Үркер жасыл желекке бөленді: бір күнде 400-ден астам ағаш егілді

Фото: Gov.kz

MADENI TV
22

Астананың Нұра ауданындағы Үркер тұрғын алабында 25 сәуір күні «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды көгалдандыру іс-шарасы өтті. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Іс-шараға балалар мен жастар, ауданның Ардагерлер кеңесінің өкілдері және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушылары белсенді атсалысты.

Кезекті акция №94 мектеп маңында ұйымдастырылып, тұрғындар аға буын өкілдерімен бірге ағаш отырғызуға шықты. Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметованың айтуынша, шараға шамамен 80 адам қатысты.

«Тұрғындар өздері бастама көтеріп, акцияға қатысқысы келетінін айтты. Біз барлық қажетті жағдайды жасадық: көшеттер, құрал-жабдықтар, музыка, ыстық шай мен тәтті-дәмді ұсынылды», – деді ол.

Бұл күні Үркерде 400-ден астам ағаш отырғызылды. Олардың қатарында алма, алмұрт, тал және басқа да ағаш түрлері бар. Әбсеметованың мәліметінше, соңғы екі-үш аптада аудан бойынша 2 200-ден астам ағаш егілген, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

 

Жобаның ерекшелігі – алдын ала өсірілген, 12-15 жылдық көшеттерді пайдалану. Мұндай ағаштар елорданың климаттық жағдайына жақсы бейімделген.

Отырғызу жұмысы басталар алдында қатысушыларға арнайы нұсқаулық беріліп, ағашты дұрыс отырғызу тәсілдері түсіндірілді. Акциядан кейін мамандар атқарылған жұмыстардың сапасын тексеріп, қажет болған жағдайда түзету енгізеді.

Шара көңілді әрі бейресми атмосферада өтті. Қатысушыларға музыкалық сүйемелдеу, шай мен тәтті-дәмді ұсынылды. Көпшілік бұл тек сенбілік емес, адамдардың басын қосатын ортақ іс екенін атап өтті.

Әсіресе, аға буын өкілдері ерекше белсенділік танытты. Олардың айтуынша, мұндай шараларға қатысу – болашаққа қосқан үлес әрі жастарға үлгі.

«Біз бұл акцияны толық қолдаймыз. Ең бастысы – адамдардың көңіл күйі. Қуана жұмыс істеп, еркін араластық. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Келешек ұрпаққа таза әрі жасыл Отан қалдыруымыз керек», – деді Нұра ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтмағамбет Айпов. 

Ал акция қатысушысы Гүлжанат Шекербаева мұндай бастамалардың адамдар арасында қарым-қатынас орнататынын атап өтті.

«Біз бұл қаланы бірге тұрғыздық, оның қалай дамығанын көрдік. Енді оның одан әрі жасыл әрі жайлы болуына үлес қосу – біздің міндетіміз», – деді ол.

Сенбілікке Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Атамекен» вокалдық ансамблі де қатысты.

«Кеше естіген бойда бірден жиналдық. Біз мұнда 10 адам келдік. Қазір 6 ағаш отырғыздық. Пайдалы іспен бірлесіп өткіздік – араластық, күлдік, шай іштік. Елордамыз одан әрі көркейе түседі. Бұл – біздің азаматтық борышымыз», – деді ансамбль жетекшісі Жанат Боранқұлова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – тек ағаш отырғызу емес, қала тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру. Отырғызылған көшеттерге күтім жасау жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.

Айта кетейік, осы күні көшет отырғызу жұмыстары Үркер тұрғын алабындағы Бойтұмар көшесінде және №69 мектеп жанындағы скверде де өтті. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыда қолы қан-жоса болған ер адам сұлулық салонына басып кіріп, қызметкерлерді қорқытқан. Белгіс...

MADENI TV

Астанада «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында экологиялық айлық жалғасып...