Театртанушы Айзат Қадыралиевамен Атырауда өткен театр фестивалінде бірге болып, Рахымжан Отарбаев др...
Жаңа кезеңде театр жастарға назар аударғаны жөн
Қоғам өмірімен қатар дамыған қазақ театры өзіндік даму үдерісі бар жанды организм. Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл уақытта бұл үдерісті анық көрдік. Дәл қазір өткенді бағамдап, артқа көз тастап келешекті болжайтын бір есепті кезеңде тұрмыз. Жүріп өткен даму белестеріміз бен жетістіктеріміз, іркілістеріміз бен кемшіліктеріміз көз алдымызда. Жіберген қателіктерді келешекте жасамау, өткеннен сабақ алу бүгінгі және келер ұрпақ үшін өте маңызды. Ой қорыту мен тұжырым жасауға еліміз жүріп өткен мазмұнды жолымыз бар, бай тәжірибеміз де жеткілікті.
Байқасақ, тәуелсіздік кезеңнің қазақ театрына берері көп болды.
Алдымен, осы кезең аралығында елімізде бар театрлар қатары едәуір өсті. Тicketon.kz қызмет көрсету орталығының жариялаған есебі бойынша бүгінде Қазақстанның театр картасында жалпы саны 84 театр түрлі бағытта жұмыс істейді екен. Облыстар мен ірі қалаларда жаңадан қазақ театр труппалары дүниеге келіп олардың жұмыс істеуіне сән салтанаты келіскен көрікті жаңа театр ғимараттары қолданысқа беріліп қазақстандықтардың мәдени демалатын көрікті орындарына айналды. Сонымен бірге ірі мегаполистерде жекеменшік, тәуелсіз театр компанияларының саны да жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл ұлттық театрлардың еліміздің дамуы тарихында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген кезі. Кеңестік дәуірде қалыс қалған ана тілімізге, салт-дәстүрімізге т.б. ұлттық құндылықтарға деген көзқарасты түзеуде бұл қадамдардың маңызы зор болды. Солтүстік өңірлерде қазақ театрлары ашылып бір жақты дамыған мәдени тепетеңдікті орнына келтірді. Театр тек қана мәдени дем алу мен көңіл көтерудің орны ғана емес, ұлттың рухын, құндылығын бекіте түсетін, халыққа әсемдік пен ізгілікті, шабыт пен шынайылықты дәріптейтін рухани-мәдени орта екенін анық көрсетті.
Екіншіден, тәуелсіздікпен бірге қазақ театры да кеңестік дәуірде армандай алмаған еркіндігіне қол жеткізді. Әрбір театр ұжымы өз репертуарын еркін түзіп, қалаған тақырыбы мен кейіпкерін сахнаға шығаруға мүмкіндік алды. Бұл хан сарайындай кең театр ғимаратының ішкі мазмұнына елеулі жаңалық алып келді. Ұлтымыздың кеңестік идеология қысымымен көз жазып қалған ақтаңдақтанған тарихы, жоғалтқан мәдени құндылықтары, ұрпаққа азық, санаға сабақ болар рухани мұралары қалпына келді. Көрерменге қызықты қойылымдармен репертуар толықтыру жолында жасалынған шығармашылық жұмыс нәтижесін көрдік. Партия мен идеологиялық күштердің міндеттеуінсіз, халық қажеттілігіне жараған сапалы жұмыстар сахнаға шықты. Талай тарихтың қалтарысында қалып кеткен ел мен жердің тағдырлы тарихы, ел жадынан күштеп шығарылып тасталған тарихи тұлғалар сахнадан көрерменмен қауышып ұрпақ санасын жаңғыртуға театрдың атқарған рөлі зор болды. Қатаң шектеулер қойылған қазақ халқының репрессияға ұшыраған авторларының шығармаларын заманға, ұлттық ұстанымға сай көзқараста оқуға мүмкіндік туды. Нәтижесінде, әр театрдың репертуары кеңестік идеологиялық балластан тазарған, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандары мен ұлттың үздік қаламгерлерінің көрермен үшін қажеті орасан зор туындылармен толықты.
