«Алло, мама» – үнсіз қалған тағдырлардың жанайқайы

Фотосурет Қосшы қаласы әкімдігінен

ТЕАТР
91

Қосшыдағы Қоғамдық мәдени-спорт кешенінде Ш. Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры «Алло, мама» драмасын сахналады. Осылайша, театр ұжымы осы бір өнер қарашаңырағының 30 жылдық мерейтойына орай жасалған гастрольдік сапарын елорда іргесіндегі жас қаладан бастап отыр. Осы қадамның өзінен-ақ Қосшының қарқынды дамуында мәдениет саласының да айшықты орны бар екенінін айқын аңғаруға болады.

Бүгінгі қоғамның жүрек түкпіріндегі ең нәзік әрі ең ауыр тақырыпты қозғаған қойылымда ана мен бала арасындағы нәзік сезім иірімдері суреттеледі.

Тәжік режиссері, драматург Барзу Абдураззаковтың қоғам мен сыншылар тарапынан оң бағасын алған туындысын ұлттық сахна кеңістігіне шығаруды театр ұжымының шығармашылық тұрғыдан тәуекелді қадамға барғаны дер едік. Дегенмен бұл тәуекел өзін ақтағандай. Қойылымның көрерменді бейжай қалдырмайтын әлеуметтік-психологиялық драмаға айналғанын көріп, жас режиссер Тасқын Мажитовтің шеберлігі мен әртістердің өз рөлдерін асқан талғампаздықпен керемет сомдағандарына тамсандық.

Қоғамнан тыс қалғандар

Спектакльдің атауының өзі символдық. «Алло, мама» – көмекке шақыру ма, әлде кеш қалған өкініш пе? Бұл – әр көрерменнің жүрегінде әрқалай жаңғыратын сөз. Қойылымда ана бейнесі тек нақты кейіпкер ғана емес, мейірімнің, қорғанның, жоғалған жылылықтың символы ретінде көрінеді.

Драмада өмірден тыс қалған жандар бейнеленеді. Тұрмыстық қиындық, әлеуметтік теңсіздік, жалғыздық – олардың күнделікті серігі. Бірақ спектакль бұл кейіпкерлерді аянышты күйде көрсетуді мақсат етпейді. Керісінше, олардың ішкі әлеміне үңіледі.

Әр кейіпкердің өз трагедиясы бар. Бірі – үмітін жоғалтқан, бірі – арманынан айырылған, бірі – қоғамға өкпелі. Алайда бәрін біріктіретін ортақ сезім бар: ол, біздіңше, қоғамның өздерін түсінбеуі. Драма дәл осы түсінбеушіліктің қасіретін керемет ашқан деуге негіз бар. Адамға кейде бір үзім наннан гөрі жылылық, баспанадан бұрын жанашыр сөз қажет екені белгілі ғой. Міне, спектакль осыны анық аңғартқандай болды.

Ана образы – мәңгілік құндылық

«Алло, мама» – сыртқы әрекеттен гөрі ішкі драматизмге құрылған қойылым. Мұнда шулы оқиғалардан гөрі, үнсіздік «сөйлейді». Кейіпкерлердің жандүниесіндегі қайшылықтар, үміт пен торығу арасындағы арпалыс сахнаның негізгі қуаты болса керек.

Драма көрерменге дайын жауап ұсынбайды. Керісінше, сұрақ қояды: қоғам неге өз азаматтарын жалғыз қалдырады? Неге адам ең қиын сәтте «мама» деп көмекке жүгінеді? Бұл – әлеуметтік мәселе ғана емес, рухани дағдарыстың көрінісі іспетті.

Қойылымдағы ана бейнесі – ұлттық дүниетанымға жақын, жүрекке жылы образ. Ана – мейірім мен кешірімнің, сабыр мен шексіз махаббаттың иесі. Бірақ спектакльде бұл образ романтикалық бояумен ғана берілмейді. Ол – баласының қасіретін көтерген, тағдыр тауқыметін үнсіз арқалаған күрделі тұлға.

