Театрлық қолөнерді балаларға ғана емес, ересектерге де үйретеді

ТЕАТР
1196

Елордада балаларға ғана емес, сондай-ақ ересектерге де театрлық қолөнерді үйрете бастайды. «Астана Операда» киім үлгілеу мен ағашқа өрнек салу бойынша курстарға қабылдау басталады. Енді ниет білдірген кез келген жан жасына қарамастан театр қызметкерлері қатарындағы тәжірибелі ұстаздардың жетекшілігімен өздерінің шығармашылық әлеуеттерін ашып, айрықша дағдыларды меңгере алады. 

Бір жылдан астам уақыт бұрын «Астана Операда» «Арт-спорт» порталының қызметі шеңберінде «кескіндеме», «құрақ құрау», «киім үлгілеу, пішу және тігу», «ағашқа өрнек салу» секілді түрлі бағыттарда балаларға арналған шығармашылық үйірмелер ашылған болатын.

Әртүрлі жастағы оқушылар сүйікті ұстаздары өткізетін сабақтарға қуана қатысып, театрдың атмосферасын бойларына сіңіруде, ал олардың кейбіреуі өздерінің қолөнерші-ұстаздарының ісін жалғастыруды ұйғарды. Осынау уақыт ішінде балалар өз жұмыстары қойылған бірнеше көрмеге қатысты. Олардың ата-аналары таңданысқа толы пікірлерімен бөлісті. 

– Менің қызым «Арт-спорт» бағдарламасы шеңберінде «Киім үлгілеу, пішу және тігу» секциясына бір жылдан астам уақыт барып жүр. Ол сабақтарға үйірме ашылған бойда қатыса бастады, сондықтан біз оқуды бастау үшін ұжымның, материалдық базаның қалай дайындалғанын білеміз. Барлығы ең жоғары деңгейде болды. Балалар арнайы бөлінген кең әрі жарық кабинетте дайындалады, кабинет жаңа тігін құралымен жабдықталған. Пішу мен тігуге қажетті заттармен театр қамтамасыз етеді. Балалар тігін машинасымен, торлағышпен жұмыс істеуді, қолмен тігу техникасын меңгерді. Үйде балалардың қолымен жасалған ойыншықтар, бұйымдар топтамасы толыға түсуде, аздап киім-кешек те тігеді. Біз бұған өте қуаныштымыз! – деді Үміт Мағзұмова. – Театрдың атмосферасын айрықша атап өту керек: балалар опера мен балеттік спектакльдерге дайындық барысын, әртістердің грим жасайтын, киінетін бөлмелерін көріп, костюмдердің тарихымен танысады. 

 Өткен жылы мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жан басына қаржыландыру платформасы театрда балалармен жұмысты айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді. 

– Бұрын «Астана Операда» балет және хор студиясы болатын, қазір театрлық қолөнер белсенді дамып келеді, бұл үйірмелер балаларға өте қызықты. Осы орайда біз топтардың санын көбейтіп жатырмыз. Коммерциялық топтар қосып, ересектерге арналған сәндік-қолданбалы өнер секцияларын ашудамыз, – дейді студия жетекшісі Назым Жайлаубаева. – Шығармашылық тұрғыда өзін-өзі таныту балалар мен жасөспірімдерге ғана маңызды емес, бұл ересектерге де қажет. Сондықтан біз өз әлеуеттерін жүзеге асыруға, күнделікті шаруалардан басқа нәрсеге көңіл бөліп, бос уақытты қызықты әрі пайдалы етіп өткізуге мүмкіндік беруге дайынбыз. 

«Киім үлгілеу, пішу және тігу» секциясында сабақтарды «Астана Операның» тігін цехында жұмыс істейтін тәжірибелі театр костюмдерін пішуші-сәнгер Айгүл Рыспаева жүргізеді. Ағашқа өрнек салуды 20 жылдық тәжірибесі бар суретші-бутафор Ерзат Елшібаев үйретеді. 

– Ағашқа өрнек салу – сәндік-қолданбалы өнер түрі, ол ағашты көркемдік өңдеудің сан алуан түрлерін, оның ішінде арамен кесуді, жону ісін, күйдіруді қамтиды, – дейді Ерзат Елшібаев. – Бұл дағдыларды үйрену аса қиын емес. Біздің иелігімізде білдектер, арнайы құрал-саймандар бар, олардың көмегімен үйдің ішін безендіруге арналған зергерлік элементтерді жасауға, шығармашылық шабытты жүзеге асыруға және қызықты жұмыс барысынан рақат алуға болады. 

Ересектерге арналған қолөнерді үйрену мүмкіндігі үшін барлық байланыс мәліметі театр сайтында көрсетілген.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...