Әлия Бөпежанова. Шырақшы

ЕСТЕЛІКТЕР
5128

Көрнекті абайтанушы, өнертанушы, санаткер Төкен Ибрагимов туралы бірер сөз

           

Хакім Абайдың 175 жылдығында ерекше аталуы тиіс бір есім бар. Ол  Төкен Ибрагимов. Абайдың мұхит-қазынасынан нәр алып, өзі рухани толысумен қатар абайтаным-тағлымының қалың жұртшылықтың да рухани бағдарына айналуы жолында көп қызмет жасаған санаткерлердің бірі.  Ғұмырының 34 жылын Абайға, Абай әлеміне арнап, Абайдың музей-үйін басқарып, оның «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне айналуына, жалпы Абай айналасының үлкен рухани ұғымға айналуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Дарияжүрек болмыс.

Соңында мол әдеби-рухани мұрасы қалған жазушы, сыншы, көрнекті өнертанушы, абайтанушы Ибрагимовтің шығармашылығы, қайраткерлігі салиқалы зерттеулерге лайық. Ал, оның кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық қасиеттерінің бір парасы – үлкен адамгершілігі, достыққа адалдығы және халықшылдығы еді. Аясы, ортасы кең, аға-іні достары да көп тұлғаның аяулы бір досы Асқар Сүлейменов болды. Менің азды-көпті естелігім осы достық туралы.

Руханиятымызда құбылыс болған атақты «60-жылғылардың» көпшілігімен біздің буын алғашқыда шығармалары арқылы таныс болдық. Кейінірек, оң-солымызды тани келе, олардың рухани ауқымдары кең екенін және бағамдаған едік. Рухани ауқымы кең осы буынның бір өкілі, ақын, өнертанушы, санаткер тұлға, Семейдегі Абай музей-үйінің директоры Төкен Ибрагимов туралы алғаш рет 80-жылдардың ортасында «Қазақ әдебиеті» газетіндегі әріптесім, сын бөлімінің меңгерушісі, сыншы Сайлау Жұмабековтен естідім. Ал, Төкен ағамен таныстырған Асекең, Асқар Сүлейменов: алдымен сырттай (Семей өңірі, ондағы Абай музейі туралы сөз болса болғаны – Асекең бірден Төкен ағаны айтатын), кейінірек өзімен. Сырттай дейтінім –1985 жылы Абайдың 140 жылдық мерейтойына арналып Семейде мемлекеттік деңгейде өткен ресми салтанат шараларына Алматыдан барған ресми делегация құрамында болған Асекең сол сапары туралы әңгімесін «Төкең» деп бастайтын. Сол сапарында сол өңірдің көнекөз қарияларымен де кездесіп, әңгіме-дүкен құрғандарын, олардың Абай туралы әңгімелерін ырзашылықпен еске алатын. Ал, осы кездесулерге дәнекер болған қаламдас досы, Абай музей үйінің директоры, дарияжүрек болмыс Төкен Ибрагимовті үнемі «Шырақшы» деп атайтын. 

Төкен ағаның өзімен Асекең 1988 жылдың 29 желтоқсанында, 50 жылдық мерейтойы кешінде таныстырды. Сол кеште Асекеңнің үйінде Зейнолла (Серікқали), Төкен (Ибрагимов) ағалар, Дулат Исабеков пен жеңгеміз Нұрғайша апай, Сағат Әшімбаев, Ғаділбек Шалахметов, Сәтімжан Санбаев, Асекеңнің ақын інілері әрі көрші Иран-Ғайып, Ұлықбек Есдәулет, тағы біраз адам бас қосып, сондай бір әдемі отырыс болды. Төкен аға Асқар досын құттықтап, Семейден арнайы келіпті. Асекең мен Зейнолла достарының суреттерін бір рамаға арнайы салып, екі шетіне оларға арнаған жүрекжарды лебіздерін жазыпты. Мерейтойлық ол лебіздерде екі досына деген үлкен сүйіспеншілігі мен ерекше қадір-құрметі, мақтанышы сезілетін. Ақжарма күледі екен, бірақ, сөзі қырсықтау көрінді. Ұмытпасам, Асекеңе «сені емес, сені дүниеге әкелген Айтотыны, Сүлейменнің жесірін құттықтауға келдім» деген сыңайда сөйледі. Кейін байқағанымдай, бұл олардың кейдегі бір өзара сөйлесу «стилі» екен. 

