Бікен Ақшолақов (1911-1943).Өз атам Кәріпжан арғы бетте Қытайдың дүнген соғысына қатысқан уақы...
Асқар Сүлейменов пен Жұмекен Нәжімеденов туралы естелік
АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВ
Анық қай жылы екенін кесіп айта алмаймын, бірде Сайын Мұратбековті іздеп "Жұлдыз" журналының редакциясына барған болатынмын. Даңғарадай бөлмедегі төрт-бес стол басы бос тұр да, босаға жақтағы бірінде маған бейтаныс жігіт отыр екен. Келдің бе, кеттің бе деп мені елең қылған жоқ, шұқшиып бірдеме жазып жатты.
– Сайын қайда екен? – дедім мен сұрау рәсімін жасап.
– Жоқ, – деді ол.
– Жоқ екенін өзім де көріп тұрмын ғой, қайда екен, қашан келеді? – деп жатырмын мен.
– Білмеймін, – деді ол қағазынан бас алмаған күйі. Менің де қайбір жібектей есілген мінезім бар дейсің, мынау бір қаршығадай болып қатып қалған бүркіт мұрын жігіттің менсінбегеніне жыным келіп, ұстаса кетсем бе деп бір тұрдым да, оған да зауқым болмай, есіктен шығып жүре бердім.
Сайынға жолығып, оны іздеймін деп жүріп сондай бір жігітке тап болғанымды айтып едім, "Е, ол Асқар ғой", – дей салды. "Асқарың кім?" деп мен де сұрап жатпадым.
Бұл менің Асқар Сүлейменовті алғаш көруім еді.
1966 жылы болар, Қазақстан жазушыларының кезекті бір съезіне тұңғыш рет қатыстым. Маған бәрі таң еді. Төрде отырған республика басшыларына, атақты жазушы ағаларыма, сырттай суретінен таныс белгілі де әйгілі меймандарға қарай берем. Сол съезде жап-жас сыншы жігіт Асқар Сүлейменов сөз сөйледі. Орысшасы да бірсыдырғы тәуір ме деп қалдым. Жазып алған екен, ішінде бүгіндері көп айтылатын, ол кезде әлі ести қоймаған "инфляция", "спекуляция" деген терминдердің жиі қайталанғанын білем. Өзгесі есімде қалмапты. Қабағын түйіл алып, қағаздан бас көтермеген қалпы сөзін оқып шығып, өзімен өзі оңаша кетті. Оның сөзіне қалмақ ақыны Давид Кугултинов әлдене дау айтып, жөнге шақырып сөйлегені де ұмытылған жоқ.
Бұл менің Асқар Сүлейменовтің сөзін алғаш рет естуім еді.
1971 жылы жерлесім, аға досым Құдаш Мұқашев қайтыс болды да, жерлеуге қатысу үшін Талдықорғаннан арнайы келіп, қаралы жиынның басы-қасында жүргенім бар. Бір топ жігіт сыртта ұзын столды жағалай отырғанбыз. Ішімізде, әйтеуір, Зейнолла Серікқалиев барын білем. Бір блок "Қазақстан" сигаретін қолтықтап, қасымызға Асқар келді "Оу, Асеке, темекі тартқызыңыз!" – дедім мен, онымен көп сырлас болмасам да. Ол менің алдыма бір қорап сигарет тастады. Қолын созған Зейноллаға бір тал сигарет ұсынып еді, ол: "Әу, маған да бір қорабын берсеңізші", – деді.
Ұсына берген бір тал сигаретін қорабына қайтадан салып алған Асқар үн-түнсіз тура тартып кете берді. "Өзіңе де сол керек!" – деп жатты Зейноллаға Асқардың мінезін білетіндер. Зекең танау астынан "кеңк" деп бір күлді де қойды.
Мен 1974 жылдың күзінде Алматыға ауысып келдім де, бірде Бексұлтан Нұржеке баласы ерулікке шақырды. Асқар, Сағат Әшімбаев, қайдан жүргенін білмеймін, бізге жерлес Жұматай Жақыпбаевтар болды.
Дастарқан үстіндегі бір әңгімеде Асқар:
– Сәке, мен сенің өлеңдеріңді сүйсіне оқып жүрем. Сен аса арқалы ақынсың, – деді маған.
