Қазақстандық әнші Мархаба Сәбидің билік жүйесін сынайтын “Балабақша” деп аталатын ә...
«Қоңыратта өтті» делінетін «Күй сайысы»: жалғаны мен шындығы
XIX ғасыр аяғында «Қоңыратта өтті» делінетін «Күй сайысы»: жалғаны мен шындығы
1. Ел ішіне тараған «тоғыз домбырашының сайысы» жайлы аңыз
Қазанғап шығармашылығына қатысты сөз қозғалса тума дарынның Қарақалпақ жерінде өткен күй жарысында жеңімпаз болғаны тілге тиек етіледі.
Бұл турасындағы мәлімет Қазанғап шығармашылығын зерттеушілердің бірі, педагог-домбырашы Абдулхамит Райымбергеновтың «Қазанғап Ақжелең» атты кітабы (Алматы, «Өнер» баспасы, 1984 жыл, 6-бет) арқылы таралған-тын. Сонда ол бүй деп таңбалапты: «Өткен ғасырдың аяғында Қоңыратта (қазіргі Қарақалпақ АССР-інің қаласы) Әзіберген деген хан ұйымдастырған тоғыз домбырашының арасындағы өнер сайысы Қазанғап творчествосында жарқын із қалдырған оқиға болды. Орынбай, Дүкенбай, Қаратөс-Аймағамбет, Қаналы төре сияқты сол кездегі белгілі күй тарландары қатысқан бұл тартыс XIX ғасырдың аяғындағы үлкен домбыра сайысының бірі болды. Тартыстың шарты бойынша әрбір күйші «Ақжелең» аталатын топтама күйлердің алпыс екісін түгел ойнауы тиіс еді. Қазанғап «Алпыс екі Ақжелеңді» орындауымен қатар осы циклдың «Күй шақырғыш» атты бірінші күйінің аяқ жағына жаңа тақырыптық бөлім қосып, күй желісін байытып, өзіндік орындаушылық өрнегімен мәнерлеп тартады. Бұл күй Қазанғаптың орындауында ерекше реңге ие болып, ажарлана, айшықтана түседі. Сөйтіп, өнер саңлақтарының арасында Қазанғаптың мерейі үстем болып, бас жүлдені иемденеді. Оның күйшілік даңқы бүкіл қазақ даласына жайлады».
Мән-жәйдің анық-қанығын білу үшін хабарласып, (27.01.2023 ж.) осы деректің қайдан алынғанын сұрағанымызда А. Райымбергенов: «Қазанғапты зерттеуім 1978 жылы басталды. Компазитордың Шалқар өңіріндегі араласып, тікелей сабақ алған шәкірттерінің кейбіріне, көзін көргендерге жолықтым. Солардан біраз мағлұматтарды қағазға түздім. Күй сайысы жайлы мәліметті 80-жылдары Б. Басығараевтан жазып алып ем», – деді.
Бұл деректі әдебиетші ғалым А. Сейдімбеков те (Тарақты А) «Күй шежіре» атты еңбегінде (Алматы, 1992 ж. 355-бет) өзінің пікіріне дәйеккөз қылған, былай депті: «Өткен ғасырдың соңын ала қазақ пен қарақалпақ жұртының жапсарындағы Қоңырат деген жерде (қазіргі Қарақалпақстанға қарасты Қоңырат ауданының орталығы) Әзберген ханның ұйымдастыруымен әйгілі күй айтысы болады. Қазақ пен қарақалпақ жұртына даңқы жайылған дәулескер күйшілерге арнайы хабар беріледі. Ханның қалауымен өткелі отырған осынау күй айтысына өзіне өзі сенген тоғыз күйші тіленіп келеді. Тоғыздың бірі – Қазанғап».
Б. Басығараев осы дерегін кейін де Қазанғап шығармашылығына қатысты мәліметтерді жинаушының бірі Аякөз Нұрсұлтановаға қайталап, баяндап берген екен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ФҒЗЗ қорында сақтаулы тұрған сондағы сол сөзі былай түзіліпті: «Әзберген Хиуада, Бесқаланың қазақ жағын билеген хан болып тұрған дәуірінде табын Дүкенбай, шүйт Орынбай, Қаратөс-Аймағамбет, Қазанғап, Айша қатын тағы сондай күйшілерді шақырып, тоғыз домбырашыны жинапты. Сол тоғыздың біреуі – Қазанғап, сонда «Күйбасы Ақжелең» деп тарқан күйді шүйт Орынбай тартқан екен, «Орынбай Ақжелең» деп те тарта бастайды соны. Бәрінің стилі бір, Орынбай ақсақал ұлы адам болған. Қазанғап сол күйге «сірке қондырып» тартқан. Әлгі күйдің негізі қаланып тұрады да, «Сірке қондырмақ» дегеннің мағынасы, әлгі күйді екшеп, бұйымға, білезікке, сақинаға сіркедей қылып, жиілеп әшекейлейді. Сондай мына күйді әшекейлеген. Күміс бұйымды тақылетті қылып, Қазанғап байытып тартқан. Сондықтан, ана күйлердің жиынтығы болғандықтан, өзі «Ақжелең» болғандықтан, «Күйбасы да Ақжелең». Күйлердің тобын шақырушы «Күй шақырғыш» та болып қалған. Бұл күйдің ішінде барлық пернелер қамтылады. Екінші бір ерекшелігі күйдің негізі сақтала отырып, Қазанғаптың қосқан «Сірке қондырғаны» күйге ешқандай бұзылғандық әсер бермейді, өз мәнінде әшекейленіп, өрнектеліп шығады».
«Бесқала қазақтарының күйлері» аталатын дау тудырған фальсификация кітапта да мынадай дерек келтіріліпті: «Емберген Шақпақұлы (1860-1936). ...Е. Шақпақұлы – Қоңырат қаласында Әзберген хан ұйымдастырған өнер сайысына қатысып, Орынбай, Дүкенбай, Айша, Қаратөс-Аймағамбет, Қаналы төре, Қазанғаптармен күй тартысады. Емберген күйшілік өнерін баласы Жұмалыға үйретіп, қалдырған» (Қараңыз: Бесқала қазақтарының күйлері: ноталық-музыкалық жинақ / К. Қайрулла. – Алматы, 2020. 108-бет).
