Бесбоғданың беліндегі құсбегі Аязбай Сансызбайұлы жайлы жазбаЖанарбек АқыбиБүркітті тор жасап ұcтауБ...
Ислам дінінің Қытайда алғаш таралуы
Қытайда ислам дінінің таралу тарихы өте ерете замандардан басталады. Қазіргі таңда ол елде дүнген, ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек, татар, тәжік, салар, бауан, доңшияң сияқты он ұлттың өкілі, шамамен 30 милионнан астам халық исламға сенеді, олар ханафия мазхабын ұстанады. Қытайда жалпы 34 мың мешіт, 100 мыңнан астам молда бар. Ислам діні Қытайдағы бұдда, дао сияқты халық арасында кең таралған дәстүрлі діндердің қатарына кіреді. Сондықтан Қытайдың өткендегі патшалық үкіметтері ислам дініне ерекше мән беріп, мемлекет белгілеген түрлі заңдар мен саясаттар аясында ол дінді сақтауға және дамытуға жол беріп отырды.
Ислам діні Қытай еліне қашан, қалай таралды? Бұл сұраққа жауап табу үшін алдымен өткен тарихқа үңіліп, біраз деректерді парақтап көруге тура келеді.
Ең әуелі ислам Ұлы Жібек жолы арқылы Қытайға таралды. Қытайдың елеулі деп танылатын тарихы - Суи және Таң династияларының тарихы. Үйткені осы кезеңде шығыс пен батыстың мәдениеттері Қытай жерінде жібек жолы арқылы тоғысып, өзара үндестік тапты. Б.з 605 жылы Суи патшалығының тағына Яңгуаң отырып өзін Яңди патша деп жариялады. Ол билікке келісімен алдыңғы патшалардың жолын қуып, мемлекетті көркейту ісін жалғасты қолға алды. Мемлекет ішіндегі жол қатынастарын үсті үстіне жақсартып, Батыс Аймаққа (ежелгі заманнан бері қытайлар Орта Азия мен Таяу Шығысқа дейінгі жерлерді Батыс аймақ (Шиүй) деп атап келді) қақпасын айқара ашты, осылайша жібек жолы Ұлы Тұран даласынан Қытайға қатынады. Сол тұста Қытайға жібек жолы арқылы арысы Арабтан берісі Ферғанадан, түстігі Тұйғыннан, терістігі Түркі ұлыстарынан саудагерлер бара бастады. Қытайға Батыс Аймақтан нефрит тастар, қош иісті заттар, металдан құйылған ыдыстар, кептірілген жидектер және көшпенділер тарапынан түйе-жылқы, бағалы аң терілері, құс қауырсындары, жүн-тері сияқты заттар сауда керуендері арқылы жетіп жатты. Ал оның орнына қытайдың жібегі, шайы, фарфордан жасаған ыдыстары жан-жаққа сауда керуендері арқылы тасымалданды. Атап өтерлігі сол тұста, алыс шалғайлардан келетін сауда керуендеріне ілесіп миссионер, елші, әнші-биші, саяхатшы сияқты әр түрлі адамдар да сол Қытайға барып тұратын.
Қытай тарихында мәдениеттің ерекше гүлдену процессі де дәл осы суи-таң дәуірлерімен тұспа-тұс келді. Қытайға ең әуелі Үндістаннан будда діні кіріп таралса, артынша ислам діні де Жібек Жолы арқылы Қытайға кіріп тарала бастады. Таң династиясының жылнамасы «Таңшу: дашы баянында»: «Таңгаузоң иоң-хұйдың 2 жылы (б.з 651жыл) Дашы( Қытайша 大食Дашы, Араб халифаты ) Осыман халифасының елшісі Таң ордасына (ол кездегі Таң ордасы Чаңан қаласы, қазіргі кездегі Шаньши провинциясының орталағы Ши-ань қаласы) келді» деп жазылған. Осы дерек бойынша Қытай тарихшылары б.з 651жылын исламның Қытайға таралуының ескерткіші деп қарайды. Тарихи деректер көрсеткендейҚытайға б.з 651 жылынан б.з 798 жылына дейін Таң ордасына Арабтан жиыны 39 рет елші барыпты.
Ежелгі Жібек Жолындағы сауда керуендері
Мұсылмандар сол тұста Қытайға арысы Араб түбегінен, берісі Орта Азиядан Жібек Жолы арқылы сауда керуендерімен үздік қатынап тұрды. Қытайлар сол барған мұсылмандардың үнемі намаз оқып, таза киініп, таза тамақтанып, таза жүретіндіктеріне қараполардың ұстанған дінін чиңжынжияу (清真教таза дін) деп атады.