Дастарқандас болып отырып мұндай әңгіменің сан түрі айтыла беретінін білетін мен оның сөзіне сене қоймадым да:
– Қоя ғой, мені қайдан оқи қойдым деп едің. Жай айтыла салған сөз шығар, – деп едім, Асқар ерін бауырына алып тулап, ашуланған қалпы далаға шығып кетті. Соңынан қуып барып, Сағат, Жұмабайлардың әрең қайтарғаны есімде.
Мұндай әңгіменің көзбе-көз отырғанда өтірік көпе-көрнеу қолпаштау болып тұратыны да рас еді. Әсіресе, астаналық қаламгерлердің шеткері қалада, ауылда тұратындарды оқымай, астамдықпен сырттай үстірт қорытынды жасай салатындары болушы еді. Долбарлап сынай салу, артық-ауыс мақтаудың да талайын кездестіргенбіз. Соның алдында "Ұлы ақындар кітапханасы" сериясымен Жалаладдин Румидің кітабын аударып, сыншы Аян мырзаның оқымастан мені де көппен бірге "сойып салғаны" бар. Кейін кезігіп, аудармамды өзіне оқып бергенде, әлгі сынды оқымай жазғанын мойындап еді Аян. Асқар да соған бағып отыр ма деп топшылап едім. Ол шынын айтқан екен.
Бұл менің Асқармен алғаш тілдесуім болатын.
Бірде Қадыр Мырзалиев екеуміз "Қаламгер" кафесінде отырдық. Үстімізге келген Асқар мен Кәдірбек Уәлиев ыдыс-аяғын алып, бізге қосылды. Жайма-шуақ отырыстың арты қызылкеңірдек бір керіске айналып, Асқар екеуміз жүз шайысып қала бердік...
Содан біз көпке дейін бір-бірімізге қыр көрсеткендей тоңтеріс күйде жүріп алдық. Бірде тағы сол кафеде отыр едік, қолында бір шөлмек армян конягі бар Асқар қасымызға келді де:
– Жігіттер, сендерде түк шаруам жоқ, мына Сәкеңе айтар бір ауыз сөзім бар еді, – деп маған бұрылды. "Ер шекіспей бекіспейді" деуші еді, бір есіктен кіріп, бір есіктен шыға жүріп амандаспаған қиын екен, өкпені қоюға қалайсыз? – деді.
– Бас сынып, көз шыққан түгі жоқ қой, қойдық, – деп мен оны құшағыма қыстым.
Ертесінде қасымда қызметтес қыз-келшшектердің біреуі бар, бір-бір тостақ кофе ішейік, деп тағы да барға келейін. Барда Рымкеш дейтін келіншек істейтін, кофеге ақша төлейін десем: "Сіз үшін төленіп қойған", – деп ақы-пұлын алудан бас тартты.
Мен болсам, аң-таңмын.
Сөйтсем, Асқар: "Сәкен Иманасов қашан келсе де, кіммен келсе де, не ішіп, не жесе де, ақша алмай, менің есебіме жаза бер. Кейін бәрін өзім төлеймін!" – деп тапсырып қойыпты.
Мұнысы қай қыры екен, шыны ма, қалжыңы ма деген сыңаймен, екі-үш рет тегін коньяк ішіп мәз болып қалдым. Үшінші күні сырттан бақылап жүрген Асқарды көріп қалып: "Асеке, көп рахмет, бірақ мына "құлдықтан" құтқарыңыз. Сізге қашанғы қарыз бола берем, ат-шапан айыбымды төлейін",– дедім шырылдап.
Ол құс тұмсығын тыжыра бір күліп алды да:
– Мен де осы сөзді қашан айтар екен деп күтіп жүр едім, артылып бара жатқан ақшам бар дейсің бе, қайтер екен дегенім ғой, – деп тұр.
Бұдан кейін анау айтқандай қимас дос болып кетпесек те, арамызда әжептәуір тату дипломатиялық қатынас орнап еді.
Асқардың не нәрсенің болса да байыбына бара біліп алмай, беталды жобалап айтпайтынына бірте-бірте қаныға бастадым. Менің өлеңдерім жайлы сөз ете қалса, неге екенін білмедім, енді тек мысалмен сөйлейтін болды. "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған "Бір ақбоз ат шықпай-ақ жүр түсімнен" деген өлеңіме ұзақ тоқталып, мақтай тұрып пікір айтқаны есімде. Бір дастарқан басында: "Егер қазақ поэзиясында Менделеев таблицасы бар деп білсек, Сәкен соның бір ұясын тұрақты мекендеген ақын", – деген сөзін де әркім-әркімдер әр жерде пайдаланып, маған қарата жазған пікірлеріне тұздық ретінде қолданып та жүр.
