Атырау қаласындағы Алмагүл ықшам ауданында Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері...
Абайдың ұлы жұмбағы
Өзендер де кейде өз арнасын өзгертеді. Жер бедерін сипаттайтын жәдігерлерде бұл мың-мың жылда бір-ақ рет болатын құбылыс ретінде аталады. Бірақ «замана өзені» тарих, табиғат заңына бағынбайды, кезеңдерді, дәуірлерді таңбалап, өз заңымен ағады.
Бір ағыс екіге жарылып, ескі арна суала бастаған, жаңа арна ақкөбік толқынға көмілген бетбұрыс кезеңді орыстың бір ақыны былайша сипаттапты:
Блажен, кто посетил сей мирВ его минуты роковые!
Его призвали всеблагие
Как собеседника на пир,
Он их высоких зрелищ зритель...
Көрермен бақытты болса болар. Бірақ сол тамашаға қатысқан адам ше? Ол адам үшін тарихтың күйреуі тамаша емес – биік драма болса ше?
Абай өмір сүрген кез қазақ мәдениеті үшін осындай бетбұрыс кезең еді. Басқа заман келді. Бұлзаманның қалпын Абай және оның тұрғыластары – ат төбеліндей ғана қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтары таныды.
Ескі өмірмен қош айтысқан, жаңа, «темір ғасырдың» бүкіл қасыреті мен қайғысын ойша кешкен Абай артына көп жұмбақ тастапты. Ақынның «Сен мені не етесің?» атты өлеңін сол ұлы жұмбақтардың бірі ретінде атар едім.
Әрбір адамның, әрбір халықтың рухани жетілуінде үш биік белес болады.
Жетілуі аяқталмаған адам, яки халық немесе үлкен бір тарихи кезеңді бірге кешкен бірнеше нәсіл бұл белестердің барлығынан бірдей өте бермеуі де мүмкін. Бірақ жеке бастың болсын, тұтас халықтың болсын тарихи кемеліне келгенде осы үш белестің үшеуі де кешіледі. Қарапайым тілге көшіріп, бұл үш белесті ілкі періште тазалық, қиянат, күнә мен зина және түлеу, қайта өрлеу деп таңбалауға болады. Осы биік сәттің біреуінің ғана белгісі болған тұтас тарихи кезеңдер болады. Кейбір адамдардың, әсіресе озған тарихи тұлғалардың біз түсіне алмайтын әрекеттері осындай бір ғана рухани белестің дәлелі бола алады. Туғаны хақ, биік сана, биік тіршілік иесі өзінің жетілуі барысында бұл сәттердің бірде-біреуін айналып өте алмайды.
Алайда зер салып қараған адам өмірде осы белестің ортаншысы басқаларына қарағанда үлкен үлес алатынын байқар еді. Қиянат, қылмыс, күнә – тарихтың басты құбылысы, бұған шырмалмайтын адам, яки халық жоқ. Дін атаулы осыны ғана сөз етеді, осымен ғана күреседі. Ақыры, соңында бұл құбылыс ұлы өнерге де өзінің көлеңкесін түсіреді.
Міне, бұрынғы әдебиет қазақтың рухани тарихының бірінші тарауын баян етсе, Абай поэзиясы екінші тарауын суреттеді және содан шығар жол іздеді.
Сен мені не етесің?Мені тастап,
Өнер бастап,
Жайыңа
Және алдап,
Арбап
Өз бетіңмен сен кетесің....
Өлең тілі – Шығыс поэзиясына тән биік ахуал тілі. Алғашқы жолдарданақ сорлы ғашықтың ерекше күйіне куә боласыз, тіпті нанғандай, иілгендей боласыз. Алайда осы мәжнүн сырдың ұшығына шыққанда, алғашқы әсер ұшты-күйлі жоғалып, орнын әлдебір ылайлы, жайсыз сезім басады. Неге? Қайыра оқығанда барып көзіңіз жетеді – кейіпкер махаббат дертінен басқа бір дертке ұшыраған.
Абайдың ғашығы – «мен»-нің, «эго»-ның тұңғиығына батқан адам. Оның қайғысы ғашық болғандығында емес – осы тұңғиықтан шыға алмауында. Ол өзін ғана айтады, өзінің қамын ғана қамдайды, өзінің махаббатын, өз қасіретін фетиш, пұт дәрежесіне көтерген.
Біз қолымыздан келгенше бақытсыз болуға тырысамыз. Адамдар өзін сырт көзбен көре алмайды, көре алатын болса, өздерінің осы қалпына күлер еді. Адам бар ақыл-ойын осы бақытсыздыққа жету жолына жұмсайды. Өмір адамға екі мүмкіндіктің екеуін де берген. Күн мен түнді де, гүл мен тікенекті де. Барлығы сіздің таңдауыңызға байланысты. Таңдаудың кереметі сонда, егер де сіз тікенекті таңдасаңыз, күндердің күнінде тікенектен басқа ештеңе де жоқ екенін көресіз, себебі, сіздің санаңыз осыған ғана үйренген. Бұ дүниеде тікенектен басқа гүлдің де бар екені, түннен бөлек күннің де бар екені... әрине, ойыңызға кіріп те шықпайды.
