The Arts Stage Theatre: Британ сахнасындағы Қазақстанның жаңа қадамы

Фотосуретті автор ұсынған

ТЕАТР
87

2025 жылдың 13 қарашасында Лондон қаласы қазақ өнері тарихындағы айтулы сәттің куәсі болды. Shaw Bernardo Theatre сахнасында «Қара Шекпен» қойылымының Ұлыбританиядағы премьерасы өтіп, бұл оқиға тек британ көрермендері үшін ғана емес, бүгінде Ұлыбританияда білім алып, еңбек етіп, шығармашылықпен айналысып жүрген көптеген қазақтар үшін де ерекше мәдени маңызға ие болды. Қазақстанның жетекші театрларында ұзақ жылдардан бері сахналанып келе жатқан бұл туынды Лондон төрінде қазақ тілінде қойылып, ұлттық театр өнерінің халықаралық кеңістікте жаңа қырынан танылуына жол ашты. «Қара Шекпен» - тәуелсіз Қазақстанның рухани дауысын әлем сахнасына зор әсермен алып шыққан мәдени қадам болды. 

Премьераның жүзеге асуы – кәсіби өнердегі тәжірибесі, жеке шығармашылық жолы және қазақ театрын халықаралық аудиторияға танытуға деген шынайы ниет тоғысқан ортақ еңбектің нәтижесі. Жобаның идеялық жетекшісі әрі продюсері – Қазақстанның «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында ұзақ жылдар қызмет еткен актриса Шынаргүл Қабышева. Ол бірнеше жыл бұрын Еуропаға қоныс аударса да ұлы театр өнеріне деген адалдығы мен шексіз махаббаты бүгінде Ұлыбританияда The Arts Stage Theatre атты жаңа театр кеңістігінің негізін қалаушылардың біріне айналуына себеп болды. Бұл лондондық шығармашылық бастама қазақ сахналық мәдениетін жаңа халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік берді.

Шынаргүл Қабышеваның сенімді серіктесі ретінде – актриса, тележүргізуші, Қазақстан атынан халықаралық театр фестивальдарының бірнеше мәрте лауреаты Ақкенже Әлімжан арнайы шақыртылды. Ол The Arts Stage Theatre директоры ретінде қойылымның өндірістік және ұйымдастырушылық құрылымын толықтай үйлестіріп, актерлер құрамын жасақтау, репетициялық жұмысты жүйелеу, сахналық алаңдармен байланыс орнату сынды күрделі үдерістерді жоғары кәсібилікпен атқарды. Осы үйлесімді еңбектің нәтижесінде қойылым жеке бастама ретінде сирек кездесетін ансамбльдік бірлікпен және ішкі сахналық тынысымен ерекшеленді.

Қойылымның көркемдік жетекшілігін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD, Қазақ ұлттық университетінің профессоры, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Асхат Маемиров атқарды. Оның режиссерлік шешімі қазақ актерлік мектебінің табиғи болмысын жоғалтпай, қойылымды универсалды театралдық тілде жеткізуге мүмкіндік берген. Режиссер жүргізген терең психофизикалық дайындық актерлердің бейнені бүгінгі Лондон сахнасында дәл сол сәтте қайта тудыруына жағдай жасап, көрерменге «дайын қойылымды» емес, сахнада туып жатқан тірі өнерді көруге мүмкіндік берді.

«Қара Шекпеннің» Лондон сахнасындағы көрінісі – тек шығармашылық тәжірибе емес, мағынасы терең мәдени декларация. Қазақстан театры өзіндік ойы мен идеясын сенімді айта алатын, заманауи адамзат мәселелерін терең философиялық деңгейде жеткізе алатын қуатты өнер мектебі ретінде танылды.

Осетин драматургі Георгий Хугаевтің көпқабатты әфсаналық құрылымға негізделген шығармасы бұл қойылымда айрықша мәнге ие болды. Жануарлар әлемі арқылы адам табиғатының жарығы мен көлеңкесі, әлсіздігі мен қуаты, адалдығы мен сатқындығы дәл әрі көркем көрсетілген. Әр бейненің артында әлеуметтік-психологиялық код жатыр, ал әрбір сахналық ситуация – көрермен санасында ұзақ сақталатын моралдық сабақ.

