Құрметті отандастар!Баршаңызға мәлім, қазір бүкіл әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруде...
Ардақтыларым, қызғаныш дегеннен аулақ болайықшы! - Опера падишасы Бибігүл Төлегенованың жүрекжарды сөздері
Кеше әлемдік опера примадоннасы Бибігүл Төлегенова «Астана Опера» сахнасында өзінің 90 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кешін ұйымдастырды.
Мерекелік кешке қазақстандық танымал опера әншілері, оның дәстүрін жалғастырушы ізбасарлары, Бибігүл Төлегенова байқауының лауреаттары қатысты, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бибігүл Төлегенова өзінің ауқымды репертуарынан жарқын нөмірлерді, атап айтқанда, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Жібектің (Гәкку) ариясын, Г.Тукайдың сөзіне жазылған «Тафтиляу» әнін, Н.Лысенконың «Наталка-Полтавка» операсынан Наталканың ариясын шырқады.
Әншіге ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның құттықтау хаттарын табыстап, жылы лебіздерін жеткізді.
- Мен өз халқыма, Отаныма, «Астана Опера» театрының басшылығына, осы іс-шараның барлық ұйымдастырушыларына ризашылығымды білдіріп, мың да бір алғысымды айтамын. Бүгінгі кеш өте әдемі де әсерлі өтті, алайда, өкінішке қарай, менің әріптес достарым Роза Жаманова, Ермек Серкебаев ортамызда жоқ.
Меніңше, бұл тек менің ғана кешім емес, олардың да рухына бағышталған кеш болды. Мен 90 жасқа аяқ басқалы отырмын, барлық алдыңғы толқын ағалардың атынан сіздерге өсиет сөздерімді жеткізгім келеді. Ардақтыларым, қызғаныш дегеннен аулақ болайықшы, біз-біріміздің жетістіктерімізге қуанып, көмек қажет болса, қол ұшымызды созудан аянып қалмайық. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, молшылық тілеймін, қуанышты күндеріміз көп болсын, Құдай тағала бізге қайғы көрсетпесін, елімізде бейбітшілік болсын, барлығымыз аман болайық. Мен көп қиыншылықты, соның ішінде Ұлы Отан соғысын да, аштық пен кедейлікті де көрдім, сондықтан біздің қазіргі өмір сүріп жатқан уақытымыз жұмақ деуге болады. Бүгінгі менің кешіме көп адам жиналды, бұл – үлкен бақыт, мұның бәрі біздің Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың арқасы, ол халық үшін көп жақсылық жасады, бұл туралы ұмытпауымыз қажет, - деді Бибігүл Төлегенова.
Бибігүл Төлегенова ХХ ғасырдағы ең атақты жиырма әйелдің бірі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Ол жиырмадан астам марапатқа ие. Әншінің сан қырлы репертуары «Гayhap тас», «Жиырма бес» сияқты халық әндерінен, Л.Хамидидің «Бұлбұл», Е.Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», М.Төлебаевтың «Еске алу», Е.Рахмадиевтың «Тарантелла», С.Мұхамеджановтың «Көктем вальсi» сынды қазақстандық композиторлардың туындыларынан, сондай-ақ П.И.Чайковский, С.В.Рахманиновтың романстарынан, Н.Римский-Корсаковтың операларындағы ариялардан, батыс композиторларының (Г.Доницетти, Э.Григ, Ф.Шуберт) шығармаларынан және т.б. құралған.
madeniportal.kz