Ешкімге тәуелді болмай 30 жыл дамыған театрдың нәтижесін алақандағыдай көріп отырмыз. Бәрекелде! Бірақ, осымен «болдық-толдық» - дейтін болсақ онда бұл әңгімеге нүкте қойып, басқа шаруамен айналысқанымыз жөн. Олай болмаса әрі қарай не істейміз? – деген сұрақ туындауы заңды. Осы бағытта атқарылған жұмыстар біздің кешегі өткен тарихымыз айналды. Оған салауат айтып біз енді кезекті уақыт алға тосқан қазақ театрының келешегі жайлы ойлануымыз керек. Осы бағыттағы ізденістер биыл, келесі жылы да әрі қарай жалғасын таба бермек. Біз сол жұмыс бағытының негізгі салаларына назар аударамыз. Бұл айтылған қазақ театрының еншісіне байланған жетістіктердің барлығы кеше мен бүгінгі театрдың еншісінде. Жаңа барыс жылымен ел өмірінде болып жатқан елеулі өзгерістер қоғамды да, сол қоғамның әрбір мүшесінің санасын өзгеріске түсірген түбегейлі сілкністерді алып келді. Осындай іргелі өзгеріске түсіп жатқан қоғамда қазақ театры қалай өмір сүреді? Қандай шығармашылық ізденістерді ту ету керек?
Байқағанымыздай, қазақ халқының ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің мол тізімі қазақ театр репертуарын байытатын М.Әуезовше айтқанда «шикізаты» болады. Барлық қазақ театрының негізі ұлттың әдебиетінен бастау алатындықтан бұл саланың келешекте қазақ театрының жарнамасынан көруіміз заңдылық. Онысыз қазақ театрын ұстап тұратын тұғырдың бір тағаны кем болмақ. Қазақ театры өзінің ұлттық классик драматург-жазушылары: Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Хұсайнов, Т.Ахтанов, Д.Исабеков, Иран Ғайып, С.Балғабаев т.б. замандас суреткерлер туындыларынсыз толық болмайды. Екінші сала тарихи тақырыптар мен тарихи тұлғалар бейнелерінің галереясы сахнамыздың жиі қойылатын спектакльдері болуын жалғасын табады. Бұған дейін қойылған тақырыптарға қоса әлі де болса өз кезегін күткен халқымыз бен мемелекетіміздің тарихында ойқастап із қалдырған тұлғаларымыз жеткілікті. Бұл көрсеткіш әрі қарай жалғасын таба бермек. Үшіншіден, әлемдік классикалық драматурги қазақ театрының репертуарынан өзінің құрметті орнын алатынына сеніміміз кәміл. Себебі, «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» соңғы 2 жылда 43 республикалық театрда жүргізген сұрақ-жауап нәтижесі бойынша қазіргі қазақ театрларының сахнасында ең жиі қойылатын шетелдік авторлар көшін бастаған Шекспир мен Чеховқа басқа ешкімнің де ілесе алмауына қарап бұл үдерістің де әлі біразға дейін шабатынына көзіміз жетеді.
Осы жерде кезінде талай драматургтер мен театрлардың маңдайын тасқа соқтырған идеологиялық көзқараспен қолдан жасалған драмалардың болғанын тарихтан еске аламыз. Бүгінгі заман жайлы пьеса жазып, замандастарды, оларды толғандырған мәселелерден тізіп сахнаға шығару қиынның-қиыны екені анық. Және сол тарихымыз бізге «олай пьеса жазып қоюға болмайды» - деген маңызды сабақ берген еді. Осыны біле тұрып заман мен замандас, олардың өмірідегі күресі мен күңіренісі жайлы шығарма бер деп айтуға аузың бармайды. Десекте, айтылуы керек мәселе бар. Қазақ театрының сахнасына бүгінгі өмір тынысын ашатын пьесалар қойылуы керек. Себебі біздің халықтың бүгінгі тарихы мен даму белестері театрдың қазіргі шығармашылық ізденістерінде көрініс таппаса, көрермендерін бүгінгі өмірдің толғақты мәселелеріне назарын аудармаса, ондай театрдың жұмысын бір жақты болмақ. Заман алға тартқан өзекті тақырып пен маңдайын тау мен тасқа соққан кейіпкерлерін толғандырған пьесалар болмаса