебұрқақ» әңгімесі негізінде сахналаған спектаклі автордың идеясын пластикалық қимыл-қозғалыста беруімен есте қалды. Режиссер Айдын Салбан мен балетмейстер Перизат Әбдірахман баяндау тәсілімен жазылған шығарманы би тілімен сөйлетуде көп ұтқан. Режиссер әңгімедегі ақсақ қасқыр мен шолақ қойшының патологиялық халін Абадан роліндегі С.Қайыржановтың оң аяғы мен Нәпілді орындаған М.Қойшығариннің оң қолын қызыл матамен орап қоюымен байқатады. Қисынды табылған шешім. Тағы бір айта кетерлігі – орындаушылардың қолданысындағы реквизиттердің автор суреттеген жаратылыстың мәні мен маңызына қарай бағытталғандығы. Мәселен, ситуациялық өзгерістерге байланысты бірде жоғары көтеріліп, енді бірде төмен түсіп тұратын ортадағы қара қазанның көркемдік қызметі маңызды, айтар ойы салмақты.
Шымылдық ашылғанда дүниенің төрт бұрышын мекендеген адамдар ішіне тамырын кеңге жайған биік бәйтерегі бар сол қазанды айнала жүріп, жоғары көтереді. Бұл метофораны бір жағынан – адамзат тіршілік ететін жер шары десек, екіншіден – пенде құлшылық ететін Жаратушы ие деп те қабылдай аламыз. Одан әрі төрт адам сахна төріндегі биік тұғырға орналасып, музыкалық аспаптан шыққан сазды үнге таңырқай қарасады, яғни бұл – жер бетіне тіршілік енді деген сөз. Сахнаға бір-бірден шығып, бірте-бірте көбейген тіршілік иелерінің әрқайсысы өз мәнерінде, өз дағдысында өмір сүреді, олар тағдырдың жазуымен, пешенесіне жазылған өмірімен біте қайнасып кете барады. Алайда біртіндеп екіге бөлінген адамзаттың арасында араздық пен тартыс орын ала бастайды. Екеуара айқас, аңдысу, кей сәттерде бірін-бірі іздеу, зымырап өтіп жатқан уақытты білдіретін айнала жүріс, жан-жануарлардың пайда болуы сияқты өмір ағымының заңдылықтарын би тілімен баяндаушылар ақырындап шығармадағы адамдар мен қасқырлардың, шибөрілер мен текелердің бейнесіне еніп, әрқайсысы өзінің өмір сүретін мекеніне қарай аяңдайды.
Бетпе-бет жүздескен Нәпіл мен Абадан көздерінің түйісу көрінісі теңселген жүрістегі қолына шырақ ұстаған адамдардың диалогына ұласып, санасына сыңылау түспеген кезіндегі болмысы бөлек, психологиясы таза адамзат жоғарыдан төмен түскен қазанның ішіндегі ағашқа жасыл түстегі шүберектер байлайды. Мұнда режиссердің тұжырымындағы өмір-тіршіліктің терең мәнін және табиғат пен адамның байланысын айшықтайтын философия бар. Сол сияқты баланың дүниеге келуі, адамдар мен шибөрілердің айқасы Қ.Қазыбеков пен Б.Омаровтың «Ғасыр әлдиі» әнінің әуенінде параллельдікпен жүзеге асып отырады. Осы тұста ілінген қазан тербелген бесіктің де қызметін атқарып тұр.
Жалпы би қозғалыстары мен дала жануарына тән қимылдарды байланыстыра отырып, таутекелердің қақтығысын, Жеңімпаз теке мен ешкілердің әрекетін жеткізген актерлердің пластикалық қимылдары автор баяндаған көріністерден өрбіген. Өлі текеге бас қойған бөлтіріктерін қағып тастап, ауқатты Абаданның бастауына жол берген қаншық қасқырдың қимылынан әйел затының отбасындағы орнын аңғарамыз. Сол сияқты Жеңімпаз текенің етіне таласқан аю екеуінің айқасында бір бөлтірігінен қапыда айырылған түз тағысының қайғыру сәті де көрерменге ерекше әсер етеді. Азық болар текенің өлігіне бір сәт қарай алмай қайғыдан қан жұтқан қаншық қасқырдың теріс айналуынан оның мейірімді анаға тән болмысын көреміз. Өлген тау жануарларының аш дала жыртқыштарының жемтігіне айналу көрінісін де А.Салбан мен П.Әбдірахман қисынды жеткізеді. Абаданның тау жануарларының (орындаушы актерлердің) үстіндегі айқастыра пішілген ақ матаны жерде домалатқан күйінде сыпырып алуы әдемі оқылады.
