Жұмат Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры

ТЕАТР
4364

1932 жылғы 21 маусым күнгі Атрауовтың төрағалығымен өткен Оңтүстік Қазақстан облисполкомның мәжілісінде Мемлекеттік қазақ театрын ұйымдастыру үшін Облфо-дан ОблОНО-ға (Облыстық халық ағарту бөлімі) 1000 руб. беру жайында шешім қабылданды. Оңтүстік Қазақстан ВКПб бюросының 1934 жылғы 29 октябрь күнгі мәжілісінде талқыланып, шешім қабылдауы – театрдың жаңа тарихи күнінің кіндігін кесті.

Облыстық халық ағарту бөлімі, театрға қажетті мамандарды іріктеу мақсатында 1934 жылдың 11-маусымында көркемөнерпаздар үйірмелерінің облыстық байқауын ұйымдастырып, байқаудан озып шыққандары, яғни Шымкент коммунистік университетіндегі үйірме мүшелері Тәкен Мәдіқожаев пен Әуезхан Мырзалиев, халық сотында қызмет атқарған Исабек Тәуірбалин, сонымен қатар үздіктердің қатарынан табылған Жәнібек Арғынбаев, Мәлік Жүсіпов, Гүлжамал Батырғалиева мен Ақбөпе Даукенова, Райысхан Байкеновтер театрға актерлік топқа іріктеліп алынды. Кеңестік дәуір ағымында қазақ жастарының коммунистік тәрбиемен рухтанып жатқанын насихаттайтын Қазақ педагогика институтының студенті Ғұзайыр Жасақбаевтың “Замана заңы” туындысы сахналанып, «театрда қойылған тұңғыш спектакль» болып тарих бетінен орын алды.

1934 жылдың 25-қаңтарында қазақ оқу-ағарту халық комиссиариатының коллегиясы «Актер кадрларын дайындау туралы» қаулы қабылдап, Мәскеу театр комбинатындағы (ГИТИС) қазақ бөлімімен, Ленинград сахна өнерінің техникумы жанынан қазақ бөлімін ұйымдастыруға ұсыныс жасалады. Осылайша оңтүстік өңірінің бір топ жастары: Р.Байкенов, Ф.Жакенов, Г.Батыргалиева, А.Даукенова, Т.Мәдіқожаев, М.Жүсіпов сынды алты артисін Ленинградқа оқуға жібереді.

Кеңестік дәуірден бастап бүгінгі егемендік алған күнге дейін театр сахнасында асқар таудай дарынды тұлғалар көремендерге өз өнерлерін паш етіп келді. Ұлттық театр өнеріндегі режиссерлердің бір туар тұлғалары Ж.Шанин атындағы қазақ драма театр сахнасында қолтаңбаларын қалдырып кетті. Олар: Р.Әбдірахманов, Ж.Арғынбаев, Ғ.Хайруллина, Ә.Ордабаев, Қ.Шанин, Т.Өтебаев, Ж.Омаров, Р.Сейтметов, Ә.Құлданов, И.Сапаров, Е.Уразимбетов, С.Тасеменова, Ғ.Арынов, А.Алтынбеков т.б.

Театрдың бүгінгі шығармашылық, ұжымдық тұрмыс-тіршілгі бір қалыпты деңгейде. Труппа құрамында алдыңғы буын, орта буын, кіші буын актерлер талмай еңбек етуде. Олардың ішінде: 3 – «ҚР еңбек сіңірген артисі, 2 – «ҚР еңбек сіңірген қайраткері, 3 – «Парасат» орденінің иегері, 11 – «ҚР мәдениет қайраткері», 2- «Мәдениет саласының үздігі», сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан берілетін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің 10 иегері бар. Театр репертуарында жалпы саны – 35; ересектерге арналғаны - 25, жасөспірімдер мен балаларға арналған - 10 ертегі бар.

Театр тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде халықаралық, республикалық түрлі театр фестивальдерінде өрнекті өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Олар Стамбул қаласында өткен түркітілдес халықтарының, Ташкент, Әндіжан қалаларында өткен Орта Азия мен Қазақстан халықтары театрларының фестивальдерінде ұлттық театр өнерінің бояу нақышын көрсетті. 2002 жылы Қызылжар /Петропавловск/ қаласында Ғ.Мүсіреповтың 100 жылдығына орай өткізілген Республикалық театр фестиваліне Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясымен, 2003 жылы Орал қаласында өткен ХІ Республикалық театрлар фестивалінде И.Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?!» қойылымымен қатысып «Үздік режиссер» номинациясын иеленді. 2005 жылы Бішкек қаласында өткен Еуропа мен Орта Азияның 14 елінің театрлары бас қосқан «Арт-ОРДО» фестивалінде, театрымыз Ш.Айтматовтың «Жанпидасымен» қатысып, «Бас жүлдені», «Үздік суретші», «Үздік режиссер» номинацияларын қанжығасына байлады. Халықаралық «Театр көктемі – 2007» фестивальдерінде театр ұжымы М.Байғұт, Е.Уразимбетовтың «Бозторғайдың ұясы» спектаклімен «Бас жүлдеге» ие болды. Ақын, драматург Иран-Ғайыптың 60 жылдығына орай 2007 жылы Қызылорда қаласында өткен театрлар фестивалінде Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?!» спектаклімен қатысып «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды. 2009 жылы Қарағанды қаласында өткен Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған Республикалық театрлар фестиваліне ұжым Д.Исабековтың «Мұңлық-Зарлық» драмасымен қатысып, «Эпостық шығарманы сәтті меңгергені үшін» номинациясына ие болды. Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Театр көктемі – 2011» республикалық, аймақтық театр фестивалінде театр Е.Тұрысовтың «Ұлы көш» тарихи драмасымен қатысып бас жүлдені «Ең үздік тақырыптық қойылым» номинациясымен жеңіп алды. Бүгінгі таңда театр репертуарында әлемдік, қазақ классикалары, тарихи, бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын арқау еткен шығармалар берік орын алған. Ұжымда 143-тен астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың 63- шығармашылық қызметкерлер.

Ұжым соңғы 3 жылда, яғни :

2010 жылы - 4 қойылым (көрермен саны 34 мың адам, жалпы қойылым саны – 258);

2011 жылы – 4 қойылым (көрермен саны- 42 мың адам, жалпы қойылым саны– 266);

2012 жылы – 5 қойылым (көрермен саны-54 мың адам, жалпы қойылым саны–204) ;

2014 жылы – үстіміздегі 8 ай бойынша 4 қойылым (көрермендер саны 18400 адам. Жыл басынан қойылған қойылымдар саны – 131) қойып, көрермендерге сапалы қызмет етуде.
author

Жұмат Шанин

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...