Он үш жастағы Абай жан күйзелісінен қалай шықты?

ӘДЕБИЕТ
9210

Он үш жастағы Абай неден мұрттай ұшты? Неден қатты үрікті? Кімнен көңілі қалды? Неге егіліп жылады? Науқастанған Абайды қалай ұшықтады? Жан күйзелісінде оның қасында кімдер серік болды? Абайды жан күйзелісінен не нәрсе шығарды?

Шаһарда үлкен ұстаздардан білім алып жатқан он үш жасар Абай оқуын үзіп, әкесінің қалауымен ауылына оралады. Ауылға деген сағыныш тағы бар. Сол кезде Қодар-Қамқа трагедиясының үстінен шыққан соң, екіұдай көңілдегі Абайдың мұрттай ұшуы тән жарасы ғана емес, жан жарасы болып бейнеленеді. 

Ел аузы Қамқа мен Қодар нәпсі үшін қылмысқа барған деседі... 

Жиын болып, кісі өлтіріп, ел ортасында құлақ естіп, көз көрмеген сұмдықты көрді Абай. Абайдың іші мұздап, жүрек қаны, жан тамыры дір-дір қағып, қалтырай үріккендей. 

Кімнен, неден үркеді? Әсіресе, әке… әке істеген мінез, әке қолындағы қаннан үркеді. Өз әкесі... 

Өлтірілген Қодар сөзі: «Мен көк ит болсам, сендер көп ит, таларсың да, жерсің». Абайды қатты толқытқан осы сөз болды. Ол қатындардың жасырын зарын да еске түсіріп, еңіреп қоя берді. Көз жасына ерік беріп, өксіп-өксіп жылады. Тоқтай алмай егіліп жылады. Құлазығандай жапа-жалғыз! Өзін ең бір панасыз, ең сорлы жетімдей сезінді. Іштен тағы бір үлкен, ауыр толқын бүктетіліп, булығып кеп, бала жүрегін жаныша ұрғанда, ол бұрынғысынан да қатты, аса қатты, бір өксікпен, солқылдап жылап жіберді. Дауыстап жылады. Қасындағы Жиреншеге білдірмейін деп, әлі де ағызып шауып келе жатқан. Сол шабыс қосылды ма, болмаса өзінің бала көңілінің сенделуі сондай ма, Абай бір уақытта жылау үстінде лоқсып-лоқсып булығып кеп, құсып-құсып жіберді. Аш өзегі ақтарылғандай. Жаны да, денесі де қатарынан қатты азап шекті. 

Дүние у-шу, ызың-ызың. Бірақ соны көмескі, бұлдыр бір түс араластай болжайды. Басы мең-зең. Еті лапылдап, күйіп тұрған сияқты. Аузы құрғап, ерні қатты кезеріп қапты.  Абай осыдан бірталай, ұзақ ауырды. Алғашқы күндер біреу «ұшынған» деп, біреу «соқпа» деп, тағы біреу «сүзек» деп, әр түрлі топшылағанмен, дәл басқан ешкім болған жоқ. Әсіресе, ем істелген жоқ. Жалғыз-ақ алғаш жығылған күннің ертеңінде, әжесінің бұйрығы бойынша бір қартаң қатын күн батарда Абайды далаға алып шығып, жаңа сойған қойдың өкпесімен қақты. Бетіне су бүркіп, үшкіріп: - Кет, бәлекет, кет! Көш, баламнан, көш! – деп, батып бара жатқан қып-қызыл күнге қаратып қойып, бірдеме ем істеген болды. Ұшықтаған еді.  

Абай буыны қалтырап, басы айналып, зорға шыққан. Екі күннен соң ауыл Көлқайнардан Шыңғысқа қарай көшті. Сау болса, Абай көшті көңілді өткізіп, асыр салар еді. Оны меңдетіп жеңген ауру да жоқ. Бірақ сау да емес. Жүрейін десе көзі қарауытып, басы айналып, құлап қалады. Бұның ауруына қарап, көшпей отыруға болмайды. Абай атқа мініп жарағанымен, үйден көп шықпайды. 

Өзіне бір ермек, дос тапты  – әжесін. Әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. Оның әңгімелерін түсте де, кешке  Абай айтқыза беретін болды. Ынтыға тыңдады. 

Кейде әжесі шаршап айтпай қойса, көп әңгіме білетін шешесі Ұлжанға жабысады. Оқымаған шешесінің әлі күнге ұмытпай, білдірмей, сақтап жүрген зейініне таңқалады. 

Сондай шеше әңгімелеріне бар бейілін беріп жүрген күндердің бірінде үйге екі қонақ келді: Байкөкше жыршы мен Барлас ақын. Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. Абайдың өмірі естіп білмеген жыры. Жыр еліткен Абай көпке дейін алағызып ұйықтай алмады. Тілі ұғымды, өмірі таныс болғаннан ба немесе Барлас пен Байкөкшенің кезектеп айтқан жырларының кейде шырқаған, кейде қалқып баяулаған, кейде лекітіп соқтырып, ескектете желген әнінен бе? 

Бебеу қаққан қоңыр, майда баяу домбырадан ба? 

Абайдың кешкі уақытта тыңдаған жырларының көбі термелер болды. Сол кезде Барлас ақын күндізгідей қызықты, қызуды қыздырманы ғана айтатын күлкішіл, сауықшыл емес – бір үлкен өсиетіш, кейде шерлі қарт сияқтанады. Абай оның жырларыни өзінше ұқты. Мысалдың көбін жақыннан іздейді. Бала Абай сырын, ойын ешкімге айтпайды. Абай Барластың қайғысын танығандай болды. Бұрын естімеген зарлы шері сияқты. Абай ысылып, шешесі арқылы салмақ салып, Барлас пен Байкөкшені бір айдай жібермеді. Екеуімен біржолата дос, жақын боп алды. Бертін келе түнде Барластың қойнына  кіріп те жатады. Күндіз барынша күтеді. Абайдың ұғымтал, зеректігіне қатты ырза боп, шын сүйсінген Барлас бір оңашада, жай  ғана тақпақтап: 

Шырағым ер жетерсің, 

Ер жетсең, сірә, не етерсің, 

Алысқа шырқап кетерсің, 

Шындасаң, шыңға жетерсің, - деп келіп, Абайға домбырасын ұсынды. 

-Міне, балам, осы менің батам болсын. Тіпті, шынымен мейірім түсіріп айтқызып отыр, - деді. 

Абай ыңғайсызданып қысылды да, үндемеді. Ертеңінде ақындар аттарын ерттеп, жүрерге тақағанда, Абай шешесінен «екеуін де жақсы қып тұрып сый беріп аттандыршы» деп сұрады. Ұлжан үндемеді.   Қонақтар қымыз ішіп болып, енді қоштасарға келгенде, Абайдың анасы Ұлжан қонақтарға қарап пішін білдірді. Қонақтар іркіліп қалған еді. Мынау балам оқудан қайтқалы сүле науқас болып, арыла алмай қойып еді. Сендер келгелі жақсы сөздеріңмен ем әкелгендей болдыңдар. Қадамы құтты қонақ болдыңдар! Тағы да келе жүріңдер. Анау кәрі әжесі мен бізді көп сейілттіңдер. Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста бір азырақ ырым байлаттым. Ала кетіңдер... 

Риза, қош боп аттаныңдар!  – деді. 

Абай шынында да ,дәл осы кезде өзін-өзі бар сырқаттан құлантаза боп арылғандай, нық бір қайрат жиып алғандай сезді. 

Тысқа шықса, екі жылқышы Барласқа арнап бір семіз көк атты, Байкөкшеге арнап бір торы құнанды ноқталап ұстап тұр екен. Абай шешесіне дән риза боп қуанып кеп, бұрынғы бір кішкентай күніндегі еркелігіне басты. Ұлжанның мол денесін қапсыра құшақтап, қатты қысып, бетінен, мұрнынан, көзінен қайта-қайта сүйді... 

«Абай жолы» романнан үзінді

«Абай жолы» – төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Оқиғалар жыл маусымдарының төрт мезгіліне бірдей, тәуліктің әр түрлі сәттерінде, күн демей, түн демей, толассыз өтіп жатады. Бұл бір мәңгілік толас таппас жақсылық пен джамандық, махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы ретінде бейнеленеді.

Дайындаған Заира Сабитова

author

Абай

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...