Суһраб Сепеһри (1928-1980) – Иранның жаңа дәуір әдебиетіндегі қатарына Нима Йушидж, Ахмад Шамл...
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ БИЛЕР ИНСТИТУТЫ
Ә.Кекілбаев – әдебиетке кемел ойымен, көркем сөзімен келген гуманист жазушы. Оның шығармаларының көп бөлігі халқымыздың тарихымен тығыз байланысты. Әдебиет – халық өмірінің айнасы, рухани мәдениеті, елдің арманы мен мүддесі болса, тарих оның шежіресі. Жалпы тарих пен әдебиет қатар жүреді, әркашан тығыз байланыста болады.
Әбекеңнің тарихи тұлғаларға арналған еңбектерін негізінен екіге бөліп қараймыз: 1. Әдеби көркем шығармалардағы тарихи тұлғалар (Абыл, Сүйінғара, Бекет ата, Шыңғыс хан, Әмір Темір, Әбілқайыр хан, Абылай, т.б.) 2. Ғылыми зерттеулеріндегі тарихи тұлғалар. Олар негізінен Қарабура, Шотан батыр, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Әбілқайыр хан, Шақшақ Жәнібек, Барақ сұлтан т.б. Біз осылардың ішінде Әбекеңнің билер институтына арналған зерттеулеріне тоқталамыз.
Қазақ тарихындағы билер қызметін зерттеген адам қара қылды қақ жарған әділдікті көреді. Ә.Кекілбаевтың қазақ тарихына қатысты зерттеулерінде ерекше орын алатын тарихи тұлғаларның бірі – Әйтеке би. Жалпы қазақ еліндегі билер институтының тарихын соңғы екі ғасырда көптеген ғалымдар зерттеді. Солардың ішіндегі ең ірілерін айтсақ, ХІХ ғасырда Ш.Ш. Уәлиханов, ХХ ғасырда С.З. Зиманов болатын. Ал Әбіш ағамыз Әйтеке биге қатысты барлық деректі жан-жақты зерттегенін қазір біз мақтанышпен айтамыз...
Қазақ билері тарихымызда әділ билігімен ерекшеленеді. Сол қара қылды қақ жарған әділдік осы заманда болса екен деп армандаймыз...
Осы уақытқа дейін қазақтың үш биі Төле, Қазыбек, Әйтеке ерекше дараланып, қатар ұлықталып келгендіктен, басқа билерімізге қарағанда көп зерттеліп жазылды [1]. Әлі де ғылыми жаңалықтар ашылып жатыр.
Төле биге қатысты бір қате мәліметті алғаш Ш.Ш. Уәлиханов жазғандықтан, сол оқиға осы уақытқа дейін талай зерттеуші ғалымдардың басын қатырған еді. Ол қазақ елін Ресей шапқыншыларынан өмір бойы қорғаған батыр, қолбасшы Әбілқайыр ханды қастандықпен өлтірген «Барақ сұлтанды Төле мен Әйтеке билердің ақтағаны» туралы еді. Қалай болғанда да, ол осылай Ш.Ш. Уәлиханов еңбегінде жазылып кеткендіктен, соңғы уақытқа дейін талай тарихи мәліметтерді шатастырған еді [2]. Әрине, Шоқан бұл мәліметті халықтан алды. Сондықтан ол өзінің билер сотын зерттеуіне пайдаланған. Қазақ елінің алдындағы осынша еңбегі бар хан Әбілқайырды Неплюевтің тапсырмасымен өлтірген Барақ сұлтанның бандиттік әрекетін қазақ билері ақтады дегенге зерделі зерттеуші сене қоюы мүмкін емес. Дегенмен осы жалған, шындыққа қисыны келмейтін мәлімет талай зерттеушінің санын соқтырып келген еді. Қысқасын айтқанда, осы бір қазақ билерінің әділдігіне күмән келтіретін оқиғаның шындығы Ә.Кекілбаевтың Әйтеке би туралы зерттеулері (соңғы нұсқасы 1997 ж.) және И.В. Ерофееваның Әбілқайыр хан туралы зерттеулері жарық көргенге дейін (1999 ж.) анықталмай келді. Осы авторлардың кітаптары жарық көрген соң, көптеген зерттеушілердің күдігі сейіліп шындыққа көзі жетті [3].