Қойылымның соңында «Ғасыр әлдиі» әнінің аясында адамдар өз ұрпағын түрткілеп, құлатып, қолдарындағы шырақты лақтырып, бір-бірімен қырқыса, тартыса бастайды. Актерлердің қимылы қазіргі санасы бұзылған, уланған, бір-бірінің аяғынан тартып, артқа сүйреген, дау-дамай қуған пенделердің өзара алауыздығын, қайырымсыздығын баяндайды. Олар жоғарыдан түскен қара қазанның ішіндегі ағашқа байланған жасыл шүберектерді, тіпті сол ағаштың сыртын ораған ақ маталарды өші бардай жұлып жатыр. Одан әрі жоғары көтеріліп кеткен бос қазанның астындағы өзара таласқа түсіп, әлденені бөлісе алмай жатқандардың, әйел затына күш көрсеткен еркексымақтардың бейшара күйін көреміз. Осы тұстағы ең сорақысы, көрермен адамды адам өлтірген қатал да мейірімсіз заманның куәсі болады.
Сол сәтте өз қандасы өлтірген Нәпілге көмекке келген «Ұмыттың, тауфихсыз! Жер беті мыңғырған қызыл киік, ақбөкен болар еді. Біз, Бөрі тұқымы сол жабайы аңдардың ақсақ-тоқсақ, ауруын азық етіп, дүниені ластан, ауру-сырқаудан тазартып жүрген дәруіштер едік. Сендер, тауфихсыз, тарих танымас қосаяқтылар киік тұқымын қырып біттіңдер!...
– Абайла, Шолақ! Сені асырап адам еткен көк бөрінің құдіретті Пірі ұрып кетпесін. Жер бетінен Көк бөрі тұқымы үзілсе, сен, Адам, тап-тақыр жетім қаласың...» деп жер бетіндегі бүкіл адамзат баласына қатаң ескерту жасаған Абадан ғана. Спектакльдің тақырыптық, жанрлық мәні осы жерде айқара ашылады. А.Салбан қойылымның жанрын «психологиялық марфоза» деп атаған. Марфозаны сыртқы күштердің ықпалынан болатын өзгеріс десек, қойылымдағы оқиға-көріністердің бірте-бірте дамуынан дәл сол қағиданы түсінеміз. Яғни, мұнда Жаратқанның иелігіндегі табиғаттың өзгеруіне мәжбүрлі түрде ықпал еткен пенделердің жағымсыз болмысы, кері кеткен психологиясы айқын көрінеді.
Қойылымның соңында сахна төріндегі тұғырдан түскен төртеу жерде шашылып жатқан ақ-жасыл шүберектерді жинап, қолдарын аспанға, яғни қазанға көтергенімен қазан түспейді. Бұл жерде дәл бүгінгі сөз тыңдаудан, ақылға тоқтаудан қалған бейшара пенделерден, сөзімен де, ісімен де, мінезімен де жердің бетін ластаған адамзаттан жиренген Жер ананың назын байқамау мүмкін емес. Автор сөзі мен режиссердің осындай көркемдік шешімі өз көрерменін толғантпай қоймайды. Ендеше көтерген идеясы мен пластикалық шешімі өзгеше, бүгінгі адамзатқа айтар философиялық ойы терең «Текебұрқақ» спектаклін Ш.Жандарбекованың шәкірттері ұсынған арнайы сыйлық – «Шолпан жұлдыз» номинациясына және Айдын Салбанды «Үздік режиссер» аталымына лайық деп білеміз.
Осындай пластикалық-хореографиялық сарындағы қойылымның тағы бірі – Түркістан музыкалық драма театрының репертуарындағы «Қорқыт туралы аңыз» спектаклі болды. Бастан-аяқ хореографиялық тілге негізделген қойылымды экспозициядағы Санжай Альмишев орындайтын Қорқыт күйінің зарлы да сырлы әуенімен бастау арқылы режиссер әрі балетмейстер Константин Семенов мәңгілік өмірді іздеген Қорқыт күйінің терең философиясын ашқан. Одан әрі жүресінен отырған балет бишілері күңгірт сахнада еңкейіп-шалқайып, қолдарын бірде оңға, бірде солға сермеп, Ермек Аманшаевтың либретто-аңызындағы бар мен жоқтың арасындағы өліара шақты кескіндейді. Өздерінің физикалық қимылдары мен пластикалық қозғалыстары арқылы табиғаттың беймәлім күшін, әлдебір хаостық белгіні көрсетеді. Актерлердің әрекетінде боранның, найзағай мен жауын-шашынның көрінісі де, тіршілік иелерінің мазасыз күйі де, үміті мен күдігі де келісті айшықталған.