А. Райымбергенов 2022 жылы баспадан жарық көрген «Күй төресі Қазанғап» атты соңғы жинағында «Қоңыратта өтті» делінетін осы «күй сайысының» тарихын толықтырып, өткен мерзімін былай деп атап көрсетіпті: «XIX ғасырдың аяғында 1878 жылы Қоңыратта (қазіргі Қарақалпақстан Республикасының қаласы) Әзберген хан ұйымдастырған күй сайысы өтеді... (астын сыздық.-Б.К.) Бұл сайысқа қазақ пен қарақалпақ еліне атағы кең жайылған, өзіне-өзі сенген тоғыз күйші барады. ...Күй тартысына Қазанғаппен бірге Әлімнен (руы) Тоғызбай, Табын руынан Дүкенбай (ел ішінде Ақкірпік Дүкенбай атанған), Шөмішті-Табын руынан Рах, Төртқара руынан Емберген, (астын сыздық-Б.К.) Қабақ руынан Тарпан, Қарабас руынан Қожай, Қаражон Табын руынан Мәңке, Елібай руынан Берікәлі сияқты сол кездегі елге белгілі күй тарландары қатысады. Бұл тартыстың қазылығына елге танымал, атақты күйшілер – Қаналы төре, Төреш, Орынбай, Қаратөс-Аймағамбеттер шақырылады» (Қараңыз: Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 27-29 беттер).
Жюри мүшелерінің құрамы кіл дәулескер домбырашылардан құралған, Қазанғап (1854-1921) пен қарақалпақстандық Шақпақұлы Емберген (1860-1936), т.б. қатысқан Қоңыратта өткен «тоғыз домбырашының күй сайысы» жайындағы айтылып жүрген бұл әңгіме шын ба, жалған ба, Әзберген бидің ғұмырына қатысты ғалымдардың зерттеу еңбектерін, тарихи оқиғаларды, архивтік құжаттарды сараптай отырып соған көз жеткізейік енді. Ақ-қарасын анықтайық.
Ескерту: алдағы пікірлерімізге Ж. Есеркепованың «Әзберген би Мұңайтпасов: өмірі және қазақ азаттық қозғалысындағы орны» атты зерттеуін тірек-дәлел етпекпіз. 2010 жылы Алматы шәрінде тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған және қорғалған диссертация (ғылыми жетекшісі: т.д., профессор К.Л. Есмағамбетов). Бұл еңбек – би һәм көреген саясаткер Әзберген Мұңайтпасұлы туралы сақталған Қазақстан, Өзбекстан, Ресей архивтеріндегі деректерді, сондай-ақ, батыр жайында Галкин, Б. Қаратаев, Середа т.б. қалдырған мәліметтерді пайдалануымен, белгісіз болып келген шындықтарды жария етуімен бағалы... Хош, айтпағымызға көшейік сонымен.
2. Әзберген батырдың 1847-1873 жылдардағы азаттық үшін күресі
Шекті руы қазақтарының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісі 1847-1858 жылдары өткені белгілі, тарихта таңбаланған. Осы бас көтеруді басқарған даңқты батыр – Есет Көтібарұлы еді (Қараңыз: Казахские депутации к российскому императорскому двору. 1801–1873 гг.: Сб. документов / Сост. Б. Т. Жанаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2020. Стр. 754-755). Ал оның бірден бір қолдаушысы, ақыл қосар тірегі, өз руласы Әзберген Мұңайтпасұлы болады. Алайда, мұздай құрсанған Ресейдің жаулаушы армиясы көтерілісті аяусыз басып-жанышады.
Жеңілген соң Әзберген өзіне ерген сарбаздарымен 1858 жылы Хиуаға келеді. Сейд-Мұхаммед хан жылы жүзбен қарсы алады. Жер береді. Әзберген оған бақ егіп, қорған соғады. Біршама уақыт сонда тұрақтайды. Бұл жөнінде Ж. Асановтың, М.Н. Галкиннің, Н.И. Гродековтың еңбектерінде мәліметтер берілген. (Қараңыз: Асанов Ж. Әзберген Мұңайтпасұлы. – Ақтөбе, 2005; Галкин М.Н. Этнографическіе и историческіе материалы по Средней Азіи и Оренбургскому краю. Изданіе Я.А. Исакова. Санктпетербургъ. (Въ типогрфіи Гогенфильдена и Ко) 1868; Гродеков Н.И. «Война въ Туркменіи. Поход Скобелева въ 1880-1881 гг. Томъ первый. Типографія В.С. Балашева, Средняя Подъяческая, д. 1. 1883).
Кіші жүз қазақтары 60-жылдардың аяғында тағы көтеріліске шығады. Мұның себебі 1868 жылғы хұқықты шектеген «Уақытша ережеге» байланысты еді. (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 418-422 беттер).
Осы оқиғаның бел ортасында баһадүр Әзберген де жүрген-тін. Бұл тарих парақтарында былай таңбаланған: «Көтерлісті сұлтан Ханғали Арыстанов, молда Дәуіт Асауов, би Азберген Мұңайтпасов, (астын сыздық.-Б.К.) молда Ықылас Досов және басқалары сияқты ірі сұлтандар мен билер, діни адамдар басқарды» (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 420-бет).
Көтеріліс 1869 жылдың ортасында жеңіліс табады. Совет тарихшылары мынадай мәлімет айтады: «Көтеріліс басшылары Хиуаға қашты... 7 мыңдай қазақ үйін Хиуа жеріне көшіріп әкетті» (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 422-бет).
Ғалым Ж. Есеркепова келтірген архивтік деректердің (ӨРОММ. - 175-қ., 1-т., 44-іс. 342 п. // ӨРОММ. - 175-қ., 1-т., 45-іс. 400 п. // 226 ӨРОММ. - 715-қ., 1-т., 41-іс. 250-256 пп. // ГАОрО РФ. - Ф. 6, Оп. 10, Д. 7913. Л. 16-17) куәлік беруінше, Әзберген бұл көтерілістен кейін де 1871-73 жылдар аралығында отарлық езгіге қарсы әрекетін бір сәт тоқтатпаған. Қолдап соңына ерген қазақтармен орыс бекіністеріне шабуылдап тұрған, адамдарын өлтіріп, тұтқынға әкетіп отырған. Малдарын барымталаған...