Ақиқат жолындағы адамның жалғыз ғана қазынасы – сабырлы жүрегі. Мумин ғана ақиқатқа жете алады. Бұл – менменнің қолынан келмейтін іс, себебі, «эго» – пенденің жолындағы ең үлкен кедергі, ол сізді болмыстан бөліп тұр. Эгоның салдарынан сіз «дүниеден бос қалдым» деген сананың соңына түсесіз. Бірақ сіз ешқашанда дүниеден бөлек емессіз, сіз жеке арал емессіз, сіз ұшы-қиыры жоқ құрлықтың бір бөлігісіз. Жоқ, мұның өзі жетімсіз сөз, сіз – сол құрлықтың өзісіз. Эго сізге құлазыған жалғыздықтың санасын дарытады, осы жалған сананың салдарынан сіздің жүрегіңіз біртін-біртін біржола жабылады. Өз-өзіңізге тұйықталғаныңыз сондай, күндердің күнінде күн мен айды, тұңғиық аспанды, жел менен жауынды да көрмейтін боласыз, дүниеден біржола қол үзесіз, тірідей көрге түсесіз. Және қайда жүрсеңіз де, өзіңіз тудырған көрлеріңіз өзіңізбен бірге жүреді. Бұл көрлер көзге көрінбегенмен – мәңгі жаныңызда.
Адамдар бір-біріне байланғаннан басқа ештеңені білмейді. Бірақ сіз басқаға жармасқан сайын, ол сізден қашады. Неге? Себебі, бостандық сезімі, азаттық түйсігі адам жанымен бірге жаратылған.
Азаттық аңсары басқа сезімнің барлығынан биік, барлығынан терең. Сондықтан сіз азаттықтың жолына махаббатты да шаласыз, бірақ азаттықты ешқашан құрбан ете алмайсыз.
Міне, адамның барлық уақыттағы қасіреті осыдан келіп шығады (себебі, байырғы адам, қазіргі адам деген жоқ, адам өзінің рухани негізінде бір-ақ адам). Біз заттарға, адамдарға, белгілі бір көзқарасқа, қысқасы, бәріне байланамыз, ақырында байлану – өнерге, өмір салтына, бәсекеге айналады. Бірақ байланған сайын қасіретіміз де ұлғая түседі, себебі, өмір бір орында тұрмайды, тіршілік үздіксіз қозғалыс үстінде – болмыстың заңы осы, тіпті бір-бірінен кейін келген екі сәт бір-біріне ұқсамайды.
Алтын күннің қызарып қалай батқанын тамашалаңыз, бірақ байланбаңыз, себебі, ол сурет емес – тірі дүние. Артынан түн келеді. Түннің өз сұлулығы бар. Бірақ байланған пенденің ақымақтығы сондай – ол осы кештің мәңгі тұрғанын қалайды, осы кешті жоқтайды, «аһ» ұрып отырып, қара барқыт түнін, жұлдыз жапқан сұлулығын байқамай қалады.
Білесің сен зерек,Мен пендеңе,
Болды деме,
Кел, қарас,
Ешкім сөгіс
Айтпас,
Рақым қылсаң, кел ертерек!
Осы жолдардан жалынып-жалбарынған «меннен» басқа не көрер едіңіз? Тағдыр – мінездің жалғасы. Абай кейіпкерінің тіленші тағдыры оның тіленші болмысынан өрбіген.
Сөз жоқ, кейіпкер сезім үстінде. Бірақ сезімнің сипатына қараңызшы – ең әуелі нені айтады? Кейіпкердің ең әуелгі қамы – өзі, өзінің «мені», өзінің бақыты және сол бақыттың жазатайым ортайып қалмауы. Құмарлықтың екінші, мәдениетті аты бар – ынтызарлық. Махаббат – бақидан, ынтызарлық – фәниден, табиғаттан, адамның топырақ нәсілінен. Махаббатқа «мен», «эго» араласқанда ол фәнилік болып шығады. Махаббатта екі мүмкіндіктің екеуі де бар... Сіздің махаббатыңызда ынтызарлық та, байлану да (өлеңде бұл адалдық деп аталады) бар – сонымен-ақ махаббат құсының мойнына тас ілінеді дей беріңіз. Ол ендігі ұша алмайды. Немесе ол құсты торға, мейлі алтын торға отырғыздыңыз дейік, тіпті тордың іші кең болсын дейік. Бірақ бәрбір бостандық жоқ.
Ішіңізге тереңірек үңілсеңіз, махаббаттың жай ғана сөз екенін, ал оның орнында құмарлық отының алаулап жанып тұрғанын көресіз. Бірақ бұл от жайында тікелей айта салу ыңғайсыз, қоғамда қабылданбаған әдет, құмарлық жайын айтуда аз-мұз дипломатия керек. Сондықтан сіз тәніне ынтызар болған, әуес әйелге оның «жанын сүйемін» деп айтасыз. Өз жаныңызды танымаған сіз басқаның жанын қалай сүйесіз? Бірақ өнебойы құмарлық кернеген адам жан туралы айтуға бейім.
«Махаббат» сөзінің өз басында тұрған ештеңе жоқ. Махаббат нәрге айнала ма, әлде уға айнала ма – өзіңізге байланысты. Егер де махаббаттан тәннің тоятын ғана іздесеңіз, ондай махаббат қасірет пен қайғыны, жан жарасын әкеледі, құлдықтың лас кебіне түсіреді. Алыстан күнге шағылысып от шашқан алтын сарай жақын келгенде қапас болып шықты. Бұл махаббаттың кінәсі емес, себебі, сіз махаббат деп басқа бір нәрсені сезінгенсіз.
Махаббатта кешеуіл болмайды, әділетсіздік те жоқ. Сіз нені берсеңіз, соны аласыз. Шын сүйсеңіз – алған жауабыңыз махаббат болмақ.
Жауап – басқаға байланысты емес, жауап – сіздің махаббатыңыздың жаңғырығы. Сіз біреудің махаббатын тосасыз. Еш махаббатсыз, махаббат жайын жай ғана әңгіме қылып отырып, біреуден адал сезім күтесіз, құрбандық алғыңыз келеді. Өзіңнен ештеңе бермей, ештеңе бөліспей басқаның барын сұрау – ынтызарлық, махаббаттың ең төменгі сатысы; өзіңнің барыңды беріп, ақысына ештеңе сұрамау – мейірім, махаббаттың ең биік шыңы. Руханияттың шыңына шыққан адам ғана бойындағы барын береді. Өтеуіне ештеңе сұрамайды.
Ынтызар да, сүйген де – екеуі де бір сатыда, бір баспалдақта тұруы мүмкін, мәселе кімнің қай бағытта кетіп бара жатқанында. Сүйген адам жоғары қарап, жоғары өрлейді. Оның сезімі махаббатқа, мейірімге айналған. Ынтызар адам төмен кетіп барады, онда мейірім жайлы ешқандай түсінік жоқ – тек қана мақсат бар. Рахатқа жету керек, жеңу керек, алу керек.
Тағы да қайталап айтайық, мәселе бағытта ғана. Биіктің жанында төменнің өзі өседі, өркен жаяды, гүлдейді. Төмен сезім асқақтағанда биіктің өзі азады.
Өлең кейіпкерінің сонша жалынғандағы мақсаты – бір кезде өзіне бақыт сыйлаған әйелді... қайырып алу. Мақсатқа жету жолында ештеңеден тайынбайтын, тізерлеп тұрып тіленші болудан да арланбайтын қорқынышты адам! Жан шошырлық әрекет! Әрине, қайран қаласыз. Ақыл-есті сонша билеген ынтызарлыққа.
Абай кейіпкерінің өзінде жоқты басқадан сұрап алғысы келетін соқырлығына ғажап қаласыз!
Мәжнүн жігіт өзінің сезінгенін биік дерт дәрежесінде көрсеткісі келгенімен, шын мағынасында ол бұрынғы қызықтың жалғасын ғана сұрап отыр.
Махаббат – ақиқаттың екінші аты. «Мен» ақиқатпен сыйыспайды. Не «мен» - не ақиқат. Не «мен» - не махаббат. Ақиқатты ақылмен танып-білу мүмкін емес, себебі, ақыл – өткеннің, бұрыннан белгілінің нәтижесі. Ақыл – бұрынғы көргеннің, түйсіктің жиынтығы, шежіресі. Әрбір кезекті әсер, сезім осы бұрынғы тәжірибеге таныстығымен ғана бағалы. Адамның ақылы тумысында жалқау, себебі, рахат, ләззат – бұрыннан белгілінің соңына түсу. Ақыр соңында ақыл әрбір кезекті әсерді, қызықты жіпке тізумен ғана айналысатын өлі мүше болып шығады.
Кейіпкер «жанымды, рухымды қорлады!» деп өзі ынтызар болған әйелді нандырғысы келеді. Алайда өлеңге дендеп енгенде мұның да сөз қадірін білетін жырынды жігіттің тамаша айласы, шебер жасалған иллюзия екенін көресіз. Себебі, бұл жерде қорланып сөйлеп тұрған жігіттің жүрегі, жаны емес – оның өткен өмірі, тәжірибесі, содан соң, шамасы, қоғамдағы орны, қысқасы, мейманасы.
«Адам бұл дүниеге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді» дейді халық даналығы. Бейнелі сөз деп қабылдайық. Адамның бақидан алып келген, Жаратушыдан мұраланған жалғыз ғана асылы, ешкім тартып ала алмайтын қасиетті рухы бар. Адам бұ дүниеге немен келді – сонымен кетеді. Тиесілі еместің барлығы, мысалы, қоғамдағы дәреже, біткен дәулет, атақ-абырой адамнан тартып алынады. Барлық пенде о дүниеге аттанғанда Ескендір құсап алақаны ашық күйінде кетеді – несие қайтарылды деңіз. Бірақ адамның өзіне ғана тиесілі асылы – рухты ешкім ешқашан тартып ала алмайды. Рухты қорлау да, таптау да мүмкін емес.
Қорланатын, тапталатын адамның мейманасы, өзі қалыптастырған, әлпештеп өсірген, ақыр соңында тойымсыз аждаһаға айналдырған «эго»-сы.
Шын жүрек – бір жүрек,Қайта толқып,
Жолдан қорқып
Айнымас...
Сен аттың жөнсіз оқ,
Тәңірі – қазы,
Тас таразы,
Тентекті
Сұрамас деп,
Қалма,
Серт бұзғанның, біл, орны – шоқ!