қазақ театры мұрағат пен мұражайдың деңгейіндегі өнерге айналмақ. Ол жайлы Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы жылдардағы қорытынды отырысында жасалған баяндамаларымыз бен өзге де мақалаларымызда айтқанбыз. Бүгінгі күннің сәт сайын өзгеретін тынымсыз ырғағы, қоғам мен адамның қарама-қайшылыққа толы көзқарастарының қақтығысы, ғылым мен техниканың қарыштап дамуымен адам санасының, көзқарасының, пиғылының, пейілінің өзгеруінен қоғам алдына тартқан шешуі қиын жұмбақ та күрделі мәселелеріне арнап пьесалары жазылуы керек деп білеміз. Театр өнері мұндай туындыны сахнаға қоймаса басқа қай саладан белсенді әрекет күтуге болады? Осы және өзге де өзекті мәселелер бүгінгі театр репертуарының маңызды бөлігін құрауы керек. Осы төңіректе заманауи репертуар түзу, оны спектаклдің көркем үлгісінде көрерменге ұсыну жолдарын ойлануымыз қажет. Бүгінгі театр теориясында «жаңа драма», «постдрамалық театр» т.б. ұғымдары бекерден-бекер қолданыста жүрген жоқ. Әлемдік, өзге ұлт театрлары аяқ басқан мұндай заманауи театр үдерістерінен біз де алшақ тұра алмаймыз. Қазақ театрының бүгінгі дамуындағы осы бағытта істелінетін жұмысты арнайы мамандармен бір пысықтап алсақ артық болмайды. Халықты толғантқан тақырыптар театр сахнасынан ойналып жатса көрермен театрды өзі іздеп келер еді. Соның ішінде бүгін босаңсытып алған жастар аудиториясын театрға тарту мәселесі де бір жақты бола түсер еді. Заманның өзекті тақырыптары көтеріліп өткір мәселелер санадан айтылса қазақ театрының назар аударған, сахнаға қойған спектакльдеріне қарап театр мемлекеттің, қоғамның, халықтың, оның кішкентай адамдарының өмірімен қоян-қолтық өмір сүргендігінің куәсі боламыз. Бұл компонент бүгінгі таңда «заманауи театр» деген маңызды ұғымның ажырамас бір анықтамасы.
Қоғам тірі организм, кез келген шектеулерге немесе тақым батырған нүктелерге кері байланыспен жедел жауап берерін білеміз. Бұл әрине бүгінгі таңда барынша анық көрініс берді. Дамыған озық экономканы алға бастырамыз деген өтпелі кезеңнің ұрпақтарының санасы нарықтық қатынастың әліппесін жабайы капитализмнен алуымен аяққа тұрғанын күтіп жүріп ұрпақ тәрбиелеуде жіберілген олқылықтарымыз жеткілікті болатын. Оны біге жыл басындағы жастардың бейбіт шеруімен басталған дүмпулер жалаңаштап көрсетті. Халықтың әл ауқатының нашарлауына кері әсерін тигізген әлеуметтік кризистер мен ішкі іркілістер ұштаса келе сабақ аларлықтай сілкіністі бастан өткердік. Көшеге шыққан ел болашағы – жастармыздың бейбіт шеруі өздерінің арам пиғылды террористік топтың ықпалына ергенде ауыздық бермеген бұзақылар мен мородерларға айналып шыға келді. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қазақ елінің бағыт-бағдарын айқындауда «алдымен экономика...» - деген ұраны жалпы мәдениетті, театрды, өнерді оның маңызды идеологиялық құрал санатына қосылып аса мән берілмегенін көрдік. Еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігіне қауіп тудырған бұл қанды оқиға біздің жастармен жұмысымызды бұл салада еселеп жалғастыру керектігін көрсетті. Жастарымыз мәдениетпен суарылып театр, концерт залына барып үйренсе көшеде мұндай бұзақылық пен вандализмге болар ма еді? Бастысы осыншама жазықсыз жастарымыздың қаны төгілер ме еді? Бұл кезінде «жоғалтып алған ұрпақтың» елді жайлаған коррупцияға, қоғамдағы теңсіздікке қарсы алаңға шығып, арты радикалды құбылысты тудырған қоғамға қайтарып жатқан жауабындай көрінеді.
