Барымта — байырғы уақытта дауласушы жақтың бірі би шешіміне наразы болған жағдайда немесе кінә...
Наурыз көже – ұлыс дәмі
Фото: gov.kz
Наурыз сөзі парсыша «ну» – «жаңа», рыз – «күн», яғни «жаңа күн» деген ұғымды білдіреді. Қазақша «жаңа жыл», «көктем мерекесі» «ұлыс күн» немесе «ұлы күн» деген мағына береді.
Кейде оны «Ақ мерекесі», «Сүт мейрамы», «Төл ырысы» деп те атап жатады. Наурыз табиғаттың, Жер-Ананың, жердегі тіршіліктің мейрамы, күн мен түннің теңелетін күні. «Наурыз айында күн мен түн және үркер жұлдызы бір сызықтың бойында тоғысып, Күн мен түн, жарық пен қараңғы теңеледі»,- деп түсінген қазақтар. Бұл кезде қаһарлы қыстың ызғары қайтып, төрт түлік төлдеп, адамдардың аузы аққа тиіп, мал аузы көкке тиіп, жер беті өзінің көк көйлегін киіп, әлемде шаттық орнайды. Көктем жаршылары - құстар келіп, қысқы ұйқыдағы жануарлар оянады. Осындай қасиетті күнді қазақ «Ұлыс күн» деп атаған. Наурызды мейрам ретінде тойлау жер бетіндегі халықтардың бір шамасының тұрмыс салтында бар. Бұл салт есте жоқ ерте заманнан бері жалғасып келеді. Мәселен, гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», хорезмдіктер «Наусатж», татарлар «Нардуган», буряттар «цаган сар», ұйғырлар «гүл наурыз», қазақтар «Наурыз» деп атап келген.
Бұл күні адамдарға ұйықтауға болмайды деген наным бар. Егер адам ұйықтап қалса, қаны бұзылады-мыс. Сол себепті бұл күні адамға сергектік сыйлайтын Наурыз көже ішетін болған. Наурыз көже туралы ел ішінде сақталған аңыздар да бар. Солардың бірі мынау: «Ертеде ашулы адамдар халық арасына іріткі салып, бүлік болыпты. Еркектер өз араларында келіспеушілікке тап болып, кішілері үлкендерді тыңдамапты. Шаруашылық бұзыла бастайды. Осы уақытта әр жерден ақсақалдар жиналып, кеңес жасапты. Жиын Наурыз мейрамына тұспа-тұс келеді. Олар ең үлкен қазанға, жиналған қауымды тамақтандыратын ас пісіргізіпті. Тамақтанып болған соң, ақсақалдар арасында ең беделдісі тұрып, былай депті: «Ит екеш иттің өзі, күшік кездерінде бір анадан сүт ішіп, бір-біріне туған бауыр екендерін сезінгендіктен, өзара тістесіп, таласу дегенді білмейді. Осы мейрамда біз де бір ананың сүтін ішкендей, бір қазаннан астың дәмін таттық. Бүгіннен бастап ғасырдан-ғасырға туған бауырлар секілді бір-бірімізді құрметтеп, сыйлап өтейік!». Осыдан соң адамдар бұрынғы өкпе-реніштерінің барлығын ұмытып, қайтадан бірлікте және татулықта өмір сүрген екен» (www.massaget.kz).
Наурыз көжені қыстан арып-ашып шығатын ағзаны қалпына келтіру үшін де пайдаланған. Наурыз көжеге құрамында гемоглобині көп арпаны сол үшін қосады екен. Қазақ жамбасты қазанның құты деп, көжеге міндетті түрде жамбастың шұқыршағын, тоқшылықтың белгісі деп соғымның тобығын салған. Үйден құт, дастарқаннан тоқшылық кетпесін деген ырыммен жамбастың шұқыршағы мен тобықты өз қазанында асып, өз тісіне тигізген екен.
Ұлыстың Ұлы күні жасалатын сыйлы ас – Наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалған. Қазақ ұғымында жеті санының киелі сан екені бәріне аян. Көже құрамына кіретін дәмдер де қасиетті саналады. Сол жеті дәмді атап өтсек, көженің негізгі компоненті – су. Су – бар тіршіліктің көзі. Болашақта ұрпағың судай тасып, көбейсін деген ырыммен наурыз көжеге су қосады. Адам аштыққа шыдағанымен, шөлге шыдай алмайды. Ағзадағы зат алмасу толығымен судың қатысуымен жүреді, тамақты сіңіріп, қанға нәрлі заттарды жеткізеді. Зат алмасудың зиянды өнімі ағзадан су арқылы шығарылады. Организмде судың жеткіліксіз болуы шөлдеуге әкеліп соқтырады да, судың артық болуы жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысын қиындатады, тершеңдікке әкеледі.
Автор: Айнур Жумагазина