Мораль мен жаңаэпикурлік мəселелері бойынша пікірталастар

ТАНЫМ
1323

Леонардо да Винчи. Құпия кешкі ас. 1495-98 жылдар

1.1. Гуманизмнің басталуы

1.1.1. Франческо Петрарка

Франческо Петрарка (1304-1374) бір ауыздан алғашқы гуманист деп есептелінеді. ХV ғасырдың алғашқы онжылдығының өзінде бұл барлығына да белгілі болды жəне ол туралы Леонардо Бруни былай деп жазды: «Ізгілік қонғандардың алғашқысы Франческо Петрарка еді жəне ол жоғалған, ұмтылған ежелгі стильдің өрнектілігін жарыққа шығарды, мойындады жəне зерделеді».

Петрарка гуманизмге қалайша келді? Ол өз уақытының «бұзылғандығы» жəне «құдайсыздығын» мұқият талдау жасайды жəне олардың себептерін анықтап, кемшіліктерін түзеуге тырысады.

Өзара байланысы бар екі себептер: 1) араб ойы жəне əсіресе Аверроэс арқылы келген күрескер «натурализм», 2) рационалистік ойлауына байланысты диалектика мен логиканың үстемдігі. Бұл адасушылықтарға қарсы тұратын нəрселерді көрсетті: 1) табиғатпен үстірт таныстықта үгітіліп кетпес үшін өзіңе жəне дербес жаныңа оралу керек, 2) бос диалектикалық жаттығуларда үгітіліп кетпеу үшін цицерондық гуманитарлық ғылымдардың сүйкімділігін қайтадан ашу керек (litterae humanae).

Петрарканың керемет анықталған бағдарламасы жəне «философиялық зерделеудің» өзіндік тəсілі төмендігідей болып келеді: шынайы даналық дегеніміз еркін болу өнеріндегі осы даналыққа жету жолын (тəсілін) білу.

Міне, енді бірнеше айқын мысалдар. Аверроэстің ізбасарларының натурализміне қарсы бағытталған «Өзімнің білместігім туралы жəне басқалар туралы» деген шығармада Петрарка «Ол (Аверроэс) көп біледі, аңдарды, құстарды жəне балықтарды біледі, арыстанның бас жүнінде қанша шаш бар екенін біледі, қарлығаштың құйрығында қанша қанат бар екенін біледі (осындай сипаттағы кескіндемелік күлкілі жəйттердің тізімін ұзақ келтіруге болады). Келтірілген деректер негізінен жалған (тəжірибе арқылы тексеруге болмайды) немесе белгісіз: олар өте жеңіл сеніммен қабылданады жəне тəжірибеге көнетін болғандықтан оларға тек сенім ғана қажет; тіпті, олар шындыққа сəйкес келіп жатса да өмірге қызмет етпейді. Мен өзімнен сұраймын, аңдардың, құстардың, балықтардың жəне жыландардың табиғатын білгеннен, немесе оны жоққа шығарғаннан, адамның табиғаты туралы білім туралы ойланбағаннан, өйткені «siam nati, donde veniamo, dove andiamo» (біз кімбіз, қайданбыз жəне қайда барамыз).

Вентоза тауына шығу туралы айтылатын жолдауда осы белгілі фрагмент бар. Ұзақ жолдан кейін, таудың шыңына жеткен соң Петрарка əулие Августинге ғибадат ете бастайды, жəне оның бірінші сөздері төмендегідей болатын: «Егер адамдар тауға, толқындаған теңізге, кең өзендерге, шексіз теңіздерге баратын болса, жəне жұлдыздарға өз назарын аударатын болса, онда сонысымен олар өздеріне көңіл бөлмегендей болмай ма?». Ал, енді мынау оның түсіндірмесі: «Таң қалған мен тыңдағысы келген аталған менің бауырыма кітаптардан құралған кедергі жəне зердегі нəрселерді асқақтату қобалжытпайды, өйткені пұтқа табынушы философтардан тек барлығының қарсылығы мардымсыз жаннан басқаның бəрі ұлықтауға лайықты емес екені туралы ағымнан жарылдым».

Жоғарыда айтылғандардың екінші бабына қатысты Петрарка «диалектикалық» есік білімге емес, құдайсыздыққа алып барады деген дерекке ден қойып отыр. Өмір мəні силлогизмді үйіп-төккенге емес, ол еркін болу өнерін игергенге ашылады. Ақылмен қолданылған диалектика мақсат емес, бірақ ол рухани білім алудың құралы.