1869 жылы Қазанғап жасөспірім, он бесте, ал Емберген – әлі бала, тоғызда.
3. 1873 жылы Әзберген бидің Хиуадан атажұртына біржолата қайта көшуі, себебі
Патша өкіметі Орта Азияға үстемдік жүргізуді мақсат қылады. Соны іске асыру үшін Хиуаны бағындыру керек болды. 1870 жылдан бастап соғыс дайындығына көшеді. Генерал Кауфман 1873 жылы маусымда жаулап алу жорығын бастайды. (астын сыздық.-Б.К.) Осы кезде онымен орыстың Орынбор, Маңғышлақтағы өзге де әскерлері бірігіп, Хиуаны әр тұстан қыспаққа алады. Тамыз айында Сейд-Мұхаммед Рахим II бейбіт түрде хандықтың Ресейдің протекторатына айналғанын, яғни, құзырына өткенін мойындап, талап-шарттарға көніп, келісімге қол қояды. Әму-Дарияның оң жақ жағасындағы жерлер отаршылдар билігіне беріледі. Орыс кемелері өзенде еш кедергісіз жүзуге еркіндік алады. Сонымен қатар Хиуа ханына 2 200 мың сом контрибуция төлеуге міндеттеледі (Қараңыз: Гродековъ Н.И. Хивинскій походъ 1873 года. Действія кавказскихъ отрядовъ. Изданіе второе, значительно дополненное. С.-Петербургъ. Типографія В.С. Балашева, Екатерин. кан., N 78. 1888. Стр. 338-341).
Тап осы оқиғаға қатысты тағы бір деректерді берейік, онда былай дейді: «A затемъ русскія войска, въ начале сентября месяца, очистили Хиву... (астын сыздық.-Б.К.) Правый берегъ, отошедшій къ Россіи вместе съ дельтой Аму-Дарьи, получилъ названіе Аму-Дарьинскаго округа, для управленія которымъ назначенъ былъ артиллеріи подполковникъ Ивановъ. Временно построено было укрепленіе, названное Петро-Александровскомъ, где и былъ оставленъ отрядъ войск. Изъ Закаспійскихъ степей образованъ Закаспійскій военный отделъ, разделенный на 2 приставства: Мангышлакское и Красноводское» (Қараңыз: Веселовскаго Н. Очеркъ историко-географиескихъ сведеній о Хивинскомъ ханствъ от древнейшихъ временъ до настоящаго. С.-Петербургъ. Типографія брат. Пантелеевыхъ. Казанская ул., дом 33. 1877. Стр. 362).
Ресейдің бағынышына осылай толық өткен Хиуа жерінде бұдан әрі қалудың мән-маңызы жоғалғанын айқын түсінген Әзберген би қарамағындағы елді бастап, отаршылдар иелігіндегі атажұртына амалсыздан қайта бет түзейді.
Тарихшы Ж. Есеркепова батырдың тұрақтаған жерін: «...Әзберген би 1873 жылы 9 желтоқсанда Ембі уезі Бөрте болысындағы №1 ауылға қоныстанады және 1869-1873 жылдар аралығына түтін салығын төлеуге келіседі», – деп атап көрсетеді (астын сыздық-Б.К.).
Еске сала кетейік, 1873 жылы Қазанғап он тоғызда, бұл жас – домбыраның әліппесін енді бітіретін кезең. Ал сайысқа қатысқан тоғыздың біреуі делінетін Емберген он үште.
4. Бидің 1875-78 жылдары атажұртындағы іс-әрекеттері, түрмеге қамалуы
Тарихтан белгілі, 1865 жылы орыс жаулаушыларының Ташкент қаласын басып алып, Қоқан хандығын саяси дербестігінен айыруы – кейін халық толқуларын туғызады. Сонда «Құдияр хан көтерілісшілер жағына шығып кетуі мүмкін» деп ойға келген генерал Кауфман 1875 жылы 12 тамызда оның үй-ішін, жақындарын Орынборға жеткізуге бұйрық береді.
Қоқандағы бұл бас көтеруге алыс жатқан Орал, Торғай облыстарының ойлы қазақтары да ниеттестік танытады. Соның бірі – би һәм батыр Әзберген. Ол патша әкімшілігінің тұтқынында отырған Қоқан ханына үміт артып, басын қауіп-қатерге тіге отырып, оны Орынбордан алып шығудың амалын ойлап табады. Мұны Ж. Асанов еңбегінде баяндап өткен (Қараңыз: Асанов Ж. Әзберген Мұңайтпасұлы. – Ақтөбе, 2005, 68-69 беттер).
Зерттеуші ғалымдардың анықтауынша, бұл әрекеттің түп мақсаты мынау болған: Құдияр хан аман-сау құтылып кетсе Бұхар, Хиуа хандықтарымен байланысқа түсіп, орыстарға қарсы бүкіл мұсылман жұртын көтеріліске бастап шығады. Оған кіші жүздің Әзберген биге ерген қазақтары да қосылады деп бәтуаласады.
Сонда Әзберген батыр 1875-76 жылдары қайткенде де отарлық езгіден құтылудың амалын іздеп, Құдияр ханды құтқарудың қамымен елдік мақсаттың соңында жүр. Бұдан басқа биік мұрат жоқ еді оған.
Қайталап тағы бір еске саламыз, әрі бұл кезде ол өз жұрты Шектілердің ортасында. Қоңыратта емес. Нақты деректер солай деп куәлік береді.
1876 жылы Құдиярдың тұтқыннан қашуы – орыстарды қатты алаңдатқан. Оны іздестіруді Санкт-Петербургтегі патша әкімшілігі тікелей бақылауына алады. Алайда ханды қолдарына түсіре алмайтынына көздері жеткенсін оған көмектескен топтың белсендісі Әзберген Мұңайтпасовты ұстауға кіріседі.
