Кеңес үкіметінің мұртын балта шаппай дәуірлеп тұрған шағы. Шіркін, пенде баласы сәл-пәл шыр бітсе, к...
Назерке ЖҰМАБАЙ. Оралханға сағыныш...
Оралхан Бөкейдің дүниеден өткеніне 17 мамыр күні 20 жыл болды. Осыған орай біз Асанәлі Әшімовты сөзге тарттық.
«Оралхан, Оралхан» дегенге таудай біреу екен десем...
Оралханмен біз кейінгі жылдары жақсы араласып, етене жақын болдық. Алғаш кездескенім де дәл бүгінгідей көз алдымда. Әлі есімде Жастар театрында жаңа спектакль қойылып, соның премьерасы болып жатқан. Есіміне қанық болғаныммен, ол кезде Оралханды танымаймын. Шашы иығына түскен, еңсесі биік, паңдау жігіт қасыма келіп отырды. «Оралхан деген сен бе?» – деп сұрадым. Әдеттегі кербұғыға тән кербездігімен «иә!» деп кегжең ете қалды. «Оралхан, Оралхан!» дегенге таудай біреу екен десем, оймақтай ғана екенсің ғой» – деп қағыта қалжыңдап, күлдім. Өзі де әзілден алыс емес еді ғой. Астарлы, жұмбақтау қалжыңы болатын. Әп-сәтте әңгімеміз жарасып сала берді. Менен жасы кіші болса да, «Ас-аға!» деп құрдасындай қалжыңдасушы еді. Қазір атыңмен атап, «сен» дейтін жастар бар. Ал Оралхан «Асеке», «Ас-аға» дегеннен асқан жоқ, «сіз» деген сыйласыммен кетті ғой. Адамның жанына ерекше бір жақын, рухани үндес адамдар болады. Мен үшін Оралхан мен Кеңшілік сондай жан еді. Адамгершілік қасиеттерін де, шығармашылық қарымын да айрықша бағалаймын. Қазір мұндай жігіттер аз. Сағынамын...
«Жеті жетімнің» президенті болғанмын...
Бұл да бір қызық кезең болатын. Оралхан, Ақселеу Сейдімбек, Кәрібай Ахметбек, Серік Әбдірайым, Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбай, Қуанышбай Құрманғали бастаған жетеуге «Жеті жетім» деп ат қойып жүрген осы Оралханның өзі. Сол атақты Жетінің төртеуі – мықтылары кетіп қалды. Ең бірінші Оралхан кетті ортадан. Бірде: «Мен де жетіммін ғой, қатарларыңа қосыңдар» деп қалжыңдадым. Содан олар құрамдарына алатын болып шешіп, «жетімдердің» президенті етіп сайлады. Ол кезде Оралхан бар еді, төрт көздері түгел-тұғын. Кейін аяулы достар бақилық болып, «жеті жетімнің» қатары сирей бастағанда: «Әй, жетімдер, өліп қала беретін түрлерің жаман екен, мені қатарларыңнан тездетіп шығарыңдар» деп әзілдегенім бар. Жабыққан көңілдері көтерілсін дегенім ғой, әйтпесе, ол достардан айырылу қай-қайсымызға оңай тиген жоқ.
Дүбірі бөлек еді...
Қазір театрдан жазушылар қатарын сирек көресің. Ол уақытта жақсы еді, зиялы қауым спектакльге жиі келетін. Қойылымнан соң ой-пікірлерімен бөлісетін. Әсіресе, Оралханның театрға деген махаббаты ерекше еді. Жасында артист боламын деп армандап, бір жыл актерлік факультетте оқығаны да бар. Сондықтан ба екен, әйтеуір бізбен етене араласып, жақсы көретін. Театрға жиі келетін. Кейінірек өзінің де пьесалары сахналанды. Залда ине шаншар орын қалдырмай, үлкен аншлагпен өтті. Әнуар Молдабеков, Құман Тастанбековтер ойнаған «Құлыным менің» қойылымы сахнада табысты жүрді. «Қар қызының» бедері өзінше ерекше. «Текетіресі» қандай! Оралхан шын мәніндегі дүлдүл драматург болатын. Дүбірі бөлек еді...
Көп режиссер Оралханды түсінбейді...
«Оралханның әңгімелерінен кино түсірсе қандай керемет болар еді» деп үнемі ойлаймын. Қай шығармасының да сюжеті қызық, киноға сұранып тұр.
Сонау бір жылдары талпыныстар болды. Бірақ соңына дейін жеткізе алмады. «Қар қызының» да жолы болмай жүр. Меніңше, кінә – режиссерден. Көп режиссер Оралханды түсінбейді. Оның жазудағы қолтаңбасы ерекше: көбінесе фантастикалық, аңыздық стильде жазылады. Символдық астарға көп мән береді. Осы жағынан келгенде жапондық жазушылармен үндес дер едім. Киносы болсын, спектаклі болсын, Оралханға осы қырынан келу керек. Өйткені оның қазақы шеңберден шығып кеткен ойлары бар. Фантастикаға жақын. Қай жағынан барсаң да, өзінше астар тауып, жанданып кетеді. Кейіпкерлер характері де өзгеше. Анау шал... сұлу қыз... аппақ қар... таудың іші... Осының бәрі контрасқа шебер құрылған. Әдемі кино ғой! Тереңіне бойлап, астарын аша алса болғаны, қалғаны дап-дайын дүние. Ең бастысы, бұл шығармаларда тағдыр бар. Адамдардың бейнесі, мөлдір әлемі, боямасыз болмысы бар. Шукшин, Шолоховтар сияқты. Елестетіп отырып, бір деммен оқып шығасың. Экрандаса, режиссерлердің Оралханға әйтеуір бір айналып соғатыны заңдылық. Алайда Қазақстанда соны қоятын режиссерді дәл қазір мен көріп тұрған жоқпын. Біздің режиссерлер түсірсе, көпшілігі «қазақбайлап» қояды, тұрмыстық деңгейден ұзамайды. Ал Оралханның шығармашылғы одан әлдеқайда алыс, әлдеқайда биік. Онда тазалық, мөлдірлік бар. Ең дұрысы, мұны шетелдік қоюшы мамандарға беру керек. Бәлкім, сонда Оралханның философиясына бойлармыз, жақсы дүние шығар...
Әлі талай өліп-тірілерміз...
Менің шығармашылығым жайында баспасөз бетінде ең алғаш талдап мақала жазған – Оралхан. Онымен журналист-жазушы, мен актер ретінде ортақ тіл тауып, еркін сөйлесетінбіз. Әңгімеміз жарасты. Спектакльдерімнің барлығына дерлік келіп қатысатын. Кейінірек сериялы мақала жазды. Сол үш мақаласын, қазіргі тілмен айтқанда, кандидаттық жұмыс деңгейінде жазылған дер едім. Өз басым шығармашылығыма берілген бағаға өте кірпияздықпен қараймын. Оралханнан артық баға берген адам кемде-кем. Жазады, бірақ көпшілігі баяндаудың деңгейінен ұзай алмайды. Әрі талдап, әрі тура бағасын беріп, әрі әзіл араластырып Оралхандай жазғаны жоқ. Ақиқатын айтуым керек. «Иә, талай рет өліп-тірілермін...» деген мақаласы осыған дәлел. Шекспирдің кезекті трагедиясын ойнауға шығып бара жатып «Әлі талай өліп-тірілермін...» деп айтқан сөзім ғой. Талай кейіпкерлерді ойнармыз, талай рет кездесерміз, әлі талай образ жасармыз деген ой астарын дәл түсініп, Оралхан осылай деп тақырып қояды. Алғашқы жазғаны «Асанәлі асуға беттеді» деп аталады. Өнерге берілген шынайы, әділ баға актер үшін тосын, жаңашыл ізденістерге бастау болады, алдағы қойылымдарға серпіліс, үлкен шабыт береді. Қанша өліп-тірілсең де асуға беттеуің керек, алда әлі талай ізденіс пен еңбекке толы ауыр да азапты жол бар екенін еске салады. Иә, әлі талай өліп-тірілерміз...
Мұны тек тағдыр деуге болады...
Оралханның өмірінің өзі қызық. Тағдырлы қаламгер ғой. Бір перзентке зар болып тағдырдың тауқыметін көп тартты. Кейде пендеге тән аяушылық сезіммен аяйтынмын. Оралхан отырған жерде бала туралы әңгіме қозғаудан қашатынбыз. Кейін өмірінің соңына қарай Алланың қалауымен сәбилі болды, бірақ оларды көрген емеспін. Алғашқы қосағы Айман керемет жан еді. Бір-бірін шын сүйді. Осы сезім шынайылығы шығар, бала болмағанына қарамастан, бір-бірін қимай жиырма жылдан артық бір шаңырақ астында тұрды. Шынын айту керек, мұндай сынға кез келген ер адам шыдай бермейді. Кейбір адамдар болады, барлық күш-қуатын, жігерін шығармашылық жолына, ойға жібереді. Өмірден ұрпақсыз өтуіне осының да әсері бар шығар. Мәселен, Димаш Ахметұлын алайық. Оралхан бар. Тағысын тағылары. Мұны тек тағдыр деуге болады...
Саны көп, іліп алар біреуі жоқ...
Оралхантану саласын ғылыми тұрғыда қолға алу керек. Ақиқатына келгенде, жазушылар берекесіздеу қауым ғой. Оларда ұйымшылдық, қауымдасып өмір сүру жоқ. Әрқайсысы өзі бір әлем, жеке ұжым. Сондықтан да қазір ешкімге кінә арта алмайсың. Оралханның елеусіз жатқаны рас. Тек туған-туыс, жерлестері ғана емес, оны әрқайсымыз іздеуіміз керек. Оралхантанушы өздерің болуға тиіссіңдер. Жалғыз ғана «Оралхан оқулары» байқауын білемін, басқа жағы тым-тырыс. Жазушылар арасында Оралханның атындағы сыйлық тағайындау керек. Көшеге, театрға есімін беру жайы да кезек күттірмейтін мәселе. Бізде жиі аталып, ауыздан түспейтін бірді-екілі ғана ақын бар, қалғаны елеусіз, ескерусіз. Абайдың өзін ұялғаннан айтады. Алашқа ортақ ұлдар өзіне лайықты бағасын алуы қажет. Жазушылар одағының мыңға тарта мүшесі бар. Көңілдеріне келмесін, бірақ олардың біреуінің есімін ерекшелеп, Оралхан сияқты айта алмаймын. Саны көп, іліп алар біреуі жоқ. Қалихан, Әкім, Сайындар, әрине, өз алдына бір төбе ғой. Олардың талантына ешкім шәк келтіре алмаса керек. Мықты буын болатын. Оралхан да өз ортасын тасты тесіп өскен аршадай жарып шыққан еді. Қазір Оралхандар, Оралхандай қара сөзбен жырлайтындар... тұшынып оқитын дүниелер аз.