Маклер деген жалмауызың тағы барАуылдың жағдайы біткен соң, қазақ қалаға қарай ағылды. Қаладағы туыс...
Зира Наурызбаева. Күдік пен үміт арпалысқан күйдемін
Күйші, жазушы Таласбек Әсемқұловтың өнер мен әдебиет жайындағы терең білімі Шығыс пен Батыс көзқарасын астастырса, Зира Наурызбаеваның түркі-қазақ мифологиясы турасындағы пайымдаулары мен этнографиялық зерттеулері замандастарының зор ынтасын туғызды. Бір шаңырақтағы қос қаламгердің шығармашылығы бірін-бірі даусыз толықтырып, суреткерлік талантын ұштай түскеніне куә боласыз. Осы орайда әдебиет пен мәдениет төңірегінде мәдениеттанушы, мифолог Зира НАУРЫЗБАЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.
«Рухтан» жүлде алмаған әңгіме
– Зира Жетібайқызы, кезінде «Қазақтың мәңгілік аспаны» атты кітабыңыз жарқ етіп шығып, оқырман қауым ерекше ықыласпен қабылдаған еді. Кейінгі уақытта сізді балалар әлемінен де жиі байқап жүрміз. Бүгінгі шығармашылығыңыз қалай өрбіп жатыр?
– «Қазақтың мәңгілік аспаны» (кітап орыс тілінде жазылған, атауы – «Вечное небо казахов» – ред.) кітабын қайта басып шығарғалы жатырмыз, беттелген нұсқасын тексеріп болдық. Екіншісі, әкемнің ағасы туралы мақала дейін бе, эссе дейін бе, сондай бір дүниені жазып бітірдім. Шағын ғана. Туыс әпкемнің қолқа салуымен қолға алдым. Әкеміздің ағасы көп қиындық кешкен адам. Ашаршылық бар, жетімдіктің тақсіретін көп тартқан. Екінші дүниежүзілік соғыста қоршауда қалып, немістердің тұтқыны болған. Сталиннің заманында тұтқынға түсу қылмыс қой, шахтаға жұмысқа айдалды. Шахтадан жұмыстан босап, кері қайтуға рұқсат алғанымен елге не бетіммен барам десе керек. Содан аз-маз мәлімет архивтен шықты әрі әкеміздің балықшы аталарымыз жөніндегі естелік әңгімелері бар, сондай дүниелердің басын құрастырып жазғандай болдым. Одан бөлек, «Бату мен оның достары» атты балаларға арналған кітаптың үшінші бөлімін жазушы Лиля Калауспен бірігіп ойластыра бастап едік, отбасылық жағдайына байланысты жұмыс тоқтап тұр. Шынына келер болсақ, «Талтүс» романын аудару кезінде қатты қиналдым. Маман ретінде, аудармашы ретінде және Таласбектің жары ретінде. Кемі екі жыл аударылатын жұмысты айналдырған екі айда жасап шықтым. Ол жерде Таласбектің бала кезіндегі өлім туралы, қиналысы мен жалғыздығы туралы ойлары бар.
– Дегенмен былтырғы жыл сіздердің отбасылық одақ үшін ерекше болды. Жолдасыңыз Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы АҚШ баспасынан жарық көрді. Оған қоса «Тоқал» атты әңгімеңіз Азияның үздік қысқа әңгімелер жинағына енді. Жалпы, Батыс баспаларымен қалай байланыс орнаттыңыз?