Бір кезде дүниені дүр сілкіндіріп, жан-жағын отқа орап Марту шығады. Оны көргеннен жерде жатып, қиналған, аласұрған көпшіліктің қимылы жер бетіндегі қорқыныш пен үрейден хабардар етеді. Ақыры перінің қызы жүрген жерін жайпап, таптап өтіп, өзінің билігін жүргізе бастайды. Бір мезет Құдіреттің күшімен пайда болған отты жарықтың сәулесі Қарағашқа түсіп, батыл әрі сұлу келіншек одан жас сәби – Қорқытты алып шығады. Бұл көріністі балетмейстер Қарағаштың қойнынан екі бүктеліп шығып, әйелдің соңынан домалана ерген актердің жерде орындайтын қимылымен береді. Жер бетіне Қорқытпен бірге келген жарық пен жылулық тіршілік иелеріне ерекше қуаныш сыйлап, өмірге өзгеше күшпен араласуына мүмкіндік жасайды. Спектакльде болашақ күйшінің дүниеге келуі мен қобыз сарынының үні қатар беріліп, дүниеге жаңа адамның, өнер адамының, күй өнерінің келгенін меңзейді. Одан әрі бишілердің әртүрлі, яғни үлкен-кіші формадағы тастарды бірде аунатып, бірде оны көтеріп жүруінен адам арқалаған ауырлықты, өмір-тіршіліктің тауқыметін аңғарамыз. Қызыл-күңгірт жарықтың сәулесінде қимылдаған бишілердің пластикасымен берілетін Қорқыттың бұқамен айқасатын көрінісінде Мартумен бірге келген алауыздықтың, жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арасындағы тартыстың сарыны бар.
Ал, Қорқыттың аң аулап жүріп кездестірген махаббатын, оның отау құрғандығын жігіт пен қыздың дуэттік орындауы және шаңырақтың сұлбасындағы қызыл жамылғы (накидка) киген арулардың шыр көбелек айналған биі арқылы аңғаруға болады. Ал, сол шаңырақтың тігінен дөңгеле айналуы өтіп жатқан уақыттың ағысын меңзейді. Одан кейінгі сахнада авансценаға қадалған жау садағының жебесіне қарсы сап түзеген сарбаздардың хас батырларға тән кескіндерін көреміз. Екіге бөлінген орындаушылар бірде жерде жатып жеңілгенін, бірде бас көтеріп, дұшпанға қарсы тұруын суреттейді. Бұл – автордың либреттода баяндаған «жаһанды жаһаннамға, тозақ отына жағуға сүйрелеген» Марту мен «қауымды береке-бірлікке, ізгілік пен игілікке ұйыстырған» Қорқыт арасындағы қақтығыс. Осы көріністен кейін Қорқыт ағаштың түбін ойып қобыз аспабын жасап шығады. Бұл жерде Қарағаш болашақ күйшіге түсінде аян беруші тылсым күштің де қызметін атқарып тұр. Күйге елтіген жер беті құдды жаңа тыныс алғандай әсерленіп, ерекше әуен адам өмірінің жарқын сәттеріне өзінің жағымды ықпалын жасайды. Күй сарынында махаббат пен мейірім, ізгілік пен үміт бар. Ендеше күй – жер бетін, адамдарды түрлі қауіп-қатерден сақтаушы құдірет екен.
Ал, шығармадағы Қорқытқа ауыр тас ұстатып, оны көтере алмастай азапқа салған пері қызының мақсаты – адамзатты жолдан тайдыру, жер бетін қан төгіске айналдыру болатын. Мұны К.Семенов Мартудың Қорқытты үлкен тастармен қоршап, қыспаққа алу әрекетімен түсіндіреді. Әрі бұл ажалдан қашқан күйшінің Жерұйықты таба алмай тығырыққа тірелген күйін байқатады. Рольдегі Е.Әбдіхалықтың зұлым күш жіберген әрбір тасты бірінің үстіне бірін қоюынан Қорқыт қорқынышының үдегенін білеміз. Ақыры қоршауда қалып, одан құтылудың амалын іздеген Қорқыт – Е.Әбдіхалық тастарды қопарып шығады. Ал, өлімнен қашқан күйшінің халін орындаушының екі аяғын кезек алға созып, бірде баяу, бірде жүгіргендей жылдам жүрісі айқындап береді.