Кейіпкер әйелден адалдық тілеп тұр, сертін сұрап тұр. Құр ғана эмоция. Ғашық жігіт айтып тұрған уағда, адалдық бар болғаны – аты аталмаған неке. Некенің салдарынан адамда махаббат жайлы анайы түсінік қалыптасқан. «Махаббат мәңгі өзгермейтін сезім» деген қағида адам санасынан берік орын алған. Тас қана өзгермейді. Бірақ санасы, интеллекті өскен сайын адамның өмірі үздіксіз өзгеріс ағынына айналады. Сүйгеніңізді серттен тайды, адал болмады деп айыптамаңыз. Себебі, өліп қалған сезімді қайта тірілтуге тырысу басқаның ықтиярына міндетті түрде қайшы келеді. Иә, көктем келді, жаныңыз гүлдеді. Ескен желдей келді де кетті. Келгенде қуандыңыз. Кеткенде қоштасыңыз. Сол аймалаған самал желге ризашылық айтыңыз. Иә, махаббаттың өлгені қасірет – бірақ кешпестей күнә емес. Әлемде әдеп, репутация, абырой деп бір-біріне байланған, бір-бірінен кете алмайтын қаншама адам бар. Қоғамның заңына амалсыз бас иген адамдар бір-бірін сүйген болады. Міне, нағыз күнә, нағыз қылмыс – осы.
Біреуді сүйген екенсіз, күндердің күнінде асықтық кетіп, ықылас өлгенде бойыңыздан кісілік, адалдық табыңыз да, қасіретті жүрегіңізді ашып, шындықты айтыңыз. Бірнеше жыл, ай, тіпті бірнеше күн болсын, жүрегіңіз махаббатқа толды, сол жақсы күндерге алғыс айтыңыз. Бір кезде ләззатын сыйлаған әйел енді сүймейтін, сезімнің өлгенін айтып тұрса – бұдан артық қандай адалдық керек.
От барда әлем жарық болды, от өшкенде дүниені қараңғылық басты. Жүрегіңізде махаббат бар болса – бар екенін, жоқ болса – жоқ екенін еш жасыра алмайсыз.
Ерте ме, кеш пе, ғашықтардың біреуі немесе екеуі бірдей ес жиып, сезімнің қандай құбыжыққа айналғанын көреді. Содан соң... содан соң қайғылана отырып, бір-біріне жүректерін ашысады, қош айтысады. Неге? Бостандықтарын ғашықтыққа құрбан ете алмағандықтан. Біз мұндай адамдарды ер дейміз.
Жүректе де шек бар. Ал шектің ар жағы... қорлық көп, өтірік сөз, жалған серт. Екі адамның арасында шындық болмаса (ал шындықтың жоқтығы уақытша қызық, күйіп-жанған құмарлықпен кіреукеленген дейік) сол шындықтың жоқтығы заманы жеткенде аян болады. Және кешеуілдеп жеткеніне қарай қорқынышты бола түспек.
Рабиндранат Тагордың «Соңғы поэма» атты новелласы бар.
Жас әйел мен жас еркек бір-біріне ғашық болады, үйленбекке бел байлайды. Әйел: «Тек қана бір шартым бар», - дейді. Ол өзі зиялы, ақылды, өте бай әйел еді. Еркек: «Қандай шартың болса да қабылдаймын, мен сенсіз өмір сүре алмаймын», - дейді.
Әйел оған былай дейді: «Әуелі шартымды тыңда, содан соң ойлан. Бұл ерекше шарт. Біз бір үйде тұрмаймыз. Менің үлкен иелігім, орман мен бау-бақшаның аясында орналасқан әдемі көлім бар. Саған өзім тұратын жағаның қарсы бетінен әдемілеп тұрып үй салдырам».
Еркек: «Олай болса, некемізде, өмірімізде не мағына бар?», - дейді.
Әйел: «Неке – біріңді-бірің таптау емес. Мен саған бостандық, кеңістік берем, менің де өз кеңістігім бар. Анда-санда біз қайықпен серуендеп жүріп кездейсоқ кездесіп қаламыз. Немесе мен сені анда-санда шайға шақырам, не сен мені шақырасың», - дейді.
Еркек: «Мұның нағыз ақымақшылық», - дейді.
Әйел: «Олай болса неке жайында ұмыт. Осы ғана дұрыс, махаббатымыз осылайша ғана гүлденбек, себебі, екеуміздің де көңіліміздің шырышы бұзылмайды. Бір-бірімізге ешқашан үйренбейміз. Мен сенің шақырғаныңа бармай-ақ қоюыма болады, сен де менің тілегімді қабылдамауыңа болады, біздің бостандықтарымыз мызғымайды. Осы екі бостандықтың ортасынан ғана махаббат деген дүние өсіп шығады», - дейді.
Бұл әйелдің тілімен ақиқат сөйлеп тұр. Әлбетте, еркек мұны түсіне алмайды, қабылдамайды.
Бір-біріңізді сүйіңіз, бірақ махаббатты кісенге айналдырмаңыз. Махаббат ықылас, талаппен келмесін, адамдардың бір-біріне өз еркімен берген сыйы болсын. Иманның бір аты – әділет. Махаббатты таныған адам әділетті де біледі. Шын сүйсең – бостандық бер.
Адамдар неге бір-бірін іздейді? Жалғыздықтан қорыққандықтан. Өзінің ішкі әлемінен пана таппаған адам басқаны іздейді. Бірақ тапқан адамы ол да жалғыздықтан қашып келе жатқан қашқын болса ше? Екі адам қысқа мерзімге ғана тіл табысады. Әрине, мұны махаббат деуге қиын.
Әдепкі адам жалғыз жүргенде бақытсыз. Ол өзінің ішкі әлемін құла медиен деп түйсінеді, өзін дүниеден бос қалғандай сезінеді. Ондай адам жалғыз жүре алмайды. Жалғыздықтан қатынасқа қашады. Еркек жалғыздықтан қашып, әйелді табады, әйел жалғыздықтан қашып еркекті табады.
Бұл шын қатынас емес, үстірт беті ғана, себебі, екі адам бір-бірін жалғыздықтан құтылудың амалы, құралы ретінде ғана пайдаланады.
Біз достықты ойлап шығардық, қатынастарды ойлап шығардық. Не үшін? Жалғыз емеспіз деп айту үшін, жалғыз емес екенімізді көрсету үшін. Бірақ не істесек те, барлық әрекетіміз – зая, себебі, адам өз жанының түкпірінде жалғыз екенін ешқашан ұмытпайды.
Адамдар бір-бірімен тілдеспейді – бар болғаны бір-бірінің жанында отырып сөйлейді. Көзіңізге жолды елестетіңіз. Сонау көкжиекте жолдың екі шеті түйісетін сияқты. Бірақ бұл иллюзия. Жақын барыңыз, жол – баяғы жол, екі қаптал.
Адамдар да сондай. Дүниені ежелден жалғыздық билеген. Құлазыған жалғыздық. Адамзат осы жалғыздықтан қашудың пәленбай амалын тапқан болды, қатынастың неше түрін қалыптастырды. Бірақ тұлдыр жалғыздықтан қашқан адамдардың арасында шын достық, яки шын махаббат болуы мүмкін емес, себебі, шын қатынас мұқтаждықтан туындамайды.
Шын махаббат жалғыздықпен ғана жолдас. Рухани жоқтықтан, мұқтаждықтан кездескен екі адам бар болғаны бірін-бірі пайдалануға тырысады. Бұл жерде махаббат жоқ, бұл – жаулықтың бір түрі ғана, меймананың сайысы ғана. Күндердің күнінде бал таусылып, удың кесесі ішіледі. Міне, енді ғашықтар қақпанға түсті. Бұрын әрқайсысы жеке жүріп жалғыз еді, енді бірге отырып жалғыз. Бұдан өткен қасірет бола ма! Түптеп келгенде, махаббат пен жалғыздық екеуі бір нәрсе. Біз бұл арада тастандылық санасынан туындаған құлазыған жалғыздықты (покинутость) емес, мейір-шапағатты, өз-өзіне жетілген (самодостаточное одиночество) жалғыздықты айтып отырмыз. Адам мұндай жалғыздықта өзін жалғыз сезінбейді.
Мейірлі, шапағатты жалғыздық – мүлдем басқа нәрсе. Мұнда адам жалғыз болудан қорықпайды. Ол өзінің жалғыздығын жақсы көреді, одан ләззат алады. Жалғыздықтан оның рухы жаңғырады. Ақырында өз рухын таныған, Құдайдың дидарын көрген адамның бойын телегей шаттық кернейді. Міне, осы кезде ол жауынға жүкті бұлттың күйін кешеді. Бұлт жауын төккенде, ол жерге, жерден жарып шыққан көкке керек пе, жоқ па, білмейді, ол тек бойын босату керек. Асып-төгілген шаттық - ең ауыр салмақ. Қасірет пен қайғыны жалғыз жүріп көтеруге болады. Бірақ шаттықты бөліспек керек. Міне, шын махаббат мұқтаждықтан емес – өзіңнен артылғандықтан, асып-төгілгендіктен.
Абай кейіпкерінің ынтызарлықтан санасы сансыраған кезде айтқан бір сөзі естен кетпейді:
Жар, сенің көңілің тоқ,Ақ етіңді,
Нұр бетіңді
Меншікті
Қылмаған соң,
Алла Өзі сорлы етсе, жоқ.
«Амал, не, Алла тілекті бермеді, етіңді, нұр бетіңді меншікті (!) қылмады» дейді ғашық. Тағы да «Мен!». «Меншігім болуың керек еді» дейді. «Мен осындай болдым, ал сенің көңілің тоқ» дейді. Сол «меннен» туындаған, жаһаннамның отыңдай күйдірген қызғаныш! Қызғаныш, тіпті ынтызарлықтан туындаған қызғаныш болсын, ешқашан биік қасиет болмаған. Қызғаныш – кемді күннен туатын бостандыққа еш жанаспайтын сезім.
Онда (қызғанышта) қолайы келгенде тиранияға айналатын меншік инстинкті бар. Махаббат мұндай тілде сөйлемейді. Махаббат тілі иемденудің тілі емес – алғыстың тілі.
М.Цветаеваның жастау кезінде жазған бір өлеңі ойға оралады. «Менімен дерттенбегеніңізді ұнатам, табанымыздың астындағы қара жердің шыркөбелек айналып жоғалмасын білемін. Мені білмей тұра осынша сүйгеніңіз үшін, айлы түнде қол ұстасып серуен құрмағанымыз үшін, мені, әттең, сүймегеніңіз үшін, менің сізді, әттең, сүймегенім үшін жүрегіммен де, алақаныммен де алғыс айтамын» деп сыр шертеді, бұл өлең.
(«Мне нравится, что вы больны не мной,Мне нравится, что я больна не вами.
Что никогда тяжелый шар земной,
Не уплывает под нашими ногами...
...Спасибо вам и сердцем и рукой,
За то, что вы меня – не зная сами! –
Так любите: за мой ночной покой,
За редкость встреч закатными часами...
За то, что вы больны, увы, не мной,
За то, что я, увы, больна не вами!»).
Кездеспеген, қол ұстасып көрмеген адамға жолданған хат болғанымен, бұл өлең – махаббат жайында. Лирикалық кейіпкер «Мені сүймесеңіз де, жүрегіңізде махаббаттың болғандығы үшін ғана рахмет сізге. Жүрегіңізде махаббаттың болғаны – мені де сүйгеніңіз» дейді. Біз мұны әлдеқайда естияр, әлдеқайда адамгер сезім дер едік.
Абайдың кейіпкері – өзінің рухынан тамыр тартпаған, өзінің жалғыздығын тани алмаған, өз-өзіне жетілмеген, сыртымен ғана ғұмыр кешкен адам. Оның бойында заңғар менмендік, ғарыштай үлкен «эго» бар. «Мендей сүйген, махаббатқа мендей құл болған пенде бар ма екен бұл дүниеде?» дейді ғашық.
Мақтан. Бірақ махаббатқа мақтан жүре ме екен? Бұл ынтызарлықтың ар жағында бойын жасыра алмай тұрған меймана.
Ал әйел... үнсіз. Абай поэзиясын зерттеушілердің байқамаған бір нәрсесі – осы. Бұл өлең ғашық жігіттің монологы емес, екі адамның – әйел мен еркектің арасындағы этикалық тартыс. Өз бетінше бөлек тұратын шығарма, әйтеуір, бір контекспен шендеседі, тартысқа түседі. Осы сөзіміз өтірік болса, онда Абайдың әйел теңдігін жырлағаны да өтірік. Феодализм дәуірінде өмір сүрмеген, ескі заманның әңгімесін шежіреден білетін біз үшін әйел теңдігі өз-өзінен болған нәрсе сияқты. Бірақ сол ескі заманда әйел бостандығы нақты проблема болған. Кісілікте, ізгілікте басқа қазақтан ертерек оянған Абай теңдік мәселесіне келгенде үнсіз қалса... Абай болмас еді. Себебі, Абай үшін әйел теңдігі – ең әуелі өз анасы Ұлжанның теңдігі, сүйген жары Ділдәнің теңдігі.
Не айтасың? Айтатыны сонша көп, сөзге сыймас еді. Сол себепті, үнсіз. Бірақ бұл үнсіздіктің өз шешендігі бар. Бұл үнсіздік ести білген адамға сөзден айтқыш, қымбат үнсіздік. «Үнсіздіктен артық етіп айта алмасаң, үндеме» депті бір данышпан. Әйел – осыны білетін саналы жүрек иесі. Мәжнүн жігіт махаббат жайында біледі, әйел – махаббаттың өзінде тұр. Оның үнсіздігінде тілмен айтып жеткізгісіз асқақ сұлулық, бақидың дәмі бар. Тіршіліктің тілі – бір ғана тіл: үнсіздік. Тәңірінің күбірі жым-жырт үнсіздіктен ғана естіледі. Әйел – Тәңірінің күбіріне, тіршілік жырына ұйыған адам. Ол махаббат жайында айтып бере алмайды. Себебі, махаббат адамның мұқтажынан, керегінен емес, оның негізінің тереңінен өсіп шыққан гүл, ол гүл сөзден, сөз дүниесінен аулақ тұр. Ол тіршілік жырын жырлап тұр, бірақ бұл жырды сөзге айналдыру мүмкін емес. Оның махаббаты – дұғасы. Сүйген жүрек үшін, сиынған жүрек үшін барлық жер – қағба.
Мұның жанында мәжнүн жігіт айтқан «Тәңірі – қазы, Тас таразың» неге татиды? Әрине, әйел – қатігез. Бірақ, бұл – мейірімнен туған қатыгездік. Айтар сөзін адал айтқан қатыгездік.
Әйел күнәһар емес. Өмір-дастанның бір парағын ғана оқып, үкім айтпаңыз. Өзіңізді тұтас тани алмай тұрып, өзіңіздің кім екеніңізді білмей тұрып, басқаға қалай баға бермексіз? Әуелі өзіңізді таныңыз, өзіңізді тани түскен сайын басқаның жайына, сырына қана түсесіз. Өзіңізді толық таныған күні сіз күнәһар да, әулие де жоқ екенін, мұның барлығы қалың ұйқыда жатқан адамзаттың драмасы екенін түсінесіз.
***
Абай поэзиясы бостандықтан туған. Ақынның аталмыш өлеңі осының айғағы. Бұл шығармадан автордың позициясын ажырату қиын. Әдеби форманың қитұрқылығынан бейхабар адам мұның байыбына барып та әуре болмайды. Бұл жерде ақындық «мен» жоқ. Бұл Абайдың өзімен бірге о дүниеге кеткен рухани тәжірибесі де емес, тіпті тастап шыққан, жеріп шыққан «мені» де емес. Бұл – бейнелеудің жаңа түрінің келгенін айғақтайтын белгі.