Платонның «Федоннындағы» сұхбатқа берілген ежелгі философияның анықтамасы «Дəрігерлерге қарсы Инвективадағы» христиандықпен тағы да сəйкес келеді: «Өлім жайлы терең ойланған, оған деген барынша төзімділік танытатын, оған деген жек көрушіліктен ұстамдылыққа қарай ұмтылып, қажетті қадамдар жасалады жəне ол өмірдің қысқа сəттеріне ішкі мағына беруге мүмкіндіктер береді, бақыт пен даңққа бөлетеді: міне кейбіреулер айтқан шынайы философия осы, ол өлім туралы ойдан басқа нəрсе болуы мүмкін емес. Ол философияны пұтқа табынушылар тапқанымен, дегенмен христиандық екенін түсіндіреді...».

Аристотельді Платонға қарсы қоюға қатысты мəселеде Аристотельдің өзі Петрарка үшін көбірек құрметке ие болады, бірақ Авиценнаның ізбасарлары оны «натурализм» жəне «диалектикалық ойлау» рухында қолданады, Платон (грек тілін білмей-ақ Платонды оқи алатын) гуманистік ойлаудың рəмізіне, «кез келген философияның принципіне» айналады. Оның жазған «Өзімнің дүмшелігім» деген трактатында төмендегілерді оқимыз: «Кім бұл алда тұруды Платонға берді? Мен емеспін деп жауап беремін, бірақ ол ақиқатқа жетпегенмен, басқаларға қарағанда жақын келді, оны Цицерон да, Вергилий да, одан кейін олардың соңынан ілескен Плиний да, Плотин де, Апулей де, Макробий де, Порфирий де, Иосиф Флавий де, Амвросий де, Августин де, Иероним жəне көптеген басқалары да мойындайды, ал, енді олардың барлығы онсыз да белгілі екендігі жеңіл дəлелденеді. Ақымақ схоластардың шулы тобырын айтпағанда кім осындай алға шығуды теріске шығара алады?».

Қорытындысында Петрарканың гуманист үшін қадірлі болып келетін сөздің мəртебесін қандай биікке көтергенін көрсететін оның тұжырымдарын келтіреміз: «Əсем жасөспірімді көріп үндемей түріп айтқан Сократ керемет: « Мен сені көруім үшін сен сөйле». Адамның сөзі арқылы оның келбеті көркем бола түседі».

Леонардо да Винчи. Музыканттың портреті. 1485 жыл

1.1.2. Колюччо Салютати

Петрарка ашқан жолмен 1331 жжылы дүниеге келген Колюччо Салютати табыспен жүре алар еді. Ол 1374 жылдан 1406 жылға дейін Флорентия Республикасында хатшы болды. Ол бізге келесі себептер бойынша көбірек қызықтырақ: а) ол медицина мен жаратылыстану ғылымдарының пікірталастарын жалғастыруы жəне еркін өнерлердің артықшылығын баса көрсетті; б) ол өз заманындағы диалектикалық рационализмге қарсы өмірге деген жолдау деп түсінілетін философия жайлы түсініктерді қарсы қойды (ондайды пұтқа табынушы Сократтан, Христостан, əулие Францискодан табуға болады) жəне назардың орталығына еркіндіктің жаттығуы ретіндегі еріктің актісін орнықтырады; в) ол белсенді өмірдің аңдаған күйден артықшылығын бекітуге көп күш жіберді; г) Италияда жасырынып жүрген византиялық ғалым Эманиул Хрисолордың жетекшілігімен Флоренцияда алғашқы грек тілі кафедрасының құрылтайшысы болуға оның еңбегі сіңді.

«Хат» жəне «Заңдар мен медицинаның сұңғылалығы туралы» атты трактаты белсенді өмірдің андаған күйден басымдау екендігі жөніндегі концепцияны тамаша бейнелейді, оған Кватрочентоның ойлары қайта оралады жəне одан Гуманизмнің бір сипатын табамыз: «О, Пилигрим, тобырдан қашып, тақуа болғаннан, оқшауланып алып, саяққа кетіп қалғаннан сен кемелденуге жол табамын дегенге сенбе.

Сенің жұмысыңның жетілу деңгейін білдіретін нəрсе сенің өзіңде; сенде – саған қатысы жоқ сыртқы нəрселерді қабылдамауға қабілет бар, бірақ олар саған қатысы жоқ болады егер сенің ақылың мен сенің жаның оларды өзіңе жібермейтін болса, онда сен базардың ортасында, сотты, форумда, қаланың халық ең көп жиналған орындарындарында саяқта жүргендей сезінесің. Егер, керісінше, алыстағы нəрселерді еске алғандай немесе зауқың кеткен дүниедей сен өзіңе жақындататын болсаң, онда біздің ақылымыздың оларды сыртқы деп түсінгеннен не пайда, бізге бөлектеніп керегі не? Өйткені біздің дербес жанымыз əрқашанда сезім арқылы немесе есте қалғанды немесе зерде мен ындынымыз оятқан дүниелерді ойлайды. Онда тұрған не бар? Қім Құдайға қымбаттырақ: бөлектенген жəне тақуа Павел немесе əрекетшіл Авраам ба? Он екі баласы бар, көптеген өзінің отары бар, екі əйелі бар, үлкен байлығы бар Яков жəне Құдайға ол екі Макардан, Теофилден жəне Иллариннан қымбаттырақ па еді? Маған сен Пилигрим, тек дүниенің нəрселері туралы түйіндеген ғана аңдау туралы бір нəрсе түсінеді; сонымен аты аталғандар көп, бірақ таңдалғандар аз».

«Мен, шындығын айтқанда, таза ақылдың ішінде қалықтағандарды жəне жоғарқы ақиқатқа қарай асқақтағандарды рақаттана отырып қалдырамын жəне қызғанышсыз жəне қарсылықсыз батыл тұжырымдап жəне шынайы мойындаймын, тек маған адами нəрселер жөнінде түсініктер қалдырса болды. Сен аңдаудың ішіндесің мен керісінше байи түсу үшін. Өз лəззатың үшін медитация жасай бер. Ал мен, керісінше, əрқашанда əрбір істің маған да, менің жанұяма, одан да маңыздысы – ол менің достарым мен отаныма пайдалы болғанын қалап, үлкен мақсатқа бағытталған іс-қимылға ендеп кетем, сонда ол адами қоғамға мысал ретінде қызмет етуі мүмкін».

Леонардо да Винчи. Ару мен аққу. 1515 жыл

1.2. Кватроченто гуманистері: Л.Бруно, П.Браччолини, Л.Б.Альбертилердің этикалық-саяси пікірталастары

1.2.1. Леонардо Бруни

Салютатидің досы, шəкірті жəне шығармашылығын жалғастырушы Леонардо Бруни (1370/74-1444) болды, ол алдымен римдік курияда, сонан соң Флоренцияда канцлер болып қызмет атқарады. Хрисолордан алынған грек тілін білудегі тəлімдері енді Бруни келбетінде толыққанды өнімдер алып келе бастайды. Ол Платонды (диалогтар «Федон», «Горгий», «Федр», «Апология», «Критон», «Хаттар» жəне аздап «Думан»), Аристотельді («Никомахов этикасы», «Саясат») аударды, сонымен қатар Плутархты жəне Ксефонтты, Демосфенді жəне Эсхинлді аударды. Философиялық тұрғыдан оның «Диалогтары» (Пьер Паоло Верджериоға арналған), «Моральдік кемелденуге кіріспе», сонымен қатар «Хаттары» қызықтырады. Брунидің даңқы негізінен Аристотельдің «Никомах этикасы», «Саясатының» аудармаларымен байланысты, олар жаңа күш бере отырып осы мəтіндерге жаңаша қарауға итермеледі. Петрарканың спиритуалистік жəне жанашырлық гуманизміне Бруни азаматтық жəне саяси əрекетшіл гуманизмді қарсы қояды. Классиктер ол үшін «азаматтық» қайырымдылығы бар ұстаздар болатын. Бруни үшін адамды «саяси хайуан» деп түсінетін аристотельдік концепциясы парадигма болып табылды. Адам шынында қоғамдық жəне азаматтық тұрғыда толығыме жүзеге асатындығын Аристотель «Саясатта» көрсетіп берді.

Аристотельдің этикасы қайта қаралған еді. Бруни «аңдаудың» маңызы асыра көрсетілген жəне ол негізінен жаңылыстырылған екеніне сенімді. Аңдалатын нысан емес, ойланатын жəне қимылдаушы адам маңызды. «Никомах этикасында» айтылатын «Жоғарғы игілік» ол абстракция түрінде емес, немесе адамға қатысты трансцендентті де емес, ол бақыт деп аталатын адамның нақты қайырымдылығының игілігі түрінде паш етілуі болып табылады. Аристотель сияқты Бруни лəззаттануды қайта жандандырады, бұл ұғым адам табиғатының іс-əрекеттік салдары екендігін көрсетіп береді.

Аристотель сияқты Бруни де моральдік тұжырымдардың шынайы параметрі қайырымды адам (абстрактілі ереже емес) екенін айтады. Оның стилі аристотельдік концептілерге ұқсас нəзік, нағыз гуманистік қырларға толы: «Егер адам қайырымды болмаса, онда ол ақылды бола алмайды, ақылдылық (даналық) оның мүмкіндіктерінің дəл бағасы болып табылады; қаскөйге нəрселердің өзі бұрмаланған талғамдар түрінде көрініс беріп шынайы болып байқалмайды. Қылмыскерлер мен қаскөйлер математикалық жəне физикалық заңдылықтарды дəл игеруі мүмкін, бірақ олар ақиқаттың нұрын жоғалтып, даналық істерге көрсоқыр болып келеді... Адал адамға сонымен бақытқа қарай жол тікелей жəне еркін ашылады. Ол ешқашанда алданбайды, қателеспейді. Бақытты болғыңыз келе ме – адалдық пен қайырымды істерден сенімді ешнəрсе жоқ».

Бұл бапта пұтқа табыну мен христиандық философия кінəратсыз үйлесімділікте болады деп қорытындылайды Бруни: «біреуі де, екіншісі де əділеттілікті, қанағатшылдықты, күшті, еркіндікті жəне басқа да қайырымдылықтарды қолдайды жəне оған қарама-қарсыларды қолдамайды».

Леонардо да Винчи. Хабарландыру. 1472-75 жылдар

1.2.2. Поджо Браччолини

Салютатимен көп ортақ нəрсені Поджо Браччолиниден табуға болады. Ол Римдегі курияда хатшы болды жəне кейінірек Флоренцияда хатшы болады. Ол көптеген антикалық қолжазбаларды ашып береді.

Гуманистер ортасында пікірталастар тудырған енді канондық деп есептелетін оның жұмыстарында төмендегідей тақырыптар байқалады: а) аңдауға, бөлектенуге қарсы белсенді өмір; б) «əдебиеттің» адам мен азаматтың қалыптасуындағы тағайындылығы; в) даңқ пен сұңғылалық дараланған қайырымдылықтың жемісі; г) фортуна мен адамдар өмірінің иірімдерінен қайырымды жан жоғарырақ тұрады, д) мемлекеттің негізі деп танылатын, қалаларда соборлар, монументтер, өнерлер, əшекейлер жəне тағы басқа əсем дүниелер деп есептелетін байлықты қайта бағалау.

Соңғысы туралы Э. Гарэн біз «қазіргі замандық ақша мен капиталдың эмбрионының...» алдында тұрмыз деп жазды. Сонымен, сөз керемет сəуегейлік туралы болып тұр. Браччолинидің қайрымдылық туралы бір нақыл сөзімен қорытындылауға болады: ол қызғылықты сипатта қайырымдылық туралы түсінікті ешнəрсеге зəру еместік жəне бір ғана қайнар бастауы – шынайы сұңғылалық деп қабылдайды. «Бұл, - деп жазады ол, - нағыз шынайы, біздің өмірімізге көп пайдасын алып келетін доктрина. Өйткені, егер біз адамдардың құрмет пен игілікте сұңғыла бола түсетініне илансақ жəне шынайы сұңғылалыққа басқаның қабілетімен жəне жұмысымен емес, өз ісімен қол жеткізетін болса, онда қайырымды істерде жеңіліс табушы болмайтындығы жөнінде түсінікке қол жеткіземіз; мақтаусыз өмір сүруге талпыныңыз, өзгенің даңқымен қанағаттаныңыз, бірақ сұңғыланың білімін иемденуге ұмтылыңыз».

Бұл жерде Гуманизмнің түбегейлі ойларының бірі бар: бұл ой жаңа дəуір үшін маңызы кем емес римдік Стоидің: əркім өзінің тағдырын өзі қалыптастырады дегеніндей.

Леонардо да Винчи. Шоқындыру рәсімі. 1472-75 жылдар

1.2.3. Леон Баттиста Альберти

Леон Баттиста Альберти (1404-1472) əртүрлі нəрсе қызықтыратын гуманист болды, ол басқалармен қатар философиямен, математикамен жəне сəулет өнерімен айналысты. Оның ең белгілі жұмыстары «Сəулет туралы», «Кескіндеме туралы», «Отбасы туралы», «Үй шаруашылығын жүргізу туралы». Міне, Альберти айналысқан кейбір бағыттардың тақырыптары:

а) Алдымен босбелбеу деп анықталған теологиялық-метафизикалық зерттеулерге сынды жəне оған мораль теориясын қарсы қоюды атап өтеміз. Альбертидің пайымдауынша заттардың жоғарғы себептерін анықтау бос нəрсе, өйткені ол адамдарға берілмеген жəне олар тек көздерінің алдындағыларды, яғни тəжірибеге көнетіндерді біле алады.

б) Оны homo faber қызықтырады, яғни іскер жəне өндіргіш өмірдің адамы, яғни ол белсенді жекелеген адамның мүмкіндігіне ғана емес, сонымен қатар басқа адамдар мен қаланың мүмкіндіктеріне бағдар сүйенген. Сондықтан ол Эпикурдың Құдайдың жоғары бақыты деп ешнəрсе істемеуді атаған пікірін жазғырады. Ең ауыр кемшілік – ешнəрсеге жарамсыз болу. Қимылсыз аңдап отыру ешқандай мағынаға ие емес. Ол «адам табиғатынан ақылгөй жəне өндіруші болу үшін жаралған» жəне «кез келген нəрсе адамға қызмет ету үшін, ал адам адамдар арасындағы достық пен ұйымды сақтау үшін пайда болған» деген стоиктерді мақтайды. Ол Платонның «Адамдар адамдар болу үшін дүниеге келеді» деген сөздеріне риза болады.

в) Өнерде Альберти бөліктер арасындағы «тəртіп» пен «пропорция» концепциясының үлкен маңыздылығын атап өтеді: өнер бөліктері арасындағы шынайы нəрселерде өмір сүретін өзіндік тəртіпті қайта жаңғыртып отырады.

г) Альберти, тіптен, қаланы қалыптастыруға арналған урбанистік философияға антикалық үлгіні телиді. Л.Малуза төмендегідей жазады: «Архитектура басқа өнерлердің ішінде […] Альберти үшін ең жоғарғы жəне табиғаттың өзімен жұмыс істеуге барынша жақындататын өнер болып табылады. Адам қаладағы тəртіпті орнатуға жақын болу асқақтатқан сайын жəне оны қайырымдылар айқындап беріп, табиғаттың өзі сұрап тұрса, онда ол құрылыс жасауға бейім. Қаланы қалыптастыру адами мен табиғилықтың тұтастығы «De re aedifi catoria» (Құрылыс өнері туралы) трактатында үлкен орын алады жəне оны бірегей урбанистік философия ретінде қарастыруға болады: Альберти үшін құрылыстар мен қаланың орны олардың адамгершілік тəртіптер мен бақытты орнату үшін қызмет еткенінде.

д) Бірақ Альбертидің талқылаған тақырыптарының ішінен ең кең тарағаны «қайырымдылық» жəне «тағдыр» болып табылады. Ол үшін «қайырымдылық» тек қана христиандық virtus емес, ол сонымен қатар гректік arête, яғни ол кемелденуді қамтамасыз ететін жəне заттар арасында оны басты болуына кепіл болатын адамның ерекше қызметі.

Атап айтқанда, кейбір пессимистік кеңестерге қарамастан Альберти қайырымдылық еге нақты жүзеге асатын болса, онда ол тағдырды жеңетініне толық сенімді. Оның адам іс-əрекетінің мағынасы жөніндегі жəне қайырымдылықтың тағдырдан үстем екендігі туралы екі тұжырымы айырықша белгілі болды: «Адам өліп, шіріп кету үшін туған еместігіне, бірақ ол өндіру үшін келгендігіне мен сондықтан сенемін. Адам не істерін білмей қиналу үшін туған жоқ, ол өзі қуанатын жəне құдайлардың даңқын мадақтайтын ұлы жəне керемет нəрселерге жаттығуы үшін, сонымен қатар қайырымдылықтың кемелдігін қолдану үшін жəне бақыт табу үшін туылды». «Біздің бақытымыз ол біздің бекітіп немесе қолдап жүрген жылдамдатқан жəне ықыласпен жасалған түрдегі шешімдеріміз екенін біздің көбіміз мойындай ма? Кім жеңілгісі келмейтін адам женіл түрде жеңеді. Кім бағынуға үйреніп кетсе, ол тағдырдың тəлкегін тартады». Бұл гуманистік қозғалыс үшін екі керемет эпиграф болып табылады.

Леонардо да Винчи. Яхия. 1514-16 жылдар

1.2.4. Кватрочентоның басқа гуманистері

Осы ғасырдың көрнекті гуманистерінің есімдерін еске түсірейік. Джонноццо Манетти (1396-1459) Аристотель мен Псалмаларды аударды, бірақ ол «адамның абыройы туралы» пікірталастарды ашып берген «Адамның абыройы мен артықшылығы» деген өзінің еңбегімен көбірек белгілі болды.

Маттео Пальмиери (1406-1475) платондық симпатияны анықтай отырып адами қызметтің жемістілігінің маңыздылығын атап өту арқылы аңдаулы жəне белсенді өмірді өзара байланыстырды.

Гермола Варвараны (1453-1493) соңғысы ретінде атап өтеміз. Ол ортағасырлық таттан тазарта отырып Стагирит мəтіндерінің ежелгі рухын қайтарған болатын. Оның ең белгілі болған төмендегі тұжырымдары: «Екі Жаратушыны мойындаймын: Христосты жəне əдебиетті». Бұл сөзді құдайландыру күлкілі сипат алды: ол ғалымдар үшін целибат керек деп жəне ғылымға өздерін толық қызмет ете алу үшін азаматтық міндеттерден босауды ұсынды.

Леонардо да Винчи. Мадонна Литта. 1490 жыл

1.3 Лоренцо Валла неоэпикуреизмі

XV ғасырдың ең бай жəне көрнекті тұлғаларының бірі, əрине, Лоренцо Валла (1407-1457) болды. Оның философиялық көзқарасы негізінен «Шынайы жəне жалған игілік туралы» деген жұмыста көрініс берді. Онда стоиктер мен монахтардың аскетизмінің эксцестері сыналады, оларға қарама-қарсы «лəззаттануды» тек дененің лəззаттануы ғана емес оны ең жалпы мағынада түсіндіреді. Сонымен, Валла эпикуреизмді христиандық негізде қайта жаңғыртудың қызықты əрекеттерін жасайды.

Валланың негізгі пайымдаулары төмендегідей: табиғат жасағанның бəрі «қасиетті жəне мақтауға тұрарлық болмауы мүмкін емес» жəне лəззаттану да қасиетті жəне мақтауға тұрарлық; бірақ, адам дене мен жаннан тұратын болғандықтан лəззаттану да əртүрлі көрініс береді. Əрине, сезімдік лəззаттану ең төменгісі, сонан соң рухтың, құқықтың, өнердің жəне мəдениеттің рақаттануы келеді жəне барлығынан жоғарғысы - Құдайға деген христиандық махаббат.

Валла «лəззаттану» деп жанның жұмақтағы сезінетін бақытты атайды жəне жазады: «Бұл мейірленуді кім лəззаттану деп атаудан басқаша атап, күмəн келтіреді?» Əрі қарай нақтылай түседі: «Мен лəззаттану немесе рақаттану əрқашан игілік деп мен айтқанмен, дегенмен мен лəззаттануға ұмтылмаймын, Құдайға ұмтылатынымды атап өту керек.

Лəззаттану деген махаббат жəне Құдай осы лəззаттануды береді. Алып отырып сүйеді, алынған сүйікті; сүю дегеніміз лəззаттанудың өзі десе де болады немесе рақаттану, немесе мейірлену, немесе бақыт немесе соңғы мақсат болатын мейірімділік жəне осы мағынада басқа нəрселер бізге көзге елестейді. Құдайдың махаббаты ақырғы мақсат дегеннен гөрі, əрекетшіл себеп деген дұрысырақ […]».

Валланың қанағаттану доктринасының мағынасына Э. Гарэн түсіндірме береді: «Дені сау рух жария еткен лəззаттану (voluptas) құдайлық табиғатты, керемет тəртіптің көріністерін жəне Құдайлық игіліктің алдын ала анықтауларын қорғайды. Доктринада антиманихейлік тұрғы ашық көрініс береді, кейбір жағдайларда Валла өзегі адами лəззаттану жəне құдайлық мейірлену болып табылатын пантеизмге қарай ойыстайды (hominumque divumque Voluptas).

Ешнəрсе өзінің құндылығын жоғалтқан емес: христиандық күнəні тазарту тəжірибесі де, жан да, дене де». Дегенмен бұл асыра айтылған voluptas мақсаты – Эпикур ілімінің ауқымынан шығу, ол туралы Валла былай тікелей айтады: «Мен олардың ұқсастығын, сонымен қатар тек біздің дінімізде ең жоғарғы тілейтін игілікке қол жеткізу жер бетінде емес ол аспанда екенін көрсету үшін эпикурліктердің де, стоиктердің де доктриналарын теріске шығардым».

Егер осыны еске ұстасақ, онда Валланың «Еріктің еркіндігі туралы» деп аталатын тамаша жұмысынан алынған сөздер таңқалдырмайды. Аристотельдік түсініктегі зерденің тұжырымдары мен құдайлық туралы білімге қарсы Валла ақылгөй қайырымдылыққа теологиялықты қарама-қарсы қоя отырып қасиетті Павел түсінгендей тірі сенімге арқа сүйейді жəне ол былай жазады: «Жоғарғыны тануға деген намысқой ұмтылыстардан арылайық жəне оған мойынсұнуға келе отырып жақындай түсейік. Христиан адамына Құдайдың ғажайыптығын жəне жомарттығын білуге мойынсұнудан артық ешнəрсе көмектеспейді, сондықтан «Құдай өркөкіректерге қарсы тұрады, бірақ момындарға игілігін алып келеді» деп айтылған.

Тек осы көзқарас бойынша «Константиннің Сыйлық грамотасы деп аталатынның шынайылығын пайымдауларды» түсінуге болады. Валла қатаң филологиялық талдау жасаудың арқасында құжаттың жалған екендігін дəйектейді, соның негізінде Шіркеу сыбайластықтың қайнар көзі болған өзінің зайырлы билігін заңдастырды. «Сөзге» деген дұрыс қатынас ақиқатқа қайта оралдырады жəне оны қорғайды.

Бұл сүйсінуге болатын Валланың еңбегінің соңында ол былай жазады: «Бірақ мен өзімнің арнауымда Папаны кетуге итермелеп, мемлекет пен халықтарды зорлыққа арандатпаймын. Шындықты естігеннен кейін ол өзге иеліктерден өзінің үйіне, өзінің портына оралады, дауыл мен бораннан шаршап, Папа əйтеуір бір кезде өзін Христостың кесары емес викарі болғаннан басқа ешнəрсені қерек қылмайды».

Валла өзінің филологиялық зерттеулерін «Грек жəне латын тілдеріндегі əртүрлі тізімдерден алынған Жаңа Өсиетке арналған салыстырулар мен түсіндірмелер» атты еңбегінде жалғастырды. Ол Жаңа Өсиеттің мəтініне бастапқы тазалық пен анықтықты қайтарғысы келді. Валла осы нəзік амалдың көмегімен ұзақ уақыт бойы жиналып қалған таттан тазарту үшін ортағасырлық quaestiones философиялық методына қасиетті мəтіндерді оқудың филологиялық методын қарсы қояды. Валла бұл методтың болашағын көрді. Оның мəні латынның «құпия» («sacramentum») деген терминімен өрнектеледі. Валла үшін тіл (Гарэн түсіндіргендей) жүзеге асқан рух болып табылады, сөз – жүзеге асқан ой. Сөзге деген құрмет керек, тілдің құпиялығын түсіну керек, оның бастауларына оралу қажет. Валланың тырысуының арқасында гуманизм жаңа деңгейге көтеріледі жəне орнықты жағдайға жетеді.

Дж. Реале, Д. Антисери

Қазақ тіліне аударған: филос.ғ.д. Т.Х. Ғабитов

Жаңалықтар

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының үшінші аптасы аяқталды. Бұл туралы...

Жаңалықтар

Атырау облысында Жайық өзені су деңгейіне мониторинг жалғастырылуда. Бөгеттерді нығайту жұмыстары жү...