Әйтеке бидің ХVІІІ ғасырда өмір сүргені туралы Ш.Ш. Уәлиханов еңбектерінде қате жазылып кеткендіктен соңғы жылдарға дейін көптеген зерттеушілерді жаңылыстырды. Әбекең осы тақырыпқа қатысты материалдарды мұқият зерттеген себепті, Әйтеке бидің ХVІІ ғасырда ғана өмір сүргенін дәлелдеді.
«Жеті жарғыны» жасақтаған әйгілі үш бидің тарихтағы орнының аса үлкен екенін айта келіп Әйтеке би туралы: «...Алаш ішінде Алшыннан. Алшын ішінде Әлімнен. Әлім ішінде Төртқарадан. Төртқараның Қарашы. Қараштың Сейітқұлы. Сейітқұл болғанда, кәдімгі Әз Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасымхан өлген соң біраз уақ қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына Төртқара Сейтқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді, сол Сейтқұлдың дәл өзі. Сейтқұлдың сегіз баласының аты жер жарған. Ең атақтысы – Жалаңтөс, сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұқар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп Ақназарұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ол – кәдімгі Хафиз Таныштың «Абдулла-нәмесіндегі» Дінмұхамед. Қасым өлгесін, шырқы бұзылған қазақ хандығының еңсесін тіктеп берген екесі Ақназардың саясатын одан әрі жалғастырып, Абдолла әулетінен өрбитін билеушілермен батыл тайталасқа шығып, қазіргі Орта Азияның кейбір шаһар мемлекеттерінің тізгінін өз қолына ала білген қазақ ханы Жалаңтөс те Дінмұхамедтің сол күресі үстінде көзге түссе керек» [3], – деп оның туып өскен ортасы мен айналасындағы тарихи тұлғалар туралы нақты мәліметтерді келтіреді.
1748 жылы Әбілқайыр ханды Неплюевтің тапсырмасымен өлтірген Барақ сұлтанды «ақтап шыққан атақты билер ішінде Төле би мен Әйтеке би болғаны» туралы жалған мәлімет Ш.Ш. Уәлихановтың «Сот реформасы туралы жазбалар» (1-том, 1961, 506-бет) атты еңбегінде жазылып кеткен болатын. Шынында бұл оқиғаға Төле би де, Қазыбек би де, Әйтеке би де қатысудан аман. Біріншіден, Төле би мен Қазыбек би Барақты ақтау түгілі, ешқашан жақтаған емес. Екіншіден, Әйтеке ол кезде дүниеде жоқ болатын...
Әбекең сол оқиғалардың шындығын алғаш рет анықтағандардың бірі еді. Барақ туралы: «төрт биге, атап айтқанда, Кіші Орданың Алшын Төртқарасының Қаратоқасына, Қаракесегінің Қожанабы мен Мәмбет аталығына, Орта жүздің бағаналы Найманының Өтебайына өз атынан сәлем жолдап, егер солар Әбілқайырды өлтіргенің теріс болды десе, басымның еркін соларға беремін», – депті. Көріп тұрмыз бұлардың арасында Төленің де, Әйтекенің де аты жоқ. Ю.Гуляевтің күнделігінде келтірген бұл деректі С.Абдрезяков қуаттайды» [1], – деп нақты мәліметтермен дәлелдеген болатын.
Барақ сұлтанның 1735 жылы Ресей патшасына хат жазып, бодан болуға өтініш жасағанын да және оның 1742 жылдың күзінде Орынбор генерал губернаторы Неплюевке барып ант бергені, патшаға елшілікке батыр Сырымбет Бекбасұлын жібергені туралы да алғаш Әбекең жазған еді.
Бұл жерде біздің айтпағымыз – осынау Әбекең алғаш айтқан тарихи аса құнды мәліметтер И.В. Ерофеева зерттеулерінде түгелдей қолдау тапқанын және кеңейтілгенін айтуға міндеттіміз. Алайда Әбекеңе сілтеме жасалған жоқ...