Бұл оқиғаның мұнан кейін қалай өрбігенін ғалым Ж. Есеркепова архивтік мәліметтер негізінде былай деп баяндайды: «Ал Хұдияр ханды қашырып жібергеннен кейін Әзберген патша жендеттерінен бой тасалауға мәжбүр болады. (астын сыздық.-Б.К.) Алайда, Хұдиярды алып қашқан Әзберген би екенін білген патша әкімшілігі оны ұстау үшін далаға қайта-қайта казак әскерлерін жіберіп, Арал, Ұрдақонған және Құланды болыстарының билеушілеріне Әзберген биді табуды міндет етіп жүктейді. 1878 жылы шілде айында патша әкімшілігі Хұдияр ханды тұтқыннан алып қашқан Әзберген биді қолға түсіру үшін Ембі уезінің бастығы подполковник Кереевке 15 күнге жететін азық-түлігімен қосып, бір урядник пен 20 казакты аттандырады. Кереев бастаған жазалаушы әскерлер Әзберген бидің ауылын Мұғаджар тауының етегіндегі Каулжар сайынан тауып алады. (астын сыздық.-Б.К.) Бірақ Әзберген би өз ауылында болмай шығады. Ол әскердің келетінін алдын-ала білгендіктен ауылын тастап, өздерінің туысқандары қабақтардың арасында жасырынады...
Патша әскерлерінің іс-әрекетінен ешқандай нәтиже шықпаған соң Әзберген биді ұстау үшін құрамында Торғай, Елек, Николаевск уездерінің бастықтары бар Орынбор қаласының полиция басқармасы бастаған арнайы штаб құрылып, іске кіріседі. Оларды Орынбор генерал-губернаторының өзі тікелей бақылауға алады...
1878 жылы 28 қыркүйекте далада патшаның жендеттерінен қашып жүрген Әзберген би Боқал сайында тұтқынға түседі де сол күні Ырғыздағы түрмеге қамалады...» (астын сыздық.-Б.К.).
Ал А. Райымбергенов: «XIX ғасырдың аяғында 1878 жылы Қоңыратта (қазіргі Қарақалпақстан Республикасының қаласы) Әзберген хан ұйымдастырған күй сайысы өтеді...» – дейді (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 27-29 беттер).
Алайда тарихшы Ж Есеркепова ұсынған архивтік құжат-дерек А. Райымбергеновтың мәліметін мүлде жоққа шығарып, «Әзберген Құдияр ханды қашырып жіберуіне байланысты жазықты болып, 1878 жылы 28 қыркүйекте Ырғыздың түрмесіне қамалды» деп отыр. Демек, 1876 жылдан бері бой тасалап қашып жүрген, 1878 жылдан 1880 жылғы 17 сәуірге дейін түрмеде жатқан би бұл жылдар аралығында тоғыз домбырашыны жиып, Қоңыратта күй сайысын өткізе алмағаны айдан анық (астын сыздық.-Б.К.). Хош, әрі қарай нақтылай түсейік мұны.
Ж. Есеркепова Әзберген бидің бұдан кейінгі жәйінен мына мәліметтерді келтіреді: «1879 жылдың 21 сәуірінде Ырғыз қамалы абақтысында жатқан Ордақонған болысы №4 ауыл биі Әзберген Мұңайтпасов (астын сыздық.-Б.К.) Торғай облысы әскери губернаторына жазған өтінішінде, өзінің өткен жылдың 7 қарашасынан осы қорғанда еш сұраусыз-тергеусіз жатқанын айта келіп, денсаулығының нашарлауына байланысты, өзі тұратын болыстықтың бір сенімді кісісіне кепілдікке босатуын өтінген хатын жібереді...» (астын сыздық.-Б.К.).
Ақыры, 1880 жылы 15 ақпанда «ұсталғанына тура екі жыл болған ембілік Әзберген Мұңайтпасовты Орынбор қамалы абақтысында тергеуін атқарып біттім» – дейді Орынбор генерал-губернаторы ерекше тапсырмалар бөлімінің шенеунігі камер-юнкері Александр Степанов. (астын сыздық.-Б.К.) Сонымен бірге, 1-ші гильдия көпесі Василий Ефимович Мякинковтың өтінішімен тұтқын Әзберген Мұңайтпасовты қылмысты іс жүргізу ережесі баптарына сәйкес кепілдікке беріліп, оның жауапкершілігімен тұтқынды Орынбор қамалы абақтысы бақылауынан босатуды сұрайды...
...1880 жылы 17 сәуірде Орынбор генерал-губернаторының босату жөнінде және оған жергілікті жерде өз туыстарымен бірге тұруына қарсылық етпеу туралы берілген куәлік хатымен Әзберген Мұңайтпасов ауылына қайтады». (астын сыздық.-Б.К.)
Бұдан кейін батырдың босатылу себебін зерттеуші Ж. Есеркепова былай деп түсіндіреді: «Негізінен, Әзберген бидің түрмеден босатылуының саяси астарлары тереңде жатыр деп айтуымызға болады. Себебі, Санкт-Петербургте өткен ерекше кеңесте патша өкіметі 1879 жылы қаңтарда Ахалтеке оазисіне қарсы жорыққа аттануға шешім қабылдайды. Бастапқы уақытта Ломакиннің түрікмен текелеріне жорығы сәтсіз аяқталған болатын. Енді 1880 жылы қаңтарда «Закаспий мәселесі» жөнінде бірнеше рет қайта кеңес өткізіп, патша өкіметі Кавказды Түркістанмен байланыстыруды жоспарлап, Геок-Тепені алып, осы мәселелерді жүзеге асыру мақсаты М.Д. Скобелевке тапсырылған еді. Түрікмендердің күшті қарсылығына байланысты және алғашқы жорықтың сәтсіздігінен енді жаңа жорыққа патшалық Ресей көп назар аударды. Сондықтан, осындай саяси-стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін түрікмендерді жақсы білетін адамдар қажет болған еді. Осы мақсатта Әзберген Мұңайтпасұлын науқасына, жасының егделігіне қарамай, Скобелевтің жорығына қатыстыру үшін, оны түрмеден босатып, керуен басшысы ретінде тағайындайды» (астын сыздық.-Б.К.).