Содан бір айдай уақыт өткенде, шамамен 1889 жылдың ақпанында болуы керек, жазушылардың өзара қарым-қатынастарын жақсы білетін Сәкең, Сайлаубек Жұмабеков маған (ол кезде мен газеттің өнер бөлімінің меңгерушісі едім) - Төкен Ибрагимов елуге толады. Соған мақала беруіміз керек. Төкең туралы бір айтса, Асекең айтады, келіссе жазып алсаң дұрыс болар еді - деп өтініш айтты. Ол кездері «Қазақ әдебиетінде» Жазушылар Одағына мүше қаламгерлерді Одақ хатшылығының құттықтауын және шығармашылығы туралы арнайы материал жариялайтын жақсы бір дәстүр бар еді. Содан көп ұзамай Асекеңе бір қағаздарын үйіне апарып бергенде Сәкеңнің өтінішін жеткіздім. Асекең жауап бермеді. Әңгіме Төкен аға туралы екенін естіген Айтоты «Төкен туралы айтпағанда кімді айтасың?» деді ұлына. Сонда Асекең бірталай уақыт үнсіз отырды да, құмығыңқы дауысымен сөзін бастады. Қалам-қағазымды дайындап отырған мен тез-тез жазуға кірістім (асығыс сол жазуы бар екі-үш бет менің архивімде әлі сақтаулы). Асекеңнің өзі «Абай мұрасының шырақшысы» деп білетін Төкен досы туралы қысқа да нұсқа, керемет сол ой-лебізі мынау еді: 

«ДОС

Семейге, Төкенге

Келiсу бар, кетiсу бар. Жаным шықсын, келiскен жерiм жоқ. Жаным екi рет шығып кетсiн, кетiскен де кезiм жоқ. Сен, бiз үшiн, әлiмсақтан Төкенсiң. Сөз тануда, әуен ұғуда, әуезге сiңуде сендей кiсi болмасына өз басым кәмiл сенемiн. Неге екенiн таратып айтпайын. Себебi, қазақ сөзiнiң күре тамырын, иiн-иiрiмдерiн сенен асып, сүңгiп таныр кiсi, бәлкiм, аздың азынан шығар.

Мен сенi қызғанамын, мен сенi өзiңнен қызғанамын, мен сенi өзiнен қызғанамын — Абайдан қызғанамын...

Кеңсеңдi айтпаймын, музейiңдi айтпаймын; үлкен қара шалдың, жалпақ қазақ үшiн қара (ұлы) аталатын қара шалдың шырақшысы боп отырғаныңды қызғанамын.

Қанша жаздың, кiмге жаздың, неге жаздың ол сенiң шаруаң; бiрақ, сорыма қарай, ол менiң де шаруам.

Өнердi жасау бiр шарт, өнердi ұғу бiр шарт. Бiрiн-бiрi жiбермейтiн шарттардан. Мен сенi соншалық ұққанда, сен үшiн оңай, мен үшiн қиын осыншалық қисындарға барамын деп ойламап едiм. Келер бiр тұсыңа келiп қапсың. Кiм бiлген, кетер бiр тұсыңа да келiп қалған шығарсың. Келу мен кету — бауыр мен бүйректiң кетiсi ендi. Мен, бауыр, өзiңдi бүйрек деп ұқсаң — өзiң бiл. Бiлмесең тағы өзiң бiл.

Ата жұрттың аталарынан саналатын латын жұртының бiр қайырымы: «Жақ ашпа. Аша қалсаң, жақ ашқанға бергiсiз ғып аш» (Молчи. Или говори то, что лучше молчания).

Сенi қай казақтың қалай ұққанын, ұғарын, ұқпағын мен ажыратып жата алмаймын. Ойлаймын бiрақ: сендей қазақпен сырлас, сындас, ойлас кiсiнiң арманы кем. Сенсең — сен, сенбесең қой. Сонау баста, тағдыр бiздiң басымызды қосты, со тағдырға ырзалығымды дәл осы тұста ақжармалап айтуды өз мiндетiм деп санаймын.