Асқардың бірмойын қыңыр қылығы жайлы да әртүрлі алып қашпа әңгімелер бар. Қазақ театрында әдеби кеңесші боп жүріп, екі арасы екі-үш квартал ғана болатын Жазушылар одағының үйіне такси жалдап келетінін де айтып күліп отыратын еді достары. Ол кезде көше тәртібін бұзғандарға бір сом елу тиын айып салынатын.
Жазушылар одағының тұсынан көшені қиып өткен Асқарды милиционер тоқтатып, айып төлеңіз десе:
– Қазір осы жермен кері қарай өтемін. Мына үш сомды ал, қайта-қайта квитанция жазып әуре болып жатасың ба, – дейтін де қырсықтығын қайталап айта беретін еді жұрт.
Менің сары түсті әдемі дипломатым (қобдиша) бар еді. "Семейге командировкаға бармақ едім, ұстап барып қайтуға бере тұр", – деп соны сұрап алды бірде. Араға ай салып қайтарып еді, әлгі қобдишаның сырты әлдебір мекен-жайлардың, әркім-әркімнің телефон нөміріне толып кетіпті. Бәрі де сиямен жазылған. "Оу, Асеке, кісі мүлкін осынша бұлдіріп, мұның қалай?" – деп реніш білдірсем: "Аяқ асты қағаз таба алмай қалып, жаза салып едім, жуса, кетпес пе екен?" – деп тұр ол.
Бірде әлдене себеппен Зейнолла Серікқалиев екеуі біздің үйде болды. Сол жолы: "Брехтті алдым. Қайтарам. AC", – деп тілхат қалдырып, Бертольд Брехттің бір томдығын алған. Сол қағаз менде әлі сақтаулы жүр.
Ол "Парасат" журналында, мен "Балдырғанда" қызмет жасағанымыз бар. Бір коридордың бойы болғасын, күн сайын дерлік кезігіп жүрдік.Тыным алмай оқып, түртпектеп жазып жүретін. Кейде оларын маған оқып та беретін. Бір күні үйте қайтуға шықсам, Асекең кабинет есігін жауып жатыр екен. Көре сала: "Асеке, ассалаумағалейкум", – дедім дауысымды созып. Ол маған түксие бір қарап алды да, ләм-мим деп тіл қатпай, түнерген қалпы лифтіге бірге мінді. "Асеке, сәлем алмадың ғой", – деп едім, оған да жауап бермеді.
Тоғыз қабат газет-журналдар баспасынан шыға мен троллейбус аялдамасына бұрылдым. Асқар қолсандығын көтерген қалпы үн-түнсіз көкбазарға кіріп кетті.
Ертесіне біреулерге айтты-ау деймін сол қылығын. Кім екенін ұмытыппын, жақсы таныстардың бірі: "Апыр-ай, сол күні менің де сәлемімді алмап еді", – дегені есімде қалыпты.
Бұл менің Асқар Сүлейменовті соңғы көруім еді.
ЖҰМЕКЕН ТУРАЛЫ СӨЗ
Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылы Жұмекеннің 50 жылдығына байланысты кеш өткізген болатын. Сонда асыл азамат, ардагер ақынның қаламгер көп серігінің бірі ретінде мен де сөз сөйлеп едім. Жуырда қағаздарымды ақтарып отырып, сол сөздің жазба нұсқасын тауып алдым. "Кезінде неге баспасөзде жарияламағам?" – деп те таң қалдым. "Ештен кеш жақсы" деп түйіп, түгін өзгертпей, шып-шырғасыз жариялауды мақұл көрдім. Өйткені Жұмекендей азаматтарды әрдайым ұмытпай, оқтын-оқтын еске түсіріп отырғанның артығы жоқ деп түйдім.
