Асқар Сүлейменов
ЖАЗУШЫАсқар СҮЛЕЙМЕНОВ
- 1938 жылы 29 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданындағы Шорнақ ауылында туған. Созақта өскен.
- Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих-филология факультетін және сол институттың аспирантурасын бітірген.
- «Жұлдыз» журналында, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақстан Жазушылар одағының аппаратында, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында, «Парасат» журналында қызмет істеген.
- Қаламгер 1992 жылы 15 мамырда Алматыда дүние салды.
- 1996 жылы «Ситуациялар» триптихы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Асқар Сүлейменов шығармалары
ПРОЗА:
«Қара шал» (1964 жыл), «Ақ кемпір» (1965 жыл) әңгімелері.
«Ситуация» (1964 жыл), «Бесатар» (1968 жыл), «Адасқақ» (1983-1987 жылдар) повестері
ДРАМА-ДИАЛОГТАР:
«Кек» (желтоқсан (29-77), «Ерулік» (тамыз, 1980 жыл), «Ситуациялар» – триптих-үштаған: «Жетінші палата» (1985 жыл), «Қыздай жесір –штат қысқарту» (15-қыркүйек – 7-қазан, 1986 жыл), «Төрт тақта - жайнамаз» (31-желтоқсан, 1987 жыл).
КИНОСЦЕНАРИЛЕРІ:
«Арғымақ пен шабандоз», «Құлагер».
АУДАРМАЛАР:
Бертольд Брехт – «Сычуанның мейірі» (пьеса-парабола), Михаил Булгаков – «Жендеттер» (екі бөлімді пьеса), Мольер – «Ақымақ болған басым-ай!» (үш бөлімді комедия), Теннеси Уильямс – «Шынайы хайуанат» (жеті көріністі пьеса), Эрнест Хемингуэй – «Бесінші колонна», Уильям Фолкнер – «Адам жеңеді», Петр Чаадаев – «Философиялық хаттардан», Томас Карлейль – «Қаһарман. Пайғамбар. Муһаммед».
ОЙ-ОРАМДАРЫ:
«Шашылып түскен тіркестер», «Жарық көрмеген жазбалардан»: І. «Суреткер жауапкершілігі», ІІ. «Өлімге берер жаным бар, пендеге берер арым жоқ...». «Жажда» (О повести М. Ауэзова «Выстрел на перевале»), «Мыслить душой» (Ответы на анкету), «Непреложная связь со словом»: І. «О поэзии О. Сулейменова», ІІ. «О книге «АЗ иЯ». «Опрокинутый мир» (О скульпторе Б. Абишеве).
СЫН МАҚАЛАЛАР:
«Түр туралы бірер сөз», «Жас прозаиктер және жастар образы», «Тағы да «Дала сыры» туралы» (Т. Ахтанов повесі хақында), «Ой сүңгісі» (Қ. Мырзалиевтің «Ой орманы» жинағы туралы), «Әбіштің қоңыр даласы» (Ә. Кекілбаевтің «Бір шөкім бұлт» кітабы туралы), «Елең-алаңдағы дүбір» (Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының алғашқы кітабы туралы).
ЭССЕЛЕР:
«Тәкеннің шаңқанбоздары» (Т. Әлімқұлов хақында), «Өлшеніп өнер тартылса...» (Ғ. Мүсірепов хақында), «Болмыспен бетпе-бет» (М. Әуезов хақында), «Күлкіден күміс шашқан» (Қ. Мұхамеджанов хақында), «Арын» (Х. Ерғалиев туралы), «Азамат» (Ш. Шаваев туралы), «Дос» (ағын, ғалым Т. Ибрагимовке хат).
СҰХБАТ:
«Шындық – көп, ақиқат - жалқы» (соңғы сұхбат).
АСҚАР-ШЫҢ:
«...Менің алдымда Сүлейменұлы Асқардың «Бесін» атты кітабы жатыр. Соған кірген «Бесатар» атты повесі мені көптен қызықтырып жүр. Қызықтыратыны да осынысы: не жайлы жазғаны емес, қалай жазғаны, қандай жазушының бой көрсеткені... Жазушының ең үлкен қаупі – болымсызды боямалау айналасында. Асқар ашық, айқын жазады... Жаңаша жазушы, жазуға жаңалық кіргізер жазушы келе жатыр. Ойлы да серпінді жазушы келе жатыр. Тек Асқарды сыдыртып оқымай, ішке түйіп оқу керек...»
Ғабит Мүсірепов
25-қыркүйек, 1970 ж.
«...Асқар Сүлейменов өмірден аларымды қолайлы сәттерінде қайтсем де алмай тынбаймын деп кеңірек қарпып, қармап қалуға жан ұшырыптырысқан обыр пейіл, «интеллектуал» ортамыздың дәл осы күндердегі, енді сәл кешіксе жағдай қалай болып кетеді деп алас ұрғандай, есептеулі, шектеулі қысылтаяң шындығын қаз қалпында жеткізген...»
Зейнолла Серікқалиев
1996 жыл
«...Асқар Сүлейменов. Ортасынан жарып шыққан жас пері, өткір сыншы, білгір әдебиетші... Асқар бірден тереңге кетеді, мадағы – сараң, сыны – өткір және ешқандай талас, дау-дамайға орын қалдырмайтындай дәлелді... Бір жолы тәп-тәуір атаққа шығып жүрген, осы ретте басты рольде ойнаған актердің бар мінін, бар кемшілігін дәл тауып, батырып айтқаны сондай, кеудесі көтеріңкі, тәкаппар мінезді жас жігітіміздің ұнжырғасы түсе сүмірейіп, жыларман болғаны есімде...»
Мұхтар Мағауин
2017 жыл
«...Оның көптеген салада профессионал-эксперт болғандығы осы «жанның талантынан» болса керек. Асқар Сүлейменовтың күй талғамай, қандай қалыпта тұрса да, тіпті қатты сырқаттанып жатқанда да кез-келген тақырыпта кемел пікір айта алатындығы таңқалдыратын. Міне, оның бойындағы осы көркем қасиеттердің ең бірегейі - оның саз өнеріне деген құштарлығы, музыкалық сыншылығы еді... Сондай-ақ, ол оркестрді тыңдап отырып, қалаған аспабын ойша жеке «суырып» алып тамашалай алады екен...»
Таласбек Әсемқұлов
...
ШЫНДЫҚ – КӨП, АҚИҚАТ – ЖАЛҚЫ:
(Қаламгердің соңғы сұхбатынан үзінділер)
Коллективтiк абсолютизммен, диктатурамен, тоталитаризммен, автократиямен, унитариямен, политбюрократиямен тыныстайтын мемлекет, дәл осы кезде кейде жеке адамға, кейде адамның космостық формасы ұлтқа қол ұшын берер кезде, алатайдай бүлiнiп ап, табан астынан өкiмет (власть) болады да, азаттықты азаматтан қорғап шыға келедi. Бұл өзi зорлықтың, зорлықшылдың ғана қолынан келер iрiлiк: арманды иесiнен, құлынды биесiнен қорғайды. Бұл ретте классикалық жүйе саналатын формула (власть законодательная — власть исполнительная — власть судебная) балықтың шоққа басқан торсылдағының кебiн киедi; заң шығаратын өкiметтiң (парламент) асатаяқ-скипетрi әскерi бар, басқасы бар онсыз да жұдырықтай жұмылып отырған үкiметтiң (правительство) қолына өтедi де, тағзым ғып қойған адам мен қоғам бел жазудан, бой түзеуден қалады. Сондықтан да екi түнек — жатыр түнек пен көр түнектiң ортасында шырылдап жүрген адамның бiрден-бiр қорғаны екенiн рахаттанып тұрып ұмытатын мемлекеттiң табиғи үйлесiмiн қамытаяқ балеринаның пластикасымен теңесе дұрыс. ...Сөз бар ма, өкiметке де қорған керек шығар, бiрақ өкiметтен қорған әсiресе керек. Әсiресе осы кезеңде әсiресе бiзге керек.
***
Бұған назар қыдыртпасқа болмасы: адамның бостандығы мен ұлт бостандығы айдың екi бетi — бiрiнсiз бiрi жоқ. Бiз тек бергi бетiн, көзге ұрарын, жанар қабарын ғана айтамыз: көн етiк киген көп пен жалпыны емес, көк етiк киген жалқыны айтамыз; ел басқаруды ел үстiнде шалқу деп түсiнетiн алкеуде-кейқуат, пайдакүнем-атқамiнерлердi айтамыз (Жаяудың кiм екенi атқа бұт артқанда танылады). ... Отарды, әрине, серке бастайды. Бiрақ, айылдың бостау кезiндегi, бостаңдау замандағы серке басқа да, елi мен жұртын кейде қауiп, кейде қатерлер тосқан замандағы серке басқа.
***
Қазақтың зерделiсi мойнына тас байлаған басын көтеруге қанша рет әрекет қылмады? Ал, талпыныс атаулы империя-қағанат атаулыға ұнай алмайды. Ол оны — талпынысты, талапқа барғанды кекiредей көредi, желiндегi сүттi iрiтедi дейдi. Сондықтан да оны, жабағы жалдана бергенде — күзесе де бiр сәрi — айнамұз ғып қырып тастап отырады; шүпiлдеп тұрған тайқазан сүттiң бетiне, шым-шым жыбырмен, жұқана қаймақ табын жайды ма? — қалқып алады: сәт-сәт қалқиды; қойдың сүтi молкомбинаттың сепараторынан өткен көксуына айналғанша қалқиды. Екi стихия болғанмен көксу да — бiр, көкми да — бiр.
***
Қазақтың «ойы» ояна қалғанда, дағдыда қайтедi? Тасыған болады. Қарғын судың шолағы боп тасиды. Шолақ судың тасығаны өзiнiң соры: сай-сайды, сайшық-сайшықтарды қуады, жылға-жыраны, шұқыр-шұқанақты iздейдi. Басылады сосын. Биiгiңде дертiп тұрған тоған жоқ, үзiледi сосын. Қақ-қақ, көлшiк-көлшiк, шалшық-шалшық боп қалады. Сонда не жетпейдi? Ойдың тереңi жетпейдi: ой бояуының қанықтығы — колерi жетпейдi; ойлана бiлу, ойлану мәдениетi жетпейдi. Менiмше, цивилизация сияқты мың сан үйiрден тұратын ұлы ұғымның iшiндегi алмауыты осы — ойлана бiлу, оның мәдениетi.
***
Мәдениетiн былай қойғанда, бiз ойланудың өзiнен қорқамыз. Күркiреген қырықыншының сарыны санада оймен б е т п е - б е т қалудан қорқамыз. Қушық шеке болса амал нешiк, ал айтары бардың ойдан, ойланудың толғағынан қорқуының өзi мәдениетсiздiк.
***
Әсiлi, қым-қуыт өмiрдiң көп саласында, әсiресе өнерде, оның iшiнде сөзiнен ойы, баяндауынан баяны озып тұрмаққа керек өнерде кемталант болғаннан бейталант болған артық. Бейталант — бейтарап, ал, кемталанттың — тiлден бастап дiлге дейiн сұғынбайтын жерi жоқ. Өзiнен өрелiге көзi түссе, пәлсапа айтқан боп қатын байбаламға салады; кухнядағы капуста қыршылдатар қор пышақ екенiн мүлдем ұмытып, жезмойын кездiксiнiп телше тiлеп, телше тiлгiсi кеп тұрады.
***
Әзiл деп ұғыңыз: ду қол шапалақтау мен овацияның некесiнен керең туады; ал, шала менен
аланың некесiнен өзiн қоғамның қорғаны санайтын опасыз пысықай туады; тексiздiгiн тектiлiкке теңгерер «сегiз қырлы серiлер» туады; туады да, онсыз да миы ашыған халықтан ми-палау жасайды.
***
Тек тарих — тақырып емес. Ол өткен-кеткен бола алмайды. Ол — сен, сенi шошытып оятқан ой, сенiң алпыс екi тамырдағы қаның. Одан, қаннан, қашып құтылуға болған ба? Ол қашар сенен, сен одан қаша алмайсың. Тарих—ой—қан тәннiң он екi мүшесi емес. Олардың қасыбiрiн алып тастауға, қайсыбiрiн пластикалық жөндеу-жөндемге салуға мүмкiндiк бар. Тек қайғыны емес. Қайғыны емес дейтiнiм: тарихтың төл ныспысы — қайғы, жоқтау, зар. Әсiресе қазақ тарихының. Бiз мұны жадымызға жолатқымыз келмейдi.
Әңгімелескен Әлия Бөпежанова
маусым, 1990 жыл
БІЛЕ ЖҮРГЕНГЕ:
Асқар Сүлейменовпен бір күнде туғандар (29 желтоқсан):
- 1721 жылы шотландтық химик, су өтпейтін плащты жасаған өнертапқыш Чарльз Макинтош туған
- 1788 жылы адамзат тарихын алғаш тас, қола және темір дәуіріне жіктеген Дат археологы Кристиан Юргенсен Томсен туған.
- 1808 жылы АҚШ-тың 17 президенті Эндрю Джонс туған.
- 1876 жылы дирижер, композитор, ХХ ғасырдағы әйгілі виолончелист-виртуоздардың бірі Пабло Казальс туған
- 1896 жылы мексикалық суретші Хосе Давид Альфаро Сикейрос туған.
- 1915 жылы америкалық фантаст-жазушы, бірнеше мәрте «Нобель» сыйлығына ұсынылған Чарлз Леонард Харнесс туған.
- 1934 жылы совет боксшысы, 1956 жылғы Мельбурн олимпиадасының чемпионы Владимир Сафронов туған.
- 1938 жылы америкалық актер, 1979 жылы «Туған үйге оралу» фильміндегі үздік рөлі үшін «Оскар» сыйлығын алған Джон Войт туған.
- 1959 жылы НАСА ғарышкері Нэнси Керри туған
Асқар Сүлейменов туған күні (29 желтоқсанда):
- 1860 жылы Британияның металлдан соғылған «Warrior» (жауынгер) атты алғашқы әскери кемесі мұхитқа шығады.
- 1890 жылы Америка құрлығындағы байырғы үндістер мен келімсектер арасындағы Wounded Knee (жаралы тізе) аталған ең соңғы ірі шайқас болады.
- 1895 жылы Париждің Капуцино бульбарындағы Гран-кафеде ағайынды Огюст пен Луи Люмьерлер алғашқы киносеанс жасайды. Алғашқы фильм «Люмьерлер фабрикасынан шыққан жұмыскерлер» деп аталады.
- 1898 жылы Мәскеуде А.П. Чеховтың «Шағала» атты спектаклінің премьерасы өтеді.
- 1899 жылы Лев Толстой «Жексенбі» романын аяқтайды.
- 1911 жылы Sun Yat-sen Қытайдың революциядан кейінгі бірінші президенті болыа сайланады.
- 1913 жылы Жюль Ведрине «Блерио» атты аэропланмен тұңғыш рет Франция мен Мысыр арасында ұшып өтеді.
- 1921 жылы АҚШ, Британ империясы, Франция, Италия және Жапония теңіз қарулы күштерін шектеу туралы Вашингтон келісіміне қол қояды.
- 1983 жылы АҚШ «ашық қоғам принциптеріне қарсы ашық жаулық әрекеті үшін» ЮНЕСКО құрамынан шығуға мәжбүр екендерін мәлімдейді.
- 1999 жылы Түркіменстан Президенті Сапармұрат Ниязов өлім жазасын алып тастау туралы заңға қол қояды.
Асқар Сүлейменов туған жылы (1938 жылы):
- Ағылшын жазушысы Грем Гриннің «Брайтон мұздағы» романы, Американың философ-жазушысы Айн Рэндтің «Гимн» романы, орыс-америка жазушысы Владимир Набоковтың «Талант» метароманы, француздың философ-жазушысы Жан-Пол Сартрдың «Айну» романы, америкалық жазушы әрі суретші Генри Миллердің «Козерог тропигі» романы жарық көреді. Сол 1938 жылы және бір америкалық әйел қаламгер Перл Бак шығармаларында қытай шаруаларының өмірін эпикалық тұрғыда ғажап суреттей алғаны үшін және биографиялық шедеврлері үшін Нобель сыйлығын алады.
(Әдеби конспирология)Қазіргі тіршілігіміздің өзегі болған мынау ғаламшарды, дүняны жаратудан бұрынғы...
29-желтоқсан - көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асқар Сүлейменовтің туған к...
Көрнекті абайтанушы, өнертанушы, санаткер Төкен Ибрагимов туралы бірер сөз &...
Белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің ҚР мемлекеттік сыйлығы туралы "Мәртебелі сыйлық һәм киіз ұ...
АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВАнық қай жылы екенін кесіп айта алмаймын, бірде Сайын Мұратбековті іздеп "Жұлды...
Тіршілік деген қып-қызыл жүйріктің ауыздығын жұлқа тартқанда, жалынан үзіліп түскендей күй кештім. А...