Азамат САТЫБАЛДЫ, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының директоры:– &nb...
Руслан Абу: Ең үлкен дубляжым “Мұзбалақ” болды
автордан
Қуыршақ театры балаларға арналған ертегі әлемі ғана емес, актерден жан-жақтылықты талап ететін ерекше өнер ордасы. Мұндағы актерлер сахнада тек кейіпкер сомдап қана қоймай, қуыршаққа жан бітіреді, дауыс арқылы образ жасайды, кейде дубляж саласында да өз қолтаңбасын қалдырады. Көпшілік қуыршақ актерлерінің еңбегінің сахна сыртындағы қыр-сырын біле бермейді. Солардың бірі Алматы Мемлекеттік Академиялық Қуыршақ театрының актері, анимация әлемінде де өзін сынап көрген өнер иесі Руслан Абу. Оның ішінде көрерменге кеңінен танылған «Мұзбалақ» анимациялық фильміне дубляж жасауы шығармашылық жолындағы ерекше белестердің бірі.

– Көпшілік сізді Қуыршақ театрының актері ретінде таниды. Алайда сіз «Мұзбалақ» анимациялық фильміне дубляж жасаған екенсіз. Бұл жобаға қалай келдіңіз?
— «Мұзбалақ» мен үшін ерекше жоба болды. Бұл шығармашылық жолымдағы ең ауқымды әрі алғашқы үлкен дубляж жұмысым. Оған дейін бірнеше сериалға ғана дауыс жазған тәжірибем болған.
Бұл жобаның тарихы қызық. Фильм бастапқыда толықтай жазылып қойған екен. Бірақ көркемдік кеңес алғашқы нұсқадағы дауысты қабылдамай, қайтадан кәсіби актермен жазуды талап етеді. Осыдан кейін театр актерлері арасынан кастинг ұйымдастырылған. Мені Қуыршақ театрының СММ бөлімінің басшысы Гүлім Көппайқызы ұсынған. Алғашында онлайн кастингке қатысып, дауысымды жібердім. Жүзге жуық үміткердің ішінен төрт адам іріктеліп, офлайн кезеңге шақырылдық. Қызығы, төртеуіміз де бір курстың түлектері едік, тек әртүрлі бағытта білім алғанбыз. Сол сынақтың қорытындысында мені таңдады. Дубляжды Ораза кезінде жаздық. Бір күннің ішінде барлық жұмысты аяқтап шықтым. Әрине, оңай болған жоқ, бірақ бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды.
– Дубляж барысында есте қалған қызықты сәттер болды ма?
— Иә, болды. Кейде ең күрделі көрінетін сахналар оңай жазылады, ал қарапайым көрінетін кішкентай реакциялар қиындық тудырады. Мысалы, фильмдегі ең эмоционалды, күрделі сахналардың бірін бір дубльмен жазып шықтым. Ал кейбір қысқа ғана эмоциялық реакцияларды бірнеше рет қайталауға тура келді. Бұл дубляж өнерінің өз ерекшелігі шығар.
– Кино саласындағы тәжірибеңіз туралы да айтып өтсеңіз.
— Мен сериалдардан бөлек толықметражды киноға да түстім. «По любви» фильмінде басты кейіпкерлердің бірін сомдадым. Бұл фильм Қазақстан мен Қырғызстан кинотеатрларында көрсетілді. Оған түсуім де қызық оқиға болды. Негізі кастингке мен емес, курстас досымды шақырған. Мен мүлде барғым келмеген. Бұрын бірнеше кастингтен өте алмай, үмітім де азайып қалған кез еді. Бірақ досым бірге жүрейік деп көндірді. Сол жерде мені байқап қалып, «Сен де актерсің бе? Проба жасап көрші» деді. Бар болғаны солай аяқ астынан қатыстым. Кейін күтпеген жерден рөлге бекітілдім. Түсірілім кезінде қызық жағдайлар да болды. Фильмнің басым бөлігі орыс тілінде болғандықтан, кей тұстарда қиындық кездесті. Бір ұзақ сахнаны сәтті ойнап шығып, дәл соңғы сөйлемде кішкентай тілдік қате жіберіп, бүкіл сахнаны қайта түсірген кезіміз болды. Кейін ол түсірілім тобының ішіндегі әзілге айналды.
– Сіздің телевидениедегі үлкен қадамдарыңызды білдік. Қуыршақ театрындағы өзіңіз ерекше жақсы көретін рөлдеріңіз бар ма?
— Екі рөлім жүрегіме жақын. Біріншісі «Ана жүрегі» спектакліндегі бала рөлі. Себебі театрға жұмысқа кіргеннен кейін бір аптадан соң осы спектакльдегі басты рөлге бекітілдім. Бұл менің кәсіби сахнадағы алғашқы үлкен рөлім. Осы қойылым мені көптеген халықаралық фестивальдерге алып барды, түрлі елдерді көруге, әлемдік театрлармен танысуға мүмкіндік берді. Шығармашылық тәжірибемнің қалыптасуына үлкен әсер етті.
Екіншісі «Мен бір жұмбақ адаммын… Абай» қойылымындағы Абай рөлі. Абайды сахнада сомдау актер үшін үлкен жауапкершілік әрі ерекше шығармашылық мектеп. Сондықтан бұл рөл мен үшін өте қымбат.
– Бүгінде қуыршақ театрына қызығатын, осы саланы таңдауға ниетті жас мамандарға қандай кеңес айтар едіңіз?
— Ең алдымен, бұл мамандықты шын жүрекпен сүю керек. Себебі қуыршақ театры сырттай қарағанда жеңіл көрінгенімен, өте күрделі өнер. Мұнда тек актерлік шеберлік жеткіліксіз дауыс, пластика, шыдамдылық, қиял, жан-жақтылық қажет. Егер өз мамандығыңды сүйсең, оның қиындығы да, еңбегі де саған ауыр болып көрінбейді. Сонда ғана осы салада өз орныңды тауып, көрерменнің жүрегіне жол таба аласың.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық жолыңызға қарап, қуыршақ театры актерінің еңбегі сахнамен ғана шектелмейтініне көз жеткіздік. Дубляж, кино, түрлі образдар мұның бәрі актердің жан-жақтылығын көрсетеді. Алдағы уақытта да жаңа рөлдер мен жарқын жобаларда көріне беруіңізге тілектеспіз!
– Рақмет!
Сұхбаттасқан Бибігүл ЯТАЙ,
Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының
«Театртану» бөлімінің 2 курс студенті