Жұмекен Нәжімеденовпен қашан, қайда, қалай танысқанымды еске түсіре алар емеспін. Тіпті, бізді ешкім ресми дағдымен таныстырмаған да болуы керек. Бір үйдің жетеқабыл балаларын бір-біріне ешкім таныстырып жатпайтыны сияқты, жан-жақтан жамыраса келіп, әдебиет шаңырағы астында табысқан біздерге де арнайы таныстырудың қажеті болмаған шығар. Бір өлең, екі өлеңі газеттер мен журналдарда енді-енді жариялана бастаған жастар бір-бірінің атына да, затына да сырттай қанық болатын әдеті, сол әдетпен біз де тез шүйіркелесіп, жатсынбай, жатырқамай, жақын болып жүре берген болуымыз керек. Содан бергі 25 жыл ішінде Жұмекен екеуміз, әйтеуір, бірде жақындап, бірде алыстап, бірақ қашан болса да шәй деспеген тату жағдайда дос, жолдас болып жүріппіз. Ол бір қазақ жазушыларының әлі жүзге бөлінбей, сүттей ұйып тұрған әдемі кезі еді. Қазіргідей өлкеге бөлініп, ит те болса руласының сойылын соғысып, жыртысын жыртатындар онда болмайтын, біз тіпті көңілі жақын жолдастарымыздың облысын да, туған ауылын да сұрамай, бірден-ақ үйірлес болып, тонның ішкі бауындай тату тірлік кешіп кете беруші едік.
Оның үстіне, Абай айтатын "Кімді көрсең, бәрі дос" дерлік жастық шақтың өз артықшылығы тағы бар.
Әрине, мен Жұмекеннің жар дегенде жалғыз досы да, ең жақын сырласы да, жұп жазбас жолдасы да болдым дей алмаймын. Алыс кетсе, аңсап сағына қоймайтын, жақын жүрсе, жұп жазып ажырасқысы келмейтін де достықтың бір ғажап түрі болады. Біз де сондай едік.
1971 жылдың басында кейін "Ақдариға" деген атпен жарық көрген өлең кітабымды жазып біттім де, жолдастардың пікірін білгенше жерге сыймай, қолжазбамды көтеріп Алматы келгем. Жұмекен онда Қазақстан Жазушылар одағында консультант еді. Одан бес-алты жыл бұрын "Жазушы" баспасында істеп жүргенде: "Мен саған кітап шығарып бере алмаймын, бірақ көлемі 100-150 жол балаларға арналған өлеңің болса, суретті кітапша етіп жоспарға кіргізіп берер едім. Тез жазып әкелші!" – дегені болған. Ондай өлеңді жазуын жазсам да, кітапша етуге құнтым да, құлқым да болмай, аяғы сиырқұйымшақтанып барып тынып еді.
Сол Жұмекенді жұмыс орнынан бастым да: "Сен бар жұмысыңды жиып қойып, түске дейін осы қолжазбамды оқып шығып, кесімді бағасын бер!" – деп қолқа салдым.
Жақсы бір шабыт үстінде жазылып қалған дүниелер еді, жаман емесін ішім сезгенімен, сырт көз – сыншы, білікті біреудің дәл айтар пікірі керек болып тұрған.
Жұмекеннің де жөпшендіге желіге қоймайтын салқын сабыры жетерлік. Оның үстіне, "Осы не тындыра қойды дейсің" деген сенімсіз самарқаулығы да бар, өлең салған пәпкемді немкеттілеу алып, салмақтап көріп, алдына қойды.
Осының алдында ғана Тоқаш Бердияров мені өзбек жазушысы Нәсір Фазыловқа таныстырғанда: "Кезінде талантты бастаған, бірақ пенсияға ертерек шығып кеткен ақын" – деген шақпалау сөзінің куәсі болған да Жұмекен еді.
Қойшы, сонымен, араға екі-үш сағат салып оралсам, бастапқыдай емес, Жұмекенім мені өзгеше бір жылы шыраймен қабағы жадырай қарсы алғаны ғой. Аса бір рахат сезім үстінде отырғаны байқалады. Қолыма бір жапырақ қағазды да ұстата берді. Менің өлеңдеріме жазған рецензиясы екен. Өкінішке орай, қазір толық есімде жоқ, ұзын ырғасы: "Сәкен, сен қайта түлеу үстінде екенсің, көп өскенсің, мына өлеңдерінде поэзияға керек компоненттің бәрі бар. Шын мәнінде қатты разы болдым. Қаны да, жаны да бар жырлар екен" дегенге саятын.