Одан әрі Қорқыт пен оның әрбір қадамын аңдыған Мартудың дуэт биіне куә боламыз. Бұл жерде Марту – Қорқыт қашқан ажал бейнесінде. Еламан Әбдіхалық пен Акылай Сыдыгалиеваның орындауынан бірін-бірі жеңе алмаған екеудің тартысты күйін көреміз. Перінің қызы бірде Қорқыттың басына шығып, үстемдік етсе, оған қарсылық көрсетіп, жанталасқа түседі. Ақыры күйшінің жеңісінен соң жер бетінде баянды өмір басталғандай күй кешеміз. Балет бишілерінің пластикалық қимылдары арқылы жерге сызылған көк, жасыл, қызыл, сары түстерді жыландар деп те, Қорқытты қалайда өлтіруді аңсаған Мартудың арамза ойы деп те, енді бірде өткен уақыттың белгісі деп те қабылдай аламыз. Соңғы сахнадағы жауған жаңбыр бір жағынан – қазақ салтындағы тазару ұғымы болса, екіншіден – жер-жаһанды басқан тасқын судың қызметін атқарып тұр. Яғни, Қорқыттан кейін де жер бетінде небір зұлматтар мен апаттардың орын алғанын түсінеміз. Финалда Қорқыт қобызымен бірге жоғары көтеріліп кетеді. Демек, қазақ халқы үшін Қорқыт пен оның күйлерінің орны биікте.
Осындай күрделі көріністерден тұратын шығармада қандай оқиғаны баяндаса да сол сюжеттің желісін, сан қилы ситуацияны ашатын орындаушылардың қимылдары модерн биінің элементтеріне негізделген. Мұнда балет бишілерінің әрбір қимылы синхронды түрде орындалады. Бұл қойылымға ерекше сипат беріп тұр әрі көркемдік-эстетикалық тұрғыдан әдемі шешім болған. Шығармашылық ансамбльдің келісті пластикалық қимыл-қозғалыстары, түр-келбеті келіскен актерлердің либретто-аңыздың идеясын түсіне отырып әрекет етуі спектакльге «Айырықша пластикалық шешім» номинациясын алып берді. Жалпы аз уақыттың ішінде өзгеше репертуарлық ұстанымдарын, өздерінің сахналық мүмкіндігін танытып үлгерген ұжымның болашағы зор деп білеміз.
Фестиваль көрерменіне Республикалық академиялық неміс драма театры ұсынған «Андорра» спектаклі де адам тағдырындағы қайшылықтарды, түрлі мінездерді баяндайды. Швейцарлық драматург Макс Фриштың аталған пьесасының сюжеттік құрылымы кейіпкерлердің диалогтарын жасау жағынан да, Андорра қалашығы тұрғындарының мінездерін, олардың әлеуметтік ортасын беру жағынан да аса күрделі. Неміс тілінде қойылған спектакльде Андридің жалғыздығы, қорқынышы, өзінің адалдығына айналасындағыларды сендіре алмауы, Барблинге деген ғашықтық сезімінің тазалығы және белгілі бір шеңберден шыға алмайтын, тіпті шыққысы келмейтін адамдардың өмірі суреттеледі. Андридің ұлты еврей деп ойлайтын дәрігер, солдат, дін қызметшісі, трактирші, т.б. оның мейірімділігіне, адалдығына сенбейді, өйткені олардың ұғымында еврей халқы аса мейірімді емес. Асырап алған адам өзінің туған әкесі болып шыққанымен оны ешкім мойындағысы келмейді. Теріс түсініктің, кері кеткен қоғамның құрбаны болған жас жігіттің шынайы бейнесін, адамдық болмысын мойындаған тек Барблин ғана.
Осындай психологиялық тұрғыдан оқырманның да, көрерменнің де қабылдауына ауыр шығармадан режиссер Наташа Дубс бас-аяғы бүтін, ықшамды дүние жасаған. Хор орындайтын әуенмен басталған спектакльде ең алдымен көзге түсетіні сахна ортасында тұрған үлкен үй. Мұның түрлі функциясы бар: Барблиннің үйі, трактиршінің асханасы, шіркеу, т.б. Оқиғаның өту орнына қарай сол үйдің қабырғасына компьютер арқылы терезелер мен есіктердің бейнесі түсіп, үйдің сыртқы түсі де жарық арқылы өзгеріп тұрады. Мұны суретшілер А.Павлова мен Н.Дубс сауатты жасай білген.