Сол өскелең ұрпақтың санасы мен рухани әлемін қалыптастыруда алдыңғы жылдар жұмысына көз салғанымызда жіберілген кемшіліктеріміз де қылаң береді. Жалпы мәдениетті, соның ішінде театр өнері де бар, тобырлық таным деңгейіне түсіріп алдық. Барлық есік пен тесіктен құйылған жат діни, экстремистік ұстанымдағы ағымдар мен батыстың тобырлық мәдениетіне айырбастау кезінде көп уақыт орын алды. Қаншама жастарымыздың жат саяси ағымдарға еруі, қаншасының діни көзқарастарының өзгеруі осы кездері орын алды. Осы кезеңде өсіп жетілген жастарымыздың бойына негізгі танымы мен тәрбиесіне жас ұрпақтың бойында болуға тиіс ұлттық құндылықтарды еге алмағанымыз осы кез. Тірек болар ұлттық ұстанымдағы идеологиялық бағытымызды анықтап жеткілікті тұғырлай алмадық. Өскелең ұрпақ қажет ететін заманға сай театр спектаклінен жастар: эстетикалық рухта тәрбиеленуге, жедел ақпарат алуға, тәрбиелік мәні бар үлгілерімен танысуға, уақыт пен заман талап еткен өзекті проблемаларды еркін, белсенді талқылауға дағдылана алмады. Мәселе көтерген қойылымдарды шығару арқылы олардың азаматтық позициясына құлақ түруде салғырттық болды. Өзекті мәселе көтеруге, қоғамда болып жатқан кер кеткен жайларға өткір сын айтуға шенеуніктерден бастап республиканың БАҚ жалтақ болған кезде театрларымыз да сол шеңберден шығып батыл сөз айта алмады. Өзді-өзіне цензор болып «үндеме», «тыныш жүр», «қайтесің» деп басу айтудан әріге бара алмадық. Әрбір көрермен үшін тайталаста театр өзінің маңызды міндеттерін орындауда бейтараптық және салғырттық танытқанын көреміз. Оған әр түрлі экономикалық, қаржылық, экологиялық, саяси дағдарыстарды кіналасақ-та басты жауапкершілік өзімізден екендігін ұмытпауымыз керек. Сондықтан жастар тәрбиесін, идеологиялық ұстаным мен көзқарастардың алуандығы секілді өте сезімтал болып келетін мәселелерде ресми мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өнер ошақтарының ортақтасып атқаратын жұмыстары жеткілікті.
Қазақ театры еркін репертуар түзу, кейіпкер мен тақырып таңдаудағы мүмкіндігі толық пайдаланылмай келеді. Театр алдымен өзінің негізгі міндеттерін орындауға тырысуы керек. Ол бұлжымайтын шындық және барынша орындалып жатыр. Бірақ сол міндеттерінің ішінде біз астын сызып көрсетер тақырыптар мен кейіпкерлердің сахнаға шығуы жеткілікті назарда емес. Өткен жылдың аяғында Қазақстан Жазушылар одағының кезекті 2020 жыл қорытындысында баяндама жасағанда драматургиядағы басты мәселе ретінде «Осы заман адамының болмысын ашатын пьесалар керек» - деген тақырыппен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған еді (№ 49, 3.12.2021ж.). Мақалада көтерілген қазақ драматургиясындағы хал қазақ театрының репертуарының айнасында көрінеді. Заман мен адам, сол дәуір адамдарының жан дүниесі, оларды толғантқан сан қилы мәселелер сахнадан айтылмаса, ХХІ ғасыр адамының болмысы мен бітімі сахнадан бар шындықты жеріне жеткізе айтпаса театр да драматургия да көрерменге өлі спектакль ұсынады. Жастарды театрға тарту мәселесінде «тірі өнер» деп жауырға айналған ұғым реанимация жасайтын кез келді. Сахнада тіршілік пен жанды адам бейнесін көрерменмен қауыштыруға батыл қадам жасалынуы керек. Бұл тек актерлердің ойынына байланысты ғана емес, жаппай репертуар таңдаудағы көрерменді театрдан үркітпейтін, керісінше театрға жақындататын, бір келгеннен кейін театрдың қалған репертуарын да толық көруге асық ететін спектакльдер қоюға талпыныс керек.