Осы сөзге арқаланып, енді төменгі қабаттағы "Жазушы" баспасының поэзия редакциясының меңгерушісі Ғафу ағама барайын.
– Ғафа, – дедім ол кісіге, – інілік қолқам болсын, кейінге сырғытпай, бір сағат уақыт қиып, мына қолжазбамды оқып шығыңызшы. Егер ұнамаса, бұдан кейін осы көшемен жүрмеуге уәде берейін.
– Оу, сен таусыла сөйледің ғой, әкел, оқып шығайын, – деп Ғафаң қолжазбамды алып қалды.
Бір сағаттан кейін барсам Ғафаң:
– Сәкен-ау, сен ақын екенсің ғой, қарағым. Қатты разы болдым ғой, – деп аса бір мейіріммен қолымды қысты.
Сөйтіп, қазақтың екі бірдей ақынының разылығына ие болып, сол күні келістіріп бір жуғанымыз бар еді.
Біз 1971-1973 жылдары Москвада екі жыл бірге жүрдік. Ол әдебиет институтының жоғарғы курсында, мен жоғары партия мектебінде, ол әдебиетшілер арасында, мен партия-совет қызметкерлері арасында жүрдік те, күн құрғатпай дерлік жолығып, бірімізді біріміз үзбей іздеп, жиі кездесіп жүрдік. Сол кезде кезекті бір прозалық шығармасы "Кішкентайды" асығыс жазып жатқан Жұмекен, Алматы жақтан келген әдебиетші ағайын болса, алдымен партшколадағы маған ертіп келіп, не түрлі әңгіме-дүкен құратынымыз болушы еді. Бір-бірімізді қиып кете алмай, Мәскеу көшесін кезіп қыдырыстап, көп таңды көзбен атырған күндеріміз де болған. Рас, әңгімеміз тек әдебиет төңірегінде болды дей алмаймын. Адам атаулыға тән осалдық бізде де бар еді. Енді ойласам, орда бұзар отыздың үстіне енді шыққан біздің пешенемізге бұйыра қалған ол да бір ғанибет ғажап кездер екен.
Сол кездегі мына бір оқиғаларды айтпай кету обал сияқты.
Бірде Жұмекенді іздеп Добролюбов көшесіндегі Әдебиет институтының жатақханасына бара қалайын қаңғалақтап. Ол төсегінде күйтабақтан күй тыңдап отыр екен. Менің келгенімді аса жарата қойған жоқ. Жақтырмай қалғаны айтпаса да білініп тұрды. О жақ, бұ жағынан шығып көріп едім, сол илікпеген сұлқ қалпында қала берді. Қашанғы елпілдей берем, ашып айтпасам да, іштей ренжіп, шығып жүре бердім де, хабарласуды доғарған болдым.
Бір күні беймезгіл уақытта телефон соғып:
– Мен қазір саған таксимен барам, Новослободск метросы жағынан күтем, – деді.
Жеті түнде не болып қалды екен деп, көңіл де өрекпіп, айтқан жеріне барып тұрдым. Әне-міне дегенше, таксилетіп жеткен Жұмекен:
– Отыр, – деді мен жақ есігін ашып, – қыдырайық. "Қыдырғаны несі, мынау жынданған ба, немене", – деп ойладым, бірақ үндемедім.
– Әнеукүні сенің қырысып-тырысып, өкпелеп кеткенінді білем, – деді ол. – Бірақ сен қыртима, онда романымның аяқталу кілтін таба алмай, қиналып отыр едім. Қазір соны аяқтап, соңғы нүктесін қойдым. Үйге сыймай, сені іздеп шыққаным ғой. Жуайық соны.
Түн ортасынан ауған шақ. Ресторандар жабық. Ақыры, қойшы, "Россия" ресторанының есікшісін оятып жүріп, сол кездегі төрт бағасына бір шөлмек арақ тауып алдық.
Кейін Жұмекен сыра-пыра ішкісі келіп, мен қашқақтап, ақша жоқ деп қипақтатқанымда:
– Әй, қой, Мәскеуде жиырма сомға бір жарты (ол кезде арақтың жартылығы 4-5 сом болатын) алып ішкенде де аштан өлген жоқ болатынбыз, әйда, кеттік, – дейтін.
