Валерий Селиванов Молдовадан арнайы жүлдемен оралды

ТЕАТР
790

Astana Opera Халықаралық опера академиясының солисі Валерий Селиванов Молдовада өткен Мария Чеботари атындағы I Халықаралық опера әншілерінің теле-радио байқауында арнайы жүлдеге ие болды. 

Вокалдық дода Кишинев қаласында 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың ақпанына дейін жалғасып, үш кезеңнен тұрды. Валерий Селиванов байқаудың барлық айналымынан ойдағыдай өтіп, финалға шықты және теле-радио байқаудың арнайы жүлдесін алды. 

Бірінші және екінші айналымдар онлайн режимде өтті. Қатысушылар төрт категория, яғни барокко дәуірі операсынан ария, XVIII – XX ғасырлардағы ораториялардан ария, Вена классикалық операсынан ария, XVIII – XX ғасырлардағы романс және тағы басқаларының арасынан өзі таңдап алған екі шығарманың бейнежазбасын жіберулері керек болды. Байқау финалы оркестрдің қатысуымен өтті, сондай-ақ әртістердің өнер көрсетулерін Кишинев тұрғындары мен қонақтарына тамашалауға мүмкіндік болды. 

– Байқауға қатысу – ең әуелі, музыканттың өсуіне ықпал етеді. Жаңа туындыларды үйрену, оларды кемеліне жеткізу ісі мені алға жетелеп, белсенді қалыпта ұстайды және дамуға көмектеседі, – деді әртіс. – Байқауда барлығымыз бір-бірімізбен достық қарым-қатынаста болдық. Барлығы сондай ізетті, жақсы, ашық. Көптеген жастармен таныстым, олардың барлығы – лайықты қатысушылар. Корея (Бас жүлде), Молдова, Украина, Германия, Румыния және Қазақстаннан келген қатысушылардың әрқайсысы өз елдерін таныстырды. Байқаудың ақтық кезеңінде мен В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсынан Зарастроның «In diesen heil'gen hallen» ариясын орындадым, сол үшін арнайы жүлдеге ие болдым. Менің екінші орындаған шығармам – Дж.Вердидің «Макбет» операсынан Банконың ариясы болды, – деп пікірімен бөлісті Валерий Селиванов. 

Халықаралық қазылар алқасының құрамына М.Чеботари өмір сүріп, еңбек еткен Молдова мен Еуропа елдерінен үздік опера орындаушылары мен осы саладағы мамандар енді. 

– Қазылар алқасының мүшелері әділ шешім шығарды. Бұл мен үшін халықаралық деңгейдегі алғашқы байқау, сол себепті финалға жетіп, арнайы жүлдеге қол жеткізудің мәнісі зор. Сарапшылар тарапынан жеке басыма ескертулер болған жоқ, байқауда тек жылы лебіздер естідім, барлығы шығармашылығыма табыс тіледі. Қазылар алқасының төрағасы молдовалық дирижёр әрі ұстаз, профессор, Молдова ғылым академиясының академигі, Молдавия КСР Халық әртісі, Молдавияның еңбек сіңірген адамы Георгий Мустя болды, – деді В.Селиванов. 

10 ақпанда Мария Биешу атындағы ұлттық опера және балет театрының сахнасында «Мария Чеботари» бірінші халықаралық опера әншілерінің теле-радио байқауының гала-концерті өтті. 

Байқаудың мақсаты – танымал әнші әрі кино әртісі Мария Чеботаридің есімін жаңғырту, ерекше вокалдық, музыкалық қабілеттері, интерпретациясы бар опера дарындарының есімдерін ашу. 

– Мен мұнымен тоқтап қалмаймын. Е.Образцова атындағы байқауға қатысуды жоспарлап отырмын, бәлкім Н.Римский-Корсаков атындағы байқауға да қатысып қалармын, – деп қорытындылады әнші.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...