«Алло, мама» атауының астарында сағыныш та, өкініш те, кешірім сұрау да бар. Бұл сөз кейіпкерлердің ғана емес, қоғамның да ішкі үніндей естіледі.

Драма – қоғаммен диалог

Бүгінгі театр тек эстетикалық ләззат сыйлаумен шектелмеуі керек. Ол қоғаммен «сөйлесуге» тиіс. «Алло, мама» – осы миссияны орындауға ұмтылған қойылым. Әлеуметтік әділетсіздік, рухани жалғыздық, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі сахна тілінде көркем өрілген.

Бұл драма көрерменді аяушылыққа емес, ойлануға жетелейді. Әрқайсымыз кейде біреудің жанайқайын естімей қаламыз ғой. Қойылым осы немқұрайлылыққа қарсы үн қатады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «Алло, мама» – бүгінгі күннің драмасы. Ол біз өмір сүріп отырған қоғамның шындығын көрсетеді. Театр сахнасы бұл жолы айнаға айналды. Сол айнадан әркім өзін көре алды деген сенімдеміз.

Драма – ең алдымен адам туралы жанр десек, адам жанының күйзелісі мен үміті ешқашан ескірмейді. «Алло, мама» осы шындықты тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қойылымды тамашалаған көрерменнің көкейінде бір ғана сұрақ қалуы мүмкін: біз бір-бірімізге жеткілікті деңгейде жылылық сыйлап жүрміз бе? Егер қойылым осы ойды тудырса, демек, театрдың өз мақсатына жеткені деп ойлаймыз.

Манарбек ҚЫДЫРБАЙ, театрдың көркемдік жетекшісі:

Бұл қойылым ертеректе сахналанған. Қойылым сценариі театрымыздың Анасы, негізін қалаушылардың бірі, бүгінде 86 жасқа толған Жібек Бағысова апамыздың басты кейіпкер – Ана рөлін сомдауы үшін лайықтап жазылды. Драмада көтерілетін басты тақырып – ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, адамдардың күйбең тіршілікпен үлкен қалаларға кету мәселесі көтеріледі. Ананың қанша алыста болса да баласынан бірауыз жылы сөз естігісі келетіні баяндалады. Мұнда алыстағы ұлын сарыла күткен жалғызбасты ананың жай-күйі, ұлына деген алаң көңілі астарлы оймен кестеленеді. Ұлы мен анасы тек телефон арқылы ғана хал сұрасып тұруға мәжбүр... Қысқасы, қойылым «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» деген мақалға жауап береді деуге болады. Бұл – драманы сахналаған жас режиссер Тасқын Мәжитовтің тырнақалды туындысы. Көрерменге ерекше ұнаған қойылым болды.

 

Жібек БАҒЫСОВА, ана рөлін сомдаған актриса, Қазақстанның Халық әртісі, Мәдениет қайраткері:

«Алло, мама» – мен үшін жай ғана рөл емес, жүректен өткен тағдыр. Бұл қойылымға келгенде мен алдымен ананың ішкі әлемін ашуға тырыстым. Ана – тек мейірімнің символы емес, сабырдың, күтудің, үнсіз күйзелістің иесі. Сахнадағы ана баласына ақыл айтатын, оны жазғырған кейіпкер емес. Ол – баласының әр демін алыстан сезетін жүрек. Бүгінгі қоғамда ата-ана мен бала арасындағы байланыс өзгеріп бара жатқандай. Бұрын бір дастарқан басында айтылатын сыр қазір телефонның арғы жағында ғана қалып қойды. «Алло, мама» деген сөздің өзінде қаншама сағыныш, қаншама өкініш жатыр. Кейде сол бірауыз сөз кешігіп айтылып жатады. Біз қойылым арқылы дәл осы кешігудің қасіретін жеткізгіміз келді. Бұл образ маған оңайға соқты деп айта алмаймын. Әр ана өзінше ерекше, бірақ олардың барлығын біріктіретін ортақ қасиет – шексіз махаббат бар. Мен сахнаға шыққанда тек кейіпкерді емес, бүкіл аналардың жанайқайын жеткізгім келеді. Өйткені ананың үнсіздігі – ең ауыр үнсіздік. Көрермен спектакль соңында үнсіз қалып жатады. Сол үнсіздік – біз үшін ең үлкен баға. Демек айтылған сөз жүрекке жетті. Егер бір көрермен қойылымнан кейін анасына қоңырау шалса, біз мақсатымызға жеттік деп ойлаймын.