Қойылымның өзегінде Қойшы мен оның адал иті Тұзардың тағдыры бейнеленген. Бұл қарым-қатынас – спектакльдің эмоционалдық жүрегі. Адам мен жануар арасындағы осы адалдық пен сатқындық сіз бен бізге тән моральдық табиғаттың бетпердесін сыпырып, «шын мәнінде қауіпті жыртқыш кім?» деген сұрақты алға тартады. Көрермен аң әлемінің қақтығысын көргенімен, шын мәнінде адам жанының драмасын тамашалайды.

Тағдыр бейнесі қойылым философиясының ерекше символына айналды. Белгілі актриса және биші Гүлшара Жұбаева пластика мен ішкі энергетика арқылы адам өмірін реттеп отыратын тылсым күштің суық әрі әділетсіз табиғатын дәл жеткізді. Бұл сахналық бейне көрерменді эмоциядан ойға ұмтылдырып, қойылымның идеялық салмағын күшейтеді.

Лондондағы премьераның ең үлкен жетістігі – актерлік ансамбльдің қуаты. Алматы мен Астананың жетекші театрларынан шақырылған актерлер колаборациясы қойылымға кәсіби тереңдік пен сахналық үйлесім әкелді. Олардың ойынынан қазақ актерлік мектебіне тән психологиялық дәлдік, сахналық пластика, ұлттық дауыс тембрінің әуезділігі айқын сезілді.

Тұзар рөліндегі Мақсат Сәбитов – қазақстандық театр мен киноның ең жарқын өкілдерінің бірі. Оның сахналық ойыны дәлдігімен, табиғилығымен және ерекше дауыс мәнерімен ерекшеленді. Әсет Есжан орындаған Қойшы бейнесі еркіндігімен, ұлттық поэтикалық интонацияға тән тереңдігімен көрерменді баурады. ҚР Халық артисі Лидия Каден сомдаған Қосүрей образы нәзік юмормен өріліп, трагедиялық биігімен есте қалды.

Сылаң рөліндегі Шынаргүл Қабышева және жас қасқыр Көкшулан бейнесіндегі Ақкенже Әлімжан сахнаға қатпарлы мінез, харизма және сахналық темперамент әкелді. Еділ Рамазанов (Көкжал), Ерлан Кәрібаев (Қуқар), Дархан Сүлейменов (Кико), Айнұр Рахипова (Бебе), Гүлшарат Жұбаева (Тағдыр) және Дидар Төлегенов (Қортық) әрқайсысы өз бейнесін толыққанды драматургиялық тұлға деңгейінде ашып, қойылымның тұтастығын күшейтті.

Қойылымнан кейін көрермен назарына шағын концерттік бағдарлама ұсынылды: ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақыт Тұрманның әсерлі вокалы, Гүлшарат Жұбаеваның ұлттық пластикаға құрылған биі және ҚР Халық артисі Лидия Каденнің актерлік монологы кештің эмоционалдық реңін толықтырды. Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің орындалуы залдағы қазақ көрермендерінің жүрегін тебірентіп, кештің рухани биігін айқындады.

Бұл премьера Лондон сахнасында қазақ театр өнерінің жаңа кезеңін ашты. Көрермендер тарапынан қазақстандық режиссерлер мен драматургтердің туындыларын Ұлыбританияда жиірек көруге деген сұраныс анық сезілді. Екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың болашағы кеңейе түсті. The Arts Stage Theatre ұжымы премьераны зор қошеметпен аяқтап, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы шығармашылық көпірдің жаңа баспалдағына қадам басты.

Абенова Асем – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 3-ші курс докторанты. 

 

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлаған сәтте өзгелерге көмек көрсетуге ұмтылып жүріп ауыр жаралан...