4-сәуір – бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың туған күні!Е...
Футболдағы бір дәуір аяқталды: Криштиану Роналду ұлттық құрамамен қоштасады
Фото: әлеуметтік желіден
Әлемге әйгілі футболшы, Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасындағы мансабын аяқтайтынын жариялады. 41 жастағы спортшы бұл шешімін әлеуметтік желідегі бейнеүндеуінде мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Роналду 23 жыл бойы намысын қорғаған ұлттық құрамамен қоштасу туралы шешім қабылдаған. Футболшының айтуынша, бұл қадамға бару оңай болмаған. Ол қарашадағы халықаралық матчтар кезеңінен кейін Португалия құрамасындағы өнерін тоқтатпақ.
«Мен бұл жейдені ешқашан тек өзіме тиесілі деп санаған емеспін. Бірақ 23 жыл бойы оны киіп, қорғау және әлемнің түкпір-түкпіріндегі стадиондарға алып шығу мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды. Енді оны келесі ұрпаққа тапсыратын уақыт келді. Бұл оңай шешім болған жоқ. Өйткені кейбір шешімдер тек ақылмен емес, жүрекпен қабылданады», – деді Роналду.
Құрамадан кетуіне не себеп болды?
Бұған дейін футболшы мен Португалия құрамасының бас бапкері Жорже Жезуш арасында келіспеушілік туындаған еді. Қыркүйек айында Роналду Ұлттар лигасындағы Норвегияға қарсы кездесуде алаңға шықпағаннан кейін ұлттық құраманың орналасқан жерінен кетіп қалған.
Кейін футболшы бапкердің өзіне берген уәдесін орындамағанын айтып, жағдайға қатысты түсініктеме берген. Сонымен қатар командадан өз бетінше кеткені үшін әріптестері мен жанкүйерлерінен кешірім сұраған.
Сол кезде Роналду ұлттық құрамадағы мансабын аяқтамайтынын айтқан болатын. Алайда араға бір ай салып, түпкілікті шешімін жариялады.
23 жылдық мансап және тарихи рекордтар
Криштиану Роналду Португалия құрамасы сапындағы алғашқы кездесуін 2003 жылы өткізді. Содан бері ол ел футболының басты тұлғаларының біріне айналды.
Футболшы ұлттық құрамада 234 матч өткізіп, 146 гол соққан. Бұл – ерлер арасындағы халықаралық футбол тарихындағы ең жоғары көрсеткіштер.
Роналду Португалия құрамасымен бірге 2016 жылы Еуропа чемпионатын жеңіп алды. Сондай-ақ 2019 және 2025 жылдары УЕФА Ұлттар лигасының чемпионы атанды.
«Голдар ұмытылады, кубоктар музейлерде қалады, рекордтарды бір күні басқа біреу жаңартады. Бірақ уақыт ешқашан өшіре алмайтын нәрсе бар. Ол – адамдардың жүрегінен алған орнымыз. Португалия әрқашан менің жүрегімде болады», – деді футболшы.
Осылайша әлем футболының ең танымал ойыншыларының бірі ұлттық құрамадағы 23 жылдық жолына нүкте қоймақ. Дегенмен Роналдудың бұл шешімі оның клубтық мансабын аяқтағанын білдірмейді. Ол Сауд Арабиясының «Әл-Наср» командасының ойыншысы болып қала береді.