«Астана Опера» театрында сәуірде тыңдармандардың назарына К.Байсейітова атында...
Шымылдық сыртындағы шындық
Фотосуретті автор ұсынды
Жүсіпбек Аймауытовтың 1920-жылдардағы әлеуметтік-сатиралық туындысы «Сылаң қыз» бүгінгі таңда да өзінің әлеуметтік-мәдени өзектілігін жоғалтқан жоқ. Патриархалдық қоғамдағы әйел теңсіздігі, ескі салт-дәстүрдің кертартпа сипаты және азаттық пен білім алуға деген ұмтылыс – пьесаның негізгі арқауы.
Мемлекеттік жас көрермендер театрының сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров бұл классикалық материалды жаңа интерпретациямен ұсынды. Режиссерлік концепция түпкі идеяны сақтай отырып, оны қазіргі Астана көрерменіне музыкалық комедия жанры арқылы жеткізуге бағытталған. Бұл жанр таңдауы тарихи контекст пен бүгінгі көрермен арасындағы көпірді нығайтып, қойылымның идеялық-көркемдік мазмұнын жеңіл, бірақ салмақты түрде, театрлық шарттылықты ұтымды пайдалана отырып ашады. Спектакль – дәстүр мен жаңашылдық, байлық пен рухани құндылықтар арасындағы мәңгілік текетіресті сахналайтын кешенді өнер туындысы ретінде көрермен назарын өзіне бірден аударады.
Асхат Маемировтың режиссерлік концепциясы классикалық материалды заманауи театр тілінде сөйлетуге негізделген. Ол тарихи-әлеуметтік контекстке терең үңілгеннен гөрі, адам мінезіндегі өзгермейтін құндылықтарға, яғни азаттық пен білімге басымдық береді. Спектакльдің ең табысты әрі терең режиссерлік шешімдерінің бірі – Рух күзетшісі (Қазыбек Есқара) бейнесін енгізу. Бұл кейіпкер пьесада жоқ, бірақ қойылымның философиялық өзегін құрайды. Ол оқиғаның желісін бұзбайды, керісінше, бүкіл қойылымға философиялық тереңдік береді. Әйел тағдыры, ұлт тәрбиесі туралы прологтағы және сахналар арасындағы монологтары – көрерменді ойға жетелейтін лейтмотив іспетті. Бұл кейіпкер арқылы режиссер Ж.Аймауытовтың идеясын тарихи шеңберден шығарып, жалпыадамзаттық деңгейге көтереді. Бұл шешім – режиссердің ой тереңдігін көрсететін үлкен олжа.
Қойылымның композициялық және идеялық орталығы – Бәтима бейнесі. Бұл рөл арқылы Жүсіпбек Аймауытовтың әйел теңсіздігіне қарсы бағытталған әлеуметтік сатирасы көрініс табады. МТЮЗ сахнасында Бәтима рөлін театрдың жетекші әртісі Гүлден Құрмет жоғары кәсіби шеберлікпен сомдады. Актрисаның сахналық болмысы, сыртқы фактурасы мен ішкі органикасы бұл рөлге өте сәтті таңдалған.
Гүлден Құрмет Бәтиманың екіұшты табиғатын – бір жағынан байдың ерке, сәнді қызы, екінші жағынан іштей азаттықты аңсаған, білімге құштар жанды – шынайылықпен жеткізе білді. Актрисаның эмоциялық диапазоны кең. Гүлден Құрмет серіктестерімен(әсіресе үш кейіпкерлерімен) ансамбльдік ойында өте еркін. Оның сахнада өзін ұстауы, дауыс тембрі мен пластикасы рөлдің комедиялық сипатын аша түседі. Ол өзінің "нағыз нәзік қыз бейнесі" екенін дәлелдейді, бірақ бұл нәзіктіктің астарында үлкен ерік-жігер жатыр.
Жабағы бай – Жүсіпбек Аймауытовтың пьесасындағы негізгі антагонист, ескі дүниенің, сараңдық пен надандықтың жиынтық бейнесі. Бұл кейіпкер арқылы драматург сол замандағы бай-феодалдардың рухани кедейлігін, ақшаға деген құмарлығын әшкерелейді. Актер Алтынбек Аманқұлов Жабағы бай рөлін шеберлікпен, сатиралық бояуын қалыңдатып сомдайды.
Жабағы бай – ақшадан басқа ештеңені ойламайтын, қу, сараң адам. Ол іске берілгені соншалық, тіпті әйелі Айсұлуға да, қызы Бәтимаға да көңіл бөлуді қойған. Ол ерке қызына бәтеңке алып берудің орнына, оны өзі сияқты қу, сараң, үнемі екі жеп, биге шығуды көздейтін жігітке күйеуге беруді көздейді. Актер кейіпкерінің осы мінездерін ашуда гротеск пен фарс элементтерін ұтымды пайдаланды
Алтынбек Аманқұловтың орындауындағы Жабағы бай – тек күлкілі кейіпкер ғана емес, ол – сол дәуірдегі кертартпа күштердің типтік өкілі. Оның ашкөздігі мен ақымақтығы Бәтиманың азаттық жолындағы таңдауының дұрыстығын айқындай түседі. Актер рөлді органикалық түрде алып шығып, Ж.Аймауытовтың сатиралық ниетін толықтай жеткізе білді.
