Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылдың 11-16 қазан күндері аралығында...
Қаңбақ шал ертегісінің қазіргі көрерменмен байланысы
автордан
Алматы қаласындағы Алматы мемлекеттік қуыршақ театры сахнасында 2010 жылы Құралай Ешмұратованың режиссерлігімен қойылған «Қаңбақ шал» спектаклі бүгінгі күнге дейін репертуардан түспей келе жатқан тұрақты қойылымдардың бірі.
Бұл – оның көркемдік негізінің өміршеңдігін, сондай-ақ балалар аудиториясына әсер ету әлеуетінің сақталғанын көрсетеді. Алайда уақыт өте келе көрерменнің қабылдау дағдысы өзгеретінін ескерсек, қойылымның кейбір компоненттері жаңаша көзқарасты қажет ететіні байқалады.
Спектакльдің басты жетістіктерінің бірі – визуалдық шешімдердегі айқындық. Дәулердің бейнесі дәстүрлі түрде күңгірт, үрейлі реңктерде емес, керісінше қанық, ашық түстермен берілген. Бұл режиссерлік тәсіл қорқыныш элементін жұмсартып, кейіпкерлерді балалар психологиясына жақындатады. Соның нәтижесінде Қара дәу мен Қызыл дәу абсолютті зұлымдық иелері ретінде емес, белгілі бір деңгейде комикалық, тіпті карикатуралық сипатқа ие образдарға айналады. Олардың жердің миын шығару үшін сахнада жасайтын ебедейсіз әрекеттері аңғал кейіптерін ашып, көрерменге қабылдауға жеңіл жасалған. Мұндай шешім ертегінің сатиралық табиғатын күшейтіп, «күштінің ақымақтығы» идеясын айқынырақ жеткізеді.
Қаңбақ шал бейнесінің сахналық кеңістікте шешілуі де назар аудартады. Оның үйі мен мекені шартты түрде берілгенімен, ашық құрылым, жеңіл декорациялар және кеңістік еркіндігі кейіпкердің ішкі болмысымен үйлеседі. Бұл еркіндік – тек физикалық емес, рухани категория: Қаңбақ шал ештеңеге тәуелді емес, табиғатпен үндес өмір сүретін, қарапайым тіршіліктің философиясын ұстанатын кейіпкер. Сценографиялық тұрғыдан бұл шешім спектакльдің идеялық жүгін тереңдете түседі.
Дегенмен, қойылымның әлсіз тұстарының бірі – балалармен интерактивті байланыстың жеткіліксіздігі. Қуыршақ театрының табиғаты тікелей коммуникацияға негізделгенімен, бұл спектакльде көрермен көбіне бақылаушы позициясында қалып қояды. Қазіргі балалар театры үшін интерактивті элементтер – тек қосымша құрал емес, драматургиялық қажеттілік. Мысалы, кейіпкердің көрерменге тікелей сұрақ қоюы, ортақ әрекетке шақыруы немесе сахналық ойынға балаларды ішінара қатыстыруы қойылымның әсерін күшейтер еді.
«Қаңбақ шал» – дәстүрлі ертегі құрылымын сақтай отырып, визуалды-образдық шешімдер арқылы жаңаша реңк берген спектакль. Алайда оның ұзақ жылдар бойы өзгеріссіз сахналануы бүгінгі көрерменнің динамикалық қабылдауына толық жауап бере бермейді. Сондықтан қойылымның негізін сақтай отырып, интерактивтілік пен сахналық қарым-қатынасты күшейту – оның көркемдік өмірін одан әрі ұзартудың маңызды бағыты болмақ.
Бұл спектакль ұлттық ертегі кейіпкерін сахнада табысты бейнелегенімен, қазіргі театр үдерісіндегі жаңа талаптарға бейімделу қажеттігін де аңғартады.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер
академисының 3 курс студенті
Нарқыз Қанатқызы