86 жастағы қария өз ауласынан өлі табылды: Қостанайда жасөспірім ұсталды

видеодан алынған скрин

ЖАҢАЛЫҚТАР
149

Қостанайда 86 жастағы зейнеткердің өліміне қатысты жергілікті жасөспірім ұсталды. Қарияның денесі өз үйінің ауласынан зорлық-зомбылық белгілерімен табылған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Қостанай облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтаған. Ол жергілікті кәмелетке толмаған жасөспірім болып шықты.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол жергілікті жасөспірім болып шықты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Қазір тергеушілер қылмыстың мән-жайын, оның ішінде оқиғаның неден туындағанын анықтап жатыр.

Әзірге жасөспірімнің жасы мен оқиғаның өзге де егжей-тегжейі жарияланған жоқ.

Күдіктінің кінәсі сот үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.