Куә боп отырмыз мінекей, 1880 жылы сәуірде Әзберген түрмеден босап шығады. Бірақ жағдайы аса мәз емес. Жасы 67-де, ауру-сырқаулы. Қоңыратқа қайта оралып, тоғыз домбырашыны шақырып, әуезді күй тыңдап, думандатуға шамасы жоқ. Солай екенін 1879 жылы 21 сәуірде Ырғыз түрмесінде қамауда отырған шағында-ақ денсаулығының нашарлығын айтып, кепілдікпен босатуын сұраған өзінің өтініш хаты да растап тұр.
Көңіл аударып, жадыға мықтап сақтап жүрер тағы бір жайт: қапастан шыққан Әзберген би 1880 жылы Хиуаға кетпеген. Бұл аймақ 1873 жылы Ресей билігіне өткен соң жұрты бұрынғы еркіндіктен айрылған-тын. Тіпті әнтек қимыл жасау мүмкін емес еді. Аталған өңір отаршылдардың толық бақылауында. Сондықтан Қоңыратқа қайта оралудың еш мәні жоқ-ты. Деректердің көрсетуінше, батыр атақонысы Ұлы Борсық құмы, Мұғалжар тауы төңіректерін жайлайтын туыстарының ортасында, анығырақ айтқанда, Ордақонған болысында қалған. Бұдан кейін ол ұдайы бақылауда, алысқа ұзап кетпеуі жіті назарда болған.
5. Әзберген би 1880 жылдың жазында түрікпен жерінде жүр...
Әзберген жолбастаушы боп тағайындалған сол Геок-Тепе (Көк-Төбе) жорығына қатысты мәліметті де бере кетелік, онда былай түзілген: «Лихіе набеги и грабежи непокорныхъ кочевниковъ За каспійскаго края, постоянно тревожили наши владенія въ Средней Азіи. Россія не могла смотреть равнодушно, какъ грабятъ на ея границе торговые караваны, какъ продаютъ ея подданныхъ на Мервскомъ и другихъ среднеазіатскихъ рынкахъ. Она не могла допустить, чтобы туркменское племя Теке, безнаказанно продожало свои набеги; чтобы новые русскіе подданные, туркмены – іомуды, солоры, атабаи и джафарбаи были постоянно подъ ударами смелыхъ наездниковъ-текинцевъ – ахалъ и мервскихъ...
Тогда решено было покончить, разъ навсегда, съ текинцами, разоривъ самое ихъ разбойничье гнездо. И вотъ, начались приготовленія къ новому походу въ страну ахалъ-текинцевъ.
Въ трехъ местахъ на восточномъ берегу Каспійскаго моря, въ Красноводске, Чекишляр и въ Михайловскомъ заливе, устроены были склады продовольствія и боевыхъ припасовъ; сюда же, летомъ 1880 года, стали сосредоточиваться войска» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Осода и штурмъ текинский крепости Геокъ-Тепе (съ дву планами). С.-Петербургъ. Изданіе Редакціи журнала «Чтеніе для Солдатъ», 1882. (Типографія брат. Пантелеевыхъ. Казанская ул., д. 33). Стр. 3-4).
Міне, келтірілген тарихи дерек «мұнда 1880 жылдың жазында әскерлер шоғырлана бастады» дейді. Мәлімет Геок-Тепе (Көк-Төбе) бекінісіне келген генерал Скобелев пен оның жасағы турасында.
Бірнеше жыл Ресей әскерін шығынға ұшыратып, төтеп берген түрікпендердің ахал, теке аталатын рухты, жауынгер руларын бағындыру – отаршылдарға оңайға түспеген. Мұны Геок-Тепе (Көк-Төбе) бекінісін 1881 жылы 12 қаңтарда толық басып алғаннан кейін оқиға куәгері А. Гуляев дегеннің әңгімелеген мына мәліметі толық айғақтайды, бүй дейді ол: «Вообще же на штруме 12 января выбыло изъ строя: убытыми 4 офицера и 55 ниж. Чиновъ, ранеными 18 офиц. (из которыхъ 5 скоро умерло) и 236 ниж. чиновъ, контужено 10 офи. и 75 ниж. чиновъ.
Утром 13 января у насъ въ лагере было что то въ роте Св. Пасхи. У всехъ на лицахъ была написана радост... Въ 12 часовъ внутри крепости состоялся парадъ. После благодарственного молебна, генералъ Скобелевъ еще разъ поблагодарилъ войска и, пропустилъ церемоніальнымъ маршемъ» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Гуляевъ А.Л. Поход на Аму-Дариью и въ текинскій оазис Уральскихъ казаковъ въ 1880-81 годахъ. Уральск. Тип. В. И. Жаворонкова. 1882. 88 с. // Стр. 70).
Осы жорыққа қатысқан Н.И. Гродеков та «Война въ Туркменіи. Поход Скобелева въ 1880-1881 гг» аталатын кітабында бұл соғысты жан-жақты әңгімелеген.
Айтпағымыз, Ресейдің осы жаулап алу жорығына жолбастаушы болып еріксіз тағайындалған Әзберген би 1880 жылдың жазында Хиуада не өз жұрты – Шектілер жайлайтын Ұлы Борсық, Мұғалжар тауларында емес, түрікпендердің жерінде жүр.
Бұл жылы да бидің тоғыз домбырашыны жинап, Қоңыратта күй сайысын өткізе алмайтыны бәрімізге былай да ап-анық боп тұр.
Бірақ Әзбергеннің Геок-Тепе (Көк-Төбе) жорығынан оралғасын, өзін қалыпқа келтіріп ап, өнер жарысын ұйымдастыруы да бек мүмкін ғой. Олай болса, 1881 жылы орыстардың бекіністі алғаннан кейінгі батырдың ғұмырына одан әрі шолу жасайық, әңгіменің шындығына жетейік.
6. «Тоғыз домбырашының Қоңыраттағы сайысы» – жалған боп шықты!