Қазақ елінде аса қадірлі батыр қолбасшы Әбілқайырды өлтірген соң, оның туыстарының кек алмай тынбайтынын білген Барақ ел алдында ақталғысы келіп өзін үш жүздің билері ақтағанын тілге тиек етеді. Алайда сол мәлімет ел аузында өзгеріп Шоқанға жеткенше Төле би мен Әйтекені қатыстырады. Оның шындыққа келмейтіні, біріншіден, ол заманда Әйтеке би дүниеде жоқ еді, екіншіден, Төле би сияқты қазақ биінің Барақ сынды атаққұмар, таққұмар кісі өлтірушіні қолдай қоюы билер тәжірибесінің тарихында болмаған жағдай.
Сол кездегі нақты тарихи құжаттарда ол былай баяндалыпты: Барақ сұлтан өз айыбын жуып шаю үшін өзінің беделі жүретін үш бидің сотын ұйымдастырады. Оларды атап айтсақ, біріншісі төртқара Қаратоқа /Қаратоқ/ би, екіншісі де Кіші жүз Әлімұлының бірі, Батыр сұлтанның ауылынан Қозанай мен Мамет-Аталық билер еді. Ал Орта жүзден бағаналы найман Олжабай би болатын. Соңғысы Барақтың өз қоластындағы адам еді. Сонымен осынау «сот процесіне» үш емес, төрт би қатысқан болып шығады. Шыққан елдеріне қарағанда үшеуі Кіші жүз руларынан, тек біреуі Орта жүз руы – Бағаналыдан [4]. Ал Төле би түгілі, Ұлы жүзден ешкім қатыспаған екен. Бұл сот процесінің қаншалықты нақты екені белгісіз, алайда Барақ сұлтан «мені осындай билер ақтады» деп елге таратқаны белгілі.
Бұл, әрине, асығыс жасалған процес болу керек. Себебі Барақ Төле би сияқты ұлы адамдарға баруға жүрегі дауаламас еді, екіншіден уақыты да, мұршасы да жоқ болатын. Себебі ол өзі өлімнен қорқып қашып-пысып жүрді. Әрине, аталған сот Барақ сияқты қылмыс жасаған адамды ақтағаны рас. Егер осы оқиғаны Барақ жалған таратпай, ақиқат іс болса қазақ елінің билер сотына, яғни ғасырлар бойы келе жатқан әділ сотқа көлеңке түсіретіні рас...
Әбілқайыр балалары кек алмай қоймайтыны айдан анық. Сондықтан Барақ жанталасып неше түрлі әрекет жасады. Оны Әбілқайыр өліміне айдап салған Ресей басшылары және мұндай арам істе оған тікелей басшылық еткен Орынбор басшысы Неплюевтен ешқандай жәрдем болмай қалғаны, Бараққа алданып, арандап қалғаны туралы шындыққа көзін жеткізген еді... Жан сақтап жанталасуға тура келді...
Қалай болғанда да Барақ Әбілқайыр балаларының қолына түспеді, алайда ел адамдарының қолынан ойламаған жерде қаза болды. Осы жәйіт Барақты ел адамдарының өзі қолдамағанын көрсетеді.
Патша өкіметі, Орынбор басшылары, көп жылдан бері бағынбай жүрген Әбілқайыр ханның қаза болғанын тойлап жатты. Ең басты мәселе – ол қазақ сұлтанынның қолынан қаза тапты. Демек, осы оқиға нәтижесінде қазақ елін және оның сұлтандарын қырылыстырып қызығына батамыз деп есептеді. Алайда олай болмады. Қазақ елі Әбілқайыр сынды кеудесін оққа төсеп, 48 жыл бойы Ресей империясынан және оның итаршыларынан қорғаған батыр қолбасшыны өзінің қадірлі адамдары аса құрметтейді екен. Олар Барақты өлтіріп қана қоймады, жанында болған Сырымбет сияқты адамдарды да және оның балаларын да аямады. Осы қатаң жазалауды әрине Әбілқайырдың балалары басқарды.
1750 жылы апрель айының басында жазған хатында адай Мырзатай батыр /Әбілқайырдың бәйбішесі Бопайдың ағасы/ Ю.Гуляевке Барақтың өлтірілгенін хабарлады. Мырзатай батыр сол хатта Барақтың жанында болып, Әбілқайырды өлтіруге қатысқан Сырымбет батырды және оның бала шағасын Әбілқайыр балалары Ералы мен Нұралының жазалап өлтіргенін жазған еді [5].