 Төлеубай КӨҢБАЙҰЛЫ, ұлының рөлін сомдаған актер, Мәдениет қайраткері:

Бұл – тәжіктің әйгілі режиссері, драматург Барзу Абдураззаковтың туындысы. Қазақстанның, ТМД-ның, Еуропаның көптеген театрында спектакльдері қойылған. Драмада ана мен бала арасындағы махаббат көрініс тапқанмен, қоғамдағы келеңсіз жағдайларды суреттейтін шығарма. Ананың баласы қалада шенеунік – бастық болып жұмыс істейді. Өте астарлы дүние. Қоғамда болып жатқан дүниелерді бүкпесіз көрсетеді. Ана – ауылдағы қарапайым жан. Екі әлем. Екі түрлі өмір салты. Екі түрлі көзқарас. Ана үшін ең бастысы – адамдық, әділдік, халықтың қамы. Ал баласы – жүйенің бір бөлшегі. Қойылымдағы негізгі тартыс та осы жерде туындайды. Ана баласына: «Өкіметке жұмыс істеп жүріп, халыққа қажетті дүниелерді ескермейсің» деген мазмұнда ой айтады. Бұл – тек бір отбасының ішкі әңгімесі емес, тұтас қоғамға қарата айтылған сын десе де болғандай. Драмада билік пен ар, қызмет пен адамдық қасиет арасындағы қақтығыс айқын сезіледі. Ұл жаман адам емес. Бірақ ол жүйенің талабымен өмір сүріп кеткен. Ал ана шындықтың соңғы үні іспетті. Оның сөзінде өкпе де, алаңдаушылық та, бірақ ең бастысы – шынайы махаббат бар. Қойылымда ашық айқай, даурықпа сөз жоқ. Барлығы – ишарамен, кідіріс арқылы, ішкі сезіммен беріледі. Әр диалог – екі адамның ғана емес, екі буынның, екі дүниетанымның сөйлесуі. Ұл анасына қарсы келмейді, бірақ оны толық түсіне де алмайды. Ана баласын жазғырмайды, бірақ үнсіз күйінеді. Осы үнсіздік – драманың ең ауыр сәттері. «Алло, мама» – жеке тағдыр арқылы қоғамдық мәселені көтерген шығарма. Шенеунік баланың бейнесі – жалпылама образ. Ол – жүйеде жүріп, кейде халықтың үнін ести алмай қалған адамның символы. Ал ана – сол халықтың өзі. Қойылым көрерменге тікелей сұрақ қояды: Билік пен халықтың арасы неге алшақтап барады? Қызмет адамды өзгерте ме, әлде адам қызметті ме? Ана алдындағы жауапкершілік пен қоғам алдындағы жауапкершілік бір-бірінен бөлек пе? Дегенмен драма түпкілікті қарама-қайшылықпен аяқталмайды. Қандай жағдай болса да ана жүрегіндегі махаббат бәрінен биік. Ол баласын сынаса да сырт айналмайды. Оның әр сөзі – тәрбиенің, қамқорлықтың, шынайы жанашырлықтың үні. «Алло, мама»  сахнадағы екі кейіпкердің әңгімесі ғана емес, қоғам мен биліктің, ата-ана мен перзенттің, ар мен мансаптың арасындағы тартыс. Қойылым көрерменді эмоцияға емес, терең ойға жетелейді.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Петропавл қаласында тұрмыстық жанжал қайғылы жағдайға ұласты, деп хабарлады MadeniPortal.kz. 5...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қасым-Жомарт Тоқаев екі жылдан кейін біздің спортшылар Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындар...