Абай Мауқараұлы. Бір жүйріктен көз жаздық...

ӘДЕБИЕТ
3032

(естелік-эссе)

«Мәдениет порталы» тоқсаныншы жылдарда Шерхан Мұртаза ағамыздың теледидар басқарып тұрған мерейлі жылдарындағы «Аламан бәйге» бағдарламасы сынды, жас талантардың тұсауын кесіп танытып, тарлан тұлғаларды ел есінен ұмыттырмай еске салып тұратын тағы бір «Аламан бәйге» алаңы дер едім. Былтыр дәл осы уақыттарда «Сүрткіш» атты әңгімесімен «бәйге алаңын» дүбірлетіп өткен танымал жұрналист, ұшқыр қаламгер Қуандық Шамахайұлының қапыда бақи дүниеге аттанып кеткеніне де жыл толып қалған екен. Әріптес қаламгерді еске алған эссе-естелігімді ұсынудың жөні келген тәрізді...

АЗАТ РУХТЫ АЗАМАТ ЕДІ... Былтырғы жылы дәл осы уақытта белгілі жұрналист, талантты жазушы Қуандық Шамақайұлының  әңгімелері әдеби, мәдени порталдарда жарық көріп, оқырман жабырлай оқып, алапат қоғамдық пікір тудырып жатқан кездер еді. 

Осы әңгімелерін Қуандық сол сәтінде-ақ, менің ватсабыма жолдайтын, мен де дереу оқып, ашық пікірімді білдіретінмін, жетістігін, жаңалығын, кейбір кем түсіп жатқан тұстарын да риясыз білдіріп тұрушы едім. 

Сол пікірлерімнің жиынтығы, қорытындысы ретінде «Қуандықтың суреткерлігі» деп аталатын сыни-эссе жазып, ол да порталдарда жарияланып оқырманның назарын аударды. Қуандық өзі де ризашылығын білдіріп: «Әбеке, рахмет өте шынайы жазыпсыз... бос мақтау емес, дәлелді сөздер екен. Кейбір сыншылар құсап туындысын емес, жазушының өзін мақтап, ойбой бір туар еді, ілкіде мұндай адам тумай қалуы да мүмкін еді, дейтін әуеннен аман екенсіз» деп, сөзінің аяғын юморлатып аяқтағаны есімде. 

Сондай шабытты кезеңдердің тұсында «Сүрткіш» деген тағы бір әңгімесі жарияланып, порталда ең көп оқырманға ие болды. Өзіме жеке жіберген әңгімені оқи сала осының себебіне үңілдім. Себеп, Қуандықтың ең негізгі тақырыбы болған «шенеуніктер өмірінің» еш адамның ойына келмейтін шиқандай тұсын бірақ жарған екен. Оқырманның «Сүрткішке» қара шыбындай жабырлауы да содан болған! 

Бұл менің де қышыған жеріме тигендей жедел түрде «Шамақайұлы шалқасынан түсірді!» деген тағы бір сыни-эссе жазуыма түрткі болды. Қуандықтың өзіне ескертіп, таныс порталдың біріне жолдадым. Ол бұлған қуанып, елеңдеп қалды. 

Бірақ, әлгі эссе жарияланбай кешікті. «Себебін өзің білші, Қуаш» дедім. Сөйтіп, Қуандық өзі таныс порталдан жөнін сұрайды ғой, сөйтсе портал басқарушысы айтыпты, «өте өткір, әрі ащы жазылған екен, жоғарыдағылардың жүйкесіне тиюі мүмкін деп, ұстап қалдым» деген. 

Бұл жауапты естігенде, мен де таңғалдым, менің жазғаным бар-жоғы жазушы Қуандықтың әңгімесіне жасаған еркін пікір, содан туған ойды өрбітуден басқа ештеңе емес қой, деп. Қуаш телефонда жеңіл күліп қойды, «порталдағы жігіт, бұл әдеби эссені деректі мақала сияқты қабылдап, қорқып қалған ғой, мәдени порталға жібере салыңыз, Әбеке» деді. Дәл солай болды, сын-эссе жарияланды, мұны да оқырман жақсы оқыды.

Менің бұл эссем жарияланған кезде Қуандық «өкпеме суық тиді» деп, Астанадағы бір дәргерханаға емделуге жатып қалған кез еді. Шығармасы туралы жазылған бұл жазбаны сонда жатып оқи сала ватсаппен қуана хат жолдады: «Әбеке, сізге Алла разы болсын, шынайы жазылған екен, рахмет!» депті.  

Бірақ, осындай қызу әріптестік қатынастың кенет аяқталатынын қайдан білейік, ол кезде. Қуандық дәргерханада жатқан соң, өзінің хал-жағдайын маған күнделікті ватсаппен хабарлап тұрды. Мен де бұрын маман дәргер болғандығымды ұмытпай, ақыл-кеңесімді айтып: «Қуаш, дәргерханаға жатқаның дұрыс болды, жақсы емделіп шығасың әрі біраз демалып қалатындай тегін мұрсат қой. Соңғы кездері қатты шаршаған сияқтысың, әлгі романға тас-түйін кірісуің де оңай жүк емес қой...» дегем-ді. 

«Сәл қозғалсам ентігіп кетем, арғы жағымнан бір құрғақ жөтел келеді, кислород қосып жатыр...» деген сөздеріне қарағанда, өкпеде үлкен көлемде қабыну болған әрі ол жүрекке де әсер еткені анық еді, бірақ өз басым Қуаштың жағдайының ауырлау екенін білсем де сауығып кетеді, деген нық сенімде едім.

Маған жіберген соңғы жазбасы кешкі сегіз еді, қайтыс боларынан он бір сағат бұрын екен, таңғы жетілерде соңғы демі біткенін, жары Айшаның хабарынан естіп, өкініштен аңтарылып қалдық қой!

Енді, міне сол асыл азаматымыз туралы естелік жазу тағдыры бізге бұйырыпты. Сондықтан, марқұм Қуандық әріптесім әрі жерлесім туралы өткенді де осындайда еске алудың жөні келген секілді. 

Сексенінші жылдардың соңында, Совет Одағында «жариялылық, қайта құру» деген қоғамдық дүмпудің Моңғолияға да әсері тиіп «өөрчлөн байгуулалт» (өзгеріс жасау) қимылы етек алған шақ еді. Алайда, өз айтқанынан басқаны тыңдамайтын, өзін жалғыз дара, дана бастаушы көретін Қызыл Партияның (МХРП) үстемдігі қалпында тұрған кез. Қызыл Партия тек қана жеңіл-желпі өзгеріс жасап, момын халықты алдарқатып өзінің билігін қалпында қалдырудың неше түрлі қитұрқылығын жасап, аз санды саналы жастар бұған қарсы күреске шығып, жетпіс жыл рухани тұншыққан ел үйреншікті ахуалынан шыға алмаған елең-алаң күйде еді. 

Міне, осындай кезеңде Баян-Өлгей аймағында демократиялық өзгерісті қолдаушы жастардың бірі ретінде көрінген Қуандық Шамақайұлы болды. Қазақ аймақтың «Жаңа Өмір» деп аталатын кең көлемде таралатын гәзеті бар еді. Қазақ тілінде шығатын осы басылымның ішіндегі моңғолша қосымшаның редакторы Қуандық болатын-ды. 

Бірақ, гәзет бүтіндей партияның цензурасында екені белгілі жәйт. Шығатын мәтіндер кілең париялық құрғақ идеологиямен сірескен, иіні жыртық, ашқұрсақ онымен қоса рухани дүниесі қайыршы халге түскен қаймана халықты «коммунизімнің көмірін қазып бақытқа кенеліп жатыр» деген насихатты көпіртуден өзге түк жоқ, өмір шындығынан түйір нәрсе жазылмайтын-ды. 

Ал, осы кезде рухани азаттық жөнінде, демократияның не екені туралы халыққа жеткізу өте қажет еді. Моңғолша қосымша осы тәуекелге бара білді. Ол кезде мен дәргер мамандығым бойынша қызмет атқарушы едім. Қуандықпен алғаш таныстығым да осы кезде басталған-ды. Қаламгерліктен де құр-жаяу емеспін. Бірде әміршіл-өктем, тәкаппар-партократтар туралы жазған шағын мақаламды Қуандыққа апарып бердім. Ол кешікпей гәзетке жарияланды, оқығандардың екі көзі төрт болды, ол уақыт үшін бұл төтенше ерлікпен пара-пар іс еді. 