– Брюссельде Зәуре Батаева деген жазушы, аудармашы тұрады. АҚШ-тың маңдайалды оқу орындарының бірі Индиана университетінде оқып, сонда қазақ тілінен сабақ берді. Ағылшын тілді жұртқа арнап қазақ тілінің оқулығын шығарған. Қазақ әдебиетінің жанашыры. Дидар Амантай, Айгүл Кемелбаеваның кейбір дүниелерін жеке қаржысына аудартып, жинақтарға қосты. Facebook әлеуметтік желісі арқылы танысып, әңгімелесе келе екеуміз құрдас болып шықтық. «Кезінде Таласбек ағаға амандасуға барып, үйіңізден шай ішкенмін», дейді. Есімде жоқ. Шэлли Файруазер-Вега деген америкалық аудармашы осы Зәуренің жақын танысы екен. Шэллиге өзі қаламақы төлеп, кей әңгімелерімді аудартып, Америкадағы электронды журналдарға жариялаған еді. Шэллимен өмірде кездеспесек те, жақсы түсінісіп кеттік. «Талтүс» романын ағылшын тілінде сөйлетіп, «Three String Books» баспа үйінен шығуына тікелей себепкер болды. Ал Азияның үздік қысқа әңгімелері жинағына Орталық Азиядан менің әңгімем, сосын Хамид Исмаил (Өзбекстан) деген жазушының еңбегі кіріпті. Хамид – 20 жылдан бері Лондонда тұратын, Батыста көптеген романы басылып шыққан белгілі жазушы. Қалғаны Филиппин, Ливан, Бангладеш, Палестина, Сирия, Үндістан сынды өзге елдің жазушылары. Былай қарасаң, екі жыл бұрын сол әңгіме Қазақстанда «Рух» бәйгесіне қатысты ешқандай жүлде алған жоқ.
– Шығармашылық жұп болып жұмыс істеудің қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінде де мысалдары көп. Шығармашылық жұп болудың артықшылықтары мен қиындықтары қандай?
– Таласбек маған сөз саларда «Өз өміріңіздің жауапкершілігін маған сеніп бере аласыз ба?» деді. Сөзді осылай айтты. Қанша ауырып сырқаса да, көзі көрмесе де осы сөзінде тұрды. Екіншіден, Таласбекпен бас қоспағанымызда жоғары оқу орындарының бірінде қатардағы оқытушы болып жүре берер ме едім. Мақалаңды ақша төлеп әлдебір ғылыми жинаққа енгізесің де, соған риза болып қана отырасың.
– Ал Таласбек ағамен қалай танысқан едіңіздер?
– Біздің таныстығымыздың өзі қызық болып еді. Бір танысымыздың үйінде бас қосып, сонда ағаңды алғаш көрдім. Сол кеште Таласбектің айтқан әңгімелері менің ішкі сұрақтарыма жауап сынды болды. Өйткені менің 2-3 жыл бұрын қорғаған диссертациямның тақырыбы мифологияға қатысты, соның ішінде Қорқыт жайында еді. Осының барлығына мен сұрамастан Таласбек жауап беріп жатты, менің аузым ашылып қалған. Сөйтіп бас қостық. Сол уақыттағы маңдайалды озық газет «Заман – Қазақстан» басылымында жұмыс істейтін, айқарма бетті толтыруы керек. Таласбек келмей тұрғанда ол бетке жеміс-жидек тосабының құрамы басылып жүрді. Содан шай үстінде бір идея айтып қалсам, «О, мынау күшті! Кәне, отыр да мақала жаз», дейді. Сөйтіп жүріп ғылыми жинаққа енбей қалған зерттеулерімді реттеп, газетке жаза бастадым. Біртіндеп маған қаламақы төленіп, жазуға құлшынысымды оята бастады.
Аяғым ауыр болып жүргенде ҚазҰУ-да миссионерлік желеумен тамырын тереңдете бастаған «Кришна қоғамына» қарсы үлкен мақала жазып, жұмыстан шығып қалған едім. «Туған университетін сатқан сатқын» деп маған қарсы мақала жаздыртты. Университетке қайтайын десем, мені ешкім алмайды. Содан Талас айтты: «Басыңды қатырма, енді сені күзге дейін ешкім алмайды. Ол кезде ішің де білініп қалады. Үйде отырып, жазатыныңды жаз. Жазып өз атыңнан шығар!». Сонымен үйде отырып, бір жағынан шай құямын, бір жағынан жазу жазамын. Сонда кей адамдардың қалжыңы ма, жоқ әлде кекеткісі келе ме, «ой, Зира сенен талантты!» деген сөз әзіл-шыны аралас айтыла бастады. Ондайда Таласбек шын риза болатын. «Иә, Зира – гений», деп менің басымнан сипайды. Менен бір мүшел үлкен ғой. Осылайша бірте-бірте жазушы да, сценарист те болып шықтым.
