"У смерти будут твои глаза"...Чезаре ПавезеКітап аты – «Бесін», авторы &...
Құрмет Қонарбай. Қарлығаштың ұясы(Әңгіме)
Еңсесі биік кең бөлменің төріне тарта қойылған дөңгелек үстелдің қақ төрінен орын нұсқады. Үстелдің үсті ұқыпты тізілген салаттармен жайнап тұр. Дастархан ашылып, тостар айтылып бірауық болған кезде, қонақ иесі Ли мырза өзінің қиғаш қарсысына жайғасқан талдырмаш денелі әдеміше келіншекке:
— Шүй бикеш, балықтарыңды шығартпайсыңдарма,— деп өзімсіне бұйырды да, оң жамбасында тізелесе отырған бұған тұтас денесімен бұрыла, шала жымия тіл қатты.
—Тағы да қош келдіңіз дейміз, айыпқа бұйырмаңыз, негізі сізге деген құрметімді маймылдың миымен үстеп жіберем–ау деп ойлағам. Қырсыққанда, жуықтан бері ол бәле қолға түсе бермейтін көрінеді. Қала бойынша өзі санаулы қонақжайларда ұсынылушы еді, мына отырғанымыз соның бірі–тін. Көрмейсізбе, мұнда жуық арада болмайды депті. Келесі бір келгеніңізде ауыз тиерсіз.
— О не дегеніңіз Ли бас директор! Мына дастарханыңыздың өзі керемет.Үлкен рақмет сізге, қайта...— Мұның сөзін манадан бері босағада тік тұрып алып, келген әрбір тағамның түсін түстеп, бөгенайын баяндап тұрған орта жастардан сәл берірек еркектің көтеріңкі дауысы бөліп кетті. Оның әр реттегі озаны да қоңырлатып бастап, әуені келмей бара жатқанда күшеп көтеріп жіберетін әуесқой әншінің мақамына келіңкірегендей еді.
Жүзін Ли бас директордан үстелге бұрғанынша, алдына балық пішіндес тарелкеге салынған бауырының ақ сарылығы болмаса, ұлы денесі күміс реңді шағын балық қойылып жатыр екен. Қойылғаны бар болсын!Табанынан өрлей жүгірген мұздай ызғар мұның тұла бойын лезде шалып өткендей болды. Нәрестенің білегіндей жан иесі шыжыған майдың ішінде жанталасады. Алланың жаратқан әрбір мақұлығы жантәсілім етерінде тірлігіндегі өзіне ең үйреншікті, ең икемді қимылына жүгінеме қайдам, бишараның басы шыжыған табаға тірелгенде, құйрығы ауаны қармайды, құйрығы майға батқанда, басы көтерілгендей болады. Кішкентай шеміршек ауызы дегбірсіз ашылып жабылады. Әр мәртелік арпалыспен оның үстіне себілген безендіргіш көкөністер шыжғырылған майға сусып түсіп, қоңырқай қошқылдарға айналып жатыр. Көзіне көзі түскенде, мұның жүрегі мүлде көтеріліп кетті, тура осыдан медет тұтып, жалбарынғандайма дерсің. Қолқа–жүрегі көмекейіне тығыла қатты лоқсыды. Үстелге құсып жібермейін деген ұяттан орнынын бар пәрменімен атып тұрды.
– Бісіміллә, бісіміллә. Не болды әкесі?
Әйелінің үрей үркіткен аштылау дауысынан оянып кетті. Төсектен тұрып кетуге шақ қалыпты.
— Астағфирулла,— деді есін жиып,— тәубә, тәубә—деді қайталап, — өңі емес, түсі болғанына шын шүкірлік еткені еді.
—Кешір, ұйықтай бер. Жайсыз түс көріппін.—деді әйеліне кіреуеттің жиегіне сырғып бара жатып, ары қараған беті.