Ақын осы өлеңінде шылыққа толы ескі, мәжуси дүниемен қоштасты, жаңа заманға, жаңа низам, жаңа хұқыққа аяқ басты. Әрине, патриархалдық қоғамның Абай айтқан қағидаларды қабылдауы қиын еді. Абай әйел бостандығын алғаш сөз еткен ақындардың бірі деседі. Олай емес. Абай әйел бостандығы, еркек бостандығы деп жеке-жеке атамаған. Ол бір ғана бостандықты – адам бостандығын жырлаған.
***
Хакимның бұл ұлы жұмбағын қазақта екі-ақ адам шешті – Мұхтар Әуезов және Мұхтар Мағауин. Шиесін тарқатып қана қойған жоқ. Ұлы Ұстаздың ізгі сауалын одан сайын тереңдетіп, жаңа қырларын аша түсті.
Мұхтар Әуезовтің 1925 жылы жазған «Қаралы сұлу» әңгімесі – осы Абай сауалына айтылған жауап және сол сауалдың жалғасы.
Сүйген жары, Құдай қосқан қосағы Әзімханды аза тұтып, алты жыл бойы жан азабын кешкен Қарагөз – Абай өлеңіндегі ғашықтың аңсарынан туған адал жар. Бірақ сөйлем сайын тарқатылған сұмдық сырдың ұшығына шыққанда о бастағы ізгі махаббаттың қандай аномалияға айналғанын көресіз.
Қарагөз махаббатқа емес – объектке, фетиш дәрежесіне көтерілген Әзімханның бейнесіне ғана адал. Адал махаббат – қоғам тудырған миф. Адал махаббат – махаббаттың өзі емес, таза махаббат идеясы ғана. Қарагөз қоғамдық моральға адал.
Үндінің кейбір тайпаларында ежелгі салт бойынша, әйел (тірі әйел!) өзінің өлген күйеуімен қоса өртеледі екен. Жабайылық дерсіз. Ал отызды енді алқымдаған, көңілі гүл, тәні өрт, бұлықсыған әйелді алты жыл бұрын өлген күйеуінің соңынан адалдыққа бұйырған шылық, қоғамдық сана – жабайылық болмаса, қай жері адамдық?
Әңгімедегі көктем және жайлауға көш түзеген ауыл – мәңгі жас махаббаттың символы. Түлеген табиғатпен салыстырғанда Қарагөздің трагедиясы, алты жылдық арпалысы көзге сонша қораш көрінеді.
Қазақта «өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі кісі тіршілігін істейді» деген сөз бар. Ұлы мақал! Нәсілдің бүкіл рухани тәжірибесі алтындай құйылып осы екі ауыз сөзге сыйып кеткен. Өлгеннің артынан өлу – өмірді, қасиетті тіршілікті қорлау. Яғни, сен өмірді сүймегенсің, ешкімді сүймегенсің. Адам бұ дүниеге келгенде біреуге қызмет ету үшін емес (табынғаны пайғамбар болса да), өз кесесін тауысып ішу үшін, өз рухын тану үшін келеді. Біреудің артынан өлу – адамдығыңды аяққа басу. Тіршілік қандай кемеңгер болса, әйел табиғаты да сондай кемеңгер. Өмірді, тіршілікті, өмір нәрін, махаббатты, әйел табиғатын жеңу мүмкін емес.
ХХ ғасырдың басында қазақтың жазба әдебиеті енді қалыптасып жатқанда мұндай өредегі әңгіменің тууы – әрине, таңғажайып нәрсе, бірақ болған іс.
Мұхтар Мағауиннің жазу техникасы Батыс әдебиетінің ықпалында қалыптасқанымен, бүкіл дүниетанымы, руханияты Абай аңғарында жетілгені байқалады. Жазушы өзінің жастау кезінде жазған «Күтпеген кездесу» атты әңгімесінде Абайдың аталмыш өлеңін алғаш рет жаңғыртады. Дәлірек айтқанда, бұл әңгіменің сюжеті Абай өлеңінің жалғасы, рецитациясы, реактуализациясы. Сынның сауатсыздығынан жалыққан жазушы өзінің суреткерлік мүддесіне қайшы іске барып, әңгіменің ішіне кейіпкердің мінездемесі ретінде Абай өлеңі жазылған дәптерді енгізген, яғни, талдаудың жолын өзі көрсетіп берген. Әңгімедегі Көшім – баяғы Абай айтатын мәжнүн жігіт, ал оның өліп-өшіп, сүйген ғашығы Әлия – опасыз жар. Ұнамды кейіпкер Көшім екені, жазушы соның жағында екені анық. Әңгіменің соңында: «Ішіміздегі шын бақытқа, шын махаббатқа лайық адам осы Көшім еді», - дейді автор.
Бірақ әңгіме осы бір шығарманың аяқталмағаны, автор Абайдың аталмыш өлеңін ұзақ уақыт бойы, қайта-қайта оқып зерделегені, тереңіне батып, Ұлы Ұстаздың жұмбағының сырын ұғуға тырысқаны байқалады. Осы жолда ашқан адам психикасының сырлары жазушының бүкіл шығармашылығына өзек болды. Осы ретте М.Мағауиннің 70-жылдардың аяғында жазған «Өмір жыры» (екінші аты «Мәңгілік күй»)повесін өрелі туындыларының бірі ретінде атар едік.
