30 НАУРЫЗ Жұма 18:30 Авторы:У.Шекспир Аудармасы:Х. Ерғалиев Жанр:Трагедия Ұзақтығы:2...
Қуыршақ театрының жаңа белесі – "Макбет. Иллюзия"
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында әйгілі ағылшын драматургі У.Шекспирдің тырнақалды туындысы «Макбет» трагедиясының желісінде режиссер Дина Жұмабаева ұсынған жаңашаинтерпретация - «Макбет.Иллюзия» спектаклі театр сүйер көрермен қауымға жол тартты.
Ұлы драматург У.Шекспир шығармашылығындағы «Макбет» трагедиясы сан ғасырлар өтсе де күні бүгінге дейін орасан зор сұранысқа ие, мағыналық, мазмұндық, идеялық, философиялық астарлы тұстарымен өзгеше классикалық туындылардың жауһары саналатын құнды дүние. Мыңдаған режиссерлер мен сахна майталмандары аталмыш пьеса негізінде түрлі тақырыптарды көтеріп, көрерменге «жаңа Макбеттің» озық үлгілерін үздіксіз ұсынып келеді. Ал, күні кеше сахналанаған «Макбет.Иллюзия»спектаклінің ең басты жетістігі мен ерекшелігі – тұңғыш рет қуыршақ театр сахнасында бой көрсетуі.
«Макбет.Иллюзия» спектаклі – ой мен сананың, қатігездік пен ізгіліктің, жан мен тәннің жанталасқан арпалысы, толастамас күресі. Ондағы кейіпкерлердің барлығы дерлік елес бейнесінде тіл қатады. Сол арқылы өмірдің өзі сағымдай ғайып болатын өткінші, ертегідей ғажайып, алдамшы да қатігез екендігін алға тартады. Басты кейіпкерлердің ішкі әлемінде орын алатын шым-шытырық шырғалаңға толы мағынасыз қиял мен мазасыз ойлардың метафоралық элементтері – тірі кептер (бостандық пен бейбітшілік), қатқан мұз (қатігездік пен суықтық) сынды детальдар арқылы режиссер кейіпкер характерін берудегі ұқсастыққа баса мән береді. Жындар мен шайтандар образын адам мен құс бейнелерінде салыстыру арқылы да символикалық шешімдерді үздік қолданады. Негізгі тақырып – ұрпақ жалғастығы болғанымен, астарындағы билік пен абырой, даңқ пен дақпырт, адамдық пен зұлымдық, қарғыс пен қан, жалғыздық пен қорқыныш, өкініш пен тыныштық ұғымдары қатар қабысады.
Аталмыш спектаклді тамашалаған театр саласы мамандарының басым көпшілігінің алғашқы сұрағы: «Мұндай қойылымдарға біздің қоғам, қарапайым көрермендер дайын ба?». Мағыналас сұрақтардың қойылуы орынды десек те, бүгінгі толассыз ақпараттардың тоқтаусыз таралуында қажеттісін қармап қалатын таным мен түсінігі, талғам мен тағылымы басқа замануи адам үшін жаңалыққа толы тың сипаттағы, күтпеген батыл шешімдермен ерекше «Макбет.Иллюзия» сынды туындылар ауадай қажет. Себебі, бүгінгі көрерменнің жаттанды формат пен тәрбиелік мәнді қойылымдармен қатар, салыстыруға тұрарлық, адам санасы мен ақыл-ойына қарсы өріс алатын әрекеттерден құралған бейнелерден де алары көп.
Кәсіби қуыршақ театрының жаңа белесіне куә болғыларыңыз келсе, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында асыға күтеміз!
Мадина ТӨЛЕ