1753 жылдың 3 қаңтарында Нұралы ханның Тевкеловке жазған хатында осы оқиғаларды толық баяндайды. Барақ өлтірілген соң інісі Ералының Сыр бойындағы ауылына адам жіберіп, әкесін өлтірген Барақтың өлтірілгенін, алайда басқа қаскүнемдердің әлі тірі екенін және олардың ауылының қазір қай жерде отырғанын дәл хабарлайды. Бұл хабарды естіген Ералы асығыс өз жасағымен аттанып Барақтың ауылына жетіп талқандайды. Сырымбет батырды және әйелімен қоса үй-ішін түгелдей қырып тастаған. Бұл тарихи мәліметті алғаш рет Б.С. Сүлейменов пен В.Я. Басин жариялаған болатын: «... семью ево, также и семью Баракову и все имение, служителей, служанок и верблюдов их... в добычу получил...», « чрез одна ночь... всех трех злодеев разорил...» [6], – деп жазылған мәліметтерге қарағанда, Барақ отбасынан тек бір ғана әйел аман қалған екен [7, 304].
Ералы Барақ пен Сырымбет батырдың үй ішіндегі адамдарды түгел қырған, оның ағайындары құн сұрап билер сотына шағым жасайды. Міне, осынау үлкен, әрі аса қиын, әйгілі сот процесін Ұлы жүздегі атақты Төле би басқарады. Себебі бұған туыстық жағынан да, жерлестік жағынан да қатысы жоқ бейтарап адам, яғни Ұлы жүздің биі басқаруы тиіс болады. Осы тарихи оқиғада қазақ биінің әділ соты жарқырап көрінеді.
Сырымбет батырдың туыстары Сырымбетті кінәлі дегенге келіседі, алайда оның жазықсыз балалары мен әйелдерін қырып тастағаны үшін Ералыға құн төлетуді сұрайды. Бірақ Төле би Ералының екі қылмысын да кешіреді. Кешіріп қана қоймай, тіпті Сырымбеттің туыстарын Ералыға құн төлеуге міндеттейді [8].
Осы аса құнды материалдарды біздің заманымызда қайта қарап, алғаш жариялаған И.В. Ерофеева: «...Толе бий не только оправдал сына Абулхаира, но и присудил сородичам Сырымбета уплатить в его пользу два куна, а остальные четыре куна султан им простил» [9], – деп жазған еді. Әділдік деген осы.
Қазақ билерінің әділдігі соншалық, ақты ақ, қараны қара деп әділ төрелік еткен. Бұл жердегі аса құнды тарихи мәліметпен «Төле би Барақты ақтады» деген жаманаттан біржола құтылады. Жоғарыда көрсеткеніміздей, оның өзі Ш.Ш. Уәлиханов еңбектерінде үстіртін жазылып кеткендіктен, кеңес заманындағы зерттеушілердің негізге алуына себеп болды. Алайда Әбілқайыр ханды өлтірген Барақты ақтаған Төле би мен Әйтеке биге жабылған жала сол ХІХ ғасырдың өзінде-ақ анықталған еді. Себебі ол Л.Ф. Баллюзектің 1871 жылғы жарық көрген зерттеуінде анық жазылған. Одан соң Добросмысловтың 1900 жылғы еңбегінде де жазылған. Осы тарихи мәліметтер қазақстандық кеңес ғалымдарының назарынан да тыс қалған жоқ. 1948 жылы Алматыда жарық көрген «Материалы по казахскому обычному праву» атты жинақтың 1-бөлімінде берілген болатын. Алайда осы аса құнды мәліметтер көп ұзамай ескерусіз қалды. Оған негізгі себептердің бірі 50-ші жылдардың ақыры, 60-шы жылдардың басында қазақ ғалымы Ш.Ш. Уәлихановтың еңбектерінің жарық көруі болған сияқты. Сонда әлгі айтқан жалған мәліметтің жарық көруі Әбілқайыр тарихына да, Төле би тарихына да нұқсан келтірді. Осы кемшілікті қайтадан зерттеп, 1997 жылы жарыққа шығарған Ә.Кекілбаев және 1999 жылы И.Ерофеева болатын.
Бұл Төле би тарихын зерттеушілерге үлкен олжа еді. Қазақтың билер институты тарихындағы аса елеулі және халқымыздың жат жұрттық басқыншыларға, соның ішінде Ресей экспансиясына қарсы тұрған Әбілқайыр сынды мемлекет қайраткерінің тарихындағы ақтаңдақтарды анықтауға зор маңызы болды.