Көп шара көзбояушылықпен жасалады
– Ал біздегі зияткерлік еңбек қаншалықты бағаланады? Жүйені өзгертуге бола ма?
– Ең әуелі мәдениет саясаты өзгеруі тиіс деп ойлаймын. Мен оны талай айтып, талай жаздым. Бір кездері тіпті Парламент Мәжілісінде осы тақырып бойынша баяндама да жасадым. Бізде интеллектуалды еңбектің насихаты кемшін. Қазіргі эстраданың жарнамасына жіберген ақшаның 10 пайызын жазушы мен ғалымдарды насихаттауға жұмсасақ тамаша емес пе?!
Кезінде тоқсаныншы жылдардың басында Жәнібек Сүлеев деген журналист «Откорм площадка» деген үлкен мақала жазды. Сонда кей ұлтшылдар сатқын деп оның жер-жебіріне жетті. Жәнібектің өз атасы Біләл Сүлеев Алашорданың білім министрі болды, репрессияға ұшыраған адам. Әкесі Азат керемет тілтанушы болған азамат. Сондай әулеттен шыққан Жәнібек қой. Өте білімді. «Үкімет қазақ тілін дамытуға, насихаттауға көп ақша бөледі. Бірақ оның бәрі зая кетеді», деп әу бастан кесіп айтты. Расында, 30 жылда қазақ тілін насихаттауға қаншама қаржы бөлінді, біздің түсімізге де кірмеген ақша. Ысырапқа салынбай-ақ тілді насихаттаудың заманауи тәсілдерін ескеру керек қой. Сол сияқты кітап өндірісі саласында да шешілуі тиіс мәселелер баршылық. Мәдениет және спорт министрлігінің жылдар бойы еш өзгеріссіз келе жатқан «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы өте дұрыс. Бір баспа табаққа 10-15 мың теңге төленеді. Қаламақы өте аз әрі қол жеткізу өте қиын. Жолымыз болып Таласбектің бес томдығын шығардық. Қалған бес томы үш жылдан бері дайын тұр, бірақ тендерге ілінбей-ақ қойды. Өйткені ана жердегі күрес сұмдық. «Әдебиетшілерге көмектесейік, қолдайық» деген Үкіметтің ниеті жақсы, бірақ орындалу жүйесі ретсіз.
Жуырда тағы бір бағдарлама шықты, бір баспа табаққа 150-200 мың теңге төленеді екен. Ал ол жердегі тартыс тіпті сұмдық және жазылған дүние сапасына қарай таңдалмайды, басқа жолдармен реттеледі. Тағы бір қызық тұсы, ол бағдарламаға келісім берсең, құқықтар түгел Үкіметтің құзырына өтеді. Осыны естігенде тіксініп қалдым. Алда-жалда шетелде басып шығаратындай, я кино түсірілетіндей жағдай болса, оған рұқсат жоқ. Мұндай бағдарламаға жазғанынан еш үміті жоқ, болашағы жоқ деп ойлаған адам ғана келіседі. Әрине бір айда оншақты баспа табақ шатпырақты жаза салып, пәленбай миллион алып мәз болып отырасың. Парадокс! Көп шара есеп үшін ғана, көз бояушылықпен жасалады.
– Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған мәдениет тасқынына төтеп беруге қазақ мәдениеті қаншалықты қауқарлы?