Автор махаббаттың қилы тағдырын аша отырып, үлкен ізгілік сауалдарын көтерген. Бірінші новелладағы суретші – шын сүйген адам. Әрине, повесті алғашқы оқығанда кейіпкердің түсініксіз қатыгездігіне таңқалар едіңіз. Трамвайда кездейсоқ кездескен қыздың көзіне ғашық болған суретші арада бірнеше ай тынымсыз іздеудің нәтижесінде сүйгенін табады. Бірақ одан кейін сөзден жаңылып, ғашығын азаптап қинай бастайды. Араға апта салып, ай салып, тіпті жыл салып, махаббатын сынаған суретшінің жалғыз ғана мақсаты – қызға сүйем деген сөзді айтқызу. Мұндай қатыгездікке сұхбаттас жазушы да таң қалады.
«Біз естіген хикаяда сүйген бір-ақ адам – Әлия деп ойлаймын. Жарайды, шығарып салмасын. Сол күні не жағдай болғанын қайдан білдіңіз? Қалыпты өмір ағысын бұзатын кездейсоқ оқиғалар өмірде аз ба? Мейлі, біздікі тек жорамал. Одан кейінгі күндер ше? Хабар күткені күмәнсіз. Ынтыға, зарыға күтті. Бәлки, тіпті сізбен еріп кетпегеніне өкінді. Сіз ойлануға да мұрша берген жоқсыз ғой. Сөздің түйіні, кінәлі бір-ақ адам – сіз. Сүйген бір-ақ адам – ол» дейді жазушы.
Өкінішке қарай, Жазушы хикаяны тыңдап отырып, ештеңе ұғынбаған. Әрине, ол өзі ойлағандай, адам жанының білгірі болса, бұл жерде ешқандай қатыгездіктің жоқ екенін, суретшінің тентек қалжыңдары немесе садизм, түптеп келгенде құбылған эротика екенін, махаббаттың сублимациясы екенін аңдар еді. Шын махаббат пен жыныстық махаббаттың арасы жер мен көктей. Тамырлары айқасқанымен, бұл – түрлі негіздер. Адам жыныстық өмірде аталық стихияның ойыншығы ғана болады. Шын махаббатта жеке бас қымбат, онда бет-бедер бар, ол нақты адамға бағытталады. Ал жыныстық сезім, ынтызарлық адамдардың арасына айырмашылық қоймайды, онда біреудің орнын біреу басуы мүмкін. Араға пәленбай уақыт салып, асығып-аптығып жеткен суретшіге сүйген қызы өзінің басқа адамға тұрмысқа шыққанын жайбарақат қана баян етеді.
«Ақыл тоқтатқан кезімде ойлап отырсам, ол мені ешқашан да сүймепті. Ұнатуы, теріс көрмеуі мүмкін. Ал махаббат жоқ. Мүмкін емес», - дейді суретші.
Повестегі үшінші новелла – жазушыға пойызда кездесіп қалған кездейсоқ жүргіншінің махаббатын баян етеді. Өзінен бірнеше жас үлкен, өмір көрген әйелге ғашық болған, осы жолда талай қасірет шеккен кейіпкердің өртене отырып айтқан әңгімесі оқырманын қатты тебірентеді. Әрине, кейіпкер сезімінде эротизм басым. Алайда бұл – бір адамға ғана ғашық жүректің жанында жүретін, үлкен жарастыққа негіз, тірек болатын сезім. Махаббаттың от-жалын стихиясында заңнан, әдептен үстем шығатын асқақ шындық бар. Жігіттің сол өңірге аты шығып қалған, есік көрген әйелге ғашық болуы – ессіздік, бірақ өзінің қайталанбас сыры бар ессіздік. Шын асықтық – құпия және заңсыз. Екі ғашық туған елді көрмей кетуі, заңды түрде некеге тұрмауы – осының барлығы жазушы шебер пайдаланған жанама кеп. Дүниедегі ең үлкен қайғы – басқамен бөлісе алмаған махаббат. Арада қанша уақыт өтсе де, кемерінен бір елі төмен түспеген, күйіп-жанған асықтық ақыр соңында әйелді үркіте бастайды. Екеуінің бір-біріне лайық емес екенін сезесіз. Шын махаббат – кездесу кездейсоқ болмағанда ғана, Тәңірі қосқан екі жардың арасында ғана болады. Бірақ көп жағдайда адамдар дәм айдап, кездейсоқ кездеседі. Басқа жағдайда адам өзіне лайықтырақ басқа біреуді табар еді. Көп адамның арасындағы сиқысыз неке осындай кездейсоқ кездесуден. Әңгіменің аяғында ғашық жігіт жалғыз үйлі разъезден түседі. Оны ешкім қарсы алмайды. Бұл – бүкіл хикаяның логикасымен дайындалған жалғыздықтың символы.
«Махаббат сырын тауысу мүмкін емес» деген ой түйеді автор. Себебі, әр адам – махаббаттағы жеке тағдыр.
***
М.Әуезов пен М.Мағауиннен кейін Абайдың бұл психологиялық жұмбағын шешкен, интерпретациялаған былай тұрсын, қарасын алыстан шалған адам болған емес. Шығыс данышпандығын, Батыстың этикалық ойын барынша таныған Абай төл әдебиетте ұлы үрдіс қалыптастырды. Бұл үрдіс бүгінгі әдебиетке ұласты, бейнелеудің жаңа құралына айналды.
Әрине, Абай салған жол өзінің ұшығына жеткен жоқ. Мерейлі шақ алда.