Біз бұл жерде Ә.Кекілбаевтың тек тарих зерттеушісі ғана емес деректанушы екенін де қуанышпен мойындайтынымызды айтпақшымыз.
Барақ сұлтанды кейбір жазушылар Әбілқайырды Ресейге бодан болғаны үшін өлтірді деген қауесетті қолдап, оны нағыз патриот есебінде көрсетуге тырысты. Ал Ә.Кекілбаев Барақ сұлтанның 1735 жылы Ресей қоластында болуға ниет білдіріп хат жазғанын, 1742 жылдан бастап ресми бодан болып Ресей бұйрықтарын орындағанын, яғни патша өкіметінің нағыз шынжыр балақ, шұбар төс қолшоқпары болғанын көрсетіп, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жапты.
Барақ сұлтанның Ресей қолшоқпары болғаны туралы өз заманында Ш.Ш. Уәлиханов мына мәліметті жариялаған еді.
Башқұрттармен достық қатынасты Әбілқайыр өмір бойы жалғастырды... 1736 жылы башқұрттардың кезекті көтерілісі бұрқ еткен кезде, патша өкіметі қазақтар мен қазақтарды және бір рет жауластырмақшы болып көп ақша бөлді. 1738 жылдың ақпан айында Татищев: «Әрбір башқұрттың басын әкелген қазаққа 60 рубльден ақша беріледі. Кек алатын және байып қалатын жағдайыңыз бар» (Олкотт Б.) – деп қазақ еліне жар салды. Кейбір қылмыстық істерді башқұрттан көріп жүрген қазақтар осыны пайдаланып кек алмақшы және ақша таппақшы болды, бірақ олардың бірде-бірін Әбілқайыр жібермеді, керісінше, ол бұрынғыдай башқұрт халқына көмектесті.
1740 жылы Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан Ресейге ант берген салтанатында олардың башқұрт көтерілісін басқарған Шона батырды ұстап береміз деп уәде бергеніне ашуланған Әбілқайыр балалары Нұралы мен Ералы кетіп қалады. Олардың ашуланатын себебі – әкесі Әбілқайыр өмір бойы башқұрт елін қызғыштай қорғады. Әбілқайырдың мұнысын қазақ елінің игі жақсылары да түгелдей қолдаған. Сол Шона батырды Әбілқайыр алдымен қауіпсіз болуы үшін Қабанбай батырдың қол астындағы Найманның Қаракерей ауылына жіберіп паналатады. Осы мәселе туралы Ш.Ш. Уәлиханов: «Поселившись в степи, он сделался опасен как для России, так и для Джунгарии: первая боялась, чтобы он снова не возмутил башкирского народа, вторая была напугана его самозванством: какой-то Шуна, погибший претендент на джунгарский престол, был так любим джунгарским наодом, что последний готв был во имя его восстать против тогдашнего хана Галдан Серена» – деп жазғаны тарихи шындық. Ал Ресей басшылары башқұрт көтерілісінің басшысын қолға түсіру үшін Барақ сұлтанды жалдайды (себебі Барақ қоластындағы азғантай елмен 1742 жылдың күзінде Ресейге бодан болуға ант берген еді. Өтінішті Ресей патшасына 1735 жылы жазған болатын. Ант беру кезінде оған көрсетілген сый-құрмет Әбілмәмбет пен Абылайға көрсетілген құрметтен әлдеқайда асып түсті). Әрине Ресеймен одақтас Жоңғар басшысы да осы істі Бараққа жүктейді...
Бараққа тез арада Шона батырды ұстау әлде өлтірудің сәті түспейді. Ол нөкерлерімен Қабанбай ауылын аңдуға кіріседі. Ал Қабанбай болса қауіп шындап төнген кезде Шона батырды Қарқаралыдағы Қазыбек бидің ауылына жөнелтеді... Бараққа деген Ресей мен Жоңғар басшыларының қысымы күшейеді. Барақтың Жоңғармен қатынасының күшті болғаны соншалық, бір баласын аманатқа беріп қойған еді. Ш.Ш. Уәлиханов осы оқиға туралы: «Когда Барақ султан посылал к Галдан-Серену в замену прежнего аманата своего сына Шигая, то Галдан-Серен обещал ему отпустить его сына Шигая, если он поймает мнимого Шуну», – деп жазған [1,436].