Б.Боранбаев (Андри), Ю.фон Берн (Барблин), С.Скобина (дәрігер), В.Куприянов (әке), т.б. өздерінің кейіпкерлеріне тән мінез ерекшеліктерін, олардың шығармадағы әлеуметтік орнын көрсете білді. Роль орындаушылар білсе де білмейтін, көрсе де көрмейтін, сезсе де сезбейтін, түсінгісі келгенімен оған қауқары жоқ кішкентай адамдардың шынайы бейнесін жасап шықты. Сахналық серіктесін сезіне білетін, әрбір кейіпкердің ішкі әлеміне үңіліп, олардың трагедиялық ахуалын нанымды көрсеткен шығармашылық топ қазылар алқасының шешімімен «Үздік актерлік ансамбль» номинациясына лайық деп танылды.
Сол сияқты Абай облысынан келген Ф.М.Достоевский атындағы Мемлекеттік орыс драма театры фестивальге «Кішкентай ханзада» спектаклімен қатысты. Режиссерлер мен актерлерді үнемі Ресейден шақырып, өздерінің шығармашылық потенциалын арттырып, репертуарын өзгеше драмалық дүниелермен толықтырып отыратын ұжымның көркемдік ізденісін байқап жүрміз. Бұған дәлел – театрдың репертуарындағы «Жить, жить, жить», «Леди Макбет», «Тартюф», т.б. спектакльдері. Бұл жолы да олар француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің шытырман оқиғалар желісіне құрылған повесть-ертегісін бүгінгі көзқараста сахналауымен ерекшеленді. Спектакльде ғарышқа саяхат жасаған өте мейірімді әрі батыл ханзада ол жақтан өзіне достар табады. Мәселен, түрлі-түсті көйлектегі Гүл (З.Моисеева) бозбалаға өзінің сезімін білдісе, Жылан (З.Лавицкая) өмірдің мәнін, оның әрбір адамзат үшін қымбат екендігін түсіндіреді. Ақырында жерге қайтып оралған ханзада адам үшін қай жерде, қай планетада өмір сүргені емес, маңыздысы төңірегіндегілерге адалдықпен қарым-қатынас жасау, біреуге шын жүрекпен сену керектігін айтады. Яғни, бақытты сырттан іздеудің қажеті жоқ, бақыт әрбір адамның ішкі әлемінде екен.
Қойылым басталған сәттен-ақ ертегілер әлеміне енгендей күй кешесіз. Әртүрлі түстегі костюмдер, қағаздан жасалған ай немесе күн бейнесіндегі шеңберлер, аспан әлеміндегі тылсым ғарыштық нысандарды білдіретін дөңгелектер, сахнаның бірде қызыл, бірде жасыл, енді бірде қара немесе көк түске боялуы – барлығы тұтастықпен әдемі үйлескен. Мұндай түстер өтіп жатқан оқиғаның орнын білдіреді және кейіпкерлердің көңіл-күйі де осы әртүрлі жарықтардың фонында байқалып отырады. Режиссер Константин Денискин мен суретші Алена Грек осындай көрерменге қызылды-жасылды сахнадағы оқиғалар тізбегін көре отырып, өздерінің балалық шағына саяхат жасауына мүмкіндік туғызған. Жалпы екі бірдей: «Үздік креативті сахналық шешім» аталымы мен Кішкентай ханзаданың ролін ойнаған Юрий Шутконың Ш.Жандарбекова шәкірттерінің атынан берілген сыйлық – «Шолпан жұлдыз» номинациясын жеңіп алуы қойылымның табысын айқындайды.
Қай театрдың болмасын репертуарында классикалық туындылардың орын алуын заңды деп білеміз. Әсіресе, ХІХ-ХХ ғасырлар аралығындағы «жаңа драма» бағытының өкілі Антон Чеховтың «Шағаласын» сахналау үрдісі пьесаның жазылған күнінен бастап осы уақытқа дейін үзілген емес. Ақмола облыстық орыс драма театры бұл спектакльдің жанрын «сағымдар және жалғыздық» (иллюзии и одиночества) деп атапты әрі қойылымның құрылымы дәл осы жанрды ақтаған. Қойылым басталғанда карта ойнап отырғандардың сыртқы күйлері көңілді сияқты болғанымен ішкі әлемін жайлаған жалғыздық оларды тыныштандырмайды. Үстелді қолдарымен бірдей соққанда шығатын қатты дыбыс олардың тағдырын барынша ашып тұрғандай. Сонымен қоса бұл алдағы болатын оқиғаның қатал үкімін байқатады. Мәскеулік режиссер Петр Норец сол алғашқы көріністен-ақ шағаланың бейнесін өзге кейпкерлермен бірге оқиғаға араластырады. Ол бүгінгі қоғамда болып жатқан ситуацияларды сырттай қарап жүретін бақылаушы іспетті.
