Бүгін "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын, "Egemen Qazaqstan" г...
Исраил Сапарбай. «Тіл ұшына қонған құс» /топтама өлеңдер/
6010
Қанбазарда жүк артқан арбасына Қандасыма: Қайылмын қардашыма. Тастұғырды қайтейін қатып қалған, Жастығыңды салсаңшы жамбасыма?! Қас-қабақтың арасы қарыс қадым: Жастығыңды жауымдай жаныштадым! Қайрап өткен қылышын қараспанға Қайда кеткен кешегі Арыстаным? Қайда кеткен кешегі Ертүрігім? Ертүріктің бөпесі — Бөлтірігім?! Ес-түсінен айрылған Еуропаның Естен шығып кеткен бе «дерті» бүгін? Ал, өзің ше? Өкініш іште өле ме? Іште өле ме, жоқ, әлде, күш бере ме? Анадолы ақ сүтін жерге сауып, Алыстағы Атажұрт түске ене ме?.. Қас-қабақтың арасы қарыс аттам, Арын сатқан оңбайды әлімсақтан. Біз екеуміз гөзелміз «гөйгөйі» көп, Біз екеуміз өзенбіз жарыса аққан. Өзен барып құйылар Телегейге! Телегейде адасар кеме кейде... Менмендігім түбіме жетті дей бер, Мейман емес, баласаң мені өгейге. Көлгірсісе көзіңде жалған әлем, Көресіңді көресің онда менен! Майдагердің «мақамы» маған мәлім, Саудагердің үйіне қонған емен! Кісімсіген немеде кінәрат бар, Мұрағат бар маңдайда мына қатпар... Төсегімді төрге сал! Төбебидей Төрден көрге қазақпын бір-ақ аттар!!! ҚардашТылсым түн Жер неге қимылдайды, теңселмейді? Теңселгенмен, бәрібір, ел сенбейді. Қимылдасын, теңселсін, тербетілсін.., Ертелі-кеш ғайыпқа енсем, мейлі... Қимылдасын, теңселсін, тербетілсін: Жеті түннің қойнында Жер де тылсым! Екі көлден аумайтын екі көзім Шексіздікке телмірсін, шерге тұнсын. Шерден өзге не қалды Шермендеге? Есіңді жи, Ей, Ажал, ербеңдеме! Қара түнді жамылып, қам-қайғысыз Жатып алсам деп едім көр кеудеде. Үнсіз, Күнсіз неге аспан үңірейді? Үңірейген дүние тым үрейлі. Афсана ма, аңыз ба, кім біліпті, «Анау» жаққа кеткендер тірі дейді... Өтірікке сенемін, Шынды қайдам... Сұмдық ойдан бір басым—күллі майдан! «Мені алмасаң өзің біл, жанымды алшы...» Одан өзге не тілер құл Құдайдан?.. Бір тылсым күш жетелеп әлдеқандай, Жер мен көктің арасын жалғағандай. ...Неге қалғып кетпейін, Кірпік ілмей Әлди айтып отырса Алла анамдай... Жалғыздық Басқа адаммын мен бүгін, Басқа адаммын: Жанарымды ашқылтым жасқа малдым. Басылмайтын өксігі жылағанмен, Ашылмайтын есігі тас қамалмын. Көлгірсіген көбік сөз кімге керек? Кешегіден бүгінім мүлде бөлек. Нәрестедей нәрәнжу жүрегімді Кімге бөліп, Берейін кімге бөлеп? Жүрегімді берейін ен-тегінге, Сол ғой менің тектім де, тентегім де! Безер болсаң... Қайтып бер иесіне, Азар болса «гөйгөйді» шертемін де... Басқа адаммын мен бүгін, Басқа адаммын: Жанарымды ашқылтым жасқа малдым. Өлмей, талмай күн кешу қандай қиын Қасқырлардың ішінде, Қасқалардың?.. Керегі жоқ ешкімнің жалғыз жанға! Тәнім, жаным талықсын таңғы ызғарда. Керегі жоқ! «Сен үшін өлемін...» деп Қатырмасын басымды бал қыздар да. Таза-тақыр безінсін дос та менен, Әдірем қал сен де, енше, асқақ әуен! Жазмышымның бедері—Таңбалытас, Көзден таса қалмайды тастағы ӨЛЕҢ!.. Жантәсілім «Қасым қимылсыз жатты. Көзі аспанға қадалған...» Сырбай Мәуленов «Қыстың желі ызғырып, терезені шертеді...» Дені қашқан денеде дегбірсіздік дертеді. Әлімсақтан ақиқат аманаты Алланың: Тірі жүрген пендеге өлу де бір серт еді... «Қыстың желі ызғырып, терезені шертеді...» Өлім деген—Ақиқат, Өмір деген—Ертегі. Тағдырына таңылған, Тамырына тараған Табылар ма, жалған-ай, Тарыдайын дерт емі? ...Үй ішінде білте шам өлімсірей жанып тұр, Таңға жетпей жарықтың өшетіні анық-дүр. Аңдып келген Ажалға айласы жоқ Ақынның Ат басындай жүрегі әлсін-әлсін соғып тұр. Ақын жатыр төсекте айрылғандай тіл-жақтан. Шындық шіркін осы ма шыңырауға шым батқан? Дімкәс дүние алдында дірмән де жоқ, дәт те жоқ: Еңсе еңкіш, Бой бүкір, Жұрт қабағы зіл-батпан. Ат басындай жүрекке қолын созды сұм Ажал, Сұрқай түннің қойнына көлеңкесі сұлаған. «Біттім...» деді білте шам өзі жұтып өз тілін, Жақсам етті шырақты?! Тапсам етті бір амал?.. «Қыстың желі ызғырып, терезені шертеді...» Қатты жапқан есігін қайта келіп серпеді! «Болдым...» деді ұлы Ақын өзі жұтып өз демін, ...Өлім неткен қатігез? Өмір неткен келте еді?.. Қоңыр әуен Достан да, дұшпаннан да қалған көңіл Аңсап жүр аққулы әуен, арман көлін... Күнгейге Күнікейдей қызды ұзатып, Танакөз тағдырымды таңнан көрдім. Қайталап маңғаз мұңын «Маңмангердің» «Қайран-ай, қайта оралмас жалған!..» дермін. Доңыз жеп, қоңыз терген Қодарқұлға Келмейді Баянымды қолдан бергім. Дабысы жер мен көкті жарған жердің Дарақы Жапалағын жардан көрдім. Байғыздың мұңын кешіп бағзы бірде, Баянсыз махаббатты тордан көрдім. Қорланса қолы жетпей Қорланға ердің, Қозымды қоңыр мінез қолдан көмдім... Қаңғып жүр ұрынарға қара таппай Қайырсыз бұл қазақтан қалған көңлім. Жарты Жәркен досқа Қансонар... Қарыс қабақ: Қаңтар, Ақпан... Алты ай қыс ауа қоймас Арқа жақтан. Бойыңа боза ғұрлы қан таратқан Қалайсың, Жәркен ақын, жарты арақтан? Бұл Одақ керек етпес Мені, Сені. Бір кезде «кезбелерге» кеніш еді... Екеуміз бір жартыны жәукемдесек, Ерке інің — Еркін Жаппас нені ішеді? Басқасы... Басқасы ма? Басқасы, рас, Бас шұлғып, бізді көрсе бас қасымас. Пошымы Поштабайдан кем түспейтін Өзіңсің ақындардың қасқасы, рас! «Қайда,-деп,-«Қаламгер» де, «Қағанат» та» Жаныңа жайдақыны жағалатпа. Айтөсін айқара ашқан бір кездері Қайтесің бәйбішеңді қарақатпа? «Жартыны» жанторсыққа сала барған Айналып кетуші ек-ау ағалардан... Сорпаның жыланкөзді жылымындай «Қорқамын кейінгі жас балалардан...» Сен шетте, Мен де шетте, Ара қашық. Бұл күнде жан көрмедім қабағы ашық. ...Бір өзі «жарты патша» - Жаппас інім, Біз келдік, Төмене түс, Далаға шық! х х х Жаныма азық болдың аз ғана күн... Жанбадым, Жалынбадым, Маздамадым. Сезіндім.., Секем алған жоқпын бірақ: Сенің де бар екенін өз қамалың, Менің де бар екенін өз ғаламым... Қамалды қаусата алар халім жоғын Өзіме өзім ғана мәлімдедім. Күз бағы күреңітіп көз алдымда, Сыздады кеуде ішінде жаным менің. Жанарға, жан сыздаса, мұң ұялар, Мұңлы жан қалай жалған жымия алар? …Кеудемде мың, миллион жылдан бері Қат-қабат қатып қалған мумия бар!.. Ал, ғалам… Менің ғазиз Ғаламшарым Іздеуден жаңылған жоқ жан аңсарын: Жадынан өшірген жоқ Кәлам шамын, Қолынан түсірген жоқ Қаламсабын. …Жаныма азық болдың аз ғана күн: Жанбадым, Жалынбадым, Маздамадым. Сезіндім.., Секем алған жоқпын бірақ: Сенің де бар екенін өз қамалың, Менің де бар екенін өз ғаламым. Тасмаңдай таланына мұң ұялап, Тағы да қамығып тұр Дүрия бақ. Түбіне жүрегімнің әлі қанша Ханшаны қояр екем мумиялап?.. х х х Енді маған бүршіктеу жоқ, бүрлеу жоқ, Жанған шоқты жан-жағымнан үрлеу көп. Әлем-жәлем Мәйшатхана тәрізді Тастөбеме жұлдыздарын ілген көк. Қалғып тұрған, мүлгіп тұрған Ай да анау Қарап тұрсам, қара меңді Ләйлам-ау... Қара меңге көз қандырар күн бар ма? Әй, қайдам-ау, Әй, қайдам-ау, Қайдам-ау... Қара меңге көз қандырар едім мен, Бейіш бағы бермен түссе көгімнен. Қара жерде қаңғып жүрген Қарғашым Ләйлім жәйлі, қайғым жәйлі не білген?.. Арым менің арылар ма күнәдан? Талқармауда тапсам етті бір амал? ...Қайғым менің Қарақаншық сияқты Қара түнді қан қақсатып жылаған... Ғашық болу... Ғашық болу... Емес ол тасып-толу. Қамкөңілдің дауасы—қасықтағы у. «Көлеңкемді көмген жан өлмесін...» деп Көз ұшынан көш ұзап қашық қону. Ғашық болу... Емес ол өліп-талу, Өксу, жану, өртену, сөніп қалу... Маң далада Мәжнүннің шерін шертіп, Не салса да тағдырың, көніп бағу. Ғашық болу... Емес ол талып қалу, Жаратқанның жарлығы—жанып, тоңу. Әр күніңнің қабағын көзбен бағып, Тағдырыңның азабын анық тану. Ғашық болу... Емес ол талып түсу, Жанған отты жалаңаш барып құшу. Қосағыңмен қоштасар күн туғанда Қос жанардан қос жұлдыз ағып түсу... х х х Дел-сал денем... Деліқұлға дегбірсіз «дем сал...» деп ем: Үшкірді де түшкірді Ол бетіме. Жел жүгіріп өткендей көл бетіне: Үркінді де сілкінді тұлабойым, Кещелігін кеш ұққан Күнәдайын. Үркінді де сілкінді өнебойым, Кенересін сең соққан кемедейін. Жаһаннамнан шақырып жарығымды Кірпігімнің ұшына Жан ілінді. Үшкірдім де түшкірдім өзім әйбат, Көлге түскен сәуледей көзім ойнап! Мың бір шүкір Алланың мұнысына: Оймақтай құс оралды тіл ұшына. Тіл ұшына қонған Құс, әлде, өлең бе? Әлде, Мен бе? Кім білсін, әлде, Әлем бе?.. Терісқақпай Адамды адам айналды аямасқа, Арызымды айтамын қай Алашқа? Қорамсаққа қол салғым кеп тұрады Айнамкөлде қос аққу аяласса. Ұйқым шала, Ой ащы, Күлкім қайғы... Көбесінен көгім де жыртылмайды. Ақырзаман басына төнген білем, Аспанымда алты қаз сұңқылдайды. Сұңқылдайды алты қаз... Оғым қайда? Обыр өңеш, Тоғышар тобыр майда. Кенеземде Кейкінің кегі жатыр, Төлеген де, Тарғын да қорымжайда... Өлке өлік болғанда, Дала—кебін. Қатпар-қатпар бір кезде қамал едім... Бүлік шығып, Ішінен ілік шығып, Іріп-шіріп барады бар әлемім. Базар қанша? Кім білген? Мазар қанша?.. Балбөбек те шетінер, назарланса. Келешектің дәм-тұзы кімге қайыр? «Келді...кетті...» дерсіңдер азар болса. Мұқым жанның мұңы бар, Наласы бар: Алланың да ай, күні алашұбар. ...Менің өлкем қатпарлы қабыр болса, Менің көрпем ақ қарлы Дала шығар?.. х х х Көкең бе? Көкең сенің, Көкең сенің Сорып жүр Жезтырнақтың жеті емшегін. Ол ма, Ол.., Кем дегенде жүз жасайды, Ғайыптан келмесе егер төтенше өлім. Жеті емшек суалмаса... Ол дінаман: Күй сауып отырады домбырадан. Таң алды кеуіп қалған таңдайына Тәтті шер тамызады таңғы рауан... Арылмай бір басынан мұң тұманы, Жарыққа жандалбаса ұмтылады. Шындығы шыңыраудан шыңғырғанда, Көбесі көкжиектің жыртылады! Жадыгөй жалғандықтан жаны күйген Сен оның табиғатын танып үйрен. Дұшпан да айбынады түн жамылып, Мыстан да қаймығады жарық үйден! Іші ала, Сырты құла «сұңғыланы» Аямай арамшөптей кім жұлады? Күніне мың құбылған дүниенің Құдайға жетпей жатыр құлдығы әлі. ...Көкең бе? Көкең сенің, Көкең сенің Өлшеп жүр өмірінің мекен, шегін... Ол ма, Ол... Кем дегенде жүз жасайды, Ғайыптан келмесе егер төтенше өлім!.. Ұлттың ұлы мұраты ...Нұх мінген кеме, Қайнарға енген Қазығұрт емей қай маңға келген?! Топан су соңы тобықтан аспай, Ұрпағы өнген.., Пайғамбар өлген... Пайғамбар өлді... Патшалар келді, Атшабар менен бәтшағар келді. Бақшалар көмді бепаян шөлді, Патшалар келді, Бақ шабар ма енді? Патшалар келді, Дүр атақтары: Дүние—дүлдүл! Рахат бәрі! Қара жер, бірақ, қанішерлерден Мұратын іздеп, мұра таппады. Тайғанақ екен патшаның тағы: Аспанның өңі ақшабырланды... Тақты да бақты тандырды естен Алтынның исі, ақшаның дәмі. Патшаның тағы тайғанақ екен: Айдала—мекен... Айнала бөтен. Қылыштың жүзі, Қызыл аңсаған Қынаптан шықпай қайрала ма екен?! Алатын Күн мен Айдан да дерек Кешегі есте майдандар ерек... Патшалар емес, Пақырға біздей Пайғамбар керек! Пайғамбар керек!!!