Өмірзақ – Жүсіпбек Аймауытовтың түпнұсқа пьесасындағы байдың малайы (қызметшісі) рөліндегі маңызды, көмекші кейіпкер. Ол – Жабағы байдың үйіндегі оқиғалардың куәгері және комедиялық сәттердің негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Өмірзақ бейнесінің драматургиялық функциясы екі жақты: біріншіден, ол сюжеттің өрбуіне жанама әсер етеді, екіншіден, қойылымға жеңілдік, буффонада (күлдіргі) элементтерін енгізеді. Ол байдың өміріндегі барлық құпияларды біледі, бірақ өзінің әлеуметтік орнына байланысты үнсіз қалуға мәжбүр. Актер Ілияс Өтетілеу Өмірзақ рөлін өте органикалық түрде алып шығады. Оның сахнаға шығуында ерекше өзіндік стилі бар. Актердің мимикасы мен пластикасы кейіпкердің аңғалдығын, кейде ақымақтығын көрсетеді. Оның іс-әрекеттері мен репликалары қойылымның жалпы атмосферасына көңілді леп қосады, бұл көрерменге ерекше әсер етті. Бұл кейіпкер – әлеуметтік теңсіздіктің бір көрінісі. Актердің шеберлігімен Өмірзақ образы есте қаларлық, шынайы шыққан және Аймауытовтың сатиралық ойын тереңдете түседі.
Хакім – Бәтимаға сөз салған үш үміткердің бірі. Ол – байлыққа ие, өзіне сенімді кейіпкер. Актер Ермахан Аймахан Хакім рөлін әсерлі алып шығады. Оның сахнаға шыққан сәтінен-ақ өзінен энергия мен харизма айқын сезілді. Оның актерлік қабілеті мен сыртқы фактурасы 35 жастағы ер кісіге келбетінің дәл келуі кейіпкерге сай.
Сахнада өзін еркін ұстайды, бұл оның өмірдегі орнын көрсетеді. Хакім – ақшалы болғанымен, Бәтима іздеген рухани азаттықтан алыс адам. Актер Ермахан Аймахан бұл кейіпкердің күрделілігін, оның харизмасы мен ішкі мазмұнсыздығы арасындағы қайшылықты сәтті жеткізе білді.
Нұрмаш – Бәтиманың жүрегіне үміт артқан үш үміткердің ішіндегі ең ерекшесі. Актер Дінислам НұрмағанбетовНұрмаштың рөлін өте шынайы әрі "жанды" орындады. Оның кейіпкерінің ұялшақтығы, ішкі шешімсіздігі және пәк табиғаты көрерменге айқын жеткізіледі. Бұл кейіпкерге қарап көзің тояды, өйткені онда жасандылық мүлдем жоқ. Нұрмаш образы – пьесадағы ақша мен есептен, саяси екіжүзділіктен ада, шынайы сезімнің символы. Оның аңғалдығы мен тазалығы басқа екі жігіттің (Хакім, Әбутәліп) прагматизмімен және Жабағы байдың сараңдығымен контраст құрайды. Актер Дінислам Нұрмағанбетовтың шеберлігі арқасында Нұрмаш бейнесі тек комедиялық емес, сонымен қатар терең адамгершілік қасиеттері бар кейіпкер ретінде есте қалды.
Әбутәліп шығарма желісі бойынша 30 жастағы мұғалім, яғни сол дәуірдің білімді, зиялы қауым өкілі. Бұл бейне арқылы Ж.Аймауытов білімді азаматтардың да байлыққа деген құмарлығын, олардың прагматикалық ұстанымдарын сынағысы келген. Әбутәліп – мұғалім ретінде белгілі бір әлеуметтік мәртебеге ие адам. Ол Бәтиманың байлығына қызығып келсе де, өзін салмақты ұстауға тырысады. Ол – өзінің қамы үшін арам пиғылмен емес, алайда нық есеппен, болашақ тұрмысын жақсартуды көздеген тұлға. Актер Асхат Мусағалиев Әбутәліптің рөлін өте органикалық түрде алып шықты. Оның сахнаға кірген сәтінен бастап, Бәтиманың әдеп сақтап, мойнындағы орамалды дереу басына тағуы – бұл кейіпкердің діни адам ретіндегі мәртебесін көрсетеді. Актердің ең үлкен жетістігі – кейіпкердің екіұшты табиғатын көрсетуінде. Бір жағынан салмақты мұғалім, екінші жағынан – байлыққа қызығып келген прагматик. Асхат Мусағалиев Әбутәліптің рөлін терең психологиялық негізде алып шықты. Оның ойыны спектакльдің әлеуметтік-сатиралық астарын тереңдетіп, көрерменге ой тастайды. Актердің шеберлігі – кейіпкердің діни және зиялы қасиеттерін оның адами кемшіліктерімен шебер үйлестіре білуінде.
Махмұд – пьесаның оң бейнесін құрайтын, Бәтиманың өмірлік серігі ретіндегі таңдауы. Ол – қаладан білім алған, саяси көзқарасы қалыптасқан, жаңашыл заманның өкілі. Махмұд бейнесі арқылы Ж. Аймауытов пен қоюшы-режиссер А. Маемиров қоғамдық дамудың басты векторын – білім мен азаттықтың маңыздылығын көрсетеді. Актер Нұрдәулет Кеңшілік Махмұд рөлін ерекше шынайылықпен, артық жасандылықсыз сомдайды. Оның ойынында адалдық пен өмірге деген белсенді ұстаным айқын байқалады. Бәтимамен арадағы көріністерде екі кейіпкердің рухани жақындығы, ішкі органикасы көрерменге сенімді түрде жеткізіледі. Махмұдтың бейнесі қойылымның бастапқы сахнасында-ақ айқындалады. Ол жастар тобымен бірге сахнаға шығып, «Жасасын революция!» деп ұран тастайды. Бұл – режиссердің маңызды әрі әсерлі шешімі. Бұл сәт Махмұдтың тек ғашық жігіт емес, сонымен қатар саяси ұстанымы бар, прогрессивті өзгерістерді жақтаушы екенін айқындайды. Махмұд – басқа үміткерлерге (сараң бай Жабағы, өзімшіл Хакім, есепшіл Әбутәліп) қарама-қарсы қойылған идеялық тұлға. Ол материалдық байлыққа қызықпайды, оның құндылығы – білім мен рухани еркіндік. Қойылым финалында Бәтиманың қалаға оқуға кеткен Махмұдты таңдауы – пьесаның басты идеясын түйіндейді. Актер Нұрдәулет Кеңшілік бұл рөлді кәсіби деңгейде орындап, пьесаның идеялық жүгін абыроймен арқалап шықты.
Сахна кеңістігі минималистік емес, керісінше, этно-стильдегі ауқымды декорациялармен ұйымдастырылған. Бұл детальдар 20-шы ғасырдың басындағы бай қазақ үйінің атмосферасын беруге қызмет етеді. Жиһаздар, ширмалар – барлығы да оқиға өрбіген ортаны сенімді көрсетті. Костюмдер сол дәуірдің нақтылығын сақтай отырып, театрлық әсерге жұмыс істейді. Бәтиманың әр сахнадағы көз тартарлық киімдері оның «сылаң қыз» мәртебесін айқындайды. Жарықтың қойылым ырғағындағы рөлі зор, ол оқиғаның эмоционалдық бояуын күшейтеді.
Жүсіпбек Аймауытовтың «Сылаң қыз» пьесасы қазақ драматургиясындағы маңызды шығармалардың бірі ретінде театр сыншыларының назарынан тыс қалған емес.
Театр зерттеушісі, профессор Бағыбек Құндақбайұлы өзінің ғылыми еңбектерінде («Режиссер және спектакль», «Қазақ театрының тарихы») Ж.Аймауытов пьесаларының сол кездегі қоғамға әсерін атап өткен. Пьесаның өзі алғаш рет 1926-1927 жылдары Семейде қойылған. Сыншылар Аймауытовтың әйел теңдігін қорғайтын идеяларын жоғары бағалаған.
"Кел, қазақтың күң қыздары, қол ұстасып, бостандық тұрмысқа жетейік!" Бұл цитата Ж.Аймауытовтың сол кездегі пьесаларының басты ұранын көрсетеді, және осы идея МТЮЗ қойылымында да сақталған.
«Сылаң қыз» спектаклі – Ж. Аймауытовтың өзекті тақырыбын заманауи театр тілінде сөйлеткен, динамикалық әрі тартымды туынды. Режиссер Асхат Маемировтың батыл шешімдері (әсіресе Рух күзетшісінің образы) мен актерлік құрамның шынайы ойынының арқасында қойылым көрерменге эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, ұлттық құндылықтар мен азаттық туралы терең ойлар тастайды.
Бұл қойылым МТЮЗ репертуарындағы маңызды орын алады. Ол – театр өнерінің барлық талаптарына сай келетін, кәсіби деңгейде орындалған, көзі қарақты көрерменнің көкейіне қозғау салатын сапалы еңбек.
Қайрат Нұрсая, Театртану мамандығының ІІІ курс студенті