«РУХАНИ ӨМІР КЕШУДЕН АСҚАН БАҚЫТ ЖОҚ» (II бөлім)Әлия БөпежановаАктриса Ғайникамал Байқош...
«Ұлпан» қойылымы халықаралық театр фестивалінде сахналанады
Фото: Ғабит Мүсірепов театры
Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ағымдағы жылдың 5-18 қазан күндері аралығында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтетін XXXV Халықаралық «Балтийский дом» театр фестиваліне «Ұлпан» (авт.: Ғабит Мүсірепов, реж.: Гүлназ Балпеисова) спектаклімен қатысады, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.
«Балтийский дом» – әлемдік деңгейдегі беделді фестивальдердің бірі саналады. Ол 1991 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді және бүгінде Еуропа кеңістігіндегі беделді театр форумдарының қатарында. Фестивальдің басты мақсаты – әртүрлі елдердің театр ұжымдарын, режиссерлерін, актерлерін және көркемдік ізденістегі шығармашылық жастарды бір алаңда тоғыстырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Мұнда әлемніңтүрлі елдерінен үздік театр ұжымдары бас қосып, өнер бәсекесіне түседі. Қазақ театры осы айтулы мәдени алаңға алғаш рет қатыспақ. Бұл – ұлттық театр өнерінің халықаралық сахнадағы жаңа белесі. Аталған үрдістің бастауында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры тұр. 2023 жылы аталмыш ұжым қазақ театрлары арасынан тұңғыш болып А. П. Чехов атындағы Халықаралық театр фестиваліне «Құлагер» (авт.: Ілияс Жансүгіров, реж.: Фархад Молдағали) спектаклімен қатысқан еді. Бұл қадам қазақ театрының шығармашылық әлеуетін әлемге паш етіп, жаңа мүмкіндіктерге жолашты. Енді осы игі дәстүрді жалғастыра отырып, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қазақ өнерін «Балтийский дом» сахнасына алып шыққалы отыр. Бұл – ұлттық мәдениетіміздің халықаралық театр кеңістігінде лайықты орын алуға деген нық қадамы.
«Ұлпан» – тек әйелдің әсем болмысын ғана емес, қазақ халқының өмірлік жолын суреттейтін драма. Бұл – дала тіршілігін өзгерткісі келген талпыныс туралы мұңды тарих. Ақылды, жігерлі, әділ Ұлпан қарапайым халықтың тұрмысын жеңілдетуге тырысып, орыс халқынан көрген жақсы дүниелердің барлығын өз өміріне енгізуге талпынады. Оның бастамалары мен игі істері ықпалды би әрі жұбайы Есенейдің қолдауына ие болғанымен, дәстүрлі патриархалды көзқарастарды ұстанушылардың қарсылығына тап болады. Әйел тағдырын қозғап, ұлт болмысының тереңіне бойлайтын бұл спектакльдің премьерасы 2024 жылдың 28 шілдесінде өткен болатын. Содан бері азғантай уақыт өтсе де көрермен көзайымына айналып, біраз жетістіктерді бағындырып үлгерді. Атап айтар болсақ, 2024 жылдың 6-11 қараша күндері аралығында Шымкент қаласында өткен Орталық Азия елдері театрларының ІХ халықаралық фестивалінде «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесін иеленді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан театр сыншыларының кәсіби бағалауы нәтижесінде «Жыл қойылымы» атанып, сыншылар жүлдесін жеңіп алды. Қырғызстанның Мәдениет және спорт министрлігі тағайындаған «ЭРГҮҮ» ұлттық театр жүлдесінде «Шетелдік үздік театр қойылымы» номинациясын иеленді. Бұдан бөлек, 2025 жылдың 5-12 қыркүйек күндері Беларусь елінің Брест қаласында өткен ХХІХ Халықаралық «БЕЛАЯ ВЕЖА» театр фестивалінде «ҮЗДІК ДРАМА ТЕАТРЫ ҚОЙЫЛЫМЫ» жүлдесіне ие болып, шетелдік көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, халықаралық деңгейде үздік деп танылды.
Ал 9 қазан күні Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Ұлпан» спектаклімен Санкт-Петербург төрінде қазақ театрының абыройын асқақтатпақ.