– Бұл қиын сұрақ, түсінесің ғой. Дамыған әлемдік деңгейде орны бар мәдениеттердің өзі тығырықта қалып отыр. Оған қарамастан біздің мәдениетіміздің өзінің бір әлеуеті бар. Былтыр менің сценарийіммен түсірілген «Қоңыр қаз» анимациялық жобасы қоршаған орта дүниесіне, күй тарихына арналды. Жуырда астанада ұлттық анимация саласына өлшеусіз үлес қосқан режиссер-аниматор Әмен Қайдаровтың есімімен аталған кинофестиваль өтті. Сонда Алматыдан келген қонақ Әмен ағамыздың шәкірті Галина Дусенконы ертіп жүрдім. 85-ке келген үлкен кісі. Содан залдан Галина апамызды шығара алсақшы. Басынан аяғына дейін аузы ашылып тамашалап, «Әмен ағамыз бекер еңбек етпеген екен. Мынау не деген керемет. Ал мына тұсы жетпей тұр» деп таң-тамаша болды. Залда екеуміз ғана отырмыз, өзгесі ұсақ балалар. Бір кезде «Қоңыр қаздағы» «Аққу» күйі басталды. Көріністе аққудың қанат қағатын тұсы бар еді, тура сол сәтте экранға арқасын беріп тұрған кішкентай қыз кәдімгідей қос қанатын қағып, билеп кетті. Күйдің әсерін қараңызшы. Бүгінгі адамзат әрекетіне жалпы бағдар беретін архетип ұғымы дегеніміз осы. Бұл Генерал Асқаровтың синтезаторсыз тартқан күйі «Сүгір» болатын. Қарап тұрып шүкірлік айттым. Рейтинг қуа бермей, осындай сапалы дүниелер жасалса дейсің. Өйткені балаларымыздың «Nickelodeon», «Cartoon Network» сынды жат арналардың жетегімен кетіп бара жатқаны ащы да болса шындық. Мысалы, Димаш деген әнші бала шықты да миллиард деп айтпай-ақ қояйын, миллиондаған адамды аузына қаратты. Мыңдаған тыңдарман қазақ тілін бір балаға бола үйреніп жүр.
Күнкөріс үшін керек емес дүниелер жасалды
– Ағамыз жан қалауы, көңіл түкпіріндегі дүниелерді қаншалықты жаза алды? Күнөріс қамына көбірек кірісіп кеткен жоқ па?
– Жалпы, тіршілікке онша қырым жоқ, пысық емеспін. Әйтсе де «Талас, жазшы. Өз ойыңдағы дүниені жаз» деп барынша демеу көрсетуге тырыстым. Әсіресе соңғы жылдары. Кейде «Талас, мынаны қайтесің, саған керек емес» дегенімде ренжіп қалатын. «Мен ақша табуым керек, балаларымды асырауым керек» деп ренжитін. Ал шығармашылықтағы әрқайсысымыздың орнымыз бөлек болды. Мұқағалиға арналған «Өгей» киносценарийінің жөні басқа, бітпей қалды. «Басымда толық дайын, қағазға түсіремін» деп «Өгей» сценарийі бойынша Алматыға жұмыс істеуге кеткен еді. Кітапханада көп отырды. Сол жолы аяқ астынан қайтыс болғанда кей қолжазбалары жоғалып кетті, қайда кеткені түсініксіз. Ақыры өзі айтып жүрген желісі бойынша «Өгейді» жазып бітірдім. Ақын мына дүниеге өгей деген мағынада ғой. Ол сценарийде өзінің өмір жолы туралы көп нәрсе бар сияқты көрінеді. Өйткені ол мұны өлім алдында жаза бастады. Одан кейін «Тәттімбет» сериялы романы бітпей қалды. Таласбек қайтыс болған соң үстеліндегі қағаздарды реттестіріп жүріп, қатты өкіндім.
– «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» деп хакім Абай да өкінген екен. Сіздің өкінішіңіз қандай?