Қазақ елі қызғыштай қорғап жүрген Шона батырды күшпен ала алмайтынын түсінген Барақ, амалы таусылып басқа айла қарастырады. «Мен Шона батырға қарындасымды беремін, құдандалы боламыз!» – деп кісі жібереді. Ол тіпті қарындасын көндіріп те қояды. Ұзатылатын күні келісіліп, Шона батыр қызды алып кетпекші болады. Барақ оны осылай тұтқындау үшін жендеттерін сайлап тағатсыз күтеді. Қазақ батырлары мен Қазыбек би Барақтың арам пиғылын бұрыннан біліп жүрген себепті Шонаны белгіленген күні жібермей қояды. Сөйтіп Ресей қоластына қара басының қамы үшін кірген (1742), қолшоқпар және итаршы болып жүрген Барақ осылай Ресей алдында қарыздар болып қалады.
Ал Шона батырды қазақ елінің құрметтегені соншалық, Барақ сияқты итаршылардың қолына түспей-ақ жасы жетіп қартайғанша өмір сүріп, қазақ арасында дүниеден өтеді. Мұның бәрі Орта жүз батырлары мен билерінің башқұрт халқына Әбілқайыр сияқты әскери жәрдем бермесе де, осындай туысқандық көмек көрсеткенін айғақтайды. Қорыта айтқанда, қазақ елінің басшылары Әбілқайыр саясатын яғни оның Ресейге қарсы күресін әрқашан қолдағанына көз жеткіземіз.
Ә.Кекілбаев Әйтеке бидің жерленген жері туралы дақпырт таратып жүргендердің жорамалдары туралы: «...Тәуке тұсындағы Кіші жүздің ұлыс бегі Әйтеке, міне осындай ықпалды әулеттен шыққан. Ол Жалаңтөстің әкесі бір, анасы бөлек бауыры Ақшаның үшінші баласы Бәйбектен туады. Бір ғажабы, осындай атақты тұқымнан өрбіген атақты бидің қай жерде жерленгені беймағлұм». («Қарабура», 280-бет) – деп олардың әртүрлі жорамалдарын жоққа шығарып нақты деректермен жазған болатын.
Сондай-ақ Ә.Кекілбаев Әйтеке би туралы зерттеуінде Жәнібек батырдың екеу екенін алғаш көрсеткендердің бірі. Бірі Кіші жүздегі сұлтан Жәнібек болса, екіншісі Арғын Шақшақ Жәнібек...
Жалпы Ә.Кекілбаевтың әдеби мұрасы мен тарихқа қатысты зерттеулерін негізінен былай жіктеуге болады: Қазақ тарихы (саяси тарих, өнер тарихы, деректану), мәдени мұра, өркениет, руханият. Оның қай шығармасын алсаңыз да, қазақ елінің өмір тіршілігі мен тұрмыс салтын қамтиды. Ғылыми қауым лайық бағасын беріп, болашақта да дерек ретінде Ә.Кекілбаев еңбектері кең қолданысқа еніп, дамыта зерттеле берері сөзсіз.
Әдебиеттер: 1. Өтенияз С.К. Шоқан өскен орта. А., 1995. 154-55 беттер. 2. Валиханов Ч.Ч. Записки о судебной реформе. ССВ в пяти томах. А., 1985. т. 4. стр. 88. 3. Кекілбаев Ә. Әйтеке би // «Қарабура». А., 1997. 279-299 беттер. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир-поководец, политик. А.1999. 4. Казахско-руские отношении. Т.1. 426-27, стр. 433,438; МИК ССР т.2. ч.2. стр. 319, 322. 5. Материалы по истории КазССР. Т.2. ч.2. стр. 341. 6. Сулейменов Б.С., Басин В.Я. Казахстан в составе России. /Приложение/ 189-бет. 7. Ерофеева И.В., 304-бет. 8. Баллюзек Л.Ф. Народные обычаи, имевшие, а отчасти и имеющие в Малой киргизской орде силу закона. //Записки ИРГО. 1871. Вып.7//; Добросмыслов А.И. Тургайская область. Оренбург. 1900. стр. 84; Материалы по казахскому обычному праву. А., 1948. Сб.1. стр. 204; 9. Ерофеева И.В., 304-бет.