Жүректен шыққан жыр: Мұқағали мұрасы МТЮЗ сахнасында

Фотосуретті автор ұсынды

ТЕАТР
18

Өмірдің мәні неде? Әркім бұл сұраққа жауапты өзінше іздейді. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев үшін бұл жауап оның әрбір өлеңінде, әрбір жолында жасырылған еді. Оның поэзиясы — махаббат, өмір, Отан, ана туралы терең толғаныстардың жиынтығы.

Дәл осы ұлы ұғымдарды арқау ете отырып, Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» (МТЮЗ) репертуарын Мұқағалидің 90 жылдығына арналған «Ғашық жүрек» атты поэтикалық-музыкалық қойылыммен толықтырды. Премьерасы 2021 жылы өткен бұл қойылым режиссер Аман Ғұмаровтың ақын шығармашылық мұрасын сахна тілінде сөйлетуге жасаған талпынысы.

Спектакльдің басты ерекшелігі — оның жанрлық табиғаты. Бұл классикалық драма емес, поэзия мен музыка синтезіне құрылған сахналық композиция. Режиссер минимализм принципін ұстана отырып, декорациялық жүктемені азайтқан. Бұл тәсіл көрермен назарын визуалды элементтерден актерлік ойын мен сөздің мәніне аударуға бағытталды. Қойылым ақынның жазба дауысынан басталуы — символикалық пролог. Бұл көрерменді бірден Мұқағали әлеміне жетелейді. Спектакльдің драматургиясы ақынның өмірге, махаббатқа, Отанға деген ішкі толғаныстары мен философиялық ойларын қамтитын түрлі өлеңдер мен әндердің бірігуі арқылы құрылған.

Қойылымның негізгі қозғаушы күші – актерлік ансамбльдің сахналық энергетикасы мен орындаушылық шеберлігі. Асылхан Төлепов (Мұқағали рөлінде) сахнадағы органикалық болмысымен көзге түсті. Оның поэзия оқу мәнерінде жасанды пафос жоқ, қайта шынайылық пен тереңдік басым. Ол тек өзінің монологтарымен шектелмей, басқа актерлермен қарым-қатынас орнатуда жоғары сахналық тартымдылық танытты. Оның әріптестерімен өзара іс-қимылы (интеракциясы) табиғи және шынайы көрінді, бұл бүкіл ансамбльдің жұмысына оң әсерін тигізді.

Алғашқы көріністердің біріндегі жұптың ойынында сахналық өзара әрекеттесу мәселесі байқалды. Актер Бибол Сүйіндікұлы тарапынан партнермен байланыс орнатуға айқын талпыныс болғанымен, бұл коммуникация тек бір жақты сипатта өрбіді. Актрисаның жауап реакциясы немесе сахналық өзара іс-қимылы жетіспеді, бұл көріністің тұтастығына кері әсерін тигізді.

Бұл тұрғыда Мағжан Омар мен Аружан Бағзаттың кейінгі сахналық дуэті ерекше назар аударды. Олардың арасындағы өзара түсіністік бірден сезілді. Актриса үнсіз тұрса да, олардың көзқарастары мен ым-ишарасынан органикалық өзара әрекетбайқалды, бұл алғашқы жұптың орындауына қарағанда әлдеқайда тартымды болды. Алайда, Аружан Бағзат жеке өзі авансценаға шығып поэзия оқыған сәтте, орындау мәнерінде вокалдық және актерлік тұрғыдан кемшіліктер орын алды. Дауысы тым жай естілді, дыбыс посылы (жеткізу күші) мен сахналық экспрессиясы жетіспеді.

    Наргиз Жанұзақова («Біз соғысты көрмегенбіз» өлеңі): Актрисаның сахналық еркіндігі мен көрерменмен орнатқан тікелей коммуникациясы назар аудартты. Оның «Қош бол, күрең күз» әнін орындауында кәсіби вокалдық деректер айқын көрінді: диапазонның кеңдігі, жоғары регистрлерді еркін игеруі және вокалдық фиоритураларды талғампаздықпен қолдануы.    

    Армат Амандық («Жапырақ - жүрек, жас қайың» әні) – актердің тембрі өте жарқын әрі экспрессивті болды. Оның дыбыс посылы (вокалдық проекциясы) мықты, тіпті сахнаның ең алыс нүктесінде де анық естіліп тұрды. Вокалдық партияны орындау кезінде таза интонация сақталды, ал жоғары регистрлерге шыққандағы сенімділік оның дыбыс қою шеберлігін және кең вокалдық диапазонын көрсетті. Орындаудағы музыкалық фразалау логикалық тұрғыдан дұрыс құрылған, бұл оның әлеуетін айқын танытты.

