Қуыршақ театры Елорда күніне орай қызықты шаралар ұсынды

ТЕАТР
1699

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – республикадағы он екі ай дамылсыз һәм демалыссыз жұмыс жасайтын киелі өнер ордаларының бірі әрі бірегейі. Қала тұрғындары мен қонақтарына театр репертуарындағы қызықты қойылымдар легін ұсына отырып, театр артистері әр көрерменін балалық шақтың кермек дәмімен сусындатып, қуанышына кенелтеді.  

Театр ұжымы әр мереке сайын театр сахнасынан тыс қала тұрғындары көп жиналатын саябақтар мен орталық алаңдарда көшпелі қойылымдар мен түрлі интерактивті ойындар ұсынып, мерекелік көңіл күй сыйлауды бүгінде дәстүрге айналдырған. Құпияға толы қуыршақтардың сиқырлы өнерін тамашалаған әр көрермен таңданыссыз қалмайтыны анық.  

6 шілде – Елорда күніне орай өнер ордасының қызметкерлері Алматы хайуанаттар бағының орталық алаңында «Алтын тұғырлы Астана» атты ашық аспан астында көпшілікке арнап мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Театр артистері мен бойлы қуыршақтар хайуанаттар бағына келген бүлдіршіндермен бірге көңілді ойындар ойнап, би билеп, уақыттың тиімді өтуіне атсалысты.

Адамзаттың алдында тұрған зор мақсат – бақытты әлемді жасайтын бақытты балаларды тәрбиелеу. Өз кезегінде Қуыршақ театры мұны өзінің даму жолындағы басты кредосы деп санайды. Әр бүлдіршіннің балалық шақтағы көргені мен сезінгені болашақ тұлға ретінде дамуына өз септігін тигізеді. Ендеше, баршамыздың парызымыз – болашағымыз саналатын балалардың бақытты сәттеріне үлес қосу болуы тиіс. Сондықтан, театр ұжымы аталмыш мереке қарсаңында балаларға ерекше көңіл-күй сыйлауға асықты. 

Сондай-ақ, театр сахнасында «Қуыршақ думан» (реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) қойылымының мерекелік көрсетілімі көрермен назарына ұсынылды. Спектакль алдында аниматорлар жас жеткіншектерге Елорда күніне арналған ойын-сауық бағдарламасы мен түрлі викториналық сұрақ-жауап сайыстарын ұйымдастырды.  

Балдырған шақ пен бала күндеріне саяхат жасағысы келетін әр көрермен күнделікті әрі мереке күндері Қуыршақ театры ұсынатын қызықты шаралар мен спектакльдерді тамашалауына болады. Мұнда көрермен жасына шектеу жоқ. Ғажайып пен жақсылыққа сенетін әр көрермен үшін театр есігі айқара ашық! 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

 

Жаңалықтар

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві директорының орынбасары Құсайынова Тұрсынгүл Жағыпарқызы,...

ӘДЕБИЕТ

Поэзия – уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отыратын өміршең де жанды, тірі құбылыс. Қазақ поэзи...