Генералъ Скобелевтің Геок-Тепе (Көк-Төбе) бекінісін алу жорығында жол бастаушы болған Әзберген Мұңайтпасұлының дәм-тұзы осы сапарда таусылыпты. Мұны ғалым Ж. Есеркепова былай деп хабарлайды: «Әзберген бидің қайтыс болған жылына келетін болсақ, Өзбекстан Республикасының мемлекеттік мұрағат қорындағы құжаттарының бірінде (ӨРОММ. - 125-қ., 1-т., 24-іс) былай делінген: «Хиуа ханына! Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі маған мынаны мәлімдеді, Торғай облысы Ырғыз уезі Орда-Күнгей болысының қырғызы Әзберген Мұңайтпасовтың жесірі Жаңғақ, (астын сыздық.-Б.К.) Орынбор генерал-губернаторының атына өтініш берген, онда текеліліктерге қарсы аттанған генерал Скобелевтің отрядына жол көрсетуші болып жіберілген оның марқұм күйеуі Әзберген Мұңайтпасов ауруына байланысты босатылып, үйіне келе жатқан жолда қайтыс болған (астын сыздық.-Б.К.) және ол ауру күйеуінің үйіне қайтарылғанын естіп, оны қарсы алуға оның басқа әйелі Қалдығыз бен өзінің 9 жасар ұлы Садықты жіберген. Бірақ, соңғысы Әзбергенді тірідей көрмей, оның барлық қалған мүлкін алып, Жаңғақтың баласымен Қоңыратқа кеткен. Өтініш беруші сондай-ақ, Қалдығызға үйіне қайт деп кісі жібергенімен, ол ұлын да, мүлкін де қайтармай, өзі де келмеген. Сондықтан жесірі Жаңғақ, оған ұлы Садықты қайтаруға және Әзбергеннің артында қалған мүліктен өзіне тиісті үлесін алып баруға ықпал жасауды өтінген. 1881 жылғы 18 шілде». Осы құжат арқылы Әзберген бидің дүниеден шамамен 1881 жылы өткенін байқаймыз».
Жанар Есеркепованың «Әзберген би Мұңайтпасов: өмірі және қазақ азаттық қозғалысындағы орны» атты зерттеуінен бес жыл бұрын жазылған Жұбаназар Асановтың «Әзберген Мұңайтпасұлы» деген еңбегінде: «Әзберген түрікпендердің ішінде жүргенде көз жұмған деген сөз бар. Сүйегін әлденеше қабат таза былғарыға орап елге жеткізген. Қарағұл батырдың тірі уақыты екен, арулап өзінің қорған-бағының ішіне қояды. Шежірешілердің айтуынша онда – 7 бейіт бар, соның қала жақ шеттегісі Әзбергендікі. Қазір қоран-бақтың үстін су басып кеткен...» – деп баяндалған (Қараңыз: Асанов Ж. Әзберген Мұңайтпасұлы. – Ақтөбе, 2005, 79-бет).
Ж. Асанов келтіріп отырған ел ішінде сақталған ауызша шежіре де кейін жария етілген архивтік мағлұматтармен сәйкес келеді. Әзбергенің генерал Скобелевтің жасағына жол көрсетуші болғанын, түрікпен жерінде шаһид кешкенін қуаттап тұр.
Топшылауымызша 1881 жылы 12 қаңтарда Геок-Тепе (Көк-Төбе) бекінісі алынған соң да Әзберген баһадүрді түрікпен жерінде екі-үш ай ұстап, елге қайтуға рұқсатты көктемге қарай берген тәрізді...
Тағы бір рет еске сала кетейік қайталап, Ж. Есеркепова куәлікке тартқан: «Торғай облысы Ырғыз уезі Орда-Күнгей болысының қырғызы Әзберген Мұңайтпасовтың жесірі Жаңғақ...» деген дерек, жоғарыда келтірілген өзге де мәліметтер Әзбергеннің 1873 жылы-ақ Ресей жаулап алған соң Хиуаны мүлде тастап, атақонысы Ұлы Борсық құмы, Мұғалжар таулары өңіріне біржолата оралғанын айғақтайды. Құдияр ханға қатысты әрекеттері де өз жұртының ортасында жүргенде жасалынған.
Әзберген сүйегінің шет аймақта қалу себебін «батырдың мүрдесін шалғайдағы бірнеше күншілік атажұртына жеткізуге мүмкіндік болмағасын амалсыздан жолдағы өзінің бұрынғы қорған-бағына жерлеген» деп түсіндіреді бабасы Өмірден тараған аталас, ет жақын туыстары.
Баһадүрдің ат үстінде өткен арпалысқа толы ғұмыры 1881 жылы осылай тәмамдалады.
Мінекей, ел ішіне таратылып, кең насихатталған аңызды жалған деуге қимай шын санауға, растауға қанша талпынсақ та жаужүрек батыр, би, көреген саясаткер Әзберген Мұңайтпасұлының 1873-81 жылдар аралығында Хиуада мүлде тұрмағанын, оның «тоғыз домбырашыны» шақырып, Қоңыратта «күй сайысын» өткізетіндей еш мүмкіндігі де болмағанын, айтылып жүрген әңгіменің әшейін дақпырт екенін, оның тіпті ақиқатқа жанаспайтынын ғалымдардың зерттеулері, тарихи еңбектер, архивтік деректер көзге осылай шұқып көрсетіп тұр. Шындықты мойындамасқа амал жоқ енді. Ащы болса да.
Сонымен Әзбергеннің «тоғыз домбырашыны» шақырып, Қоңыратта «күй сайысын өткізгені» ешқандай тиянағы жоқ, қисынсыз бөстекі сөз боп шықты. Күлбілтелемей турасын айтқанда – өтірік!
Қысқасы мұнан әрі бұл жалған деректі жалаулатып, дуылдатып, өнер тарихына қараулық жасай бермеген дұрыс. Елді адастырып. Бәтуасыз қарсы дау бәрібір ештеңе шешпейді енді. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Ақиқатты мойындау – парасаттылық, кісілік. «Теріс айтсам да сол шындық боп қабылдануы керек, менің сөзім соңғы қорытындысы» деген өркөкірек-ұғым болмауы тиіс кім-кімде де. Өнер мен тарих – ешкімнің басыбайлы меншігі емес! Осыны да ойлап қойған жөн дер ек.