Нұржан Бидаулетұлы (домбырамен сүйемелдеуші) мен Саламат Мұқашев (поэзия оқушы) тандемі қойылымның ең әсерлі мизансценаларының бірі болды. Нұржанның дауыс тембрі өте ашық, бұл халық әндерін орындауға өте қолайлы. Домбырамен сүйемелдеуі органикалық түрде әнмен бірігіп, толыққанды музыкалық нөмір жасады. Оның «Сәби болғым келеді» әнін орындауындағы дауыс резонансы мен динамикалық бояулары жүрекке жетті.

    Гүлден Құрмет (Ана туралы өлең) – актрисаның сахнадағы еркіндігі мен табиғи болмысы ерекше аталды. Оның тембрі жағымды, ал сөздері анық естілді. Актриса сахнада өзін еркін ұстап, поэзияны көрермен залына қарап оқыды, бұл тікелей коммуникация орнатуға мүмкіндік берді. 

Осы  жерде айта кететін бір жайт, өзге кейбір актрисалардың  орындау мәнері кәсіби талаптарға сай болмады. Олардың поэзия,әндерді бір нүктеге телміріп немесе аспанға қарап оқуы — кәсіби сахна үшін қате тәсіл. Мұндай формальды ("мектептік") орындау актерлік шеберлік талаптарына қайшы келеді, өйткені ол көрерменмен эмоциялық байланысқа түсуге мүмкіндік бермейді. Біздің ойымызша, кәсіби актер әрқашан залмен "тірі" байланыста болуы керек.

     Сценографияның минималистігі актерлік ойынға басымдық бергенімен, кейбір көпшілік сахналардағы режиссерлік шешімдер сәтті шықпаған. Мысалы, әйелдердің жұмыс істеп жатқан көрінісінде (шөп шабу) мәселе реквизиттің жоқтығында емес, актерлердің сахналық міндетті (сверхзадача) түсінбеуінде болды. Сахналық қимыл (пластика) өте сенімсіз көрінді; кейбір актрисалардың іс-әрекеті мүлдем қисынсыз болды (біреуі түсініксіз қимыл жасап, енді бірі әріптесіне қарап сахналық пауза ұстап, оның қимылын қайталауға тырысты). Бұл пластикалық шешімнің анық болмағанын және репетициялық үдерісте осы мизансценаның жеткілікті деңгейде пысықталмағанын көрсетті. 

Қойылымның аудиовизуалды шешімінде дыбыс режиссурасы (саунд-дизайн) ерекше назар аударуды талап етеді. Сахнаның сол жақ бөлігінде орналасқан үш музыканттан құралған шағын ансамбль сүйемелдеуді қамтамасыз етті. Алайда, ансамбльдің сүйемелдеуі мен актерлік вокалдық партиялардың акустикалық теңгерімі (балансы) бұзылған. Әсіресе соқпалы аспаптардың фортединамикасында, актерлердің сөзі мен ән партиясының артикуляциясы анық естілмей қалды. Бұл тембрлік баланстың дұрыс сақталмағанын көрсетеді. Техникалық талаптартұрғысынан микшерлік пульттегі реттеулерді қайта қарастыру қажет.

Асылхан Төлепов, Армат Амандық, Мағжан Омар, Дана Қабыл, Нарқыз Жанұзақова, Нұржан Бидаулетұлы , Гүлден Құрмет , Саламат Мұқашев– аталған актерлер құрамы сахналық еркіндік пен шынайылықты танытты. Олардың орындауында жасандылық байқалмады; әрбір реплика ішкі сезіммен жеткізілді. Бұл актерлердің сахнадағы өзара байланысы(интеракциясы) мен көрермен залына бағытталған коммуникациясы кәсіби деңгейде болды. Ым-ишара (пластика) мен мимика орынды қолданылды, бұл олардың кәсіби дайындығынкөрсетті. Орындаушылық шеберліктері арқылы аталған актерлер көрермен назарын өзіне аударып, спектакльдің идеялық-көркемдік мақсатына жетуіне елеулі үлес қосты.

«Ғашық жүрек» поэтикалық қойылымы — Мұқағали Мақатаевтың өлмес мұрасын сахналық тілде жаңғыртқан, жылы әрі мазмұнды спектакль. Жекелеген техникалық және ансамбльдік кемшіліктерге қарамастан, қойылымның басты құндылығы — ақын сөзінің құдіретін көрерменге шынайы жеткізе білуінде. Бұл қойылым жастарды рухани байлыққа жетелейтін, ой саларлық, құнды театр өнерінің үлгісі болды.

Қайрат Нұрсая, Театртану мамандығының ІІІ курс студенті

author

Мұқағали Мақатаев

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жол ережесін бұзған 32 жастағы жүргізушіні полиция қызметкерлері тоқтатады, деп хабарлайды MadeniPor...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға кей өңірлерде әкімдік жергі...