– Күнкөріс үшін керек емес дүниелер жасалды. Мысалы, қайбір жылдары «Алматы ақшамы» газеті Алматының тарихы туралы мақалалар цикліне тапсырма берген ғой. Таласқа қайтесің деп қанша айтсам да қоймай жүріп, «Алматы тарихы құжаттарда» деген орыс тіліндегі кітапты алып соны аударды. Не керек ол? Оның орнына «Тәттімбет» романын жазғанда қалай болар еді. Күнделігінде жазылуы тиіс деген жиырма шақты киносценарий тұрды. Соның алтауы ғана жазылыпты. «Құнанбай», «Біржан», «Томирис», «Жезтырнақ», «Абылайхан». «Өгейді» өзіңіз білесіз. Кіші жүз ханы, Қайып ханның немересі Арынғазы ханға арналған күйі болды. Бір-екі өрнегі жетпейді деп магнитофонға түсірмей жүрген екен. Сол беті жазылмай қалған. Жас кезінде де жоғалып кеткен дүниелері көп болды. Өкінесің.
– Жоғалып кетті ме, әлде қолды болды ма?
– Әртүрлі. Әсіресе 80 жылдардың басында жарқырап шықты. Ол тұстағы мақалаларын орыс тілінде жазды. Қазір мен оны «Казахский эпос: человеческий дух в поисках изначального смысла» деген атаумен шығарып жүрмін. Негізі «Единая тюркская мифологическая система» деп аталады. Көне қазақ романдарының эстетикасы, сондай-ақ қазақтың байырғы музыкалық терминологиясы хақында жазылған зерттеу мақалалары өте жоғары деңгейде жазылған. Күпірлік айтпайын, бұл пайғамбарлық деңгейде жазылған мақалалар. Бірақ Таласбек мұны тоқтатады да, жалпыға түсінікті тілмен Тәттімбеттің Шығыс Түркістанға сапарын баяндап жаза бастайды. Ақыр соңында жазған дүниелері басылмай қала береді. Осыдан соң Таласбек көпке дейін жазбай кетті. Таласбек Алматыға 17 жасында келді. 46 жасында үйлі болды. Сөйтіп жүріп студент кезінде бір орыс кемпірдің үйінде тұрған. Қора-қопсысы бар жер үй. Фольклорист болам деп армандап жүрген уағы. Қазақ фольклорында көп кездесетін Ескендір Зұлқарнайын жайында зерттеп, жазып жүрген екі чемодан қолжазбасы сол үйдің сарайында сақтаулы тұрса керек. Оқудан келсе, қызыл жалын болып өртеніп жатқан қораның үстінен түседі. Чемоданды алып шықпақ болып тұра жүгірген Таласбекті жігіттер ұстап, жібермей қойған екен. Кезінде Кобо Абэнің «Жат әлпет» романын аударып, баспаға өткізген. 80-жылдардың аяғына таман болса керек, баспалар тоқырап, жабылып жатқан кезі, архивтегі қолжазбаларды жертөлеге шетінен тастай берген. Артынан сұрап барса, «өзің ізде» деп қайтарып жіберіпті. Сонымен қалған. Бір күні ойда-жоқта «Балауса» баспасынан біреу хабарласып тұр. «Осындай аудармаңыз бар екен, басып шығаруға рұқсат бересіз бе?», деді. «Апырай, 20 жылдан кейін де қолжазба табылады екен-ау», деп Таласбек қатты қуанды. Сол сияқты кім біледі, табыла жатар. «Үмітсіз шайтан» деген...
– Таласбек ағамыздың өнерiнiң де, өмiрiнiң де алтын өзегі боларлықтай азаматтық болмысындағы басты қасиеттері қандай еді? Жалпы кімдерді көп оқыды?