Жұмекен жұмыр жер үстінде бар болғаны қырық сегіз жыл ғана өмір сүрген екен, тіпті қыршын жас, бұл жасында көз жұмған адамның қай-қайсысына да аяныш білдірмеу мүмкін емес, ал Жұмекен Нәжімеденов сияқты өнімді жазатын телегей де терең таланттардың өмірден ерте кетуі ол өкінішіңді еселеп үстей түседі. Қарап отырсақ, қазақтың мандайына сирек бітетін біртуар ұлдары Шоқан, одан кейін Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, кешегі Қасым, Жұмекеңнің қаламдас-замандастары Мұқағали, Төлеген, Құдаш, Жүсіптердің бәрі де сондай өмірден ертерек кеткен нағыз қыршындар екен. Мен өз білетіңдерімді ғана атадым. Оларды еске түсіруімнің себебі, қазақ әдебиетінің, әдебиетінің ғана емес, барша мәдениетінің көгіндегі үркердей ірі шоғыр ішінде Жұмекен де Темірқазық жұлдыздай жарқырап қала беретін тұлға болғалы тұрғанын айтпақ едім. Әртүрлі жанрда артында қалған мол мұрасы бұл пікірімізді сөзсіз нақтылап, шегелей түседі.
Тірліктің басқа саласы сияқты, әдебиеттің де әртүрлі заңдылық-заңсыздығы болып тұрады. Бір жазушылардың жөргектен-ақ жолы болып, жұлдызы жанып жүре берсе, екінші біреулері өлгеннен кейін де елеусіз қалып жатады. Шүкір, Жұмекен бұл екеуіне де қосылмайды.
"Қызмет қыл да, міндет арт" дей тұрсақ та, еңбегі бағаланып, жұрт аузына ілігіп жүр еді. Онысын бұлдаған жері және жоқ. Бірақ тірлігінде толық бағасын алып болып еді деп айту киын. Кейде әдебиеттің ауыр жүгін, бар азабын таланттылар арқалап, аздаған қызық рахаты болса, оны қайдағы бір қағынып кеткен қаспақ жалаушылар мен халтуршиктер көретін де кездер болады.
Торғай шырылдады,
Мысық пырылдады, – деп те өлең жазып, ақынмын деп, атақ-дәреженің абыройлысынан дәмеленіп жүргендер аз ба. Ал бүкіл алпыс екі тамырын дірілдетіп, солқылдатып, өлеңді тек жүрегінің ыстық қанымен ғана жазатын Жұмекен, не Жұмекен тектестер кейде әлгіндей өлермендердің қолжаулығына айналып жатса, қайтер едің? Әрине, тіршілік тартыссыз болмайды. Ал әдебиетте бұл тартыс тіптен бөлек жолмен дамитыны белгілі. Күрес дегеніміз, тартыс дегеніміз бет жыртыса айтысу, мінбеге шығып бір-бірінді енді қайтып көрместей жерден алып, жерге салу болмаса керек. Амал не, соны да күрес түрі санап жүргендер де кездесіп қалатын шығар. Жұмекен өз шығармаларында осындайлармен де күресті. Әдебиет төңірегіндегінің де, былайғы басқа тірліктің де карьеристері, халтурщиктері, пысықайлары, ептілері, аярлары мен арамзалары оның да жанын жеп, жүрегін сыздатып, түршіктіретін еді.
Шалшықтағы бақаларды көрсетеміз кісі ғып,
Сұңқарлардың аздығы арқасында түсініп, –
деп сондайды айтқан болуы керек. Осындай іші де, ісі де, түсі де жат әкімсымақ, арамза, ниеті жаман, өрісі тар, өресі төмен өлермендер, қысқасы, Жұмекен өзі көп айта беретін "қырттармен" қаншама жеке қалып, талай-талай сайысқа түскен де болар. Егіліп, езіліп, "қайран сөзім қор болды-ау" деп қорланған, күйінген, кіжінген шығар. Ашудан, ызадан өртеніп, іштегі ауыр ойы ащы запырандай ақтарылып, уытты жыр болып қағазға түскен болар. Абайдың "мыңмен жалғыз алыстым" деуі осындай айқас, әйтпесе, ақын шоқпар алып ұрысқа кіретін Алпамыс батыр емес қой. Көзі де, көкірегі де соқыр пеңделермен алысу, соларға жөн үйретем деу, кісілік жолына бұрам деу оңай ма? Сұңқар сұқсырға жем болып, бұлбұл қонақтар бұтақты бақалар иемденсе – ақын қалай күйінбес, қалай шамырқанбас, қалай шамданбас.
