Мұхтар Әуезов прозасының сахналық интерпретациясы: «Қорғансыз» спектаклінің премьерасы

Фото: Әбілдахан Рамазан

ТЕАТР
37

Қазақ руханиятының алтын арқауына айналған классикалық әдеби мұралар уақыт ағымымен үндесіп, жаңа көркемдік интерпретацияларда қайта жаңғырып келеді. Осы үрдістің айқын көрінісі ретінде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу», «Жетім» әңгімелерінің желісі негізінде сахналанған «Қорғансыз» спектаклінің премьерасы 5 наурыз күні көрерменге жол тартты.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақ әдебиетін жаңа көркемдік биікке көтерген ұлы қаламгер. Оның шығармашылығы қазақ қоғамының тарихи-әлеуметтік болмысын терең бейнелейтін көркемдік феномен ретінде бағаланады. Жазушының «Қилы заман», «Қараш-қараш оқиғасы» секілді туындылары қоғамдық қайшылықтарды тарихи тұрғыдан сараласа, әйел тағдыры мен әлеуметтік теңсіздік мәселесін көтерген әңгімелері қазақ прозасының психологиялық және көркемдік мүмкіндіктерін кеңейткен маңызды шығармалар санатына жатады. Солардың қатарында «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу», «Жетім» әңгімелері ерекше орын алады.

«Қорғансыз» спектаклі – аталған үш шығарманың идеялық-тақырыптық үндестігін бір арнаға тоғыстырған сахналық туынды. Қойылымның инсценировка авторы – жазушы Сағадат Ордашева, ал спектакльдің режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Дина Жұмабаева.

Қойылымның драматургиялық құрылымы адам тағдыры мен қоғам қатыгездігінің қақтығысына негізделген терең психологиялық драма ретінде қалыптасқан. Мұхтар Әуезов шығармаларындағы кейіпкерлер тағдыры арқылы қазақ қоғамындағы әлеуметтік әділетсіздік, жетімдік қасіреті, әйел теңсіздігі және адамгершілік мәселелері сахналық тілде жаңа көркемдік шешіммен көрініс тапқан.

Мәселен, «Қаралы сұлу» әңгімесінде жазушы жесір әйел Қарагөздің ішкі күйзелісін терең психологиялық тұрғыдан бейнелейді. Қарагөздің өміріндегі жалғыздық пен қайғы, үміт пен рухани арпалыс адамның жан дүниесіндегі күрделі сезімдерді айқын көрсетеді. Сонымен қатар шығармада сол дәуірдегі әлеуметтік мәселелер – жесір дауы, қалыңмал дәстүрі, рулық қатынастар мен қоғамдық әділетсіздік те көрініс табады.

Ал «Жетім» әңгімесінде жетімдік тағдырының ауырлығы Қасым есімді баланың өмірі арқылы суреттеледі. Автор бұл шығармада мейірім мен жанашырлықтың маңызын алға тартып, қоғамдағы немқұрайдылық пен қатыгездіктің адам тағдырына тигізетін әсерін терең сезіндіреді.

«Қорғансыздың күні» шығармасында Ғазиза тағдыры арқылы қоғамдағы зорлық-зомбылық пен әлеуметтік әділетсіздік мәселесі көтерілген. Қорғансыз жанның қатыгез ортаға қарсы тұруы мен трагедиялық тағдыры жазушы шығармашылығындағы әлеуметтік драматизмнің көркем көрінісі болып табылады.

Спектакль осы үш туындының идеялық өзегін біріктіре отырып, адам тағдыры мен қоғам арасындағы күрделі қарым-қатынасты сахналық тіл арқылы жаңаша пайымдайды. Қойылымда кейіпкерлердің ішкі драмасы, үміт пен үмітсіздік арасындағы психологиялық тартыс көркемдік тұрғыдан айқын ашылған. Осы арқылы спектакль көрерменді әлеуметтік әділет, адамгершілік құндылықтар және қоғам жауапкершілігі туралы терең ойға жетелейді.

Қойылымға Қазақстан мәдени кеңістігінде өзіндік орны бар өнер шеберлері қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Лидия Кәденова, сондай-ақ актерлер Шағуан Үмбетқалиев, Елдар Отарбай, Аида Жантілеуова, Бақытгүл Серікбаева, Шұғыла Ешенова, Ұлжан Оразбаева және театрдың өзге де артистері сахна төрінде өнер көрсетті.

Ұлттық классиканы жаңа көркемдік деңгейде ұсынған бұл премьера қазіргі қазақ театрының шығармашылық ізденісін көрсететін маңызды мәдени оқиғалардың бірі болды. Мұхтар Әуезов прозасының өміршеңдігі мен философиялық тереңдігі бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпағанын дәлелдеген «Қорғансыз» спектаклі көрерменге терең ой салатын сахналық туынды ретінде қабылданды.

                                                                           
Әбілдахан Рамазан

театртанушы                                                                                                                

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әнші Қарақат Әбілдина желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды MadeniPortal....

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанның бірнеше өңірінде 10–11 наурыз күндері ауа температурасы күрт төмендейді, деп хаба...