Артынша, аймақта Самат Насырұлы деген жас жігіт «Әділет» деген тәуелсіз, ашық пікірлі гәзет шығарып, тұншыққан қоғамда азаттықтың самалы есті. Моңғолия бойынша алғашқы парламенттік еркін сайлау өтіп, елді қырық жыл басқарып тақтан таймай отырғандар орнын босатып, орталық басқару жүйесінде демократялық үлкен өзгеріс болды. Соған дейін тақыр кедейлікпен күн кешкен халық меншікке ие болып, қоғам аз жылда рухани әрі материалдық ірі табыстарға жеткен еді. Сол елде болған осындай игі істе де Қуандық марқұмның арнайы үлесі бар деп, білемін. 

Кейін, Қазақстанға түбегейлі көшіп келген соң қайта табыстық. Қуандық Қарағанды қаласындағы жоғарғы оқу орнында оқытушы бола жүріп, Алматыда ғылыми еңбек қорғаған еді. Сонда, біздің үйге жиі келіп, етене жақын танысып, сырлас-пікірлес болып кеттік, қоғам туралы, әдебиет, тарих, көші-қон... талай тақырыптарда әңгімелестік, әрине.

Сол кезде бір байқағаным, Қуандық әділетсіздікке, қоғамдағы құйтырқылықтарға, жеке адамдардың жылпос-алаяқтығына, бастыққа жағымпаздық жасап, бейімделгіш екі жүздідікке төзбейтін, тура мінезді еді. Ал, өзімен сырлас, дос жарандарына жақсылық тілеуші, табысына шын қуанатын адал мінезі көрініп тұратын. 

Гәзеттерде қызмет атқараннан кейінгі бір аралықта Ғылым Акедемиясының Өнер және әдебиет институтына бір жылдай қызмет еткенім бар-ды. Сонда, Қуандық жұмыс жеріме келді, жүзі қуанышты, шын тілеулес ілепеспен: «Әбеке, бұл киелі жер ғой, құттықтаймын! Өте дұрыс жасадың» деді. 

Мен Қуашқа шынымды айттым: «Сынның сыны, деген тақырыпта өз қиялымда көп жылдан бері ойластырып жүрген тақырыпта ғылыми еңбек қорғамақшы едім...» дедім, содан өзінің юморлататын әуеніне салып, «Менің өзім ойлап тапқан әдеби сыным мен мұндағы ғылыми сын от пен су сияқты екен...соны білген соң жөнімді табайын деп, жүрмін» дегенім есімде, екеуміз де бұған мәз болып күлістік. 

Міне, Қуандық марқұмның осындай биік азаматтық мінезі, өмірінің соңғы кезеңінде бүкіл Қазақ еліне анық танылғанын мұнда айтпай-ақ бүкіл көпшілік қауым куә болды. Қытайдың қол астындағы қандас бауырларымыз қытайдың коммунистік-геноцитіне ұшыраған кезде, соларды қорғаушысы «Нағыз атажұрт» қайраткерлерімен Қуандық үнемі бірге бола білді, тайсалмай әділет жағына шықты.

Соның жарқын дәлелі ретінде «Темір құрсау» атты публицистикалық романын жазып кетті. Ол романды оқыған кім болса да, кітаптың мазмұнынан отаншылдық рухты сезініп.  Қуандық марқұмның өз елі үшін жанын аямайтын патриот, ұлтын сүйетін жанкешті қаламгер екенін жазбай таныр еді.

Әріптес әрі жерлес інім Қуандық марқұмның бұл өмірдегі жасы қысқалау болса да, рухани өмірі ұзаққа жалғасатын, халқына шын жүрегінен шыққан тамаша туындыларын аманат етіп кеткен азат рухты азамат деп, бағалау әділдік дер едім. Оның ізгі ниетті, қалың оқырманы да көзден кеткен жүйрігін көкейінде ұмытпай сақтап жүрген болар...

АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ 

Жазушы-журналист

author

​​Абай Хамза (Абай Мауқарұлы)

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...