1989, ақпан.»

Асекеңнің ой-пікірін жазып ала салысымен редакцияға келдім. «Жақсы болды, - деп қуанды сыншы Сайлаубек, - номерге саламыз.» Сонымен шағын материалды терімші қыздарға тез бастырып, «Дос» деген тақырыппен, «Семейге, Төкенге хат» деген анықтама қосып, газеттің кезекті, қателеспесем, ақпан айының орта тұсындағы санына дайындадым. Материал макетке түсіп, типографияға кетті. Алайда, өкініші сол - бетте қатталып тұрған жерінен алынып тасталып, газетте жарық көрмей қалды. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ, бәрі үнсіз. «Өткендегі сөзім не болды?» деп Асекең де сұраған жоқ. Ал, өзім оның себебі Асекеңнің М.Әуезов театрында өткен бір жиында сөйлеген сөзі болуы керек, деп жорамалдадым. Газет шығатын аптада М.Әуезов театрында «Көрермен және театр» тақырыбында ресми өкілдер қатысқан үлкен бір жиын өткен. Оған қызмет бабымен мен де барған едім. Ол бір жариялылықтың «аспандап» тұрған кезі болатын. Сол кезде Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы Ш.Омаров, Республика Мәдениет министрінің орынбасары Ә.Сығай, тағы бірер ресми өкіл қатысқан сол жиында кара қылды қақ жаратын А.Тоқпановтан бастап біраз адам сөйледі. Жиынның орта тұсында Асекең де сөйледі. Тым қаттырақ кетті-ау деймін, театрдың басшысы Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов «Асқар, Асқар» деп сөзін бөліп еді, Асекең сөзін аяқтамастан мінберден түсті де, залдан шығып кетті. Осы ситуация жоғары жаққа жетті ме әлде газет басшылығына біреу бірдеңе деді ме, әйтеуір «Дос» материалы жарық көрмей қалды. Өкініш, әрине. Асқардай досынан осындай лебізді дер кезінде үлкен баспасөз арқылы естуі, сөз жоқ, Төкен аға үшін үлкен қуаныш болар еді... (Асекеңнің досына деген жүрекжарды бұл лебізін алғаш рет 2001 жылы «Сорос-Қазақстан» қорынан грант жеңіп алып шығарған «Болмыспен бетпе-бет» жинағына енгіздім.)

Төкен ағаны екінші рет көруім -- 1991 жылдың қысында. Алматыға, Мәдениет министрлігіндегі үлкен бір жиынға келіпті. Асекең ол кезде «Парасат» журналында қызмет істейтін. Мен екі-үш айлық Әсмәмен үйдемін. Редакциялар үйі мен Мәдениет министрлігінің арасы жақын. Жиынға қатысқан Төкен аға, ол кезде Парламенттің Редакциялық алқасын басқаратын Зейнолла аға, Мәдминнің Репертуарлық-редакциялық бөлімінде қызмет ететін Қадірбек (Уәлиев) ағалар кешке үйде қонақ болды. Тәуелсіздік жаңадан жарияланған, республикамыздың басқару құрылымдары енді қалыптасып, Парламент жиындары театр спектакльдеріндей өтетін кез еді. Дастархан басындағы сөз де саясат, әсіресе, мәдени саясат туралы өрбіді. Асекең юморымен ондыққа тиіп, көп сөйлемейтін Зейнолла аға жылы жымиып, пікір таластырғанда Қадірбек ағаның дауысы қаттырақ шығып отырды. Ал, Төкен аға сол жолы маған сентиментальдылау болып көрінді. Осыдан жарты жылдай өткенде Асекең, ойламаған жерден, дүние салды...

Асекеңді жоқтап аңырап келгендердің алдыңғы қатарында Төкен досы болды -- соңғы сапарға шығарып салғанда аңырап тұрып Реквием айтты. Қимас досының жетісі, қырқы, жылдығы шараларына белсене ат салысты. (Реквиемінің үзіндісі сол кезде «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ» газеттерінде, ал, толық нұсқасы 1999 жылы жарық көрген «Парасат падишасы» естелік кітабында жарияланды.)