– Өзінің айтуынша, қазақ жазушыларын жата-жастана көп оқыған. 10-11 жасында Золяны оқыды, одан Мопассанды. Аудан, мектеп кітапханаларында жарамды не бар, соны түк қалдырмай оқыған. Тәуелсіздік үшін күрес жүргізген алашорда әдебиеті кейін жарық көре бастады ғой. «Біз мұны бала кезімізде оқуымыз қажет болатын. Өрісімізді кеңейтер еді. Ал қазір әлем әдебиетінің жауһар шығармаларын оқып алғаннан кейін кереметтей әсер ете алмайды. Қалай десек те қазақ жазба әдебиетінің алғашқы сатысы», деп айтатын. Ал өзіміздің жазушылардан Төлен Әбдікті айрықша құрметтеді. «Оң қол» деген әңгімесіне кино түсіремін деп көп әуреленді. Бір режиссермен де келісіп қойған еді, Құдай ұрғанда онымен Төлен тіл табыса алмады ғой. Аяқсыз қалды. Адамның ішкі жан дүниесіне терең бойлайтын шығармаларға ден қоятын. Әбіш Кекілбайұлы жайында жазғысы да келді, жаза алмай кетті. Ал Асқар Сүлейменов туралы көп жазды. Сүлейменов – философиялық іргетасы мықты суреткер, интеллектуал адам. Асқар отырған жерде Мәскеуде беделі бар деген философтар, әдебиеттанушылар мен кинотанушылар аузын аша алмайтын. Одан кейін шынын айту керек, өзінің ұстазы болған – Мұхтар Мағауин.
– Таласбек ағаны соңғы сәттерінде не толғандырды?
– Таласбек жұмыссыз қалған кезде бала-шағамды асырай аламын ба деп қатты қорықты. Жарты жылдай төсекке жата алмады, жатса дем жетпей қысылатын. Үйдегі жұмыс үстеліне құс жастықты қойып, соған маңдайын сүйеп қана ұйықтап жүрді. Түптеп келгенде оның барлығы психологиядан. «Дүние мені қабылдамайды» деген үрейден. Соңғы жылдары тек жастармен араласқысы келді. Өзімен қатар жазушылар шақырса, іргесін аулақ салып, барудан қашады. Анамды қолыма алсам деп көп армандады. Шешесі алты баламен жесір қалып, көп қиыншылық көрген жан. Шешесі өмірден қайтарда: «Таласбекке хабар бермеңдер. Тек міне, емтихан бітті дегенде айтыңдар», депті. Содан шешесінің жетісіне ғана барды. Осы өкініш өмір бойы жүрегінде кетті. Сол үшін де болар әйелдің орны бөлек деп қыз балаларды көп көтермелейтін.
– Болашақтан не күтесіз деген жалпы сұрақпен әңгімемізді қорытындыласақ.
– Қоғамның бүгінгі беталысына қарап күйзелесің. Алла бізді ұмытпаған шығар, бір санатында бар болармыз деп те ойлайсың. Үміттенеміз. Сыйынасың. Қазір жолайрықта тұрғандаймын. Мифология – бар ғұмырымды арнаған, жақсы көрген ісім. Бірақ бұл саладан көк тиын алған емеспін. Біздің қоғамға мифологияның керегі де жоқ сияқты. Бұрын асырайтын адамым бар деген сеніммен қара кешке дейін мифологияны зерттеуші едім. Сөйтіп жүргенде 700 беттік кітап жазылып қалғанын өзім де байқамай қалыппын. Жол таба білмесең, жазушылықпен бала-шағаңды асырауға да жағдай жоқ. «Басқа салаға кетіп қалсам қайтеді осы» деген екіұдай ойда жүремін. Қарап тұрсам, балаларға арналған кітабымызға сұраныс бар сияқты. Өйткені қазақ тілінің мәдениетіне құрметпен қарайтын, қазақ тілінің ғажайыбына сене бастаған жас буын өсіп келеді. Өмірдегі бір борышым деп осы нәрсені сезінемін. Көп уақытымды аудармамен де өткіздім. Қазір аударма жасағым келмейді, шаршадым. Бір жағынан шәкіртақы алып, шетелге кетіп қаламын ба деп ойлап қоямын (ұлы Жансүгірді көрсетіп). Мына баланы алып кетемін. High school-да жүресің сосын. (Күліп).
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен