Аббас Киаростамидің өлеңдері

ӘДЕБИЕТ
3401

Аббас Киаростами (пер. عباس کیارستمی; 22 маусым 1940, Тегеран - 4 шілде 2016, Париж) - ирандық кинорежиссер, сценарист және продюсер. Ирандық жаңа толқынның жетекшілерінің бірі. Көптеген кинематографиялық марапаттардың иегері, соның ішінде 50-ші Канн кинофестивалінде "Шие дәмі" фильмі үшін Palme d’Or сыйлығын иемденген. Сонымен қатар, Киаростами дизайнер, фотограф және ақын ретінде де танымал. "Мәдениет порталы" атақты режиссердің бірнеше өлеңін қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынады. Мархаббат!

***
Уай, қалайша өмір сүреді екен осы,
Қалайша өмір сүреді екен осы?
Кәрі бір тасбақа
үш жүз жыл бойы
аспаннан хабарсыз күйде...
Аббас Киаростами. Ақ қар сериясы***
Мазар қазушы
Бір уаққа тынығып алғысы келді.
Бір үзім ірімшік пен нанды
Талғажау қылам деп тынығып алғысы келді.

Сәл бұрын екі күн бойы маңдай терін төккен
Өрмекші ісінің
Күл-талқаны шыққан
Кәрі мазар қазушының күрегінде. 

Өрмекші
Қайтадан ісіне кірісуге бел шешті сосын.
Бірақ бұл жолы
Мазардың емес жібек перденің үстіне
Тор тіге бастады.

Уай, осы өрмекшінің бір жолы болмай-ақ қойды ғой, әттең
Бұл кезек терезе жақтауындағы ай сынды
Жаңа туылған сәбидің дауысына шыдай алмай кетіп...
Аббас Киаростами. Ақ қар сериясы***
Бас ауған мекенге бет түзем келемін қазір
Күздің ымырт кеші сыйлаған
Сары-қызыл толқындардың қойнында келем.

Күн менен түннің 
аяқталар тұсына сенгенім секілді
ештеңеге сенімім жоқ менің енді

Уай, қазір қайда екен?
Не істеп жатыр?
Бейуақыта мен ұмыт қалдырған адам.

Мен болсам желге жолдас болды-ау енді
Жаздың алғашқы күнінде
Өзімен бірге алып кеткені несі
Күздің ақырғы күні

Иә, мен солай, бас ауған мекенге бет түзеп келемін жалғыз
Сылқия келемін жалғыз,
Жымиып кетемін жалғыз,
Еңіреп келемін жалғыз,
Тәрк етіп барамын жалғыз

Шығыс емес,
Батыс емес,
Солтүстік емес,
Оңтүстік емес
Мен қазір аяқ тіреп тұрған мына бір мекен.

Алып бір қыраттың ең биік шыңында тұрып
Шарасыз шыңғырам қазір;
Қайыра өз даусымды естіген сайын
Көз жасымды да тоқтата алар емеспін, неге? 

Сонда да жылай алғаным үшін мен неткен бақытты адаммын десеңші!
Өксігім алқымға тіреліп қалғанда кейде
әлде бір жанмен
Кездесер адамдай осы бір қыраттың басында күтемін нені?
Келмейді-ау бірақ
Есімін ұмытқан жаңағы адам.

Әсілі мен деген қанша жыл бойы
Сап-сары сабан шөп секілді
Мезгілсіз маусымдар ішінде 
Бағытсыз
Бағдарсыз адасып келіппін, әттең...

Аударған Файзулла Төлтай

Аббас Киаростами. Ақ қар сериясы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...