Алтын Орданың 750 жылдығы мен Тұғұрұл ханның 890 жылдығы аясында «Қазақ даласы мен Сібір: көрн...
Ұларбек Нұрғалымұлы. Көңіл шәйі
Жаз жайлауда думанға әбден қанып, қыс қысқанда алып таулардың қойны-қоншына еніп ізім-ғайым жоқ болып кететін осынау бір қауымның әр бірі дүниеге келген сәтте-ақ жан түкпіріне жазылып қойғандай өз заң, қағидалары бар-ды.
Сонаааау жылдары, тағы да сол қауымда, сол ауылда жасы сексеннен асқан Ханифа деген әже хәл үстінде жатыпты. Шекесі тершіп, әлденеге қысылғандай жүзі де қызарып, бірдеңе айтқысы келгендей келініне қарағыштай берген екен. Келіні қайқыбас төсек алдына тізерлей отырып енесінің ерніне құлағын төсепті. Сонда хәл үстіндегі Ханифа кемпір әр сөзін деміне жалғап шығарып жатып:
- Ан-ау Нұр-дан-дарды көңіл шай-ға шақыр- алма-ғаны-мыз-ай, жас өл-ім еді ғ-ой, ен-ді ме-нің жана-зама қал-ай кел-ер ек-ен? – деп күрсініпті.
Содан сәл тынығып барып, көзінің жасы мөлт етіп төгіліп кеткен келініне қайта бір тіктеп қарап:
- Алды-мен сол-арға көң-іл ш-әй бер-іп алы-п, со-дан кей-ін өздер-ің бар-ар-сыңдар ғой, жө-ні со-лай, - деп, өсиетін айтып үлгергеніне жаны жай тапқандай ақырын ғана созыла түсіп, үзіліп кете барған екен, жарықтық...
Солай, сол ауылда, сол қауымда әлі күнге қолға ұсталмаған, көзге көрінбеген тек қана бір-бірінің көңілдерін жалғап тұратын бір құпия, сырлы жіп бар еді деседі, оны өлгендер тірілерге тастап кетіп отыратын дейді...
Ұларбек Нұрғалымұлының дербес парақшасы