Әдетте, адамдар қанша дос, кейде тіпті туыс болса да бірінің көзі кеткен соң отбасы не туыстарының өзімен де арақатынасты біртіндеп сирететін, әркімнің өз өмірі, өз ұғым-түсінігі болатындықтан ба, кейде мүлдем араласпай кететін жағдайлар аз емес. Алайда Төкен аға сияқты тұлғалар бұл санаттан емес. Оның достыққа аса адалдығы Асекең дүние салған соң тіпті айқындала түскендей еді. Олай дейтінім - Төкен аға Асекеңнің анасы Қымбат-Айтотыға -- жетпістің жетеуіне келгенде аяулы перзентінен, өзі өмірін арнаған ұлынан айырылған Анаға сүйеніш те болды. Әрине, ұлының орнын баса алмасы анық, бірақ, жарым көңіліне жұбаныш берген сәттері аз емес. Айтотының «Төкен хабарласты» деп, көзінде қуаныш ұшқыны жалт ете қалатын сәттері әлі күнге көз алдымда. Төкен ағаның бұлжымас алғашқы сөйлемі: «Әлеу! Бұл Сүлейменнің жесірі ме екен?» болып келеді. Соғыста хабарсыз кеткен отағасының есімін естігеніне де көңілі көтерілетін болуы керек, Айтоты ұлының досы келгенде қатты қуанатын. Атап айтарлығы - Төкен аға Асекеңнің қайтқан және туған күндеріне Семейден арнайы келетін, міндетті түрде Айтотыға сыбаға алып келетін. Ол күні кешке дастархан басында Төкен ағамен қатар міндетті түрде Зейнолла аға және Асекеңді еске алуға келген өзге де дос-жаран, туған-туыс жиналатын. Асекең туралы көп әңгіме айтылатын сол кештерде Айтотының өзі болса, қазанын ешкімге бермей, жаңа түскен жас келіндей ширақ қимылдап, көңілі тоғайып жүретін. Сол күнге деп арнайы сақтаған қазы мен қартасы ет табақтың дәмін де, сәнін де келтіретін. Бұл үрдіс Айтоты дүние салған 2008 жылға дейін жалғасты десе болады. 

Семейден Төкен аға келген сайын әлдебір атпал азаматтық, қазақы кең пейіл, дархандық өз алдына, рухани әдемі әңгімелер аясы кеңейетін. Төкен аға Асекеңе Республика Мемлекеттік сыйлығы берілген 1996 жылдың 29 желтоқсаны күнгі ерекше кеште де Айтотының жанынан табылды. Сол қуанышты дастарханда Төкен ағамен қатар Зейнолла (Серікқали), Қалихан (Ысқақ), Сәтімжан (Санбаев), Аманбай (Ахметов);  Сейфолла (Оспан), Дулат (Исабеков), Бейбіт (Қойшыбай), ағалар, сол жылы «Абай» энциклопедиясы үшін авторлар құрамында Мемлекеттік сыйлық алған және оның қаржысын Айтотыға сыйға тартқан, сол кеште «Асекеңнің бір кітабын шығарып берейін» деп азаматтық танытқан (нәтижесінде «Парасат падишасы» атты керемет жинақ «Атамұра» баспасынан жарық көрді) азамат, ғалым, бүгінде мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед, тағы біраз адам, туған-туыстар болған еді. 