П.Норец осы спектаклімен дәл қазіргі уақытта агрессияға берілген адамдардың психологиясын жеткізген. Кейбір көріністердегі актерлердің барлығын бірдей құстың тұмсығын кигізіп, шағаланың бейнесіне енгізу арқылы ол шығармадағы трагедиялық тағдырды көрерменге ұмыттырмайды. Негізінен шағала – еркін құс. Алайда А.П.Чеховтың бұл пьесасынан еркін өмір сүруге құқылы жандардың психологиялық тұрғыдан тығырыққа тірелген, ашынған күйін көреміз. Сол сияқты Костя мен Сориннің, Костя, Нина және Сориннің диалогы тұсында күннің күркіреуінен шығарманың қайғылы нүктесін алдын-ала біліп отырамыз.
Сахнаның төрінде үлкен шыны есіктің екі жағына жалғасқан қабырғалар орын алған. Сол есіктің алдына қойылған үлкен үстел бірде ас бөлмесін білдірсе, енді бірде кереуеттің, кейде даңғыл жолдың немесе сахнаның қызметін атқарады. Жалпы үстел, орындықтар, кресло, шам, т.б. бутафориялар актерлік ойынмен біте қайнасып, кейіпкерлердің мінезін, олардың ішкі әлеміндегі күйзелістерді ашуға мүмкіндік жасаған.
Алғашқы көріністе өз пьесасын сахнаға шығаруға дайындалып жүрген Константин өте қуанышты. Мұнда Костя пьесадағыдай момын, неге болса да үнсіз көнетін тым жуас емес, керісінше өзіндік ойы бар, Нинаға деген сүйіспеншілігін ашық айта алатын жігіт ретінде көрінеді. Кей сәттерде ол қолындағы мылтығымен, қасына еріткен шағаламен өмірінің қысқалығын байқатып өтеді. Финалда анасының қолдамауынан жазушы бола алмаған және шынайы махаббатына жауап ала алмай психологиялық күйреудің шегінен асқан Костя шағаланың тұмсығын киген барлық кейіпкерлерді атып тастайды. Бұл дегеніміз – армандардың күйреуі, құлдыруы болып табылады. Рольдегі Денис Юкало айналасындағы адамдардан жылу таппаған жас жігіттің белгілі бір шеңберден асып шыға алмайтын қыспақты қоғамға жұтылып кетуін бірде кекесінді күлкісімен, бірде айғайымен байқатады.
Нина роліндегі Александра Букреевада бүгінгі қыздардың батыл кескіні бар. Нина – А.Букреева ашық, жарқын мінезді, арманына жетуге асық қыз. Актриса болуды армандаған ол Сорин бақшасындағы қойылымда барынша образға енуге тырысып жүр. Даусында қатаңдық болғанымен қимылында үзілердей нәзіктік бар. Тіпті Нина – А.Букреева жазушыға ғашық екенін жасырмайды да, Бориске батыл жақындап, құшағына енуге әзір. Бір күйден екінші күйге жылдам ауысып отыратын актриса қайткенде жазушыға қосылуды мақсат еткен жас қыздың сөзі мен әрекетін үйлестіре білген. А.Букрееваның ойынынан арманына жеткенімен арада өткен екі жылда сәтсіз махаббатқа ұшырап, нәрестесінен айырылған Нинаның сынған тағдырын көреміз.
Ал, Людмила Скуратованың кескіндеуіндегі Аркадина – тым өткір, ешкімнен тайсалмайтын бірбеткей. Актриса орыс әйелінің отбасында қарапайым бола тұрып, өз билігінен айырылғысы келмейтін өзімшілдігін алдыңғы планға шығарады. Бористі меншіктеп алған ол тіпті жазушыға билігін жүргізіп үйренген. Сол ғашығынан айырылған Ирина жерде отыра қалып, ағасы Соринге барлық мұңын жайып салады. Костяның сәби кезін спектакльге қосқан режиссердің шешімі бойынша Аркадинаның көз алдында өткен күні елестейді. Константиннің бала кезі мен жігіт шағының ортасында не істерін білмеген әйелдің осы тұста бір сәт аналық мейірімі көрінгендей еді. Бірақ әңгіме жазушы төңірегіне ойысқан сәтте қайтадан қатуланып алған Аркадина – Л.Скуратова баласын итеріп жіберіп, өзімшілдіктен туындаған қатыгездікті ұстанады. Жалпы актрисаның ойынынан өз баласының өліміне себепші болған әйелдің болмысын көрдік.
