Қазақстанда ғылымды қаржыландырудың нәтижелілігі сынға алынды
Фото: Ақорда
Қазақстанда ғылым саласына бөлінетін қаржы соңғы жылдары айтарлықтай артқанымен, оның тиімділігі қоғамда әлі де сұрақ тудырып отыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Президенттің айтуынша, соңғы алты жылда ғылымды қаржыландыру көлемі бірнеше есеге ұлғайған. Жыл сайын бұл салаға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті 500 миллион доллардан көп қаражат бөлінеді. Алайда мұндай қомақты инвестицияға қарамастан, нақты ғылыми нәтижелер жеткіліксіз деңгейде қалып отыр.
Мемлекет басшысы саладағы басты проблемалардың бірі ретінде қаржылық тәртіптің әлсіздігін атап өтті. Оның сөзінше, бақылау тетіктерінің жеткіліксіздігі мен жүйелік олқылықтар ғылым саласында заңбұзушылықтарға жол берген.
«Мемлекет соңғы алты жылда ғылымға арналған қаржыны бірнеше есе ұлғайтты. Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті, бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қаржыландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз. Бас прокуратура салалық министрлікте және Ғылым қорында көптеген әрі ауқымды қаржылық заңбұзушылықтарға жол берілгенін әшкереледі. Неліктен осылай болғанын тап басып айту қиын. Грант алушыларды аккредиттеуден бастап қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер көзге көрініп тұр. Менің түсінігімде, ғылым мен жемқорлық бір біріне кереғар құбылыс, екеуі қатар аталмауға тиіс. Мемлекет қаржысын жымқырғысы келетін кез келген әрекетке тосқауыл қоятын сүзгі не кедергі жоқ. Ғылыми үдерісті дамытудың тұжырымды көзқарасы қалыптаспаған. «Әйтеуір қаражатты қалайда игерсек болды» деген ұстаным тамыр жайған. Ғылыми жұмыстың нақты пайдасы, жаңашылдығы қандай? Оған ешкім бас қатырмайды. Бұған қоса, сараптама ұзаққа созылады. Жобалар уақтылы іске аспайды. Үкімет аталған мәселелерді егжей-тегжейлі тексеріп, жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет», – деді Президент.
Сонымен қатар, Президент ғылым саласында жемқорлықтың болуына жол берілмеуі тиіс екенін қатаң ескертті. Оның пікірінше, ғылыми қызметтің басты мақсаты – нақты нәтиже мен инновация әкелу болуы керек, ал формалды түрде қаражат игеру тәжірибесі тоқтатылуға тиіс.
Жиында сондай-ақ ғылыми жобаларды сараптау мерзімдерінің ұзақтығы мен олардың уақытылы іске аспауы да сынға алынды. Бұл өз кезегінде ғылыми бастамалардың тиімді жүзеге асуына кедергі келтіреді.
Мемлекет басшысы Үкіметке ғылымды қаржыландыру жүйесін жан-жақты тексеріп, анықталған кемшіліктерді жою үшін шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл қадамдар ғылым саласының ашықтығын арттырып, бөлінген қаражаттың нақты нәтижеге жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталмақ.