Көрермен жасына шектеу қоймайтын көркем өнер ордасы

ТЕАТР
1209

Көрермен жасына шектеу қоймайтын көркем өнер жасаушы Қуыршақ театрының ұжымы көпшілік көрермендердің көңілінен ерекше орын алып келеді. Театр репертуарын толықтырып жатқан балаларға арналған спектакльдер де түрлі режиссерлік интерпретациямен сахналанып, ертегілер тек даналық әңгіме ретінде емес, танымдық, интерактивті форматтарда балаларды қызықтыруда. 

«Ромео мен Джульетта» спектаклінен көрініс (реж.:Д.Жұмабаева)Ересектерге арналған спектакльдер сахналаудағы тәжірибесі кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағаланып келе жатқан театр ұжымы биылғы жылдың екінші жартысында қатарынан үш театр фестивалінде бақ сынамақшы. Өнер ордасының басты мақсаты – балаларды ғана емес, ересектерді де тылсымын ішіне бүккен қуыршақ өнеріне қызықтыру болса, сол миссиясын тек елімізде ғана емес, шет елде де дәріптеуді жолға қойып отыр.

Қазан айының басында Қарағанды қаласында алғаш рет өткізілген Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын» республикалық театрлар фестивалінде еліміздің бірнеше облыстарынан сарапталып алынған үздік қойылымдар қатарында Қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» (реж.:Д.Жұмабаева)  қойылымы бақ сынап, жүлделі I орынға ие болды. 

«Ромео мен Джульетта» спектаклінен көрініс (реж.:Д.Жұмабаева)Спектакль туралы қазылар алқасында төрелік еткен сыншылар пікірлері төмендегідей.  

Тілектес Мейрамов, ҚР халық артисі: «Қуыршақ театры әлем классикасын қалай сахналайды деген ой мазалаған еді. Актерлік ойын, қуыршақтардың әр қимылына қарап отырып бір сағат уақыт қалай өткенін аңғармай қалдым. Спектакльде әдемі түрлер емес, махаббатты сезіндірер сезім болуы керек. Әр кейіпкерден сол махаббатты сезіндім. Театрдың потенциалын танытқан қойылым үшін Дина Жұмабаеваға алғыс білдіремін. Шекспирді сәтті сахналаған театрға одан өзге шығармалар түк емес».

Анар Еркебай, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің (IUTC) төрайымы, театртанушы: «Еліміздегі театр ұжымдары арасынан шетелдік театр фестивальдеріне қатысып, өнер кеңістігінде еркін қалықтап жүрген театрлардың бірі – Мемлекеттік қуыршақ театры. «Ромео мен Джульетта» –қуыршақ өнерінің мүмкіндігін аша түскен, актерлік ойын мен қуыршақ жүргізу шеберлеріктері қатар ұштасқан сәтті спектакль. 

Айзат Қадыралиева, театр сыншысы, өнертану магистрі: «Спектакльге дейін сан түрлі ой болған еді. Сахна шымылдықсыз ашылатын бұл қойылым басталғанда күмәнім сейілді. Кәсіби шеберлік, кейіпкердің ішкі рухани күйі терең ашылған. Әсіресе, Сүт ана-күтуші рөлінде А.Байырбекова қуыршақ жүргізгенде актрисаның бар екенін ұмытып кеттік. Ерекше дүние деуге болады».

Мирас Әбіл, театр сыншысы, өнертану магистрі: «Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» спектаклі көрерменге және фестиваль қатысушыларына үлкен әсер қалдырғаны анық. Себебі, сахнада махаббатты ойнау күрделі де қиын процесс болса, режиссер Дина Жұмабаеваның бұл спектакльде ұтқаны – арнайы кастинг өткізіп, жас Ромео мен Джульеттаны тауып, олардың Шекспир жазған шығармадағы жас санатында болып, сол болмысты, сол махаббатты сахна кеңістігінде бере алуы. Міне, осы бұл спектакльдің күре тамырын ұстап тұр. Спектакль – көрерменге әр деталбдері мен реквизиттері арқылы қуыршақ театрының өнімі екенін ұмыттырмайды. Ромеоның Джульеттаға сыйлаған гүлінің қағаздан жасалуы, әр түрлі кейіпкерлердің қуыршақ кейпінде болуы, ішінде комедия дель артеден бастап, көлеңке театрыны элементтерінің қолдалынуы қойылымға салмақ қосты. Сондай-ақ, әр рөлді ізденудегі актерлердің еңбегін ескеруіміз парыз. Күтушінің рөліндегі актриса Арайлым Байырбекова спектакль басынан өзіндік актерлік қабілетін көрсетіп, қойылым соңына дейін сахнада жанданып, әсер қалдыратындай үлкен образ жасады. Қазақ авторларының «Ромео мен Джульеттаға» баруы үлкен ізденісті талап етеді. «Бұған дейін кенжелеп қалған қуыршақ театры» деп сыншыларды қаймықтырған театрдың бұл қойылымы өнер ордасының көркемдік деңгейінің жоғары екенін көрсетті. «Ромео мен Джульетта» – Қуыршақ театрының алдағы уақытта халықаралық фестивальдерде топ жарып, көрерменге үлкен әсер қалдыратыны анық. Спектакльге және ұжымға табыстар тілейміз. Алға баса берсін!».  

Бейбіт Әлкеева

Мемлекет басшысы

Бұл туралы Ақордада Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кезд...

Жаңалықтар

Орта таулы аумақта және таулардың оңтүстік беткейлерінде қар жамылғысының еруіне байланысты облыста...