1999 жылы, ұмытпасам, ақпан айында Төкен ағаның 60 жылдық мерейтойы болды. Оған Алматыдан Айтоты, Зейнолла аға, қазақтың бір мықты қызы, Айтотыға аяулы дос, Зейнолла, Төкен ағаларға жақсы қарындас бола білген Қымбат (Әбілдақызы) және мен, ол кезде 1-сыныпта оқитын Әсмә бәріміз бардық. Төкен ағаның мерейтойы Семей қаласының орталық бір мейрамханасында үлкен бір рухани мерекедей өтті. Елге қадірлі азамат, қайраткер тұлға Ибрагимовке деген ас та төк көңіл, ерекше құрметтің куәсі болдық. Ұмытпасам, сол мерейтой кешінде Семейде «Дариға-ай» Жастар театрының ашылғанын естіп, ол ұжым мүшелерінің өнерін тамашалаған едік. Сол сапарда Төкен ағаның отбасында, Нұрилә апайдың берекелі дастарханында сый-құрмет көрдік. Абай қорын басқарған семейлік белгілі азамат, Абайдың жиені Балташ Ерсәлімовтің дастарханынан дәм таттық. Ол бас қосуларда, әрине, небір мәнді әңгімелер, Асекең туралы естеліктер де айтылды. Сол күндері Айтоты ерекше нұрланып жүрді.

Төкен аға Асекеңнің жалпы шығармашылығын ғана емес, әр сөзін қастерлейтіндей көрінетін. Бұл тұста Асекеңнің Семейде, Абайдың 140 жылдық мерейтойында сөйлеген, жұртшылыққа ерекше әсер еткен, бүгінде көп цитаталанатын мына бір ой-толғамын біздерге қаз-қалпында жеткізген Төкен аға екенін атап айтуым керек. 

«Талант – тұяқ, Абай – жол. Сол жолмен анау Жидебайға, мынау Қарауылға кемеңгер де келедi, кеще де келедi. Мұнда «үйренемiн» деп, «үйретемiн» деп келмеу керек... Мұнда тазарамын, арыламын деп келу керек. Елдiң неге келгенiн бiлмеймiн. Мен өзiм арыламын деп келдiм – Воскресение (Арылу)...»

Асекеңнің бұл қанатты сөзі кейінгі жинақтарына, «Шашылып түскен тіркестер» циклына енгіздім. Сол сапарда Төкен аға үйіндегі отырыста Асекең салған ән мен тартқан күйін таспаға жазып алған екен. Асекеңнің кезекті бір туған күніне келгенде сол ән мен күйді таспаға жазып әкеліп беруі де дос мұрасына деген қамқорлық, жанашырлық екені анық. 

Жалпы Төкен аға адал достықтың, атпал азаматтықтың, халықтық даналықтың символындай еді. Ол Асекеңмен қатар Зейнолла досының да үлкен қамқоршысы, жоқтаушысы болып өтті. Зейнолла аға 2004 жылы дүние салғанда аңырап келді, бүкіл шаралардың басы-қасында болып, бірге атқарысты. Зейнолла ағаны да көп жоқтады, ал, достық парызы екі есе артқандай еді. Ол енді жыл сайын досы Зейнолланың туған не қайтқан күнінде Алматыға келетін болды. Төкен ағаға Зейнолла ағаның жары Майра тәтеміз, өзге де туыстары үлкен ырзашылық танытатын еді. Бұл туралы 2018 жылғы қаңтардың бас кезінде Семейге, Төкен ағаның қырқына барғанымызда, Ас дастарханында Майра Серікқали өте жақсы айтты. 

Өнген-өскен ортасы тағлымды, аясы кең, үлкен тұлға Төкен Ибрагимов бізге ғана емес, бүкіл халқына қадірлі болды. Қаламдас жақсы інісі, белгілі ақын Әбубәкір Қайран аза жырында:  

«...Бірі еді Ол — сиреп кеткен даналардың,
Аруағы Алашқа ардақ дара жанның.
Жазғанын, айтқаны мен тындырғанын,
Тәрк етпей, тәлімділер бағалар мың», 

деп жазғанындай, өнерде, ғылымда, жалпы өмірде Төкен ағаның үлгісін көрген, өнегесін алған азаматтар, жастар үлкен қайраткер, санаткер тұлға туралы өз сөзін айтады деген сенім бар. Жеке шығармашылығы өз алдына, саналы ғұмырын Абай және оның мұрасы, рухани ойкуменасына арнаған тұлға Төкен Ибрагимовтің есімі де ардақталып, жасампаз істері жалғасын таба берері анық. 

Алматы

28 желтоқсан, 2020

author

Асқар Сүлейменов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...