7. «Күй шақырғыш Ақжелең» – «Орынбай Ақжелеңнің» тоны теріс айналдырылған түрі
Дәулескер күйшілер Ж. Айпақовтың, С. Андарбаевтың, С. Балмағамбетовтың т.б. «Қазанғаптың күйі» деп қалдырған деректерін мойындамай, айтқан айғақтарға тоқтамай К. Қайрулла дейтін «шоң зерттеуші»: «А.Жұбановтың кітабына енгізілген мәліметтердің көбі Жәлекеш Айпақовтан алынса да, ол мәліметтердің ішінде Қазанғаптың ұстазы Орынбайға күй арнағаны туралы бір сөз жоқ, Қазанғап шығармаларының ішінде «Орынбай Ақжелең» күйінің аты да аталмайды. Ендеше, «Қазанғап «Орынбай Ақжелең» күйін ұстазына арнаған» деген «аңызды» кейінгі домбырашылардың шығарғаны айтпаса да түсінікті шығар», – деп өзеуреп қоймаған-ды бұдан біраз уақыт бұрын аталған күйді қайткенде де «бесқалалық» Орынбайдікі қылам деп (Дереккөз: Жанашырлық па, әлде жалақорлық па? //«E-history.kz» порталы. 20.12.2022 ж).
А. Райымбергенов 2022 жылы жарық көрген, әлгінде біз куәлікке тартқан «Күй төресі Қазанғап» аталатын еңбегіне Қадірәлі Ержановтың орындауындағы «Орынбай Ақжелеңді» енгізіп, «авторы Қазанғап» деп таңбалапты. Ертеректе Шалқар өңіріне арнайы сапарлап келген фольклор жинаушыларына композитордың төл шәкіртінің айтуында таспаға жазылып, қатталған дерек бойынша. Сонымен қатар осы аудио-кітабына Жәлекештің көзін көрген Төлеу Жайханов есімді домбырашының орындауындағы «Орынбай Ақжелеңді» енгізіп, мұнда да «Қазанғаптың күйі» деп көрсеткен... Жә, жақсы, айтпағымыз бұл емес-ті, басқа. Соған көшейік.
Пікіріміз «Қоңыратта тоғыз домбырашы қатысқан сайыста» Қазанғап «аяқ жағына жаңа тақырыптық бөлім қосып, күй желісін байытып, өзіндік орындаушылық өрнегімен мәнерлеп», немесе «сірке қондырып» тартты делінетін «Күй шақырғыш Ақжелең» күйі жайында.
«Күй шақырғыш Ақжелең» мен «Орынбай Ақжелеңді» салыстыра сан мәрте тыңдадық. Атаулары бөлек болғанмен өте ұқсас. Бір әуезбен өрбиді. Бірақ бұл екі шығарманың бітімінен өзара едәуір өзгерістердің де барын байқауға болады.
«Орынбай Ақжелең» күйі турасындағы пікірін сұрағанымызда Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясының доценті, ҚР мәдениет қайраткері, белгілі педагог-домбырашы, күй зерттеушісі Мұрат Әбуғазы былай деді бізге: «А. Райымбергеновтың 1984 жылы жарық көрген «Қазанғап Ақжелең» деген кітабының 28, 29, 30-беттеріне енгізілген Ж. Айпақовтың орындауындағы «Орынбай Ақжелеңнің» нотасын мұқият қарап шықтым. Ол мелодияны ортаңғы буынмен дамытып әкеткен. Үлкен сағаға түспейді. Кіші саға мен орта буын бірігіп кеткен. Бірақ А. Райымбергеновтың «Күй төресі Қазанғап» аталатын соңғы шыққан кітабында жарияланған Ж. Айпақовтың ноталық нұсқасында саға бар.
Қадырәлі Ержанов та бұл әуенді сағаға, яғни, ля-ға түсіріп, үстіңгі ішекте алады. Батыс күйлеріне тән жағдай... Белгілі домбырашы С. Андарбаев та орындаған мұны. Жәлекешпен бірге қызметтес болған. Оркестрде. Сонда үйренген ғой. Самиғолла сағаға барады. Төлеу Жайхановтың да тартысы осылардың қалыбында, ол да сағаны қолданған.
Соған қарағанда «Қазанғап Ақжелең», «Күй төресі Қазанғап» кітаптарына енгізілген «Орынбай Ақжелеңнің» ноталарындағы орын алған айырмашылықтар – автордың алғашқы еңбегінде баспа тарапынан кеткен қателік болар сірә.
Қадірәлінің, Жәлекештің (нотадағы), Самиғолланың, Төлеудің орындауындағы «Орынбай Ақжелеңнің» өзара аздаған өзгешеліктері болмаса бір-бірінен соншалықты андағайлап тұрған ерекшеліктері жоқ. Әрине, бұл айырмашылықтар – әр орындаушының өзіне ғана тән әдіс-тәсіліне, машық-шеберлігіне, т.б. байланысты орын алатын жағдайлар екені кәсіби маман-домбырашыларға түсінікті жайт. Ұстазым С. Балмағамбетов та осы варианттардың үлгісінде тартады, ол да сағаны қолданады...»
«Орынбай Ақжелең» күйін Қ. Ержанов 1 минут 46 секунд, С. Андарбаев 2 минут 21 секунд, ал С. Балмағамбетов 2 минут 30 секунд, Т. Жайханов 2 минут 21 секунд ұзақтықта орындайды.
Ал Б. Басығараевтың орындауындағы «сірке қондырылған» «Күй шақырғыш Ақжелеңнің» ұзақтығы – 4 минут 23 секуд. Қайталаулары жиі. Аяқ жағы айтылып жүргендей өзгеше әуезбен толықтырылған.
Б. Басығараев өзінің нұсқасында ілме қағысты басым қолданады екен. Қазанғаптікі деп Қ. Ержанов орындаған «Орынбай Ақжелеңде» қара қағыс жиілеу. Сондай-ақ, «Күй шақырғыш Ақжелеңнің» әуезі жыр сарынына едәуір жақындайды. Ал «Орынбай Ақжелең» бұған қарағанда жүрдек. Қазанғапқа тән өрнектер ә дегеннен-ақ елес беріп тұрады. Бұл екі күйді саралап тыңдағанда пікірімізді олардың дыбыс өлшемдеріндегі, динамикалық қуатындағы, екпініндегі т.б. орныққан өзгешеліктер толық қуаттайды.