Жас көрермен сахнадағы кейіпкердің іс әрекетінен өзін көрмесе, оқиға желісінен өз ортасын танымаса, әуен-ырғағынан заман тынысы мен үнін сезінбесе ол «тірі өнер» болмақ емес. Сахнасында қойылып жатқан көп спектакльдер осындай талаптарға сай емес. Сол спектакльдердің бүгінгі жас көрермен үшін ой саларлық, толғантарлық көркемдік сапа деңгейі, таңдап алынған тақырыбы мен кейіпкерлерінің ұстанымдарының дұрысы мен бұрыстығын анықтауында жетпей жататын көркемдік талғам мен сыни көзқарастың жоқтығы да баса назар аудартады. Сондықтан театр репертуарын түзуге қажетті кәсіби білім мен көркемдік деңгейден бөлек өнер мен заман, адам мен қоғам арасындағы болып жатқан, болатын өзгерістерді тамыршыдай дөп басып таба білу және дер кезінде көрсете білу үшін театрларымызға талмай еңбектену қажет. Әрбір қойылымымен көреременді ойланту, тәуелсіз елдің азаматына тән позициясын қалыптастыру, толғандырған ойын іркілмей, ашық айтатын өзіндік көзқарасы бар көзі ашық жастарды тәрбиелеуге театрдың да белсенді араласу қажеттігі қазіргі таңда арта түсті. Барлық маңызды ақпаратты әлеуметтік желіден алатын ұрпақтың заманында театрға орын мүлдем қалмай брады. Өнер ордаларының жұмысына халық санасын жаулайтын көркемдік сапасы жоғары соны шешім болаты жол таңдау қажет.
Бұл бағытта азын-аулақ қозғалыстар бар. Осы кезге дейін біртұтас организм болып сіресіп келген қазақ театрларында соңғы бірнеше жылда отау ішінен отау құрылып екіге бөліну бар. Бұл екіге бөліну жақсы мағнасында құптарлық үдерістен басталады. Жер-жерде облыстық театрдың труппалары жанынан немесе жеке дара Жастар театрлары түзіліп, олар өздерінше ізденіспен заман талабына сай жоғарыда біз атап өткен заманауи өнер жасамаққа талпынысы бар. Қадамдарын басшылар қолдап аяққа тұрып кеткендері қазір жақсы жұмыс істеуде. Бастамай жатып облыс пен театр басшыларының назары ілікпеуінен жігері тасқа соғылған жас режиссерлеріміз де баршылық. Десекте, бұл жаңа үрдіс барлық тараптардан жан-жақты қолдау көрсетуді керек етеді. Заман жастардікі, олар өз замандастарымен солардың тілінде сұхбат құрып мүмкіндіктерін толығымен көрсетуі қажет. Жастармен Жастарша сөйлесу үшін осындай театрларды құру бастамасының маңызы мен мәні өте зор.
Сөзімізді қорыта келгенде, қоғам өміріндегі өзгеріске түсіп жатқан уақыт тынысы талап еткен жаңа сұранысқа сай қазақ театры жоғары сахналық өнер мен қазіргі өмір шындағын ұштастырған көркемдік деңгейі жоғары спектакльдер қоюға бет бұрады деген үміттеміз. Осы күнге дейінгі көркемдік-шығармашалық жетістіктерді еселей отырып, дәстүр мен сабақтастықты әрі қарай дамытатын ұлт театр болып қалуымен бірге өзінің репертуарлық саясатын құруда заманға сай елеулі өзгерістерге бет бұруға баруы тиіс. Көрерменмен жұмыс істеуде, өзіндік жұмыс жоспары мен шығармашылық кестесіне уақыт талап еткен өзгерістер енгізуге дайын мобильді шығармашылық ұжым болуға бағыт алу керек. Республикалық және облыстық театрлардың репертуарынан заманды жырлайтын жас көрермендерге арналған спектакльдер көптеп табылуын назарда ұстау маңызды. Заманаға сай қоғам мен халықтың бет-жүзі (портреті) айқын ұлт театрының драматургиясын қалыптастыру да уақыт талабы. Балалардың жылы деп танылған биылғы 2022 жылы театрдың ең жас, ең шынайы көрермендері үшін репретуар түзуі, балалар мен жасөспірімдерге арналған туындыларды барынша көркемдік сапалы қою назар болуы керек.
Аманкелді МҰҚАН,
өнертану кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі