Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың 1923 жылы жазылған атақты «Түркістан»...
Анар Қабылқақ: Бірақ ол атамекенге саналы түрде оралды емес пе?
Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар. Мәдениет порталы осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады.
Бұған дейін ақын Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." атты өлеңдер топтамасына жазылған Әбіл-Серік Әліакбардың "Ерекше өлеңнің ерекше сардары" және Жанат Жаңқашұлының "Мұңаяды. Жылайды. Өкпелейді" деп аталатын талқы мен талдауларын ұсынған болатынбыз.
«Өзеннен өзенге көз салған Google Maps» өлеңінің тақырыбындағы метафора қызық көрінді. Ақын гаджет қолданушы мен виртуалды шындықты бір-біріне «көз салған» өзенге балайды. Жасанды интеллект адамзат ақыл-ойынан үстем түсетін кез келеді деп жатыр ғой. Сол кездің ақыны мынау өлең авторымен сырласуды аңсайтын уақыт та келер. Ал әзірге «мола көрінсе ауыл жақын...» деп жүргеніміз жүрген.
Кеше ғана фейсбуктегі бір досымыз: «Жас ақынның өлеңін оқыдым. Алғашында үзік-үзік әңгіме екен дедім. Ақ өлең бе десем, ұқсамады», - деп жазды. Астынан «-измдерді» даттаған пікірлер де жазылып жатты. Мүмкін, Тілек ақынға қатысы жоқ шығар, бірақ оның өлеңдері сол кезде поштама келіп түскен еді:
Біз кеше су бетіне шағылған шеңбер тербелістерінің көркіне құмартып өзенге үнемі тас лақтырып ойнайтынбыз...
Бұл тербелістер иірімін елестете отырып кенет Ван Гог картинасына құлаған тастар туралы ойлана бастадым.
Мен сосын Google қаритасынан Шинжияңда қалған туған жерімді іздедім,
ештеңе өзгермеген
құдды мен өліп қалған сияқтымын.
Немесе балалық шағын көктен бақылап
тұрған құдай секілдімін.
Бұл өлеңнен сюжетсіз композиция анық көрінеді. Осы және басқа да ерекшеліктерінен «прозадағы өлең» түрін танимыз. Алайда, өлеңнің прозалық формасы лириканың астарлы ағысын жасырып қала алмайды. Бұл жерде маңыздысы – лирикалық кейіпкердің ой-сезімі. Оның өзіндік тағдыр иесі екенін түсінеміз. Рас, адамның кіндік қаны тамған жерден ажырауы кімге оңай тисін? Бірақ ол атамекенге саналы түрде оралды емес пе? «Google қаритасы Шинжияңда қалған туған жеріне» аталарын қай тағдыр айдап апарғанын көрсетіп бере алмайды-ау, бірақ ол жерде үлкен трагедия барын тарихтан жақсы білеміз. Қазірше оған жады сүрлеулері арқылы бара аламыз-ау, бірақ бара-бара санадан көп нәрсе өшіп кететіні анық, себебі, адамзатқа ұмытшақтық тән. Өлеңге осы призмамен қарағанда, лирикалық кейіпкердің туған жерге деген сағынышынан да зорайып өсе беретін қанға сіңісті мұң-зарды анық сезінеміз.
Лирикалық кейіпкердің кеудесінде әсемдікке деген құштарлық көрініс бар. Бұл ерекшелік Ван Гог – жалғыздықтан жапа шеккен гений образы арқылы көрініс береді. Балалық шақта суға лақтырып ойнайтын тастар есіне түскен шақта Ван Гог картинасына кенет құлаған тастар жайлы ойлап кетуі тегін емес.
Ойын баласының қылығымен тас атқыласа да, тіпті төбеңнен таспен бастырып тастаса да – тағдырдың адамға дайындаған тауқыметі сол. Оның дауасы – күрес, егер адам одан мағына көрсе...
«Ішінен» деп аталатын өлеңнен тағы да лирикалық кейіпкердің өзіндік тағдырын көрдім. Адам қайталана беретін күнделікті тірліктен бір күні мезі болатын сияқты, әрине, егер басқа да ұлы мақсаттары болмаса... Айналып келе беретін біркелкі сәттерді ақын:
«Айнаға қараймын айналар ішінен,
Айналар ішінде ағарған шашым бар...» - деп, өте әдемі береді.
Егер адам сол бір тұйық шеңберді бұзып-жарып шығуға әрекет етпесе, ол жайлы тіпті ойланбаса, өмір бойы «төртбұрыш қабырға ішінде» қала бермекші және ол жерде жалғыз емес: қабырға сыртында өзі сияқты біреу бар... яки, олар көп: ойланбайтын адамдар. «Мен ештеңе ойлаған жоқпын...» дегенде, ақын осыны меңзеген болар.
Енді келесі, «landzhou» (兰州) кеспеханасындағы оқиға» өлеңіне келейік. Қазіргі уақытта қытайдың ащы кеспесін ұнататындар саны артып келе жатқаны рас па екен? Ендеше, бұл – мәдени жаулаудың басы болып жүрмесін!?
Сарказмды былай жиып қоя тұрсақ, қазақ қоғамы баяғыдан «қара қытайдың қаптауынан» өлердей қорқатыны рас қой. Өткен ғасырлардан солай болатын. Алайда, жаһандану өркениеті ұлттық рухымызды кемітіп, мысымызды әбден басып тастағандай.
Лирикалық кейіпкер қарынның қамымен жүріп, төніп келе жатқан қауіптің түп негізін ойлана қоймайтын бүгінгі қоғамның келбет-сиқын көрсеткісі келеді. Жалпы, тозақ пен жұмақ жайын толғанудан мән табатындардан қайран бар ма өзі? Ол туралы енді, оқырман ойлансын.
«Момидзи» өлеңін оқып отырып, ақынның жалпы, басқа мәдениеттерге айрықша құштарлығын, ішкі жандүниесінің бояуын басқа мәдениеттерге тән түстермен араластырғанда барып іздеген бояуын тапқандай болатынын сезінгендей болдым. Бұл бір жағынан, еркіндікке құштарлық, «төртбұрыш қабырғадан» шығуға ұмтылыс та шығар. Әлемнің бар әсемдігін бойына сіңіргенде, өлеңінде өзі айта беретін шектеулі шеңберден арыла ала ма?
Мүмкін, бір күні бәрін тәрк етіп, ұлттық қоңыр сарынға айналып келетін шығар? Дегенмен, көкірек шеңберін кеңейте беруден жалықпаса, бір күні ғарыштық кеңістікте жұлдыздай жарқырап шығып, әлемдік деңгейде мойындалуы да ғажап емес. Ол үшін Тілек ақынның таланты әбден жетіп тұр.