МұсылмандарҚытайдың ішкі өңірлеріндегі Кайфың, Лояң, Чаңан сияқты қалаларында айлап жылдап сауда жасайтын.Сол жерлерде ұзақ уақыттұрақтап,елдеріне қайтпай қалғандары да болды. Соның негізінде кейбірмұсылман көпестеріҚытайдағы тұрақтаған жерлерінен жер телімдерін сатып алып мұсылмандар тұратын керуен деңін және мешіттер тұрғызды, тіпті қайтыс болған мұсылмандар үшін зираттық жерді де белгілеп алады. Қытайға барған мұсылмандар сондағы халықпен достық қарым қатынаста болды, олардың сенімдеріне құрмет білдірді, саудаларында адал, уәделерінде берік тұрды,ешкімге тықпалап дін таратпады. Сол себепті жергілікті халық оларға сеніммен қарап, тез достасып кетті. Сөйтіп Қытайда ұазақ уақыт тұрақтап қалған мұсылмандар жергілікті халықпен үйленіп балалы шағалы бола бастайды. НәтижесіндеҚытайда алғашқы мұсылман жамағаты пайда болды. Ғалымдар бүгінгі дүнген ұлтын кезінде батыстан Жібек Жолы арқылы қытайға барып тұрақтап қалған мұсылмандардың ұрпағы деп қарайды.
Тағы бір дерек бойнша мұсылмандар ең алғаш су жолы арқылы Қытайға барыпты. Қытайдың Миң династиясы тұсында жазылған «Миншу:аймақтар тарихы» атты кітапта: «Медине елінде Мұхаммед пайғамбар бар, ол Суи патшалығы кайхуаң жылнамасының алғашқы жылдарындаАллаһтың елшісі болды. Өз үмбеттері ішінен 4 сахабасын Таң елінде дін таратуға жіберді. Ол төрт сахабасының біріншісі Гуаңжоуда дін таратты, екіншісі Яңжоуда дін таратты, үшіші сахаба мен төртінші сахаба Чуанжоуда дін таратты» деп жазылған. Осында айтылған Гуаңжоу, Яаңжоу, Чуанжоу қалалары Қытайдың теңіз жағалаундағы маңызды порттар болып табылады.Ағылшын тарихшысы Вэлс өзінің «Дүние тарихы» атты кітабында: «б.з 628 жылы арабтардың салтанатты сауда керуені Мединеге жақын жердегі Янбу кемежайынан теңізге шығып Гуаңжоуға келді. Олар Мұхаммед пайғамбардың Таң еліне жіберген дін таратушылары мен елшілері еді ... Таң тайзоң ( Таң еленің сол кездегі патшасы) ол елшілерді ыстық ықыласпен қабалдады және Гуаңжоуда бір мешіт салдарып араб саудагерлерінің пайдалануына берді» деп жазады.Осы деректерге негізделетін болсақ, исламның Қытай еленде таралғанына қазірге дейін шамамен 1350 жылдан астам уақыт болған.
Қытайдың Ши-ан қаласындағы Доңдасі мешітті
Тағы бір айта кетерлігі, Қытайда Таң династиясы заманнан бастап мешіттер салына бастаған. Сол заманнан бүгінге жеткен ең ертедегі мешіт деп Ши-ань қаласындағы Доңдасі мешітін атауға болады. Бұл мешіт шамамен Таң динатсиясы Тинбау жылнамасының алғашқы жылы (б.з 742жыл) салынған, кейінгі Соң, Юан, Миң, Чиң династиялары тұсында үздіксіз жөндеуден өткізіліп қорғауға алынып отырған. Мешіттің жалпы аумағы 13 мың шаршы метр, бір уақытта мыңнан астам адам намыз оқый алады. Мешіт аумағында әр замандарда тұрғызылған ескерткіштер бар, ол ескерткіштер араб, парсы, қытай тілдерінде тастарға қашалып жазылған. Мешітте ұзақ жылдар бойы сақталып келе жатқан кітаптар да аземес. Мешіттің төртінші ауласында атақты адамдардың хұснихатары мен араб графикасында жазылған түрлі жазулар, қабырға суреттер бар. Олардың барлығы бүгінге дейін жақсы сақталып келді.
Ислам діні Қытай еленде сонау ерте заманның өзінде-ақ бейбітшылік және достықтың негізінде таралып дамытылды. Бұдан білетініміз, ислам діні бүкіл адамзатқа жіберілген дін әрі бейбітшіліктің діні.
Қалбан Ынтыханұлы
жазушы, аудармашы
Ескерту:
Бұл мақаланың тек «Мәдениет порталында» ғана жария тұруына рұқсат етемін.Үйткені өткенде қатарынан бір неше мақаламды кейбір сайттар менің рұқсатымсыз немесе ескертусіз қалағанынша өзгертіп, қалағанынша тақырып қойып жариялады. Бұл этикаға, тіпті адамшылыққа жат қылық.