К. Қайрулла деген «күй зерттеушісі» «E-history.kz» порталында (20.12.2022) «Жанашырлық па, әлде жалақорлық па?» деп жария еткен «мақаласында» бүй деп еді: «Бақыт Басықараев – Қазанғаптың қолынан күй үйреніп, өнеге көрген Жұмалы Ембергенұлынан (1841-1975), дәулескер күйшілер – Дәулеткелді Жармағамбетов (1899-1950) пен Әбдіғали Жармағамбетовтен (1908-1988) тәлім алған, 28 жасына дейін Бесқала аймағында жасап, сол өңірдегі күйшілік дәстүрді сіңірген өнерпаз...»
Хош. Жұмалы Қазанғаптың өзінен тікелей күй үйреніп, өнегесін көрген екен. Атақты күйшімен араласып құраласқан екен, онда оның «Домалатпайын» Нұрман Тоқбай дейтінге теліп, «Кекіл қақпайының» атауын «Торы аттың желісіне» өзгертіп һәм «халық күйі» деп шатқаны несі?! (Қараңыз: Бесқала қазақтарының күйлері: ноталық-музыкалық жинақ / К. Қайрулла. – Алматы, 2020. 71-72, 95-96 беттер).
Демек, Б. Басығараев Қазанғаптың өзіне тән мәнер-стилінен ауытқып, өзгерістер енгізіп орындайтын Қарақалпақ өңіріндегі домбырашылардан (Жұмалыдан т.б.) «Орынбай Ақжелеңді» «Күй шақырғыш Ақжелең» деп үйренген. «Тоғыз домбырашының сайысы» жайындағы айтып кеткен аңызы да сол жақтан естігені болар шамасы...
Осы тұста мынаны да баяндай кетейік, Сарыкенже есімді қызы Қарақалпақстанда тұрғасын соған қарап долбарлап, «Қазанғап біраз жыл Бесқалада болған» деп жүргендердікі бос сөз екен. Мұны А. Райымбергеновтың (27.01.2023 ж.) былай деген дерегі жоққа шығарды: «Сарыкенже 1928 жылы Қарақалпақ өңірінің адамына тұрмыстанады. Қазанғаптың әйелі де 30-жылдары елді жайлаған ауыр жағдайлардың себебінен болар, сол жаққа кетеді. Сонда көз жұмған. Сарыкенже кейін туған жері Шалқар өңіріне сіңілсі Ақілгекті іздеп келген. Бұлар – Қазанғап 1921 жылы өмірден өткеннен кейін болған оқиғалар».
Шынында да «Орынбай Ақжелеңнің» әуендік құрылымының өзгерістерге ұшырап, «Күй шақырғыш Ақжелең» атауын иеленуі, жидашыларға композитордың басқа да күйлерін «халық күйі» деп жаздыртулары немесе авторлығын біреулерге теліп жіберулері (Бесқала қазақтарының күйлері. 53-55, 116-117 беттер) – Қарақалпақ аймағы домбырашыларының Қазанғапты көрмегендерін, одан тәлім алмағандарын айғақтап тұр. Аталған өңірде оның мектебінің түп нұсқалық үлгісін берік сақтаған бұлардан өзге де насихаттаушылардың болмағанын аңдатады. Күйшінің шығармалары Бесқала төңірегінде біреуден біреуге түрлі жағдайда тараған. Күйлер атауларының, иесінің шатыстырылуының, өзгешеліктермен тартылуының себептері осыдан екені еш даусыз.
Екі күйдің әуендік пішін-құрылымын мұқият салыстыра зерделей келіп мына ақиқатқа көз жеткіздік: «Күй шақырғыш Ақжелең» – «Орынбай Ақжелеңнің» тоны теріс айналдырылған түрі. Шығармадағы өзгерістер – өз иесінен, авторлық түп нұсқасын бұлжытпай орындайтын туған топырағындағы оның шәкірттерінен алыстап, өзге шет аймаққа жеткенде ол жақтағы әр домбырашы өз қабылдауында тартқан, жандарынан қоспалар қосқан.
«Орынбай Ақжелең» – Қазанғаптың тырнақалды туындысы болар шамасы. Өйткені, әуені қысқа. Құрылымы да соншалықты күрделі дейтіндей емес, өзге шығармаларымен салыстырғанда. Жалпы «Орынбай Ақжелең» – Қазанғаптың шеберлік, импровизаторлық дағдысы әжептәуір жетіліп, толысқан шақтағы алғашқы талпынысынан туған күйі деген тұжырымдамыз.
Айтқандай мынаны еске сала кетейік, Б. Басығараевтың: «Күйбасы Ақжелең» деп тартқан күйді шүйт Орынбай тартқан екен, «Орынбай Ақжелең» деп те тарта бастайды соны» деген сөзі де дәйексіз. Бөгеле кетейік, мұның себебін айтып.
Қазанғаптың «Күйбасы Ақжелең» атты шығармасы бары рас. Бұл – композитордың «Ақжелең» атауын иеленген циклді шығармаларының кіріспесі іспетті. Домбырашы қауымға мәлім күй. Шығарушысы бір автор болғандықтан стилдік сарын-мәнері «Орынбай Ақжелеңге» келіңкірейді. Алайда «Күйбасы Ақжелең» – өзіне тән нақыш-құрылымы, ерекшелігі бар басқа шығарма. Олай болса, «Орынбай Ақжелеңнің» қарақалпақстандық орындаушылар тарапынан «Күй шақырғыш Ақжелең» болып өзгертіліп тартылған түрін бұрын «Күйбасы Ақжелең» аталған деуге еш негіз жоқ!
Сонымен сөзімізді осы тұстан қайырып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне көшсек, «XIX ғасырдың аяғына таман Әзберген хан Қоңыратта тоғыз домбырашыны шақырып, сайыс өткізеді, сонда Қазанғап «Орынбай Ақжелеңге» сірке қондырып тартады, содан онысы «Күй шақырғыш Ақжелең» аталып кеткен екен» делінетін аңыздың нақты ақиқаты міне, осылай!
Бөрібай КӘРТЕН,
Ақтөбе қаласы.
Мәдениет порталы
Картина «Елім-ай». Авторы Нұрлан Қилыбаев