Спектакльдегі бірде жылтыр шымылдықтың арғы жағында, бірде бергі жағында орын алатын оқиғалар тізбегі сағымдай әсер береді. Бізге А.П.Чехов драматургиясынан белгілі армандардың орындалмауы, махаббаттағы сәтсіздік, өнер мен шығармашылық жолындағы кедергілер көрерменге актерлік ансамбльдің шебер ойындары арқылы жетіп отырады. Актерлік ойыннан ешқандай пафос, патетика көрмейміз, керісінше, өмірдегі қарапайым сөйлеу әдістері, сол сөздердің күнделікті тұрмыстағы екпіні бар. Режиссерлік шешім мен тұжырымнан өрбитін актерлік ойындардың барлығы да шынайы, кейіпкерлерінің толқыныс-бұлқыныстарын барынша тереңдікпен ашып берген роль орындаушылардың ізденістері айқын. Ендеше қазылар алқасының шешімімен ие болған «Үздік актерлік ансамбль» номинациясы осы «Шағала» спектакліне тән.
Жарыққа шыққан күннен бастап көптеген театрларда қойылып, сан түрлі режиссерлік шешімдерді танытқан сахналық ғұмыры ұзақ осындай көркем дүниенің бірі – «Боранды бекет» спектаклі. Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры көрсеткен бұл қойылымның режиссері Ұланмырза Қарыпбаев дербес ұлттарға мәңгүрттіктің кеңес өкіметі құрылған күннен бастап келгенін меңзейді. Яғни, ол ұзақ жылдар бойы әмірін жүргізген кеңестік билікті Ғасыр деп аталған кейіпкердің қызыл костюмімен және рольдегі актердің толық дене бітімімен жеткізген. Қойылымның басынан-аяғына дейін барлық оқиғаны бақылап жүретін, кеудесі орден-медальдарға толы Ғасыр кеңестік идеологияның қалай болғанын түсіндірушінің ролін атқарады.
Дала дәруіші сыбызғысының сазды үні сар даланың төсінде болып жатқан түрлі оқиғалар мен қақтығыстар желісінің трагедиялық сарынын баяндайды. Дәл соның дәлеліндей сахна төрінен жылжыған бұғылар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа жүйіткіп жақтан поездар өтетін темір жолдың үстімен жүріп, бір кездері осы кең далада мекен еткенін және әлі күнге дейін табиғаттың бір бөлшегі ретінде өмір сүріп жатқанын аңғартып өтеді. Әрі мұндай бастама Шыңғыс Айтматов сөз еткен бұғы-ана туралы аңызбен байланысты. Режиссер Жоламан мен Сәбитжанның бейнесін параллельдік үндестікте алып, мәңгүртке айналған (немесе айналудың алдында тұрған) ұлттың бұлыңғыр болашағын меңзейді. Бұл жерде көретініміз, біріншісі – өз еркінен тыс мәжбүрлі түрде болған мәңгүрттік, екіншісі – рухани мәңгүрттік, яғни екеуі де – бүтін бір ұлтқа қолдан жасалған қиянаттар. Қазанғапты жерлейтін жерге жете алмай, орта жолда адасқан жұрттың төбесінен төне қарап тұрған мәңгірттің Ғасыр берген құлаққапты құлағына киіп алып, ешкімді естімеуі де шығарманың түпкі мазмұнын аша түскен. Демек, көрсе де көрмейтіндер, естісе де естімейтіндер қай қоғамда да болған, бар және болады да. Нақтысын айтқанда, режиссердің тұжырымындағы қолына қызыл ту ұстаған Жоламан – кеңес өкіметіне қалтқысыз қызмет ететін белсенді.
Спектакльдегі екі аяқтарымен марш екпінінде жүріп, жалынды түрде Ленинді мадақтаушылар бір кездері «күн көсем» атанған Владимир Ильичтің идеологиясын насихаттаушылар болып табылады. Олардың билігі Жоламанның басындағы ақ матаны қызыл түске бояп, мәңгүрттің мойнына галстук ретінде байлаған Ғасырдың қолында. Осы кейіпкердің статистика бойынша ашаршылық, қуғын-сүргін, Ұлы Отан және ауған соғысы кезінде, Желтоқсан оқиғасы тұсында миллиондаған адамдардың қаза болғанын айтатын сахнасы бар. Бұдан бүгінгі ұрпақ осындай сұмдықтың барлығының өткен ғасырда жасалғандығын біле алады. Осы тұста қатар берілетін жер бетіне тыныштықтың қажеттігін, адамдардың бірін-бірі өлтірмеу керектігін екпінді әрі зарлы үнімен жеткізген Бұғы-ананың монологы адамзат баласын бейбітшілікке шақырады.