Адал азамат, азамат ақынның әрқайсысы алдымен қалам күшін соған жұмсайды. Жұмекен де одан қалыс қала қойған жоқ. Соның бәріне қаншалық төзім, қаншалық нерві керек екенін есепке алып жатпайды. Өзін өзі іштей мүжіп, көкірегінде саңылауы бар адамға сәуле болуға, нұрлы шуақ болып тарауға жанталасып бақты. Қысқа өмірінің көбін әдебиеттің арын арлап, жоғын жоқтауға жұмсады. Жұмекен әдебиетке шеберлігін шыңдап алып, бірден бір-ақ келген еді. Кейін ойы тереңдеп, көзқарасы кеңіген шығар, ал суреткерлігі, өлең техникасын меңгеру, стиль мен мәнері сол баяғы "Балауса" жинағының өзімен-ақ қалыптасып, сол тұрғыдан бір түспей кеткен табанды талант екенін бәріміз де мойындауымыз керек. Шығармаларының бәрі дерлік қырық күн бауырына басып шығарған қыран балапанындай шымыр болатыны сондықтан.
1993 жылдың жазы аса ыстық болды. Бала-шағаммен Алакөл жағасын аз күн жайлап, суға түсіп, аунап-қунап, Алматыға келсем, Жұмекен Министрлер Кабинетінің емханасында жатыр екен. Қастек Баянбаев екеуміз көңіл сұрауға бардық. Қастек сыртта қалды да, мен ішке кіріп, дәрігерлердің біреуінен Жұмекенді шақырып жіберуін өтіндім.
Жұмекен, сірә, басқа біреуді күтіп отырды-ау деймін, тез шығып, мені көре тұра, көз қиығын басымнан асыра тастап:
– Ә, сен екенсің ғой, – деді сәлемімді самарқау алып. Мен сыртта Қастек барын айттым. Солай таяп барып, орындыққа жайғасып, едәуір әңгімелестік. Ол өзінің арақты да, темекіні де біржола қойғанын айтты. "Түк емес, – дедім мен, – нормаңды екі-үш есе орындаған адамсың ғой".
Ол қасында бір жас министр жатқанын, тұтқиыл келген дертке қатты күйініп, енді "кісілікке" қолы жеткенде мұндайға ұшырағанына өкіне беретінін айтты.
– Сен адамдық, қаламгерлік парызыңды да асыра орындаған адамсың, енді ештеме жаза алмай қалам деп өкінбе, – дедім мен.
Ол жымиып күлген де қойған. Бұл біздің соңғы кездесуіміз еді.
"Жазылар естеліктер мен туралы", – деп Мұқағали айтпақшы, әлі Жұмекен жайлы талай естеліктер жазылар. "Қазақ әдебиетінде" Оразбек өте жақсы пікір айтты: "Бізде арамыздан кеткен ақын-жазушылардың жүзі көмескіленбей тұрып естеліктер жазу дағдысы қалыптаспай келеді. Үйренеріміз әрдайым орыс әдебиеті десек, оларда осының әйдік үлгілері барын бәріңіз де білесіздер. Жұмекен творчествосы қазір көп болып қопара зерттеуді қажет ететін қыртысы қалың күйінде тың жатқан дүние. Оның бүкіл творчествосы қазақ әдебиетіндегі әлемдік маңызы бар үлкен құбылыс деп көпсінбей айтуға әбден болады. Қазірше оны өзге түгіл өзіміз де толық танып ала алмай жатуымыз мүмкін. Басқа барлық тілдерге аудартып, кеңінен насихаттауды қажет етіп тұрған үлкен жұмыстың бірі осы деп білемін. Естелігі бар, ғылыми мақаласы бар "Жұмекен Нәжімеденов" деп аталатын толыққанды бір кітап шығарған жөн".
Адам өмірінің ең бақытты сәті жақсы адамдармен жүрген кезі болса керек, мен де Жұмекенмен бірге болған, қатар жүрген, дәмдес болған кездерімді сондай бір аздаған бақыт кешкен күндерім деп білемін.
Бұл сөзді де сол үшін ел құлағына жеткізіп отырмын.
Сәкен Иманасов