Тұрған бойда терезенің алдына барды. Түннің қай уағы екенін бағамдаған жоқ. Бірақ, мүлдем тыныш. Тіпті түн ортасы болғанда да көшеден оқтын–оқтын өтетін көліктердің қарасын қойып, дауысы да естілмейді. Үйдің төменгі жағындағы даңғылдың өзеннің сарылы сықылды үзілмей жатар беймаза уылы да құлаққа ілікпейді. Жайшылықта көшенің ашы жарықтары бірі жасыл, бірі сары, тағы бірі алқызылданып көрік таластырып, әрқайсысы өз тұсын өз реңіне бояп, қала аспанының әр аумағын бөлең түспен аламайлап тастар еді. Бүгін тұтас әуе жап–жарық. Қала кеңістігі сол боямыш өңінен ада, бірыңғай бозғылтым түспен кежімделіп тұр. Жұлдыздар сөніп–жанып жыпырламайды дегеніңіз болмаса, қадау–қадау жылтылдайды. Алатаудың мүсіні сілемдеріне дейін анық көрініп, толықсып жатыр. Алматының түнгі ажарынан айырылғанына да біршама болыпты–ау деп ойлады ол. Арыға бармай–ақ, осы жиырма жылдың алдында қандай еді. Құс жолы сілемі жосылып, жеті қарақшы жетектесіп, жұлдыз біткен су бетіндегі сәулелердей байыз таппай жанып–сөніп жататын. Бұлтты күндері қошқылтым бұлт жыртықтары арасынан сығалаған жұлдыздар тіптен сөнбестей ұшқынды көрінер еді. Демек, ару қаланың әрлі ажарына қиянат қып жүргендер, оның көркімен қоса көкірегін де езгілеп жатқандар, өзіміз, осы қаланың тұрғындары болдық қой, деп тұспалдады тағы да. Қарашы, мынау атың өшкір індеттің себебінен қаланың жүріс–тұрысына тыйым салынып, көліктердің бейберекет қозғалысына тежем болып еді, міне, бір айдың жүзінде–ақ шаһардың, құдды бейнетінен айыққан кісідей сілкініп шыққанын. Қазір айтылып жатырғой, мынау Қытай қалалары бәленбай жылдардан кейін күннің бетін көріпті, анау әлемдік климаттың ластануынан ашылып бара жатқан азон қабатындағы саңылау қайта бітеле бастапты деп. Оны айтасыз, осы Алматының өзінен күн көзін көру, әсіресе қыс мезгілдері, арманға айналмады ма. Оны мұның өзі әредік іссапарға шыққанда анық сезінетін. Жаңа ғана бұлтсыз болса да ашық емес аспан қаладан атшаптырым алыстағаннан кейін бірден жарқырап сала беретін. Сондайда, басына өз қалауынсыз жабысып алған кепешті лақтырып тастап, жеңілдеп қалғандай күй кешіп, көкірек кеудесі желпініп, сергіп қалатын. Неше күндер іссапарлап қайтарында, ылғи да аспаны айық, күні күлімдеп тұратын мекендерден қайырылғысы келмей, тағы да сол тұнжыраған қалаға қайтатын болғанымба деп қиналғандай бір асылық ойларға бой алдыратын.
Қаланың үстінен алысты шолып тұрған көзі сонау талғар щыңына түскенде, Мұздауан есіне келді. Тура осы сияқты тиян шанның бергі жондарынан арырақта, асқағырақ еңсемен тұрар еді жарықтық. Мұның бала кезінде бұлар сол шыңның батыс алқымындағы еренқабырға қыраттарына барып жайлайтын. Оу десеңші! Сол балалық кездер де, сол ұжмақ жерлер де қалды–ау жайында. Мұның кеңсірігін болымсыз бір кермек сезілір–сезілмес реуіште жәйлап шайып қайтқандай болды. Иә, бастарынан жайлау қызығын өткерген барлық балалар сияқты, жайлауға көшу бұл үшін де теңдессіз мереке саналатын. Әсіресе сүйкімді қарлығаштарына жету үшін. Әр жылы жайлауға кереге жайып көп өтпей, бұлардың шаңырағына уағдаласқандай келіп қарлығаш ұя салатын–ды. Мұның жаз бойғы ермегінің біразы соларды, солардың түңліктен қалай ұщып кіріп–шыққанын, ұясына азықты қалай жеткізетінін, кейде бір–бірімен соғылысып қалатынын қызықтау болатын. Әсіресе түңлік жабық жауынды күндері, олардың үйге кіре алмай, туырлыққа соғыла аласұрғаны, сондайда киіз есікті айқара сермеп қалғаннан–ақ бір–біріне соқтығыса ішке ұмтылатыны, сосын шаңырақты таппай, әр жерге бір ұрынып далбасалайтыны қызық–ақ еді. Мезгілі жетіп жайлаудан қайта көшетін күні үйді жығып жатқанда, бір жамандықты сезгендей–ақ, байқұстар туырлығы сыпырылып жатқан үйге бір ұшып кіріп, бір ұшып шығып дегбір таппай шырылға басатын–ды. Шаңырақты түсіргенде, анасы ұяны шаңырақтан бүлдірместен ептеп ажыратып алады да, қолына уыстап тұрып, бұған анау қора шетіндегі ат байлайтын мама ағаштың басына шыбық бекітіп, ұяға тиянақ жасауды бұйырар–ды. Бұл болса үйреншікті дағдымен мама ағаштың басына өрмелеп шығып, дайындап алған қарағай шырпыларын жылқының құйрық қылымен матастырып ағаштың ұшына тақау иінді тұсына мызғымастай бекітеді де, оған ұяны апарып қондыра қоятын.
Қала кеңістігінен көзін айырмаған бойда салмағын келесі аяғына ауыстырды. Ұйқысы шайдай ашылған. Жақыннан бергі мынау індетке көңілі әжептәуір алаңдаулы еді. Тағы сол кесапат жайлы ойлады. Бұл өзі қайдан пайдан болған бәтшағар болды, шынымен? Әркім әрқалай айтады, қайсысына құлақ асарыңды білмейсің. Айланып келгенде, адамдардың мейірімнен алыстап, жыртқыштанып бара жатқанынан болып тұрғой деп түйді. Әйтпесе, өзі анау қарлығаштың ұясын мама ағашқа көшіріп жүргенінде мұндайды кім көріп–білген. Мұндай сұмдықты әуелі үлкендерден де естімепті. Сонау ғылымның кенже кездерінде жершарының әлдеқайсы тұстарын аракідік шарпып өткен жұғымтал індеттерді оқығанымен, адам баласының тұрағын дәл осылай отша жалмаған әзәзілді кітап беттерінен де кезіктірмепті. Негізі бүкіл жаратылыс біткен, оның жансызы болсын, жандысы болсын, бірінсіз екіншісінің күні қаран, бәрі де бір біріне үйелмелі, тетелес, кіріптар емес пе. Сонымен бірге, олардың өзара осындай қатынасы да белгілі тепе–теңдікке, үйлесімді жүйеге, талшығын тартсаң сетінеп кететін торға құрылмап па еді. Адамзатыңыз да, есі бар қылып жаратты демесеңіз, осы жүйенің тең мүшесі ғой. Енді келіп саналылығын артықшылығына балап, тіпті, астамшылыққа теліп, өзге жанды–жансыздың үстінен үстемдік құрғысы келеді, тіпті, құрып алды да. Маңайын отап, жұлып жеп, құртып барады. Орманды отады, өсімдіктің неше атасын тыйпыл қылды, өз бабалары көзімен көрген, олардың көзайымы болған жануарлардың қанша нәсілін ғайыптық етті. Олармен ортадағы тәбиғи перделерді тыр жалаңаштап, оларды өздерімен бетекі келуге мәжбүрлеуде. Анау Гуаң щи тауларының жықпыттарында жасап жатқан жарқанаттарға барып соқтықпағандарында, бұлардың қазанына келіп түсіп, азық болу тау тағыларының аңсары емес еді ғой?!. Бұлардың химиялық лабораторияларында сынаққа жегілу олардың арманы емес еді. Сонау күн көзінен мүлде қақпай ұйық мекен, буалдыр да ылғал шатқалдардан мынау ақсәулелі жыртқыштар әлеміне аяқ басу, тіптен де олардың мұраты емес болатын. Жаратушының ту баста әр жаниесіне оның өз басын алып жейтін бір қасиет қоса бағыштайтыны рас–ау. Мысалы, жарқанаттың құртақандай ұсқынсыз бойына жарық дүниедегі вирус атаулыны елемей сақтайтын қабілет сыйлаған көрінеді. Осы қабілет оның әрбір ұшуымен ұшталып, шыңалып, үйлесім тауып, толассыз орнына келіп отырса керек. Ол ұшқан кезде, жүрегі жан атаулыда жоқ жиілікпен соғып, соған жарай дене температурасы алпыс та сексен градусқа дейін көтеріледі деседі. Осы қызу ана вирустардың озғындауына мұрсат бермей, оларды жөргектерінде тұншықтыратын сыңайлы. Ұяларына оралған жапалақтардың тасқа шалқаларынан жабысып тыныстауы жаңағы алапат жүрек соғысы мен асқын қызуды басу үшін болса керек. Сөйтіп вирустар оның денесінде балалай да алмайды, өліп те қалмайды екен. Енді осыны біліп алған адамзат, соның денесіндегі жаңағы вирустарға әлдеқандай ниет–мақсатпен қол жеткізгісі әм жарқанаттың денесіндегі құдыреттің сырына одан сайын қаныққысы келеді. Әлін білмеген әлек деп, қалып отырған бәлесі мынау. Бұл да болса адам баласының ынсапсыздығы мен ашкөздігінің, ала берсем, қармай түссем деген тойымсыздығының қаржымысы тәрізді. Өзі сықылды жаниесін обал–сауабына қарамай аулап әкеп саудаға салу, оны тіпті пысырып жемей, тірі күйінде майға шыжғырып жеу оның киесіне жолықтырмай қайтсін. Майға шыжғырып дегенді ойлағанда оның жүрегі жаңа ғанағы түсіндегідей лоблып кетті.
Ол жуын бөлмесіне қарай жүгірді.