Ұ.Қарыпбаев сар даланың да, үй бөлмелерінің де, Мәдениет үйінің де, кеңестік өкімет канторасының да қызметін атқаратын сахна кеңістігін тұтасымен қолданыпты. Осы кеңістікте шығармадағы оқиғалар желісі бірінен-бір туындап, бір-бірімен жалғасып, жымдасып кеткен. Режиссер спектакльдің соңғы көрінісіндегі Сәбитжанның мансапқұмарлығын ашып жеткізу арқылы қоғамда бар және болған санасы саяз пенделерді әшкерелеуді де ұмыт қалдырмаған. Жерде тұрған Сталиннің бюстін әлдебіреудің тазалап, сүртіп жүруі де жағымпаздық пен құлдық сананың әлі күнге дейін орын алып отырғанын білдіреді.
Ұ.Қарыпбаев спектакль финалын әдемі келістірген: психологиялық күйреудің шарықтау шегінен асқан Едігенің сұқ саусағын шошайтып, қарқылдап күліп тұрған Ғасырдың жағасынан алып, оны өлтіруінен кеңес одағының құлағанын байқау қиын емес. Алайда ол өлгенмен оның ісі мен ізін әлі күнге дейін жалғастырушылар бар екен. Мұны режиссер қолында қызыл туы бар Жоламанның пойыз жолдың релсінде салтанатты түрде сап түзіп жүрген әрекетімен жеткізеді. Ғасыр өзіне жарық сыйлаған анасына қиянат жасағаны үшін мәңгүрттің кеудесіне медаль тағады. Ұзақ жылдар бойы жылтыр темірмен алдап, сол арқылы өз дегенімен жүргізу саясатын ұстанған кеңестік құрылымның қитұрқы ісінің бірі бұл. Режиссердің тағы бір ұтымды шешімі ретінде спектакльдің соңындағы Қазанғаптың жерленбей қалғанын айтуымызға болады. Бұл дегеніміз – иман мен моральдың құлдырауы. Тарихы терең, рухы биік қазақ халқы үшін бұдан асқан сұмдықтың болуы мүмкін емес. Ендеше шығармада орын алған жалғыздық, баланың хайуандық әрекеті, мансапқұмарлық сияқты жағымсыз қасиеттердің барлығын ұлттық трагедияның айқын көрінісі дейміз. Жалпы Ұ.Қарыпбаев Едігенің Қазанғапты жерлеуге арналған ғасырға татитын бір күннің бойына қоғамдық-адамдық мәселелерді сыйғыза білген. Сонымен бірге ол бізге шығармадан белгілі рухани-моральдық катаклизмді бүгінгі тоғышарлық санамен, дәл қазіргі қоғам мен адамның құлдырау үрдісімен ұштастырудың көркемдік кілтін тапқан. Қойылымда Едігенің ролін орындаған Нартай Сауданбекұлы «Үздік ер адам ролі» номинациясын иеленді.
Жалпы фестиваль репертуарындағы бұл қойылымдардың барлығының да айтары мол, идеялық астары терең. Бұларда тарихи шындық, мораль мен этика, гуманизм мен оптимизм бар және мейірім мен қатыгездік, жалғыздық пен сатқындық, кеңпейілділік пен менмендік сынды бір-біріне кереғар мінездер мен принциптер сөз болады. Қилы тағдырлар мен түрлі мінездердің сахналық-көркемдік сипатын барынша ашып көрсеткен дүбірге толы сайыста түрлі режиссерлік ізденістер мен актерлік шебер ойындардың куәсі болдық. Елімізде бұған дейін болып өткен немесе болып жатқан театр фестивальдерінің ішіндегі бұл доданың бір ерекшілігі – спектакльдердің алдын-ала театр сыншыларының іріктеуінен өткендігі. Салмақты сараптаудан кейін барып фестиваль сахнасына жол тартқан шығармалардың жоғары көркемдік деңгейі бүгінгі қазақстандық өнер ұжымдарының қарқынды ізденісін байқатып берді. Олай болса, алдағы уақытта да театр өнерінің биік деңгейде қалғаны дұрыс.
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
өнертану кандидаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры